"Кез келген абыройлы, ақылды еркекті ақылсыз қылу оңай"

«Zaman Kazakhstan» газетінің 1999 жылғы 4 тамызындағы санында классик жазушы, тарихшы Мұхтар Мағуиннің бәйбішесі Бақытжамал апамен әңгімелескен Жұлдыз Төлеудің «Кез келген абыройлы, ақылды еркекті ақылсыз қылу — оңай» деген тақырыптағы сұхбаты жарияланыпты. Оқып отырып көңілім босап, көзіме жас алдым. Өзіме керемет әсер етті. Күндердің күнінде бәз-біреулерге де керек болып қалар деген ниетпен сұхбатты аз-кем ықшамдап жариялауды жөн көрдім.

«Сұлу әйелім бар...» Мұхтар Мағауин «Мен»

— Бақытжамал апа, Мұхтар ағамен қосақталған ғұмырыңызда өзіңізді кім ретінде сезініп келесіз?
— Шаңырақтың анасы, Мұхаңның жанашыры, жары ретінде сезінемін өзімді.
— Мұхтар аға сіздің қандай қасиетіңізді бағалап, жар етіп алды деп ойлайсыз?
— Мұхаң студент кезінде жолдасының альбомынан менің суретімді көріп, ұнатып қалыпты. Кейін мені Семейге іздеп келіпті. « Момын, ұяң, айтқаныма көнетін қыздарды жақсы көруші едім» дейтін. Менің бойымда сондай қасиеттер бар деп ойлады ғой деймін.
— Сіз момын болдыңыз ба?
— Жоқ, онша момын болғаным жоқ. Ашық болдым. Негізі Семей өңірінің қыздарының бойында таза қазақы мінез бар. Ұнамаса, адамның сыртынан айтқанынан гөрі бетіне айтып тастаймыз. Бірақ мен ешқашан Мұхаңа қарсы келген емеспін. Тек кейінгі уақыттарда Мұхаңның өзі: « балалары ер жетіп, билігі үстем болып қалыпты» деп қалжыңдайды.
— Алғашқы таныстықтан кейін, сіздің сезіміңіз қалай болды?
— Семейде педагогтық институттың филология факультетінің үшінші курсын тәмамдағам. Жазда Мұхаң ауылға іздеп келіпті. Мен іштей жақсы көрсем де, сырттай менсіңкіремейтіндей сыңай танытып жүрдім. Ол келеді дегенді естіп, мен жайлауға кетіп қалғам. Ол кезде маған көз қырын салып жүрген жалғыз Мұхаң емес еді… Мен Мұхаңа анамның айтуымен шықтым. Анам өте ақылды кісі еді. «Оқуыңды қашан жалғастырсаң да ешқайда қашпайды, ал жақсы күйеу табылмайды» деп еді. Бесінші курсқа келгенде оқуымда тастап, Мұхаңның етегінен ұстадым. Кейін Алматыға келгеннен кейін Абай мемлекеттік университетінде жалғастырдым.
« Мен Алматыға емес, Семейге – ауылға емес, қалаға қарай ұштым. Мұнда педагогтық институттың филология факультетінде, кейін біздің алты баланың анасы болған, Бақытжамал деген он тоғыз жасар сұлу қыз бар еді...» М. Мағауин «Мен»

