500 шақырымға қысқарған жол және Duty free-қалашық



Темір жол билеті лоторея билетіне қарағанда әлдеқайда үлкен үмітті оятады.
Поль Моран


Өзге жұртты қайдам, посткеңестік аумақта өмір сүретін ел үшін темір жолдың мән-мағынасы, маңызы тым ыстық, аса таныс. Мәскеу-Ташкент поездымен сапар шегетін талай жұрт тақылдаған рельстен вагон иесі жолсерікке дейінгі аралықтағы темір жол шындығын көріп-ақ келеді. Мәскеу деймін-ау, өзіміздің Атырау-Алматы, болмаса Семей-Қызылордамыз да оңай емес.

Өткен аптаның аяғын ала бір топ блогшымен бас қосып «Жетіген-Қорғас» темір жол желісіне һәм Қорғастағы Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына сапар шектім. Ұзындығы 293 шақырым болатын темір жол желісін, Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдауда көпір болатын ынтымақтастық орталығын картадан не жаңалықтан көру бір бөлек те, жапан далада, суық желдің өтінде дірдектеп жүріп аралау бір бөлек екен.



Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының (ҮИИДМБ) аясында салынған «Жетіген-Қорғас» темір жол желісі Қытайға апаратын темір жолдың ұзындығын 500 шақырымға қысқартып отыр, әрі белгіленген мөлшерден артық жүкті қабылдайтын «Достық» бекетінің «мойнындағы» салмақты да жеңілдетеді.

Ал 165 000 миллион теңге инвестицияға салынған жолдың болашақта бұл үмітті қаншалықты ақтай алатынын уақыт көрсетеді.



Бейресми түрде "Қытайға қақпа" деп аталған темір жол Қытайдан Еуропаға Орталық Азия арқылы жүк жеткізудің ең қысқа темір жолы болмақ. 2012 жылы осы жол арқылы 5,5 млн. тонна, 2015 жылы 10,5 млн. тонна, 2020 жылы 25 млн. тонна жүк айналымы өтеді деп жоспарланып отыр екен.

Қытай үшін тиімді транзиттік жол Еуропаға тауарды 16 тәулікте жеткізуге мүмкіндік береді. Салыстыру үшін келтірсек, ҚХР тауары Суэц каналы арқылы Еуропаға 50-60 тәулікте жетеді.

Осы жолдың арқасында, Қазақстанның транспорттық-логистикалық қызмет түрлерінен табатын табыс көлемі 5 %-дан 50%-ға дейін артатын көрінеді.

Әуелі, аттың басын осы темір жол желісінің бойында орналасқан «Алтынкөл» стансасына бұрдық. Ғимаратының көлемі мен келбеті жағынан Қазақстанның кей қаласының әуежайын ауызға ұрып кететін станса төбе-төбенің ортасында қасқайып-ақ тұр, обалы не керек…



Ірі транспорттық-логистикалық түйін болатын «Алтынкөлде» ары-бері өткен поезд «аяқ киім ауыстырмақ», яғни қытайлық тар рельсті темір жолдан (1435 мм) ТМД елдерінде пайдаланылатын темір жол рельсіне (1520 мм) ауыстырылады.



«Алтынкөл» стансасының жұмысшыларына арналып сол маңда «Нұркент» қалашығы салынған. Өкінішке орай, уақыт тапшы болып көре алмадық, алайда бізден бір күн барып көріп алған журналистердің сөзіне қарағанда, қалашықта пәтерлер, үйлер толықтай жабдықталыпты, тіпті перделерімен бірге беріліп жатқан көрінеді.

Жалпы «Жетіген-Қорғас» темір жол желісіне құрылыс кезінде 5 500 адам тартылса, пайдалануға берілген кезде 2 093 жұмыскер қызметке тұрады.

Бұдан кейін біздің жол Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына бастады. Әуелгі кезекте Алматы облысы, артынан әмме Қазақстан тұрғындары үшін пайдалы ақпаратты келесі сөйлемдерден де табасыз деген үміттемін.



“Қазақстан Темір жолы” ұлттық компаниясының логистика бойынша вице-президенті Ерхат Есқалиевтың айтуынша, орталық «Duty-free қалашық» болмақ. Яғни, екі елдің шекарасында орналасқан орталықта көтерме және бөлшек сауда орындары, көрме залдары, жүк сақтау қоймалары орналасады, ақпараттық-логистикалық орталық болады, қонақүйлер мен дәмханалар салынып, транспорттық-экспедициялық, телекоммуникациялық, брокерлік және банк қызметтері көрсетіледі.



