Ақыретке иман келтіру

Қазақтардың басым көпшілігі Аллаға және пайғамбарға толыққанды иман келтіретінін айтып жүр. Тілдерімен «Алладан өзге ғибадат етуге лайықты ешкім жоқ және Мұхаммед — Оның елшісі» деген кәлиманы да айтады. БІРАҚ… Көпшілігіміз Ақырет күніне сенбейміз. Жұмақ пен тозақтың да барына сенбейміз. Сондықтан болар үлкендерден «жұмақ та, тозақ та осы жер бетінде» деген сөздерін жиі естуіңіз мүмкін.

Әй, мұсылман бауырым! Қиямет күні болатынына сенбейінше иманың толық болмайды. Кісі тірі кезінде ол күннің оқиғаларын көре алмайды, ести алмайды, бірақ олардың бар екеніне айғақ Алланың кітабы Құран кәрімнің аяттары.

«Әй, адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар. Расында қияметтің сілкінісі үлкен нәрсе, Ол күні, әр емізушінің емізгенін ұмытқанын және әрбір буаз жәндіктің іш тастағанын көресің. Адамдарды мас түрде көресің. Негізінде олар мас емес. Бірақ Алланың азабы қатты» (Хаж сүресі, 1-2-аяттар).

«Алла Тағала залымдардың істегендерінен қаперсіз деп әсте ойлама! Шынында Алла оларды көздер шарасынан шығатын бір күнге дейін кешеулетеді. (Сол күні) олар бастарын қақшитып, олардың көздері өздеріне де қайрылмайды» (Ибраһим сүресі, 42-43-аяттар).

«Егер қарсы келсеңдер, балалардың да шашын ағартатын күннен қайтып сақтанасыңдар. Ол күннің зардабынан көк жарылады, Алланың уәдесі орындалады» (Муззаммил сүресі, 17-18-аяттар).

«Сонда бір рет Сүр үрленген сәтте, Жер мен таулар көтеріліп, соғылып күйреген сәтте, міне сол күні қиямет уақиғасы болады. Сол күні көк жарылып, босайды» (әл-Хаққа сүресі, 13-16-аяттар).

«(Ол күні) таулар түтілген жүндей болады» (Қария сүресі, 5-аят).

«Көк жарылған сәтте, жұлдыздар төгілген сәтте, теңіздер тасыған сәтте, қабірлер қопарылған сәтте, әркім ілгері не жіберілгенін, кейін не қалдырылғанын біледі» (Инфитар сүресі, 1-5-аяттар).

Қиямет күнінің болатынын сену – иманның алты тірегінің бірі. Бұл мұсылманның сенім жүйесіндегі аса маңызды мәселе болғандықтан Алла тағала Құранның көптеген аяттарында мүмін-мұсылмандарды сипаттап «Аллаға және Ақырет күніне иман келтіргендер» деп айтады. Яғни Ақырет күнінің болатынына сену Аллаға сенумен астасып жатқан мәселе екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Жаратушы Иеміз мына аятта ақыретке сенбейтіндерді адасқан өтірікшілер деп сипаттайды:
«"Өліп, топырақ және сүйектер болсақ та шын тірілеміз бе?" — дейді. «Бүрынғы аталарымыз да тіріле ме?» — дейді. (Мұхаммед): «Сөзсіз бұрынғылар да, соңғылар да тіріледі» — де. "Әлбетте, мәлім күнде белгілі орынға жиналады" де. Сосын сендер, әй адасқан өтірікшілер! Әлбетте Заққұм ағашынан жейсіңдер. Одан қарындарыңды толтырасыңдар. Оның үстіне қайнар судан ішесіңдер. Шөлдеген түйеше сіміресіңдер. Міне олардың қиямет күнгі сыйлықтары. Сендерді Біз жараттық. Сонда неге мойындамайсыңдар? Сендер тамызған мәни суын (сперманы) көрдіңдер ме? Оны сендер жаратасыңдар ма? Немесе Біз жаратмыз ба? Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім оза алмайды. Сендердің бейнелеріңді өзгертіп, сендер білмегенді жарата аламыз. Расында бұрынғы жаратуды білесіңдер, ендеше түсінбейсіңдер ме? Ал енді еккендеріңді көрдіңдер ме? Оны сендер өсіресіңдер ме? Не Біз өсіреміз бе? Егер қаласақ, оны қоқымға айналдырар едік. Сонда күңкілдесе берер едіңдер; «Расында зиянға ұшырадық, тіпті мүлде бос қалдық» дер едіңдер. Ішкен суларыңды көрдіңдер ме? Оны бұлттан сендер жаудырасыңдар ма? Немесе Біз жаудырамыз ба? Егер қаласақ оны ащы қылар едік. Ендеше, шүкір етпейсіңдер ме? Жаққан оттарыңды көрдіңдер ме? Оның ағашын сендер жараттыңдар ма? Немесе Біз жараттық па? Біз оны бір ескерткіш және жүргіншілер үшін пайдалы қылдық (Уақиға сүресі, 47-73-аяттар).
Бөлісу:

