ҚАЗАҚҚА ҚАЙЫР ХАН ЖАҚЫН БА, ӘЛДЕ ШЫҢҒЫС ХАН БА?!
Ентелеп келген жаудың ентігін бес ай бойы қаланың сыртында, бір ай бойы қамалдың ішінде басқан, монғолдармен өліспей-беріспейтін шайқастың ең жоғары жанкештілігін көрсеткен Отырардың билеушісі Қайыр ханның ерлігі заманында алысқа тараған. Ағыны күшті су толқынындай толықсып келген монғолдың ең таңдаулы жасақтарын басқарған Шағатай мен Үгедей нояндарының қолы Сырдария өзенінің жағасындағы ұлы Отырар қаласының қақпасының алдында бес ай дәрменсіздік көрсетіп, толқыған күш кейін ысырылды. Намыстың көкжалын ауыздықтаған монғолдар үсті-үстіне тас және от атқыш қаруларын қолданып, қамалдың дуалдарын бұзуға, қайыспас қазақ ұландарының жігерін құм етуге ұмтылғанымен, алты ай бойы жеңіске жете алмады. Мұндай қарсылықты олар бұған дейін еш жерде кездестірмеген. Рас, Рашид ад-Диннің жазуынша мұндай қайсарлықты бұдан кейін олар Қайыр ханның туысы Құмар тегін басқарған үргеніштіктер ғана көрсетті. Үргеніш жеті ай бойы жауға берілмей, оларды үлкен қырғынға ұшыратты. Тек Түркен Хатунның қамалдан шығып кетуі және қолбасшылар арасында іріткінің болу себебінен қаңлылар қорғаған бұл қала да жермен жексен болды. Монғолдар Отырарда қайтпас, қайсар ұландарды, соғыстың өздері білмейтін әдістерін көріп, амалсыздан таңдай қақты.
Тарихта «Отырар ойраны» деген атпен белгілі болып қалған бұл шайқастың басты батыры Қайыр хан болатын. Сол жылдарда, одан кейін де Отырар ойранының басты қаһарманы да, себепкері де Қайыр хан деп айтылды. Бұл көзқарас бүгінгі күнге дейін өзгерген жоқ. Шын мәнінде қазақ жерінде өткен осы қантөгісті шайқастың басты қаһармандары қазақ халқының негізін қалаған тайпалардың бірегейі – қаңлы ұландарының ерлігін сол кезде Батыс, Қытай, Монғол төмендеткісі келсе, одан кейін тарихымызды тұмшалау үшін орыс империясы Отырарда болған ұлы ерлікті айтпау, айтқызбау үшін жалған тарих жасауға ұмтылғаны анық.
Қайыр ханның қолбасшылығымен болған қазақ жерінің ұландарының ұлы ерлігін тұмшалау үшін Отырар қаласының әкімі Шыңғыс ханның бес жүзге жуық саудагерін өлтіруі соғыс отын тұтандырды дегенді айтады. Осыны алға тартып, Қайыр ханның ғана емес, қазақ жерін қорғаған ұландарымыздың ерлігін жоққа шығарғысы келеді. Отырар қаласына шабуыл жасаған, 1219 жылға дейін монғол нояндары Қытайды және Қиыр Шығыс пен Алтай өлкесін мекендейтін аз ұлттарды басып-жаншып жеріне, еліне иелік жасағаннан кейін ол батысқа қарай алаңдап, сол кезде Европаның елдеріне шапқыншылық жасауда алдында кесе көлбеңдей тұрған Хорезм мемлекетін басып алу арманы еді. Бұл туралы Шыңғыс ханды зерттеп жүрген Монғолия тарихшысы Эренжен Хара-Даван «Чингис хан как полководец и его наследие» деген еңбегінде Хорезмшахы Мухаммедтің бұйрығымен Отырарға келген 450 саудагерді өлтіруі шын мәнінде Шыңғыс ханның Батысқа шабуылын тездетті дегенді айтады. Көптеген ғалымдар мен тарихшылардың, жазушылардың айтуынша Шыңғыс хан батысқа шабуылын ол оқиға болса да, болмаса да тоқтатпайтыны анық еді. Ол алдымен 450 саудагерді өлтірген Қайыр ханды Хорезм шахының ұстап беруін талап етті. Ол қаңлылардың көсемдерінің бірін Мұхаммед шахтың көмегімен өлтіруі арқылы, біріншіден, Хорезм мемлекетінің негізін қалайтын өзге қаңлылардың, атап