Бізге орта бизнес пен жеңіл өнеркәсіп керек пе?

Кеше үлкен телекөпір болып, ҮИИД МБ бойынша бірнеше кәсіпорын іске қосылды емес пе. Сол кәсіпорындардың қатарында қайта жөндеуден өтіп, жаңа шетелдік құрал-жабдықтармен толығып, екі жарым жыл тоқтап тұрған өндірісті қайта іске қосқалы отырған «Семей былғары-тері комбинаты» ЖШС де бар.

Біз комбинатқа барған кезде сол телекөпірге
дайындық жүріп жатқан.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ашылған бұл комбинат тоқырау жылдарында да іргесін құлатпай, өзге зауыт, фабрикалардың тағдырын қайталамай, қиындықтарға төтеп беріп, экспортқа өнім шығаруда бәсекеге қабілеттілік деңгейін сақтап келді. Комбинаттың жаңа кезеңде жеткен жетістіктерінің бірі ретінде Өскеменде құрастырылатын Нива автокөліктерінің орындықтарына арнап былғары қаптар тігуін атап өтуге болады.
Тек соңғы екі жарым жылда ғана комбинат реконструкцияға жабылып, 571 адам жұмыссыз қалған. Елдегі инновациялық индустрияландыру бағдарламасы өндірісті қайта іске қосып, одан да көбірек адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берейін деп отыр. Қазіргі таңда комбинаттың жоспарланған реконструкциясының бірінші кезеңі аяқталып, тері илеу кешені іске қосылғалы тұр.

Африкада өсетін «ирокко» аталатын ағаш түрінен
Италияда жасалған, әрқайсысы 7 тонна теріні шылап,
түгін жидітіп түсіретін барабандар.

Комбинат директоры Рахымғалиев Жұмағазы Нұрбазарұлының айтуынша, тері мен былғары Қазақстанның стратегиялық тауарына айналуы мүмкін. Оған барлық алғышарттар да бар. Сонымен қатар, тері-былғары өндірісін кешенді түрде қолға алу халық шаруашылығының көптеген саласына жәрдемін тигізіп, кешенді түрде дамуға мүмкіндік береді. Өйткені, тері өндірісі әр сатысында өзге шаруашылық салаларымен тығыз байланыста өрбиді.
Ең алдымен, тері неғүрлым сапалы болса, оның бағасы соғұрлым жоғары. Малды сойғанда терісін бүлдірмей бүтін алудан бұрын, малды дұрыс күтіп, бағудың да мәні зор. Мүйізді ірі қараға түсетін сәйгелмен күрес тек терінің бүтіндігін сақтап қана қоймай, малдың қоңын да, сауынын да арттырады. Егер өз елімізде тері өндірісі жанданса, малшылар теріні Қытайға контрабандалық жолмен арзан бағаға сатып жібермей, өз ішіміздегі былғары өндірушілеріне лайықты құнына өткізуге мүмкіндік алар еді.

Комбинатта шығарылатын былғары түрлері.

Тері-былғары өндірісінде өңделген мал терісінің құны 70-100 ретке дейін артады екен. Айталық, шикі терінің бағасы 3000 теңге болса, тері комбинатында өңделгенде оның құны 20 рет артып, ал Италияға барып, дайын тон күйінде қайтып келгенде орта есеппен 200 000 теңгені құрайды екен. Елімізде тон тігу өндірісі қолға алынса, тасымалдау құнын қоспағанның өзінде, халықтың шетелдің өнімнен сәл де болса арзанырақ киім сатып алуға мүмкіндігі пайда болар еді.
Қой терісінен тон тігу шеберханасы комбинат жанында бұрыннан бар. Тек соңғы жылдары ғана тоқтап қалған. Мемлекеттік бағдарлама аясында реконструкция жүргізудің екінші кезеңі осы тон тігу шеберханасын қайта жандандыруды көздейді.

Комбинаттың өз өнімі

Реконструкция жұмысының үшінші сатысы — аяқ киім өндірісімен байланысты. Комбинат бұрынырақ аяқ киім де шығарған, бұл да жаңа емес, жанданған сала болайын деп тұр.