— Мұхтар ағаның белгілі жазушы болғанына сіздің көмегіңіз тиді ме?
— Көмегім тиді деп ойлаймын. Ыңғайымен жүріп-тұрдым. Жазуына мүмкіндік жасадым. Мұхаң жас кезінде айтатын «Мен сондай мықты жазушы боламын»-деп. Үндемей тыңдай беретінмін. Қазір қарап отырсам, сол кезде жетем деген мақсатына Құдайға шүкір жетті ғой.
— Мұхтар ағаның шығармаларын оқисыз ба?
— Иә, қай шығармасын қандай жағдайда, қандай күйде, қай жерде жазылғаны, бәрі көкейімде. Кейде өзінің сүйсініп кеткен, жақсы жазылған жерлерінде: «бәйбіше, келші, мына жерді оқышы, мен осылай жаздым» деп айтады.
— Мұхтар аға шығармаларында, қазақ қызының, қазақ әйелінің бейнелерін керемет суреттеген. Ең ақылды, ең парасатты, ең сұлу қыз, ең көрікті әйел тек қазақта ғана бар сияқты. Сіз, мысалы «Аласапырандағы» әйел кейіпкерлерінен Мұхтар ағаны қызғанбайсыз ба?
— Қызғана қоймаймын. Тек Ай шешекті Ділшаттан қызғанамын. Шығармаларындағы менің жаныма ең жақыны — Ай шешек бегім. Ай шеше — менің идеалым. Мұхаң Ай шешектей, Ділшаттай әйелдердің бейнесін сомдағанда, мен де солардай ақылды, парасатты болуға тырысатынмын. Кәзір әз-Ханымдай келіндеріме ақыл айтамын, немерелерімді тәрбиелеймін.
— «Қара қызда» Айгүл ешқандай кінәсы жоқ, кіршіксіз таза адам. Бірақ, ақылы, ер азаматты күтуі көрген –білгендерімен ғана шектеледі. Осыған қарап ер жары қандай дәрежеде болуы керек деп ойлайсыз?
— Айгүл қазақтың қарапайым қызы. Қаншама қиындық көрді. Тәрбиелеуге көнетін қыз. Кез келген ер адам әйелін өзіне ыңғайлап тәрбиелеп алуына болады. Анам айтып отырушы еді: « Ер адамды күту оңай шаруа емес, олардың тамағы да өзгеше болуы керек»-деп. Қай уақытта да әйел адамның ақылды болғаны жақсы. Әйелдің ақылымен түйіні шешілмеген көп істі шешуге болады. Егер әйел ақылсыз болса кез келген абыройлы, ақылды еркекті ақылсыз қылуы оңай. Оны мен өмірден ақ байқап жүрмін.
— Егер Алла Тағала бір күш беріп, жастық шағыңызға қайта орала қалсаңыз, Мұхтар ағаға қайта тұрмысқа шығар ма едіңіз?
— Ол кезде тіпті жақсы болушы еді. Бәрі бір Мұхаңа тұрмысқа шығушы едім. Өткен өмірдегі кейбір кемшіліктерді түзетіп, қайта жасамауға тырысар едім.
— Балаларыңыз әкелерінің шығармаларын оқи ма?
— Оқиды. Балаларымыздың бәрінің тілі қазақша шықты. Бәрі қазақ мектебін бітірді. Тілдері шыққаннан бастап айтатынымыз: «Көке жазып жатыр, баруға болмайды»-деп. Балалар ойнап жүріп көкелерін сағынса, кабинетінің есігінің астынан сығалап жүретін.
— Мұхтар аға тоқал аламын десе, не істейсіз?
— Отыз бес жыл бірге тұрып, біреуге бере салмаймын. Егер қыз шын ғашық болып, онсыз өмір сүре алмаймын десе, рұқсат етер едім. Бірақ қазіргі жастарда шын сезім деген жоқ қой.
— Алғаш әңгімелері шыға бастағанда Мұхтар ағаның жазушылығын мойындамаған адамдар көп болған екен. Осындай жағынан сіз қай жағынан көп көмек бердіңіз?
— Ондай көп болды. Әсіресе, жолдастарының өзі жоққа шығарғысы келді. Мен Мұхаңнан өткен намысшыл едім: «Қолдарыңнан келсе жазып алыыңдар»-деп айтып салатынмын. Осындай да Мұхаң сабырға шақыратын: « Олар жазушы емес десе жазушы болмай қаламын ба? Айтса айта берсін, сол үшін жолдастарымыздан айырыламыз ба?!» дейтін. Ол кісінің және бір қасиеті бір жерге барғанда немес бір зат ала қалсам, Мұхаңмен ақылдаспасам, міндетті түрде іс жақсы болмайды, не жолым болмай қалады.
«… Біздің қыз алып қашу үшін туған, ғажайып сұлу еді. Көшеде көрген қайырылып қарайтын, біз аялдамада тұрғанда, киноға, театрға барғанда көлденең жұрттың бәрі сұқтанатын. Біз жаңа қосылған кезде жиырмада, сол өңін отыз беске дейін сақтады, отыз бестегі өңін қырық тоғызға дейін жоғалтқан жоқ. Әлі де Қыз Жібектің шешесіндей...»
Мұхтар Мағауин «Мен»
Дайындаған Ая шешек бегім
Бөлісу:

42 пікір

Aya
Ай шешек бегім менің де идеалым!)))
zhannin-sayasi
Өте жақсы материал жариялапсыз! Рахмет көп — көп! Маған да қатты ұнады, әсіресе болашақ аналарға, келіндерге, жалпы қыздарға арналған сұхбат екен. Тәрбиелік мәні зор! Блог авторына: осындай материалмен бөліскеніңіз үшін Рахмет сізге!!! Апайымыздың мына сөзі ұнап қалды: «Отыз бес жыл бірге тұрып, біреуге бере салмаймын» ))) Дұрыс айтады)
Aya
Менің ойым: Алаштың азаматы тек менің ғана меншігім емес. Жансая рахмет сізге де))
kokbori
Шынымды айтсам жас алатын нәрсе көрмедім, яғни әсер еткен жоқ. кез келген әйелдің өзін идеал етіп көрсеткісі келеді ғой. Қарақаттың сұқбатынан бір айырмасы жоқ. Егер біреу жамандап сынап көрсінші, қарны ашып шыға келеді. Әйтсе де тақырыпты керемет таңдапсың
Aya
Ол енді көздің терлеу, терлемеуі әр адамның жүрегіне байланысты дүние ғой, ағасы. Мен ол кісілердің өмірімен етене таныс болғаннан кейін басқаша түснген шығармын, айып етпессіз.) Содан кейін, менің айтайын дегенім Жұлдыз Төлеуге рахмет айтамын. Дегенмен сұхбатқа аздап көркемдік деңгейде түзетулер енгізу керек еді. Ауызекі тілді құрастыра білуі керек еді. Әйтпесе Бақыт апаның тілі мұндай жұтаң емес сияқты еді…
kokbori
Әрине, Aya-жан, ол кісілермен таныс болсаң сөз басқа. Таныс адамның тағдырын баспасөз бетінен тапсаң ыстық көрінеді ғой. Алайда, менің айтқым келгені сұқбаттардың бір анадан туғандай ұқсастығы еді.
Aya
Қалыптасып қалған дәстүрлі сұрақ қойылған соң солай болады да ғой еріксіз…
neoman
Ая, ұнады, тағы жазыңыз!

Иә, кез келген абыройлы, ақылды еркекті ақылсыз қылу — оңай. Бүлдіру әрқашан оңай ғой, ал абыройсыз, ақымақ еркекті ақылды ету ше?!… бірақ әйелдің қолынан бұл да келеді
Gastarbaiter
ақымақ еркекті әйел ақылды қыла алмайды. Сүмеңдетіп өрге сүйрей алады, егер екінші планға жіберіп, рөлді өз қолына алса.
neoman
Әйел заты еркектерден психологиялық, психикалық тұрғыдан қайда мықтырақ келеді. Өмірдің қиындықтарын, сәтсіздіктерін көтере алмай ішіп кеткен әйелді жиі көресің бе?! Жоқ. Шыдамсыздық, жігерсіздік танытатын еркектер көбінесе.