айтқанда сол кезде елде үлкен билікке ие болып отырған қаңлылардың басшысы Әмин Мәлікке қыр көрсету болса, екіншіден мемлекет басшыларының арасына ірткі салу болатын. Жалпы Шыңғыс хан бұл әдісті барлық шайқастарында пайдаланған. Сол кезде: «Шыңғыс ханның біреудің үмбетін жазалауға тырысқаны да халықаралық құқыққа томпақ келетін оғаш қылық еді», – деген Әбіш Кекілбаев – «оны бұндай қылыққа итермелеп тұрған, шынына келсек, Қайыр хан емес, Шыңғыс ханның өзі еді. Өзімен дәрежелес падишаға «ұлым» деп хат жазған сол еді. Ол әлі жаулап алмай тұрып «бағыныштымысың?» деп басынғандық еді. Бұл қай дербес мемлекет үшін де заңсыз соғыс ашқанға пара-пар озбырлық саналатын». Әлем алдында өзінің қаныпезерлігін жасыру үшін К.Маркс айтқандай «Дикий гений» неше түрлі әдіс-айланы пайдаланғаны сөзсіз. Соғысуға себеп табу үшін Шыңғыс хан өз саудегерлерін өзі қырып тастауы да әбден мүмкін. Бұл ойды «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматов және орыс ғалымы М. Иванин, тағы басқалар қуаттаса, зерттеуші Мұртаза Бұлұтай Түркияда жарық көрген «Ислам энциклопедиясында» белгісіз автор Қайыр хан туралы жазғанда саудагерлерді оның өлтірмегенін алға тартады. Бұл пікірді араб саяхатшысы Ибн Батута да растайды дейді. Айта берсе мұндай кереғар пікірлер өте көп. Қайсы дұрыс, қайсысы бұрыс оны бүгінде дөп басып айту қиын. Алайда алдына қойған мақсатына жету үшін қолбасшылар талай айла-шарғыларға барғаны анық. «Бейбіт саудагерлерді Қайыр хан өлтірді» деген пікірлерді елдің санасына сіңіруде дәл сол кезде көп жерді торлаған Шыңғыс ханның жансыздарының еңбегінің нәтижесі емес деп кім айта алады. Ал айналасын соғыс өртіне орап жатқан елдің саудагерлерінің арасында «жансыз жоқ еді» дегенге сенуге бола ма?!
Не керек, Отырардың көп қақпаларын торулап, ішке ене алмаған монғол отаршылары сатқынның көмегімен бес айдан кейін ішке енді. Сол кезде де Қайыр хан жаудың көп қолына аз күшпен қарсы тұрып, бір ай бойы жан аямай шайқасты. Отырарға дейін талай қалаларды жермен жексен етіп, халқын қойдай бауыздаған монғол шапқыншыларының қатыгездігін естіп-білген Қайыр хан сарбаздарын мәңгі өшпес ерлікке бастай білді. Ол сонымен бірге Хорезм шахтан көмек келеді деп сенді. В.Г.Янның «Чингиз хан. Пропавший караван» кітабында шахтың Отырарға көмек ретінде жіберген 20 мың әскері Шыңғыс ханның жансыздарының іріткі салу жұмысының салдарынан, жау жағына өтіп кеткенін айтады. Көмектің келетініне сенімін үзбеген Қайыр хан өзі бас болып, Отырардың әрбір мұнарасын алынбас қамалға айналдырды. Бұл жөнінде қазақтың және әлемнің белгілі жазушылары шығармаларын да, түсірілген фильмдер де жан-жақты суреттелген. Қаланың көшелері мен үйлері өлікке толды. Отырарға сыртта келетін су құбырлары жабылды. Азық таусылды. Адамдар аштан қырыла бастады. Соғыстың соңғы сәтіне дейін Қайыр ханның Мұхаммед шахтан көмек келетініне сенетін тағы бір жағдайы бар еді. Мұхаммед шахтың шешесі Түркен Хатун Қайыр ханның туған әпкесі болатын. Өзін әлем падишасымын деп санаған Түркен апасының да қарамағында сарбаздары бар екенін Қайыр хан жақсы білетін. Оның үстіне Хорезм шахтың тұрғындары да негізгі сарбаздары да өзінің бауырлары қаңлы және қыпшақ тайпаларынан жасақталған болатын.
