Мұрат Өнал: “Шахтер” маған бұйырмады
Еуропада футбол ойнап жүрген жалғыз қазақ футболшы Мұрат Өнал туралы газетіміздің 16 шілде 2011 ж. санында жазған едік. Сол мақаладан кейін Мұратты ел тани бастады, еліміздегі футбол клубтарының да қызығушылығын туғызды. Өткен жылғы ел чемпионы Қарағандының “Шахтеры” алғашқы болып бұл футболшыны Антальяда өткен оқу-жаттығу жиындарына да шақырған еді. Өзін жақсы жағынан көрсетіп, бір дайындық матчында тіпті 2 гол соғып, 3 гол пасын берген Мұрат Өнал бұл клубпен келісімшартқа отыра алмады. Себептерін білу үшін Мұратпен осы жаттығу жиындарынан кейін әңгімелескен едік:
— “Шахтердың” Антальядағы оқу-жаттығу жиынына шақырылдың. Жалпы бұл жиын сен үшін қалай өтті?
— Оқу-жаттығу жиыны жақсы өтті, мен үшін ерекше бір тәжірибе болды. Мықты футболшылармен бірге ойнау мен үшін әрқашан қызық. Қазақ футболшылардың техникалары ұнады және олармен қазақша сөйлесіп, ойнау өте керемет нәрсе.
— Команда сені қалай қарсы алды?
— Команда мені өте жақсы қарсы алды. Кейбір жігіттер менің өзімді еркін сезінуім үшін қолдарынан келген көмектерін аямады, оларға ризашылықтарымды білдіремін.
— “Шахтермен” келісімшартқа отырмадың, себеп не болды?
— Мені легионер ретінде ала алмайтындықтарын айтты. Яғни, бұл квотаға олар басқа шетелдік футболшыларды қарауда. Ал, мені егер Қазақстан азаматтығын алсам командаға алатындарын айтты. Бірақ, мен Қазақстан азаматы емеспін. Клуб президенті Ерден Халилин мені командаға алу үшін, азаматтық алып беру үшін қолынан келгенін жасады. Бірақ, 1 аптадан кейін мұндай қысқа мерзімде азаматтық алу мүмкін емес екенін айтты. Ерден ағаға ризамын, ол қолынан келгенін істеді, осы жерден оған барлық ісі үшін алғысымды білдіремін. Демек бұл командаға бару маған бұйырмағаны.
— Басқа командалардан шақыру келсе барасың ба?
— Футболда барлық нәрсе мүмкін. Ешқашан “болмайды” деп айтуға болмайды. Егер барлық жағынан келісіп жатсақ әрине басқа командаларға да баруға болады.
мына роликтегі өлеңді кім біледі?
таптым, жақсы өлең