16 пікір

meirzhan
Осы Барака деген Ahi ғой деймін.
satibaldi
Ұсталмағасын ұры дей алмаймыз.
SaryQazaQ
Заққұм — тозақта өсетін ағаштың аты (Құдай сақтасын)
satibaldi
Тозақтың қарабайырлана бастауына алқашқы қадам. Бір күні барып келгендер біздің Бақанас сияқты екен деп шығады
adayqyz
Бұл тақырыпта мына 3 смайлигіңізге қарап сізден қорқайын дедім!
e_zhalgas
ішімдегі күпірліктен дәм тата отырыңдар:

— кітапты жаратушы жазған екен, онда оқиға және қорытынды неге үшінші жақтан баяндалады?

көңіл аудармай-ақ қойыңдар, соңғы уақытта ауыр нәрселер туралы ойлауға кірісіппін
SaWOK
Құран аяттарын бір періште (атын ұмытып тұрмын) жеткізіп тұрған, менің білуімше.
Marationok
Жабрайыл періште.
SaWOK
Ия, дұрысырақ — Жәбірейіл.
alashaman
Baraka тұтас бір халық туралы әсіре пікір айтып жіберген жоқсыз ба? «БІРАҚ… Көпшілігіміз Ақырет күніне сенбейміз. Жұмақ пен тозақтың да барына сенбейміз. Сондықтан болар үлкендерден «жұмақ та, тозақ та осы жер бетінде» деген сөздерін жиі естуіңіз мүмкін» дейсіз. Көпшіліктің сенбейтінін қайдан білдіңіз? Бәлкім, өзіңіз сенбейтін шығарсыз, меніңше қазақ тәуір сенеді. «Жұмақ та, тозақ та осы жер бетінде» деген сөздерін жиі естуіңіз мүмкін" дейсіз. Өзіңіз «мүмкін» деп күмәнданасыз. Меніңше, сіз қазақтың арасынан, әсіресе үлкендерден бұл сөзді естігеніңізге күмәнім бар. Меніңше Сіздің бұл пікіріңіз әдеттегі максимализм. Дінді алғаш үйрене бастаған кезі\де кез-келген адам осындай пікір жазып, біраз белсеніп қалатыны бар. Уағызыңыз жақсы. Бірақ, әр пікірге абай болу керек. Өйткені, Сіз иман мәселесін сөз етіп отырсыз. «Көпке топырақ шашпа» дейді қазақ
dauitov
Естігенім емес көргенімді айтсам.Мына жұмақ та, тозақ та осы жер бетінде дейтіндер кейінгі, мұндағы адамдар.Әйтпесе, тоқсаныншы жылдарғы үлкен кісілер бұдан да жаман күнімде тойға барғанмын, шүкіршілік құдайыма деп жүретін.Ал ол дегеніміз о дүниедегі тозақ тұрмақ, азырқанып, кесірленсең жетіп келуі бек мүмкін өмірлік азаптың болатынына сену.Бір кітапшадан оқып едім, — Адам бойындағы ар патшасы,өзіңді өзің мүжу, жауапқа тарту — Жаратқан Йеміздің әділ сотының басы ғана делінгенді.
konvict
Яапты, қазақ мұсылман болған дегендер қайдан шығарып алғанына таң қаламын. Бұрын солай ойлайтын едім. Мекемтас Мырзахметұлының "Қазақ қалай орыстанды" деген кітабын оқығасын ойымның қате екенін түсіндім. Қазақ ешқашан қарық қылып мұсылман болмаған.
a63a1
Немесе Біз жаратмыз ба? Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім оза алмайды. Сендердің бейнелеріңді өзгертіп, сендер білмегенді жарата аламыз. Расында бұрынғы жаратуды білесіңдер, ендеше түсінбейсіңдер ме? Ал енді еккендеріңді көрдіңдер ме? Оны сендер өсіресіңдер ме? НеБіз өсіреміз бе? Егер қаласақ, оны қоқымға айналдырар едік. Сонда күңкілдесе берер едіңдер; «Расында зиянға ұшырадық, тіпті мүлде бос қалдық» дер едіңдер. Ішкен суларыңды көрдіңдер ме? Оны бұлттан сендер жаудырасыңдар ма? Немесе Біз жаудырамыз ба? Егер қаласақ оны ащы қылар едік. Ендеше, шүкір етпейсіңдер ме? Жаққан оттарыңды көрдіңдер ме? Оның ағашын сендер жараттыңдар ма? Немесе Біз жараттық па? Біз оны бір ескерткіш және жүргіншілер үшін пайдалы қылдық

Мына жерлердегі «біз» дегендерді қалай түсінуге болады? Осыны миым қабылдай алар емес