Кейбір ғалымдар Қайыр ханның ұлы ерлігін айтудың орнына оның тегін термелеп, елдің назарын өзге жаққа аударып жіберуді әдетке айналдырған. Ортағасырлық тарихшылардың жазып қалдырған жазбаларында Қайыр ханның тегі қаңлы екені айтылған. Мәселен, атақты ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы мен шығыстанушы ғалымдар Ислам Жеменей, Асқар Әбдуәлиев «Көне Тараз» кітабында былай дейді: «ХІІ ғасырда хатқа түскен Қожа Ахмет Иассауидың немере туысы Қойлақи аударған шежіре кітабы «Насаб-намада» Қайыр хан ата тегін қаңлы еді деп атап өтеді. Осы дерек тарихи шындыққа дөп келеді. Өйткені, б.з.б. ІІІ ғасырдан б.з. VІІ ғасырына дейін Сыр бойын тұтас жайлаған қаңлы державасы болатын-ды. Сол қаңлылардан шыққан текті ұрпақтың бірі Қайыр хан болуының да жөні бар». Сонымен бірге, осы ғалымдар және өзгелер ХІІІ ғасырда Отырар және оның айналасын қыпшақтар мекендемегенін алға тартады.
В.В.Бартольдтың айтуынша ортағасырлық авторлардың бірі Джувейни Хорезм шах Мұхаммедтің анасы қаңлы тайпасынан екенін айтады. Тәжік халқының ұлы тарихын жазған академик Б. Ғ. Ғафуров «Тәжіктер» атты ғылыми еңбегінде Түркен Хатунды қаңлыдан шыққан қыпшақ көсемдерінің қызы деп жазған. Сол кезде қаңлылар мен қыпшақтардың тұтастығы дами бастаған болатын. Сондықтан да Махмұт Қашқари «Дивану луғат ит-түрік» еңбегінде «қыпшақ тайпасының жақсы-жайсаң ұлықтары қаңлылар еді» деп жазуының да себебі осы болса керек. Бұл пікірді Хорезм мемлекеті туралы үлкен ғылыми еңбек жазған орыс ғалымы С.П. Толстов та қуаттайды. Мәселе оның қай тайпадан шыққанында емес. Академик Әбдуәлі Қайдар ағамыз «Бұл деректі келтіріп отыруымыздың тағы бір себебі – кейбір тарихшыларымыздың «Қайыр ханның тегі қаңлы еді», – деп айтуға ауызы бармай, «оның тегі қыпшақ болуы мүмкін», «ол түркі тайпаларының бірінен шыққан», – деп, сан саққа жүгіртіп, тарихи шындықты бұрмалап айтудан жалтара беруі. Қазақ тарихы үшін дәл осы деректің қажеті болмауы да мүмкін, бірақ қандай тарих жазылмасын, оның шындықтан алшақтап, бұрмаланып айтылуы оның өзіне нұқсан келтіреді», – деген пікірімен келіспеске болмайды. Кім болса да, Қайыр хан қазақ халқын қалыптастырушы ірі тайпаның ұлы екені рас. Оның ерлігін екінің бірі қайталай алмаған. Сол кезде зерттеушілер Қайыр ханның иелігіндегі ел бірлігінің өте жоғары болғанын айтады. Сондықтан да кейбір ғалымдар сол заманда қаңлы мен қыпшақ егіз ұғым екендігін алға тартудың астарында осы бірліктің мықты болғанын көрсетсе керек. Ал қытайлық ғалымдар мұндай пікірмен тіпті де келіспейді. Олар қаңлы мен қыпшақ бір шаңырақтың астында болмаған дегенді айтады. Тарих сахнасына қаңлыларға қарағанда қыпшақтар кеш шыққанын алға тартады.
Жалпы қытайлық ғалымдардың, тарихшыларының деректерінде қазақ халқының негізі болып табылатын тайпалардың бірі қаңлының сол заманда алған орнын төмендету анық байқалады.