Қазақстандық орталықтың жер көлемі 185, ал ҚХР-ның орталығының көлемі 343 гектарға тең. Сіз осы аумақта 30 күнге дейін визасыз жүре аласыз және арзан бағамен (тіпті, Қытайдың ішкі өлкесінің бағасы болуы мүмкін дегенді естідік) сауда жасай аласыз. Мысалы, бұған дейін Дордойға барып оны-мұны өңгеріп қайтатын алматылықтар «тиіп тұрған» Қорғасқа келіп Қытайдың тауарларын, қызмет түрлерін жақсы бағамен сатып ала алады.

Айтпақшы, алдағы уақытта Алматыдан орталыққа дейін электр поезды немесе рельсты автобус жүруі мүмкін екен. Бұл әзірге тек жоспар ғана 



Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы 2012-2018 жж. аралығында жеке инвестициялардың есебінен толықтай салынып бітеді деп жоспарланып отыр.

Орталықтан кейін дәл шекарада өткен вице-премьер-министр Әсет Есекешев пен ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің вице-премьері Жаң Цзе Зяң арасындағы кездесуге бардық.



Екіжақты әріптестіктің мән-маңызы жайлы сөз қозғаған лауазымды тұлғалардың сөздерін тыңдап, қолпаштап шекараның ар жағында қызыл жалаушалылар, бер жағында көк жалаушалылар тұрды.



Қытайлық телеарналардың ПТС-көліктері көптеп келіпті. Жалпы, қытайлар қарақұрым болды…

Осымен ресми блог-турымыз аяқталды. Қайтар жолда вице-премьер-министрдың кортежіне ілесемін деген автобусымыздың секіруін сезініп, журналистердің блогшыларға қарсы тіс қайрауына жауап беріп Жаркентке жеттік.

Жаркентте он тоғызыншы ғасырдың басында қытайлық шебер салған атақты мешітті аралап (ол туралы пост алда), өзіміз тоқтаған «Жаркент-Арасанға» оралдық.



P.S. Ең бірінші кезекте жолдарды жөндесе жөн болар еді…
Бөлісу:

18 пікір

asaubota
Дютифридің қадірін біздікілер өздері құртып алмаса жақсы жоба екен.
sammita
165 000 теңге инвестицияға салынған жол
біздің ауыл-қара арасына салсам ба екен деп отырмын…
qisyq
түзетілді.
sammita
бекер түзеттің, теміржол жағы қиын бізде
түсінікті жазыпсың, ақпар мол.
qisyq
миллион деген сөзді тастап кетіппін.
Altygradus
Қазақстанның кей қаласының әуежайын ауызға ұрып кететін станса төбе-төбенің ортасында қасқайып-ақ тұр, обалы не керек…
хахаха шынымен дым жоқ жерде
Даффай мешіттің ішінен суреттер күтемін.
Сосын Жаркент-Арасан туралы жазшы, сервистері, бағалары тб
qisyq
Мешіттің ішін суретке түсірткізбейді екен, бірақ, ережелер бұзылу үшін ойлап табылған ғой, бір-екі сурет бар)))
Жаркент-арасан туралы ісер жазбасам, бағасын, тб білмейді екем. Сервисі туралы жазамын) Ал былай ақпарат мына жерде бар: zharkent-arasan.kz/
qisyq
ісер
әсер
Жаркент-арасан
Жаркент-Арасан
тб
т.б.
VKM
 күшті,Қисық.
Daniar-Alan
Жоқ, ол әлсіз! Кұшті көрінеді просты. Жүрегі мейірімді ғой жарықтықтың…
balzaminka
өзіміздің өнімді өткіземіз деп ойлап, неге соған жұмыс істемейді екенбіз? СССР-дің сабақ болатын кезі келді ғой, ол кезде де шикізат болдық, қазір де…
KILYZAMAN
Келелі істің басынан келесау табылмаса жарар еді
Aigolek
менде мына мешиттин ишиндеги экспонаттардын барлыгынын сурети бар. Жазда болып кайткам. Ана мешиттин ерекшелиги курылысында бир тал шеге колданылмаган делинеди. Агаштан киюластырып жасалган. Суреттерди сол мешит туралы постына коярмын
monti
күчт пост, кеше 8 бет етіп распечат. жасап апардым, жақс жаңалық бару жолы көп уақыт кетед па? неге бұрынғыдай дордай мес? ну типа, сауда КЗда болад ғо да түсінгенім?
qisyq
Қайда апардың, ойбай!!!
Бару жолы Жаркентке дейін төрт сағат, ары қарай бір жарты сағат шығар.
сауда тура шекарада болады.
monti
шынмд айтсам толық түсінбедім қиын тілмен жазыпсың, үйішме апардым жақс инфо кендеп