Дэниел Рэдклифф: Гарри Поттерден басқа рөлге ену қиын болмады
"Қара киімді әйел" (The Woman in Black) хоррорында Дэниел Рэдклифф әйелінен айырылып қалғаннан кейін ауыр қайғыда жүрген жалғыз басты әке рөлінде ойнайды. Бірақ, оны алда тағы бір ауыр сынақ күтіп тұр. Үрейлі фильмдер жанрындағы дебюті жайында актер Cinema Blend ресурсына берген сұхбатында әңгімеледі.
«Гарри Поттер» түсірілімдері кезінде сіз басқа да жобаларға қатыстыңыз, бірақ "Қара киімді адам" фильмі сериалдан кейінгі алғашқы басты рөліңіз болып отыр. Гарриден кейінгі келесі рөлдің қандай болу керек екенін таңдаған сәтте кедергілер болды ма?
«Жоқ, кедергі болған жоқ. Жалпы бұл осы рөлге қатысты ешқандай қысылу болмады. Қазір ғана прессингке ұқсас бірдеңе сезініп жүрмін (күледі). Сценарийді оқығаннан кейін шешім қабылдау өте оңай болды. Сценарий өте тамаша шыққан. Осымен қатар тағы да бірнеше ұсыныс келіп түскен еді, бірақ олардан сценарийде Артур Киппс рөліндей ойдағыдай шыққан рөл көре алмадым. Мен дәл соны ғана ойнағым келді, бұны бірінші минуттан-ақ түсіндім. Сондай-ақ „Қара киімді әйел“ үрейлі фильм болады деп ойлаған жоқ едім. Біреу маған соны айтқанда, „Рас па?“ деп таңғалдым. „Гарри Поттерден“ кейінгі алғашқы фильмім хоррор болып шығады деп еш ойламаппын. Сценарийді оқығаннан кейін бәрінің жанын ұшыра қорқытсам жақсы болар еді деп ойладым».
Сіз бұл жанрды ұнатасыз ба?
«Иә десем де, жоқ десем де болады. Мен қазіргі хоррорларды жақсы көре бермеймін. Оларға суық қараймын. Сонымен қатар толыққанды хоррорға түсе алмас едім, өйткені мен қан көрсем шыдай алмаймын. Шынымен де, қанды көріністер кезінде мен өзімді біртүрлі сезінемін, әрине қанды көріністер адамды сондай сезімдер туғызу үшін түсіріледі, бірақ мен ондай сәттерге қатыспақ түгілі, қарай да алмаймын. Бірақ шиелініскен, ақылды, оригиналды хоррор ұнайды. Жұмыс барысында „Бөтендер“ (The Others) фильмін қарап жүрдік, өйткені дәл сондай сарын керек екенін түсіндік, біз соған еліктедік. „Шұғыла“ (The Shining) — менің ең жақсы көретін қорқынышты фильмім шығар. Бұдан да артық қорқуға болады деп ойламаймын».
Сіздің фильміңізде қан болады. Лифттегі көріністе ме?
«Иә, бірақ түсінесіз бе, қан табиғи түрде пайда болса, бұл қалыпты нәрсе. Бірақ маған судай аққан көп қанды көрсеткенде, менде бұның бәрі дұрыс емес, орынсыз деген сезім пайда болады. Өте жек көремін мұндайды».
Сіз әрине Гарри Поттер емессіз, бірақ сіз оны бірнеше жыл бойына сомдадыңыз. Сізге басқа жобаларды таңдау үшін, Гарри Поттерден айығуға, арылуға уақыт қажет болды ма?
«Жоқ, мүлдем қажет болмады (күледі). Өзім мен Гарри арасында көп ұқсастық бар, мен онымен шынымен де көп уақыт бірге болдым. Бірақ „Әйелдің“ түсіру алаңына аяқ басқанда, мен өзімді бірден басқа кейіпкер ретінде сезіндім. Маған арылу амалдарын өткізу қажет болмады. Мен Гарри туралы барлық серияларда түскенде уақытым тамаша өтті, сондықтан да мен оны ұмытқым келмейді. Мен сол кезеңді жақсы көріп кеттім...».
Енді Артур Киппс туралы айтайық. Сіз үйленбегенсіз, сіздің балаңыз жоқ, және өміріңізде ешқашан жын-елестерді көрмеген шығарсыз. Артурдың басында не болып жатқанын түсіну үшін сізге не қажет болды?
«Артурдың әйелі босану кезінде қайтыс болған. Бұл оқиға оның жан-дүниесін құлазып қалды, ұлынан, әлемнен, барлығынан алшақтап кетті. Мен бірнеше сағат бойына Артур секілді ұқсас жағдайларға ұшыраған адамдарға көмектесетін психологпен сөйлестім. Кейін бірнеше арнайы кітаптар оқыдым, олардан депрессияға ұшыраған адамдардың өзін қалай ұстайтыны туралы көп ақпарат алдым. Алған ақпараттардың көмегімен камера алдында өзіңді қалай ұстау керектігін түсіне бастайсың. Мен сонымен қатар депрессияда жүрген екі досыммен сөйлестім, бұл да маған көп көмегін тигізді. Шындығында, депрессия — психологиялық ғана емес, тәннің де ауруы екен. Мысалы, таңертең төсектен көтерілу қиын болады. Бірнеше рет өзіңді күштеуге тура келеді. Сөйтіп, мен Артурға айналған кезімде бар жан-тәнніммен толықтай қажыдым».
Образға кәдімгідей еніп кеткен сияқтысыз. Үзілістер кезінде жұмыстан алаңдап, басқа нәрсеге көңіл аудара аласыз ба?
"Әрине! Мен ешқашан рөлге толықтай ену әдісін қолданған емеспін. Алан Рикман мен Рэйф Файнс екеуі өздерін осылай ұстайды, әрине толығымен 100% емес шығар, дегенмен олар камерадан тыс уақытта да образда қалуға тырысатын. Майкл Гэмбон үзілістер кезінде «Мотор!» деген пәрмен берілгенше әр нәрсені бір айтып, көп сөйлетін. Сосын ол алаңға аяқ басқан бойда Дамблдорға айналып шыға келеді. Мен қашан да осындай түрлену сәттерін бақылағанды ұнатамын. Үнемі өз кейіпкерің болып жүруге тырыспауды дұрыс деп есептеймін...".
Режиссер Джеймс Уоткинспен жұмыс істеген қалай екен?
«Ол тамаша режиссер, өте тәжірибелі. Ол нұсқауды дәл береді және мақсатқа жеті үшін оған не керек екенін түсіндіре алады. Онымен жұмыс істеу маған қатты ұнады, өйткені менің де режиссер болуға деген талпынысым бар. Оның ісін бақылай отырып көп нәрсені білдім. Сонымен қатар, Джеймс өте жағымды адам, онымен жұмыс істегенде ләззат аласың».
Киностан.kz
1 пікір