Басын көрге тыққан жігітті әйел кері тартып, өрге сүйрей алады. Әйел демеу көрсете алады, түсіне алады, құтқару үшін барын сала алады. Ал соғыс бітпей жатып жеңілетін, көрге жүгіретін жігіт — ақымақ. Мыжылған еркекке жоқ жерден сенімділік пен жігерлілік сыйлай білу — ақымақты ақылды ету
Aya
))Ынжық еркектер жайлы жақсы айттыңыз! Өмірде ынжық еркектер де бар ғой…
satibaldi
Амансың ба, құрдым. Жасың нешеде? Де.
neoman
Кеше Айгөлектің періште жүзін көріп, осы бір қойылым есіме түсіп кетіп еді…
Gastarbaiter
Айгөлек емес, сенен сұрап жатыр… мә, мына тракттатты маған айтып отырсың ба
Ия, келісем
salta
тұрмыстамысыз?
neoman
Жоқ, үйленгенмін
salta
оооо, қасқа, жігіт пе едің, кешір, бауырым.
Aya
Салта сіз екінші Сатыбалды болыпсыз ғой.
Gastarbaiter
Әлденеге сеніп әлденеге ұмтылып, шайқастан қирап кеп, тылдан демеу алып, жараларын жазып, шайқасқа қайта шығу қызметтік болсын, шығармашылық болсын, басқа майдан болсын бұл кәдімгі отбасылық өзара көмек, баурым.
Ақымақ адам өз ақымақтығын мойындамайды да, әйеліне қажет кезде құлақ түрмейді де. Еркектің жігері мен сенімділігін ояту үшін, еркекте сол жігер мен сенімділіктің нышандары болу керек.
Олар болмаса, бәрі бекер. Басымен жарды жеті рет соқса да түк шықпайды.
Daniar-Alan
қойыңдар ей бәрі еркекке байланысты
Daniar-Alan
Әбіләкім кән Әбіләкім…
salta
банально!
Aya
Кімге керек оқысын, ұнамаса қойсын))
konvict
Салтамен келісемін. Жұлдыздар отбасының стилін байқағандаймын ба?
salta
Лашын да Мұқағали туралы әдемі айтады. Кезінде ол да Мұқағалиды ертіп келген достарымен бірге қуып шығатын болған. Шынайы өмір басқа, газет бетіндегі өмір басқа… Жарықтықтың бүгін туған күні, отбасында қандай шаралар жасалып жатыр екен?
satibaldi
Сенің осы жазбаңды оқып, әлі де ел есінде екен ғой деп, көздеріне жас алып жатқан шығар.
salta
сіз ол кісіні өзіңізге ұқсатпайсыз ба?
satibaldi
Басқа ой құрып қалып па маған содан басқа?
salta
 кешіріңіз, ағасы
kokbori
Осы ғой, менің айтқым келгені
konvict
Мұхтар Мағауин деген әнебір елден кетіп қалатын адам ба?
Aya
Сен Қалдыбек Құрманәліге ұқсайсың ба?!
monti
Ая, сен Мұхтар Мағауин фанаткасысың кажись білмейм солай сезілед маған
сосын, газетке «Кез келген абыройлы, ақылды еркекті ақылсыз қылу оңай» осындай узақ етіп аған ба тақырыпты?
Aya
Фанат емеспін, тек барды бар деп айту керек қой )) Иә, газетте тақырыбы осылай болды.
kokbori
Тақырыптың қысқа ұзыны болмайды. Әңгіме тақырыпта емес, Бақытжамал апайымыздың сұқбатының мазмұнында ғой. Алайда, Ая, осы постыңнан кітапты жақсы көретініңді байқадым. Мағауиннің шығармаларын жақсы көресің бе?
Aya
Мағауиннің өзімен қосып жақсы көремін))
kokbori
Шынымды айтсам, қанша кітап оқысам да Мағауиннің кітабын оқып көрмеппін. «Жармағын» бастап едім, кітап біреудікі болып, соңына дейін оқымай ұяттымын
Gastarbaiter
Мен жазушы емеспін, ондай жауапкершілікті мойныма ала алмаймын, бірақ Семейдің қыздары туралы төтесінен айтыпты)