Аударған дұрыс па, бейімдеген дұрыс па? (Қазақ тілінің сингармонизм заңы)

Соңғы уақытта тіл тазалығы, кірме сөз деген тақырыптар көп талқыланып кетті.
Атйпағым бұл емес, қолыма «Тіл» журналының кезекті сандарының бірінде Халел Досмұхамедовтың 1923 жылы 25 сәуірде жарық көрген мақаласын көріп қалып, біздің қазіргі талқылауымыз, бұрынғылардың шайнап-құсып, мініп жауыр қылып тастағанына көзімді жеткізді. Мақаланы шама келгенше қысқартып беріп отырмын… Мақаладан қазір біздер дәлелдеуді еш қажет етпейтін таза қазақ сөзі деп қабылдап жүрген біршама сөздеріміз сол кезде (20 ғасырдың 20-жылдарын айтам) жат сөз болғанын байқайсыздар.

] "ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ СИНГАРМОНИЗМ ЗАҢЫ"
Қазақ тіліне сіңіп кеткен жат сөздер көп: қала, молда, шілде, ақыл, айып, әділ, әлім, әдет, ылаж, өмір, ар, құрбан, әкім, аспан, дұшпан, заңғар, құн, береке, патша, дастарқан, сабын, бедеу, Асан, Үсен, Сәмеке, Шайбақ, Сидақ, Мәмбет, Мәделі, әзіл, масқара, дәулет, апат, есеп, несібе, серт, әсет, ақырап, жеді, дүйсенбі, сәрсенбі секілді тағы талай сөздің бәрі қазақ тіліне жат тілдерден кірген сөздер. Бұл сөздер біздің тілімізге соншама сіңіп кеткен, қазақ халқы бұлардың жат екендігін сезбейді. Байқап қарасақ, жоғарғы сөздердің бәрі де қазақ тілінің қай заңына да көнеді, қазақтың түбір сөздерімен бірдей болып өзгеріп, құбылады.(...)
(...)Қазақ тіліне сіңу үшін бұлар танымастай болып өзгерген. Өзгергенде, бұлар қазақ тілінің заңдарына бағынатын болып, алдымен сингармонизм заңына көндігіп өзгерген.
Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл ақиқат нәрсе. Бұндай заң, әсіресе жат тілдерден кірген қос сөздерде айқын байқалады. Мәделі деген сөз Мухамедали деген сөзден, бейсенбі деген панжшанбе деген сөзден шыққан, осы сықылды көп үлгілер келтіруге болады.
Өз сөзі қылып сіңіру үшін қазақ тілі жат сөздердің бірнешеуін қосып, біріктіріп, сингармонизм заңына бағындырып, бір сөз қылып жібергені бар. Мәселен «жапа тармағай» деген сөз арабтың «жамған-туран-мағхн-бәрі ұмтылу» деген сөздерінен шыққан. Осы секілді үлгілер аз болмаса керек. (...)
(...)Қара халық өте сақ болады. Тұрмысына, салтына, елдігіне зиян нәрселерді қабылдамайды. "Қара қарын" ел бұзады деп, жат рулардың адамдарын өте арасына сақтықпен кіргізгеніндей, шет сөздерді де сынап, тергеп, тексеріп, екшеп, өзгертіп, өз тілінің әдетіне лайықтап кіргізеді.
Сондықтан, оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын, көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған, мәдениетті елдердің әсері. Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады. Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді. Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің затымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді. Сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбіәдебиет тілін қара тілге жақын қылып, елге түсінікті қылуға тырысады.
Әдебиет тілінің қаруы — баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды.
Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел — сорлы ел. Бұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды. (...)
(...)Ауыздан кірген тамақ сіңу үшін денеге "өзімдік" болу үшін дене заңымен өзгеруі керек. Дене заңымен өзгермеген тамақ, дене заңына көнбеген тамақ денеге сіңбейді. «Бұратана», "қара қарын" болып, денеге зиян береді. Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге "өзілік" болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді. Тілдің қорықшысы қара халық мұны жақсы біледі. «Жапатармағайдың» арабтың 3 сөзіне қандай ұқсасы бар?!
Жат сөздерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп тілімізге ылайықтап алу қажет. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер, дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.
Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген — шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді.
Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады.
Қайсысының күнәсі көп?!
Тілімізге жат сөздер екі жақтап кіріп жатыр. Бірі- араб, парсы сөздері молдаға оқығандар, екіншілер — Аурупа сөздері, ордаға оқығандар арқылы.
Он тоғызыншы ғасырдың екінші бөлімінде қазақ елі отырықшы бола бастады. Өзара араласуы кеміді. Көршілес отырған «адабияты» бар ноғай-сарттардың тілі отырықшы елдің арасына жайыла бастады. Осы ағайындар арқылы бірқатар, парсы-араб сөздері өзгермейінше тілімізге кіре бастады.
Көп қазаққа «шатақ» тілдің әсері жарытып тиген жоқ. Шатақ тілден сақтаған: 1)көшпелі салтымыз; 2)бай, ауызша айтылып жүрген ел әдебиеті; 3)Ыбырай Алтынсарыұлы һәм Абай Құнанбайұлы сияқты шын тіл қамқоры болан нағыз әдебиет тіліне жол салған оқымысты жігіттеріміз. (...)
Ұзын сөздің қысқасы, арабша, парсыша сөздерді арабша, парсыша айту керек емес. Қазақша айту керек, қазақ тілінің заңына көндіріп қолдану керек. Бір сөздің ішінде жуан жіңішке айтылатын дыбыстар аралас келмейді. Сондықтан бір сөздің ішінде бір жағынан "қ", "ғ" екінші жағынан «к», «г», «е» дыбыстары кірмесін. Жуан сөздерге жіңішке жалғаулар, жіңішке сөздерге жуан жалғаулар жалғанбасын. (...)
Біздің қазақ-қырғыздың ішінде Аурупа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Аурупа сөздері бізге орыс арқылы жалғасады.
Сондықтан, Аурупа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес, Аурупа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек. (...)
(...)Аурупа сөздерін алғанда, сөзді қазақ-қырғыз тілінің заңымен өзгертіп, сіңуге қолайлап алу керек. Аурупа тілінен бізге әсері көп тиетін тіл — орыс тілі, орыс сөздерін ықтиярсыз көп қолдануға керек болатын дәуірде тұрмыз. Сондықтан, орыс сөздерін қолданғанда сақтық керек. (...)
Мектепте ана тілін жақсылап оқыған балаға орыс сөздерін көпке дейін дұрыстап сөйлеу мүмкін емес. Біздің айтайын дегеніміз мынау. Орысша жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең бұл күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілді еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың есінен шықпауы керек.