Комбинаттың өз өнімі

Комбинаттың бас директоры отандық аяқ киім өндірісін ұлттың денсаулығымен тікелей байланыстырады. Қазіргі таңда Қазақстанға әкелінетін аяқ киімнің көп бөлігін Қытайдың арзанқол тауары құрайтыны жасырын емес. "Қытай халқының көптеген ғасырлар бойы қыз балаларының аяғын қалыпқа салып кішірейту (қазақтар оларды «шиаяқ» дейтін) дәстүрі гендік деңгейде олардың балаларының аяғының пішінін өзгертті. Енді сол стандартсыз аяқ киімдерімен олар біздің балалардың денсаулығын бүлдіріп жатыр" деп сыр ақтарды Жұмағазы Нұрбазарұлы. Расымен, майтабандық қазіргі кездегі ата-аналардың да, дәрігерлердің де ерекше мән беретін кеселдеорінің бірі болып отыр. Майтабандықтың салдары жамбас буынының, омыртқаның деформациялануына әкеліп соқтырып, соның нәтижесінде адам ағзасында түрлі кеселдер дамуы мүмкін екенін бәріміз білеміз. Майтабандықтың емі қиын, ал науқасы асқынып, емдеу уақытынан өтіп кеткен балаларды мүгедектер қатарына жатқыза берсек те болады. Ал майтабандықты кешенді емдеуде басты назар дұрыс аяқ киім таңдап кигізуге аударулуы тиіс. Қазіргі таңда «ортопедиялық» деп таңба басылып сатылатын аяқ киімдердің көбісі шын мәнінде ондай емес. Нағыз ортопедиялық, емдік аяқ киімнің бағасы маусымына қарай 10 000 теңгеден 15 000 теңгеге дейін барады. Кейбір кісілер менен «Совенок ше?» деп сұрап жатады. Жоқ. «Совенок» кәдімгі арзанқол, сапасыз Қытайдың аяқ киімі. Баласының денсаулығын ойлайтын ата-ана мүмкіндігінші ол аяқ киімді баласына кигізбегені дұрыс. Егер, Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік осы қарқынмен дами берсе, отандық өндірушілер ортопед ғалымдармен бірлесе отырып әзірлеген өзіміздің аяқ киімді де кигізетін күннің аулы алыс бола қоймас.
Ол үшін, әрине, бір комбинаттың жұмыс істеп тұруы жеткіліксіз. Семей былғары-тері комбинатының өндірістік қуаты тек Шығыс Қазақстан аумағында шығатын теріні өңдеп, экспорттауға ғана жетеді. Алайда, тұрғындардың салғырттығы, әуресінен қашып, теріні Қытайға контрабандамен сата салуы салдарынан комбинат толық қуатпен жұмыс істей алмай қалуы мүмкін. Ал жұмыс істесе, игілігі баршаға жетеді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын комбинаттан тері қалдығын алдымен сұрап алып, кейіннен сатып алып, қолдан аяқ киім тігетін шеберхана жұмыс істеген екен. Сондай шеберханалар көбейе түссе жақсы емес пе? Ал егер қарқындылық керек болса, Қазақстанның әр өңірінде осындай былғары, тері өңдейтін комбинаттар ашса болады. Ет жемейтін қазақ жоқ, демек, мал сойылып тұрады.
Семей былғары-тері комбинатының өзі қатарлас, әлі де салынатын өзі тектес кәсіпорындардан сөзсіз артықшылығы — қалдықтарды биологиялық жолмен жоятын өз жүйесінің болуы. 1973 жылы салынған тазарту жүйесі бастапқы кезде комбинаттың тек өзіне тәуелді еді. Кейіннен өзге кәсіпорындардың да қалдықтарын қосып ала бастап, қазіргі таңда «Эко Семей» ЖШС қарамағына өтіп, бүкіл қалаға қызмет көрсетіп отыр.

Қалдық суларды биологиялық жолмен тазарту кешені.

Тері, былғары өндірісінң қалдық сулары айрықша қауіпті қалдықтар санатына жатады. Теріні илеуде қолданылатын химиялық құралдардың қалдықтарын жою ерекше тәсілді талап етеді. Семейде осы мақсатта: терінің органикалық қалдықтарын жою және тері илеуде қолданылатын хромды минералдау үшін микроорганизмдердің он беске жуық түрі пайдаланылады екен.

Мынау сабынды көбік емес, органикалық қалдықтарды «жеп»,
жұмыс істеп жатқан микроорганизмдер.


Лаборатория үстелінің үстінде сол микроорганизмдердің суреттері де ілулі тұр.


Тазартылған қалдық суларының Ертіс өзеніне құйылатын тұсы.

Бұл мадақ мақала емес. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың өзі ақылы болып, «сұрап бергенше ұрып бер» дегізетін тұстары да жетіп артылған екен. Бірақ комбинат директоры ол жағына тоқталмауымызды өтінді, өйткені қаржыландыру әлі түгел алынып болған жоқ.
Сонда да, комбинатты құлатпай ұстап келе жатқан, өз ісі арқылы «бүкіл ел шаруашылығының дамуына үлес қосар едім, тек маған сәл де болса жеңілдік беріп, тым болмаса, Қытайдан әкелінетін аяқ киімнің ҚҚС сияқты салық деңгейін белгілеп, Қытаймен бірдей жағдайға қойса, жанданар едім, жұмыс істер едім» деп отырған адамдардың еңбегін атап өтпеуге тағы болмас.
Бөлісу:

33 пікір

timurrr
Лаборатория үстелінің үстінде сол микроорганизмдердің суреттері де ілулі тұр.
balzaminka
терінің бағасы 3000 теңге болса, тері комбинатында өңделгенде оның құны 20 рет артып

қымбат, қасында Қытай деген конкурент тұрғанда неліктен бағаны соншалықты шарықтатыны түсініксіз.
dark_nazgul
керісінше. шикі ретіні осы бағаға сатып алады, егер сапасы жақсы болса. ал жұрт керісінше терісін Қытайға арзан бағаға өткізіп жібереді.
balzaminka
сатып алғанын айтпаймын, өнімін. Алпыс мыңға қымбат. Одан жасалған заттар да қымбат болады, түбінде халық бәрібір арзанға бет бұрады қанша патриот болғанмен
dark_nazgul
өндіріс кеңейсе, өнім бағасы төмендейді. қытайдың зватының арзан болуы да сол массовыйлықтан ғой.
balzaminka
өндірістің кеңеюі тапсырысқа байланысты ғо. Ал, тапсырыс жоғары болуы үшін, бастапқыдан себестоимость арзан болу керек.

