Жетімін жылатпаған ел едік...

МҰНДАЙ КИНО БІЗДЕР ҚАРАМАЙМЫЗ!!!



Соңғы жылдары әлемде жетім балалардың саны артып отыр. БҰҰ-ның балалар қорының хабарлауынша, төрткүл дүниеде 100 миллион бала ата-анасының қамқорлығынан айырылған. Ал Қазақстанда ресми мәліметтер бойынша 75 мың жетім бар. Бар болғаны 16 миллион халқы бар еліміз үшін осыншама жетімек аз ба, көп пе?.. Жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған ел едік.
Бүгінде жетім балалар мемлекет қамқорлығында. Шымкенттегі №3 балалар үйінің есігінен аттай бергенімде, екі бүлдіршіннің көздері жәутеңдеп, маған қиыла қарады. Олардың қорғансыз күйіне қарап қатты толқыдым.
Жылы жүзбен қарсы алған мекеме директоры Қырмызы Қожамжарова бірден әңгімесін бастады: «2008 жылы Румынияда болдым. Ол елде жетімдер үйі мүлдем жоқ. Таңқалдық. Сөйтсек, жетімдер отбасылық үлгідегі үйлерде тәрбиеленеді. Мемлекет әрбір балаға ай сайын 450 доллар төлейді. Балаға барлық жағдай жасалған. Өкінішке қарай, бізде отбасылық үлгідегі балалар үйіне қарағанда мектеп-интернаттардың саны көп. Екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Айталық, мектеп-интернаттағы балаларда таңдау құқығы болмайды. Бекітілген кестеге сәйкес тіршілік кешеді. Ал, отбасылық үлгідегі балалар үйінде бүлдіршіндерге мемлекет тарапынан патронат ата-ана тағайындалады. Бастысы, олар еркін өмір сүруді үйренеді», – дейді Қырмызы Тілеубекқызы.
Аталған мектеп-инетернаттағы бірінен-бірі өткен сүйкімді бүлдіршіндерді көріп «Шаранасын перзентханада, көшеде, тіпті қоқыстың арасына тастап кететін жас аналардың жүрегі тас па» деген ой санамды тұмшалап алды. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген даналық сөзіміздің қадірі кетіп бара жатқандай ма дерсің.
Жетім балалардың да арманы көп. Осы орайда балалар үйінде тәрбиеленуші Наталья Зленканы әңгімеге тартқан едік. Мектепте үздік оқитын ол қазақ тілін жақсы меңгерген. Тіпті, оның жанарынан қазақ қызына тән ұяңдықты байқағандай болдық. Сөзге сараң. Дегенмен, оның арманы шаштараз болу екенін білдік.
Сондай-ақ, 11 жасар Элизавета да биік шыңға көтерілуді қалайды. Ол танымал дизайнер болуды армандайды. Адамдарды әдемі киіндіру үшін осы мамандықты игергісі келетінін айтты. Осындай балаларды тастап кеткен ата-аналарға таң қаласың. Мемлекет қанша қамқорлығына алғанымен ата-ананың жылуын бере алмайтыны анық.
Ал, ОҚО жасөспірімдер үйі директорының орынбасыры Жамбыл Сапарбекұлының айтуынша, бүгінде мұнда 124 бала тәрбиеленуде. Оның 68-і ұл, ал 56-сы қыз. Мұндағы балалар 16 — 23 жас аралығында. Оларға мемлекет тарапынан арнайы көмек көрсетіледі. Жоғары оқу орындарында білім алатындарға шәкіртақы төленеді. Жолақы беріліп тұрады. Ал, жекеменшік оқу орындарында оқитындарға тегін білім алуына, тамақтануға жағдай жасайды. Оқуды бітірген соң жұмысқа орналастыруға жәрдем береді. Жұмыспен қамту орталығыменарнайы келісімшартқа отырғанбыз. «Бізде балалар 23 жасқа дейін ғана тұра алады. Кейін жеке өмір сүруі керек. Сондықтан оларды баспана мәселесі қатты қинайды. Тәрбиеленушілерді үймен қамтамасыз етуге жәрдем берілсе. 2006 жылы 14 үй берілген болатын. Оған 30 баланы орналастырдық. Неге екенін қайдам, қазіргі таңда бұл жұмыс тоқтап қалды», – дейді ол.
Шынын айту керек, менің замандастарым ата-анасы ұрысып жатса ренжіп, сөз қайтарады. Ал, балалар үйінің тәрбиеленушілері ата-анасының ұрысқанын армандайды…
Бөлісу:

3 пікір

zhanibek_nurish
«Біздің елде балалар үйі, дәлірегі жетімдер үйі жоқ»,- деп бір қырғызстандық қыз мақтанған-ды… Рас па екен?! Білетіндер бар ма?
a63a1
нағылдит тағы, мен уақыт машинасын ойлап таптым акессс…