Шын мәнінде Шыңғыс ханның шапқыншылығына дейін ұлан-ғайыр жерді алып жатқан бірнеше мемлекеттерде қаңлылардың ықпалы жоғары болды. Сондықтан да Шыңғыс хан олардың беделін төмендетіп, өзін алғашқы күннен қолдаған қазақ халқының құрамындағы өзге тайпаны биікке көтеруге ұмтылыс жасады. Тарихшы Талас Омарбеков осылай дейді.Тіпті, Отырарды жаулап алғаннан кейін оның әкімі Қайыр ханға Хорезмді жеңгеннен кейін, Түркен Хатунды бүкіл халықтың алдында масқаралап, олардың бейшара күйін елге көрсетті. Қайыр ханды иттермен бірге зынданда ұстаса, Түркен Хатунға өзі жеген тамақтың қалдығын тастады. Бұл туралы тағы да Әбіш Кекілбаевтың «Талайғы Тараз» кітабында айтылған ойларға жүгінейік. «Шыңғыс хан оны айыбына лайық жазалаған жоқ. Өзінің оған деген ызасына сәйкес жазалады. Түркен Хатунның саяси әрекеттеріне, адамгершілігіне оң баға беру, әрине, қиын. Алайда оның атын сыртынан сатып өтірік үндеу тасталғаны, сөйтіп, оны өз халқына қарабет қылып көрсететін қиянат жасалғаны, қазіргі заман тілімен айтқанда, Шыңғыс ханның үлкен «джентельмендігі» емес еді. Бұл – нағыз саяси көзбояушылық еді. Сондай-ақ, Шыңғыс ханның патшайым Түркен Хатунға көрсеткен теперіштерін де ұлылықтың көріністеріне емес, жай ғана пендешілікке жатқызған жөн. Бұл арада Ескендір Зұлқарнайын еске түседі. Оның Дарий патшаның отбасы мен ханымына көрсеткен адамгершілігі ойға оралады. Ал Шыңғыс хан ше?.. Қарақорымға қайтып кетейін деп жатқанда ол Хорезм шахтың әйелдері мен Түркен Хатунды жұрттың алдына зорлап шығарып, опат болған Хорезмге жоқтау өлең айтқызады. Тұтқында жүрген патшайымды желкелетіп алдына алып келгізіп, дастарқандағы өз жегенінен қалғанды «же» деп күштейді. Бұл да ұлы падишадан гөрі, жай әншейін, жұмыр бастыларға тән пендешілік еді. Ел билеген ханымды тұтқын екен деп, қаңғырып жүрген қайыршыдай жалба-жұлба киіндіріп қоюы да – пендешіліктен басқа ештеңе емес еді.
Шыңғыс ханның пендешілігі мен жауыздығын айтып жеткізу қиын. Ол өзге елдерді жаулап алуда екі кезеңде екі түрлі әдіс қолданды. Тарихшы В.В.Трепавловтың айтуынша 1207 – 1218 жылдары түркі халықтарымен одақтасу саясатын жүргізді. Осы кезде ол Алмалықтың ханы қаңлы Озар мен оның баласы Сунақ тегімен құда-құдандалы болды. Бұл саясатты оның ұрпақтары кейін де жүргізді. Мәселен, Жошы үлкен қызын Болған бикені қаңлыға беріп, достасты. Мұхаммед Қайдар Дулати өзінің ұлы ұстазы санаған қазақтың тұңғыш тарихшысы, қаңлының ұлы Жамал Қаршыдай оқымыстыны Алмалықтың билеушісі бауырына тартып, өзгеше шен-шекпен берді. Бүкіл империяда ешқандай кедергісіз жүріп-тұруына рұқсат берді. Ал 1218 – 1223 жылдар аралығында түркі халқын жаулап алып, қырып жіберу саясатын ұстанды. Сол кезде Орталық Азия мен Алтайда ең ықпалды, беделді қаңлылармен де екі түрлі саясат жүргізді. Бірінші жоғарыда айтқандай олармен құда болса, кейін