Қытай сияқты мықты конкурент тұрғанда экстра класс өнім шығарып істі жүргізу керек сияқты, сол кезде шығын анықталады деп ойлаймын.
balzaminka
шығын анықталады


шығын ақталады
dark_nazgul
Жұрт терісін Қытайға арзанға сатып жатқандықтан, біздікілер оларды өздеріне қарату үшін шикі теріге қымбатырақ баға береді.
Демек, изначально берілген баға қымбат.
ал үш мың теңге деген приблизительно аталған сома ғой.
balzaminka
не болса да сәттілік тілеймін
dark_nazgul
әрине. сәттілік тілейміз. Және күндердің күнінде отандық тон мен етік киеміз деген сенімімізді де жоғалтпаймыз.
balzaminka
мен тұрып жатқан Тамильнад штатының өзінде төрт мыңнан астам тері өңдеу цехы бар екен. Шикізатты қайдан алады екен деп бас қатырғанмын алғаш естігенде  Тапсырыстары жоғары болғандықтан өз-өздерін ақтап жатқан жайлары бар. Италия, Канада, АҚШ елдері екен көп тапсырыс беруші, өнімдері және тасымалы да арзан болғандықтан деп ойлаймын, сапасы да жақсы болып тұр ғо соған қарағанда
satibaldi
Бізге орта бизнес пен жеңіл өнеркәсіп керек пе?
Жоқ, керек емес. Бізге үлкенбизнес пен ауыр машина жасау болса болды. Нақтың.
balzaminka
Қазақстанға қош келіпсіз!
satibaldi
О, қалайсыз, барсыз ба?
balzaminka
рахмет, жақсы! Мен жоқта келген екенсіз…
satibaldi
Қайда? Адамды құты мен рухқа бөліп қарайтын елдің пәлсапасы әсер етті ме?
balzaminka
соны өзіңіз тарқатып бермесеңіз
satibaldi
Ақиқат — шарапта.
balzaminka
Сіздің аузыңызбен шарап айқайлап тұр!!!
konvict
Тақырыпты «Семейде тері илейтін комбинат ашылды» немесе «Енді теріні қытайға арзанға сатпаңыз» деп па қойса қалай болады екен?
Бізге орта бизнес пен жеңіл өнеркәсіп керек пе?
дегенге талдау пост па деп қалсам…
konvict
тәуелсіздіктіңжиырмажылдығымендамығанэкономикаңдысссссс

Кеңес үкіметі кезінде тері илеген зауыттарға жету қайдааааа
Gastarbaiter
Бармысың бауырым, 1984-86жж «Восход»-тың запқозшысы болған ағам із-түссіз кетіп еді, сол сен бе едің?
KILYZAMAN
Өндріс саласын қақ маңдайынан қадап ұрып тұралататын салдар мен сардарларға жем болып шаршағандар көп...
dark_nazgul
иә. мемлекеттің беріт тұрған қаржысының өзін орта жолдан жырымдап жеп қалуға тырысып жатқандар болған соң, басқа не сұрайсың))
nurbergen_makym
Лібә, ертең мақшардың таңы атқанда архангел Павел қазақтардан ерекше қаталдықпен: «Сендерге жер бердім, асты-үстіне толтырып, байлық бердім — ал, сендер ел болмақ түгілі, тіпті, малекеш малдай көбейе де алмадыңдар! Құрыңдар, ептібайымайдтар, тозаққа!!!» — дейтін сияқтанады да тұрады...
KILYZAMAN
*(
xsanatos
мына кісінің настры түсіп кетті.
KILYZAMAN
Көрегендігіңе шек жоқ — (ішек)сілеңді қатырып отырған санаңа бағынышты ішегіңе абай бол
xsanatos
ыыыыыыы  просты, ананы окыганда бірінші козіме сіз елестедіңіз))) и астында сіздін жазбаныз
KILYZAMAN
ананы окыганда бірінші козіме сіз елестедіңіз)))
— түсіндір: нені оқығанда? Неге? Себеп?
xsanatos
архангел Павел қазақтардан ерекше қаталдықпен: «Сендерге жер бердім, асты-үстіне толтырып, байлық бердім — ал, сендер ел болмақ түгілі, тіпті, малекеш малдай көбейе де алмадыңдар! Құрыңдар, ептібайымайдтар, тозаққа!!!»
Павел мынаны сізге айтып жатқан сияқты)))