«Оскар» лауреаттарының алғашқы сөздері
«Оскар» алған лауреат сахнадан шығып бірден журналистер отырған баспасөз бөлмесіне тап болады. Барлық БАҚ-тың көзқұртына айналған бұл бөлме масс-медиа үшін таптырмас жер, себебі, дәл осы орында жеңімпаз алғашқы таза әсерлерімен бөліседі, шынайы бейнесін көрсетеді, қуанышын жеткізеді. 2012 жылғы Оскардың лауреаттары айтқан алғашқы сөздерді назарларыңызға ұсынамыз.
Жан Дюжарден «Оскардан» үмітті болған төртінші (Морис Шевалье, Шарль Буайе және Жерар Депардьелерден кейін), ал жеңімпаз атанған тұңғыш француз актері. «Ең үздік еркек рөлі» номинациясында («Артист» фильмі үшін) «Оскар» алған Дюжарден мұндай боларын күтпесе керек, марапаттау кезінде жазып алған ағылшын тіліндегі сөзін әрең айтты. Алайда, баспасөз бөлмесінде ойын жинап, жоспарларымен бөлісті.«Мен американ актері емеспін, мен француз актерімін. Жұмысымды да Францияда жалғастырамын. Мүмкін бұл жақта тағы бір үнсіз фильмге түсермін. Тіпті, қалған күннің өзінде бейнемді «Америкадағы француз актері» қылып көрсеткім келеді. Голливудта жүзеге асырғым келетін бірнеше идеям бар».
«Ең үздік әйел рөлі» номинациясында («Темір әйел» фильмі үшін) жеңіске жеткен Мэрил Стрип қуанғанын жасырған жоқ. Актриса жыл сайын дерлік «Оскардың» үлкенді-кішілі тізімдеріне іліккенімен, соңғы рет тек 1983 жылы лауреат атаныпты.
«О, мен өзімді сондай кәрі және ешкімге қызықсыз деп ойлай бастағам. Бірақ, атың аталып… жарыққа шыққанда… Өзімді бала сезініп кеттім. Негізі «Оскарды» алғаш алғанда бала болғам, ол кезде осы жолы менімен қатар жүрген екі үміткер дүниеге де келмеген-ді».
Стрип өзі бейнесін сомдаған Тэтчермен таныс еместігін және ешқашан кездеспегенін де айтып өтті.
«Бұл таза қиялымның жемісіне айналған бейне болды. Шығармашылық еркіндік пен тарихи жауапкершілікті қатар алып жүрдім. Маргарет Тэтчер болып бастап, өзің болып бітіру – актер ретінде мен үшін үлкен қуаныш. Ең алғаш рет грим жасалып біткенде айнадан резеңке жапсырмаларды емес, өзімді көргім келді. Айтпақшы, гриммен әкемнен аумай қалыппын, мүмкін менің әкем Тэтчерге ұқсайтын шығар?».
Үшінші рет «Оскар» алғанына қарамастан Мэрил Стрип толқығанын және біртүрлі сезімді басынан кешіргенін жеткізді.
«Мен ала алмай қаламын-ау деп қорыққан жоқпын, себебі менде арман болған дүниенің бәрі бар. Бірақ… сіз ет пен сүйектен жаралған адам болсаңыз, онда қуанбауыңыз, толқымауыңыз мүмкін емес».
«Қызметші» фильміндегі рөлі үшін «Екінші пландағы ең үздік әйел рөлі» атағын алған Октавия Спенсер сахнада толқып, көзіне жас алды.
«Бүгін мен фильм бойынша барлық әріптестерімнің басын қосамын. Жарты бокал шампан ішсем бе деп отырмын. Екі күннен кейін жаңа жобалармен жұмыс бастаймыз. Бірақ, мен дәл осы сәтпен өмір сүремін, басқа ештеңені ойлағым жоқ. Жолым болды!» — деді ол баспасөз бөлмесінде.
Журналистер актрисадан марапаттау кезінде Стивен Спилбергке алғыс білдіру себебін сұрады. Спенсер «Оскар» әперген жүлде үшін режиссерға қарыздар екенін жеткізді.
«Спилберг — данышпан. Кино саласында жүргелі бері оның он жыл сайын әйтеуір бір ғажайып дүние ойлап табатынын көріп келемін. DreamWorks – Спилбергтің компаниясы, менің орныма атағы да, әсемдігі де артық басқа актрисаны алуға толық қақысы бар еді. Бірақ, ол Тейт Тейлорға танымалдылығымның жоқтығына қарамастан мені түсіруге рұқсат берді. Жұмысымды біреу болмаса, біреу бағалар деп үміттенемін, себебі мен голливудтық сұлулықтың та мысалы бола алмаймын ғой. Продюсер болып көрсем деген ойым да бар, камераның ар жағы да маған қызық».
82 жастағы Кристофер Пламмер («Екінші пландағы ең үздік еркек рөлі», «Бастаушылар» фильмі үшін) «Оскарды» тұңғыш рет алып отырғанына қарамастан, өзін қалыпты, байыпты ұстады.
«Бұл десертті әрлейтін қаймақ секілді дүние ғой. Мен «Оскарды» қоғамның мойындауы деп түсінемін, маған бұл ұнайды. Сіздер атақ-даңқты жек көреді екен деп ойламаңыздар, тек күн сайын ойлап табылған түрлі сыйдың кімге, қайда беріліп жатқанына ілесіп, оны бақылау мүмкін емес».
Кештің басты қаһарманы, «Артистің» режиссері Мишель Хазанавичус («Ең үздік режиссер», «Ең үздік фильм», «Артист» фильмі үшін) баспасөз бөлмесінде сөзді ұзақ сөйледі. Киноқауымдастықтың назарын Францияға аударған маман алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Артист» маған жаңа мүмкіндіктер сыйлап отыр. Қолыма түрлі сценарийлер тиіп жатыр. Егер лайық деп тапқан тәуір дүние тапсам, осында қалып түсіремін, себебі, Голливуд жақсы киноның отаны ғой. Бірақ, келесі фильмім Францияда түсірілмек, одан кейін мүмкін Америкаға келермін. Менің продюсерім керемет адам және мен одан айрылғым келмейді. Мен біздің ақ-қара фонда және сөзсіз түсірілген туындымыз өзгелерге жаңа жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі деп үміттенемін. Әрине, айтарлықтай өзгерістер үшін кемінде он фильм керек. Бірақ, егер біздің фильм тағы бір қайталанбас туындының түсірілуіне себепші болса, оған мен тек қуанамын».
«Оскардың» өзге лауреаттарымен мына жерден таныса аласыздар.
Киностан
Октавия Спенсер үшін шәпкемді потологқа жеткенше лақтырып отырмын.
Мэрил Стрип үшін жүдә қос бокал шампан ішуге бармын кешке. Жалпы, «Дъявол носит Prada» киносы шыққалы бері осы кемпірге тәнтімін. Жарайсың, Мэрил!
Пы.Сы: Тезірек «Артистті» көргім келіп жүр