оларды аяусыз жою саясатын ұстанды. Отырарды, Үргеншті, Ходжентті, Самарқанды, Бұқараны жаулап алғаннан кейін өзіне қатты қарсылық көрсеткен монғолдарды жеңуге болатындығын айдай әлемге дәлелдеген, өзінің ата жауы меркіттерді арасына сіңірген қаңлы сарбаздары мен әміршілерін халықтың алдында қойша бауыздауды әдетіне айналдырды. Мысалы, ұлы тарихшы Рашид ад-Диннің жазып қалдырған деректері бойынша Шыңғыс хан Самарқанды жаулап алғаннан кейін 30 мың қаңлы әскерімен 20 әмірімен қоса бауыздады. Осы тарихшының еңбегінде Шыңғыс ханның талай қанқұйлы істері айтылған. Ал тарихшы, ғалым Талас Омарбеков жақында Қазығұртта өткен ғылыми конференцияда монғолдар тікелей Шыңғыс ханның бұйрығымен өздеріне өршелене қарсылық көрсеткен қаңлының қыз-келіншегін тырдай жалаңаш етіп шешіндіріп, бір-бірімен шайқастырып, одан соң бауыздағанын айтты. Ол кісінің қандай дерек көзіне сүйеніп айтқанын анықтай алмадық, бірақ тарихшы бекерден-бекер мұндай деректі айтпасы анық. Жаулап алған жерінде қыз-келіншектерді зорлау монғолдардың әдетіне айналған. Оған мысал өте көп. Бұл деректі тарихшы З.М.Буниятов та растайды. Ол әйелдерді қызыл қуырдақ етіп турап тастағанын айтады. Шыңғыс ханның жауыздығы туралы дерек көп. Ол өздерімен аталас меркіттерді түгел жойып жібергенін ұмытуға бола ма? Сол сияқты Сібірдің ормандарында жүрген талай ұлтты жер бетінен жойып жібергені де белгілі. Айта берсек жүрек шошырлық мұндай мысалдар өте көп. Оның соғысы тек тонаушылықты мақсат еткенін талай ғалымдар мен тарихшылар ашына жазған. Шыңғыс хан соғыс қана ұлы билікке жеткізеді деп ойлаған, соны мақсат еткен. Соған қарамастан оны «ұлы» деп айтып, ақтап алып, атын асқақтатқымыз келеді.
Бір адамды өлтірген адамды қылмыскер дейміз. Ал мыңдаған адамдарды қырып, жойған Шыңғыс хан «жасампаз, халық ұлы» бола ала ма? Олай болса, орыстарды және оның иелігіндегі өзге де халықтарды қырып-жойған Гитлерді коммунизмге қарсы шыққанын алға тартып, ақтап алу оңай емес пе?! Сонда оны да ұлы жасампаз саясатшылардың қатарына қосқанымыз дұрыс бола ма?! Адамның қанын шашып, өзінің шексіз билігін орнатқанды «ұлы тұлға» деп асқақтатып, туған жерін, елін, Отанын ерлікпен қорғағанды «бейшара» деп аласартқанымыз қалай? Жалпы осы мәселелер жөнінде пәтуаға келетін кез келді. Шыңғыс ханның шапқыншылығы туралы біз қандай ұстаным ұстауымыз керек? Жерімізді қанға бөктірген, қанқұйлы ісін жоққа шығарып, «ол қазақ еді» деп мақтануымыз керек пе? Мұны да ғалымдар мен саясаткерлер анықтап беретін уақыт жетті. Бүгінгі ұрпаққа не деуіміз керек? Бізге, қазаққа кім жақын, Шыңғыс хан ба, әлде Қайыр хан ба? Қайсысын батыр ұланымыз дейміз? Бірақ бір нәрсенің анық екенін ешқашанда естен шығармау керек: отаршылдың езгісінде, табанында, құлдығында болмау үшін, Отанын қорғап, жан беріп, жан алған адамның ерлігі мәңгілік!
