"Астана-64" "бразилиялық" жастарынан айырылды
«Алаш Арена» бүйдейді (мақала қысқартылды):
Футболдан Бірінші лиганың басталуына бір айдан сәл ғана артық уақыт қалғанда «Астана-1964» клубы құрамының жартысынан көбінен айырылды. Клуб басшыларымен ортақ мәмілеге келе алмаған бразилиялық бапкер Тиаго Козлоски өзінің 15 шәкіртін жетектеп, "Қайрат" сапына кетіп қалды. Енді небәрі 13 ойыншымен қалған елордалық команданың басшылығы жаңа футболшылар іздеп, бастарын қатыруда.
Алдымен мынадан бастайық. Желтоқсан айының басында елордамызда еліміздің Туризм және спорт министрлігі (қазіргі Спорт және дене шынықтыру агенттігі), Қазақстан футбол федерациясы және Астана қаласының әкімшілігі үш жақты серіктестік меморандумына қол қойып, Бразилияның «Оле Бразил» академиясында үш жыл тәлім алып келген жас дарындарымыздың алғашқы кәсіби футбол клубтарын анықтап берген болатын. Нақты айтсақ, осыдан үш жыл бұрын Бразилияның Сан-Паулу штатына 26 жас жеткіншек аттанса, оның ішінде Рауан Сариев «Атлетико Минейроның» сапына алынып, қалған 25-і елге оралған. Міне, үшжақты меморандумның нәтижесі бойынша, соның 15-і «Астана-64» клубының қатарына қосылған. Соған байланысты бас бапкерлік қызметке осы жастармен үш жыл бірге болған бразилиялық маман Тиаго Козлоски алынады.
Бір сөзбен айтқанда, футболшылар үшін де, «Астана-64» клубы үшін де биылғы жыл керемет басталған. Команда Бразилияда да, Түркияда да оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Әлгі «бразилиялық» 15 дарынға бұрын командада жасындай жарқылдаған және былтыр бірінші лигада өздерін жақсы қырларынан көрсеткен 13 ойыншы қосылды. Кенет «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, «Астана-64» командасында бүкіл қазақ футболсүйер қауымын шулатқан бір даулы оқиға орын алады. Мәселенің мән-жайын Астана қаласы Туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі былайша баяндайды.
29 ақпаннан бері «Астана-64» клубы Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Наурыздың 7-сі күні команда Ресейдің «Нефтехимик» клубымен жолдастық кездесу өткізуі тиіс болатын. Сөйтіп ойынға бір күн қалғанда Козлоски команданы жинап алып, қоштасып кеткен. Оның «кетем» деген мәлімдемесі командадағы 13 футболшының төбелерінен мұздай су құйып жібергендей болады.
— Ойын алдындағы таңертеңгі жаттығуда ол біздің бәрімізді жинап алды да, "Қайратқа" кетіп бара жатқандығы жайлы мәлімдеп, бізбен қоштасып кетті, — деп ақтарылды «Астана 64» клубының бір ойыншысы. — Сөзіне сенсек, астаналық ұжымның басшыларымен тіл табыса алмапты. Содан кейін оны "Қайрат" шақырған. Айтуы бойынша, ол жақта жағдай жақсы екен. Өзімен бірге төл шәкірттерін де ала кететінін айтты. Ертеңінде «Нефтехимикпен» ойнауымыз керек болатын, — деп ағынан жарылды әлгі ойыншы.
— Кетерінде ол тек «Нефтехимикке» қарсы ойнайтын ойыншылардың есімдерін атап кетті, — деп сөзге жартылай қорғаушы Марат Исқұлов қосылды. — Яғни, командада қалған 13 ойыншының есімдерін атады. Сөйтіп, «Нефтехимикке» қарсы өз бетімізбен ойнадық. Негізі, біріншілікке бұл құрамда дайындалмағанбыз. Сондықтан, алаңда түсіністік болмай, ойынымыз жүйесіз болды — деді Марат. Нәтижесінде бұл матч 0:2 есебімен аяқталған. Одан кейін футболшылар үш күн бойы өз беттерімен жүрген. Бұл аралықта клуб басшылығы жедел түрде жаңа бапкер іздеп жатқан еді.
Сонымен, қауырсындары жұлынған құстың кейпін кешкен елордалық ұжымға бүгінде көрінген футболшы келіп, бапкерлер сынағынан өтуде. Дегенмен, «астаналықтар» олардың тек үздіктерімен ғана келісімшартқа отырмақ. Ал Тиаго Козлоски бастаған «бразилиялық» жастардың ендігі тағдыры қалай болатынын алдағы уақытта анықтап көруге тырысамыз.
Мақала авторы Rafaello емес екенін растау үшін ақпарат көзіне сілтеме: alasharena.kz/post/1015
Астана-64 командасына жаңа басшылар келген. Команда биыл суперлигаға шығу керек деген талап қойылып отыр. ал, оның алдында жәй ғана полигон команда еді. «бразилиялық» балаларды босқа оқыттық па деп, осы командаға тыққан. білетін адамдардың айтуынша бұл балалар әлі дайын емес, тіпті біздің 1-ші лигада ойнауға да. ал Козловски деген кісі жәй ғана балалар тренері, былайша айтқанда физрук. қазір Астана-64 барынша күшті құрам жинауға тырысып жатыр. жаңа басшылары барлық жағдайды жасаймын деп отыр. бірақ, ақша көп емес. мысалы клубсыз жүрген Мұрат Өналға ұсынған ақшалары өте аз. 1500 доллар және әр жеңіске 300. былай қарасаң негізі жаман ақша емес. Мұрат келмеймін деп отыр.
қысқасы шу көтеретіндей жағдай емес, физрук және балалары Алматыға, Қайраттың академиясына кетті. дұрыс шешім, өйткені оларға кәсіби деңгейде ойнау үшін әлі ерте.
ал, Астананың тарихи командасы, баяғы Целиноградец, Жеңіс командаларының жалғасы болып келе жатқан Астана-64 командасына сәттілік тілеймін. Суперлигаға шығып, бұрынғы тарихи жеңістерін жалғастырсын деймін. қазіргі Астана командасымен шатастырмаңдар, ол локомотив командасы бұрынғы.
қазақ журиктердің ойбай стиліндегі мақалаларына және жалпы былай да қатты сене бермеңдер. бәрің білесіңдер, олар ақпаратты тексеріп алмайды