Новелла бәйгесіне: Азамат Азаматұлы "Жалғыз"
ЖАЛҒЫЗ
Әр қазақ – менің жалғызым!
Сабыр
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Мұқағали
Сенсіз… жалғыз жабықтым.
Анар
Керқұла атқа тақымым тиіп, жал құшпай,
Жалғыз жортқам жасымнан.
Бақтыбай
Жалғыз болған соң тәтті емес,
Тәтті болған соң жалғызсың!
Батырболат
Өміріне еш өкпесі жоқ. Ата-анасы, бауырлары, достары бәрі-бәрі бұны жақсы көреді. Тек… Ол болмаса… Әй, бірақ соны қойшы.
Соған қарамастан, бәрібір бір нәрсе жетпей жүр. Не екенін өзі де тап басып айта алмас-ау. Қызығы сол, айналасында адам толып жүрсе де, өзін жалғыз сезінеді. Бірге оқитын қыздар, жатақханада бірге тұратын қыздар, жақын араласатын, сәлемі түзу ниеттес достар, ойлап отырса көп-ақ. Алайда, бұл жалғыз. Қаптаған адамның ортасында отырып-ақ, жалғыз…
… Кеше театрға барған, тым күрделі, мұңлы қойылым екен. Қоғам мен өмірден озып кеткен жігіт туралы. Бейшараны ешкім түсінбей қойғаны… Аяды, актердің шынайы ойнағаны сонша, қазір жылаймын деп ойлады. Алайда, әлгі жігіт қойылым соңына қарай өзгерді. Қоғамға қарай икемделді, өмірге бейімделді… ой-санасы бөлекше, өзі туралы жып-жылы пікір қалыптастыра бастаған шағында жас жігітті қап-қара түнек қоғамы жұтты да жіберді. Аяды, енді әлгі бейшараны шын аяды. Шын аяды, бірақ жыламады, «көз жасыма тұрмайды» деп те ойлап қойды бір сәт… Сол-ақ екен… сол-ақ екен тағы да жалғыз қалды. Қойылымнан соңғы қызу талқыға да қатыса алмады, бірге барған қыз-жігіттер жатақханаға келген соң да тарасып кете алмай, есік алдында бөгелісіп қалған, бұл аздап басы ауырып тұрғанын айтып, бөлмесіне қарай жылыса берген… Жападан жалғыз ойланып жатып көзі ілініп кетіпті…
Бүгін сабағынан сұранып ерте келді. Көңілді еді. Бөлмеге кірген соң-ақ, басталды. Жалғызбын деп ойлады. Айналасының бәрі жалғыз-жалғыздан. Қоңыр перде тұтылған жалғыз терезе, бір түйір жазу үстелі (үстіндегі қопырған көп дәптерді елемеді), бір орындық (шындығында, орындық екеу-тін, біреуі ішінде қыздардың бір киер киімдері тұрған жалғыз шифоньердің тасасында тұрған)… бәрі-бәрі бір-бірден. «Мен де жалғызбын» деп ойлады.
Жуынып алғысы келіп, ваннаға кірген, айнаға көзі түсіп кетті. Тағы да жалғыз екенін ойлады… Бетін ғана салқын сумен шайып, сықырлауық кереуетке келіп отырды.
Енді бір сәт далаға шығып қыдырғысы келді. Дәл осыны күтіп отырғандай-ақ бүкіл санасын «далаға шығу керек» деген ой билеп кетті.
… Күн кешіре бастағанға ұқсайды. Десе де не таң, не кеш екенін білдірмейтін қою бұлт аспанды бүркеп алыпты. «Күн де жалғыз еді» деп ойлады, «күн де жалғыз еді, оны да бұлт бүркепті».
Қала шуға тұнып тұр, қаптаған машина, жөңкілген жаяу жүргіншілер. Солардың ортасында жалғыз келеді. Маңдайына тырс етіп тамшы тиді. «Бұл да жалғыз шығар...» Қателесіпті, жан-жағы тысырлай жөнелгенде қолшатыр алмағанын ойлады. «Жарайды, мен жауынды әуел бастан-ақ жақсы көремін» деді іштей.
«Қарындас, неге жалғыз келесіз?». Шаштары сумен басылып қалған екі сары үрпек бозбала күле қағытып өтіп кетті.
Мырс етті, «қарындас деп қояды...» Шіркііін, Ол болғанда ғой… Әй, бірақ, оны қойшы.
Күз хабары жетіп, жаздайғы жасыл өңдері қаша бастаған алаңды жағалай қойылған сәкілердің біріне келіп отырды. Су екенін елемеді. Жаңбыр жай ғана сібірлеп, желсіз тымық ауада аспаннан тіп-тіке төгіліп тұр. Көз алдында қыз-қыз қайнап жатқан тіршілікке қарап ұзақ отырды. Ойланып отырып тағы да жалғыз қалыпты. Ауыр күрсініп, жаңбырға жуынып жатқан қаладан, шамдары өлімсіреп, тынымсыз жүйткіген көп-көп машиналардан, жайшылықта асығып жүретін, бүгінгі жауында тіпті безілдеп кеткен адамдардан бөлініп, жападан жалғыз қалыпты. Өзінің ойланып отырған кезде ғана жалғыз қалатынын ұға бастағандай болды… «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда...» Осындай құлазыған шағында айтқан болар, қандай тар едің, дүниясы құрғыр-ай?» Көңілі жетімсіреп, алқымына әлдене тірелді. Көзінің жасы бетін жуып, жаңбырмен араласып кетті. Сүрткен де жоқ, «жылағам жоқ, жаңбыр ғой...» Қазір қоямын деп ойлады, қайдаааа, талай күнгі ширығып әрең жүрген жүйкесі дел-сал босап, көз жасы ерік берер емес…
Бүкіл ойларының қайнары Сол екен. «Шіркін, Ол болғанда ғой қасымда… Әй, бірақ соны қойшы...»
Кенет, осы отырысы, одағай ойлары өзіне қызық көрініп кетті. Күліп жіберді, дыбыссыз ғана…
Ал, көз жасы жаңбыр тамшыларымен араласып төмен заулайды…
«Шіркін, Ол болғанда ғой… Әй, бірақ соны қойшы...»
Бейнеу даласы, 17.10.2008

10 пікір