Біздің бүгінгі мақсатымыз Қайыр хандай өшпес ерлік иесін мәңгі ұрпаққа өнеге ету. Оның атын тарихта ер тұлға ретінде мәңгі халықтың жадында қалдыру. Халқымыздың ұлы батырларының бірі екенін тану. Тарихшылар қалай де Қайыр хандай батырға үлкен ескерткіш орнатып, оның ерлігін бүгінгі ұрпаққа өнеге ету аса маңызды. Қалаларымыздың көшелеріне оның атын беру де күн тәртібінде тұрған мәселе. Заманына қарай «екі кеменің құйрығын ұстағандарды» құрметтеп, елді мекеннің, көшенің атын бергенде Қайыр хандай тұлғаның ұмыт бола беретіндігі немесе ерлігін тәлкекке түсуі түсініксіз. Қазір кейбір жерлерде жаман әдет пайда болды. Бүкіл қазаққа ортақ батыр мен көсемді сол рудың ұрпақтары ғана дәріптеуді жеке меншігіне айналдырып алғандай әрекеттер жасауда. Ұрпақтары жоқ батырыңыздың да, ұлы тұлғалардың да аты өше берсе, қазақтың тарихы тұтас болатындығына сенім жоғалады.Тарихты бір адам немесе бірнеше адам жасамайды. Тарихты бүкіл халық жасайды. Ал сол халықты ұлы істерге бастаған ұландарына іс-әрекетіне қарай құрмет көрсетіледі. Қазақ жерін, елін қорғауда жанын аямаған, ерлік біздің қанымызға сіңген қасиет екенін әлемге танытқан Қайыр ханды бір рудың, тайпаның ұлы деп қарауға болмайды. Қажет десеңіз, бүркілердің қайыспас, қайсар, ержүрек ер, елі үшін жанын беруге дайын ұл көп екенін сол кезде батысқа да, шығысқа да танытты емес пе?! Сондықтан да оның ерлігін ұрпаққа үлгі ету елдігімізге сын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Қайыр хан қазақ халқы қандай құрмет көрсетсе де лайық.
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Жамбыл облысы Мемлекеттік мұрағатының директоры,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Екеуі де қазаққа жақын
Очм, Қайырдан — қайыр жоқ, Шыңғыс -боржігін, сонымен бітті!!!
Қыпшақтар қаланың ішінде тіпті де өмір сүре алмайды.
… Тіпті хорезмшах Ғайыр-ханды моңғолдарға ұсап бергісі келсе де, оның мұны жүзеге асыруы екіталай еді. Ан-Нисаваидың айтуынша, «ол оған (Шыңғысханға) жөнелте алмайтын еді, өйткені әскердің көп бөлігі мен жоғары дәрежелі әскербсылар соның (Иналханның) қыпшақ туыстары болатын. Онысң кестесіндегі өрнекті және оның түйінінің негізін солар жасап, оның мемлекетінде толық билік жүргізді». Хоразмшахтың мемлекетінде орта ғасырлардағы Қазақстан далаларынан шыққан қыпшақтар осындай ықпалға ие болған.
Қазақстан тарихы, 1-том.
Алдарыңызда — моңғол шапқыншылығының картасы.
Өз тасым Гумилевтың методологияларын оқығанға дейін, ақымақ болғанмын деп есептеймін. Тек со кісі криминалистика элементтері арқылы саралауды ұсынған соң, тарих басқа қырынан көріне бастады, әнасс.
Миф 1. Тыңшылар деген күдікпен өлтіртеді. Картадан естіп отырғандарыңыздай, Отырарға дейін 2 000 жыл бұрын салынған мықты қорғаны бар, фортификациялық құрылыстары бар, оның үстіне хұннулармен соғыста әбден жатыққан Бейжің; түбекке жақын орналасқан Хайфың құлаған. Жүз Отырарға татитын қаншама қалаларды айтпай-ақ қояйық.
Енді, осындай алыптарды жыққан Шыңғыс кенет Отырарға тыңшы жібереді! Лібә, тап сол уақытта, сол қанаттың оп-оңай Кабулға дейін басып кіргенін естіп отырсыздар.
Ендеше, тарихшылар әуелде Қайыр ханды ұлықтап қойды да, кейін оның аярлықпен Шыңғыстың елшілерін өлтіргені туралы дәлел қалқып шыққанда, ыңғайсызданып қалды. Бірдеңе қылып залымдықты ақтау керек болды. Тыңшылық — тез құрастырыла салған версия.
Меніңше, Шыңғыс әскерлері Отырардың қасынан Париж-Москва-Улан Батор раллиі сияқты тіпті көзіне де ілмей өткен. Кейінгілер ойдан тарих құрастыған сосын, шахановсстың.
Көркем әдебиетті тарихпен шатастырған сен де пиәншік екенсің.