Х.Досмұхамедов
Ташкент, 25 апрель 1923 жыл">
Бөлісу:

21 пікір

Aldeken
Сөз түремшілердің, терминкомның, тіл комитетінің, мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасаушылардың құлағына алтын сырға…
satibaldi
Лібә, 23-інші жылдан бері зарлап келе жатыр екен ғой қаззақтар! Өмір сүргім келмейд нақ, болдым лібә.
ken
қажетіне қарай екеуі де дұрыс
araika
Арада 88 жыл өтсе де, баяғы жартас — сол жартас.
satvaldo
рахат-ай Ташкент деп ыспакойна жаза алады. қазір айтсам қаным басыма шабады. үйстіп жүріп есімізден айрылмасақ болғаны…
qisyq
25 апрель менің туған күнім ғой:)))))
asaubota
23-ші жылы басталған бұл зарды орыстар үзіп тастады ғой, Досмұхамедов сияқтылардың үнін өшіріп. қазір бұл зарды жалғастырсақ та нәтиже беруі үшін көөөөөп жыл керек. орыс-қазақтардың кем дегенде 3 ұрпағы жаңаруы керек шығар бұл үшін.
Aldeken
Көөөөөп жылдан кейін нәтиже беру үшін жұмыс бүгін басталуы керек. Ең болмаса, осы бір 88 жыл бұрын айтылып кеткен қарапайым қағидалар басшылыққа алынса, ары қарай тіліміздің шырайы кірер бәлкім…
Бүгінгі таңда ұсынылып жүрген көп аудармалардың халық тарапынан қолданбауы да осы бір сингармонизмге келмегендігінде болар, ә?
asaubota
әрине содан. Халел атамыз алдын ала болжап айтып кеткен екен ғой бәрін.
konvict
Онша меңгералмадым тақырыпты. Сонда да өз пікірімді айта кетсем. Қазіргі кезде ойбай тіліме кірме сөздер кіріп барады деп қақсаудың заманы өтті. Кіретін сөз кіріп қойды тілімізге. Дұрысы алдағы кірме сөздерді оңтайлап аударып алу. Мысалы түріктер солай жасайды. компьютер-билигисайар, машина-араба, т.б
ushkin
Меніңше, бейімдеген дұрыс. Аударма тілді бүлдіреді. Мысалы: балконды "қылтима" деп аударыпты. Осы "қылтиманың" шын мәнінде қандай мағына беретінін, түп-төркінін білсеңіздер ғой!Әлгі «Ф.ю» ғой Міне, қайтып балконды қылтима дегің келмей қалады…
Abilakim
Қылтимадан қылтиып қарап тұрғыңыз келмейді екен ғой.
Gastarbaiter
Пойызбен үнемі жүретін адам ретінде айтайын. "қылтима" деген вариантты әңгіме барысында қолданған адамды көрмедім, еш жерден оқымадым. Бірақ пойызды бекер қозғағам жоқ, пойыздың топ әңгімелерінің Байқағаным бұл мысалыңызды (пойызда екі күннің бірінде мінуге мәжбүр болған мендей пақырыңызға сенсеңіз)тек филолог-лингвист адамдар ғана қолданбайды екен. Қалғандарының бәрі шежіреші қарттардан бастап, диалектші қатындарға дейін, тәуіптердің бәрімен жеке таныс апайлардан, тамбурда бұғының мүйізін ұнтап ішіп секс-гигант боп кеткенін ерекше рухтанып айтып тұрған братандарға дейін, ротасын қырып келе жатқан солдаттан, самолетке билет алуға типі үлгермей қалғандықтан амалсыз плацкарттың үшінші полкасына гастарбайтер тәжікпен келісіп мінуге мәжбүрсымақ болған псевдо-гламур ханшайымына дейін аударманың сорлылығының мысалы ретінде қолданады екен. Әлеуметтік психологияда "Қылтима Эффектісі" немесе «Феномен қылтимы» деген терминді кесарево арқылы туып жіберетін уақыт келген сияқты.
KILYZAMAN
Аударамыз деп жүріп — ана тілімізді аударып алмасақ болды :-(
ken
«По умолчанию» дегеннің қазақшасы не болады?
Aldeken
))))))))))))))))
ken
"Үндемеу бойынша" деп аутарыпты бір құжатта, есіме түсіп кетті.
Соның дұрыс нұсқасы қалай болады екен деп отырғаным ғой.
jigit
үнсіз келісім бойынша
ruben
«Барға қанағат?» деу керек
toha9566
Осы свежый сөзінің қазақша аудармасы шынында да ұмытылып кеткен ба?