Анамсыз өтіп жатқан күндерім...

Анамның мәңгі сапарға кеткеніне де бір жыл болып қалды. Біздің ендігі парызымыз құран оқытып, ас беру. Апам сканерлеп суреттер жіберген екен фильм жаса деп, көңілім толқып отыр.

Анам мені көтергенде әкем жаман аурумен ауырып, туысқандар үйге жиі келеді екен. Сонда бір ағамыз шешеме сегіз баламен қиналасың, бұл бала неге керек, үлкендерің ер жетіп қалды, алдырып таста деген екен. Әкем қарсы болыпты, ұл болса қолқанат болар, ал қыз болса өзіне серік болады деп. Әкем бір жасымда кетті анамды сегіз баламен қалдырып. Мамамның айтуы бойынша, әкем айтқан серігі болыппын. Жетіге келгенше арқасынан түспедім, емшекті де мектепке барғасын ғана қойғаным бар. Басқа балаларым бір төбе, кенжем менің бір төбе дейтін анамсыз да өтіп жатыр күндерім…



Анам ашық болатын, мінезі де, қолы да. Қырықтың бірі қыдыр деп отырар еді, содан да үйден кісі арылмайтын. Қожанасырдың қарындасысың дер едім іштей істеген қылықтарына қарап. Үйдегі тамақ, киімдерді апарып берер еді мұқтаж адамға, бізге керек екен демейтін. Дендерің сау, жассыңдар, әлі талай табасыңдар дер еді. Бірде апам базарда көрші келіншекті көріпті қызымен. Көрші қыздың үстінен өз қызының комбинизонын көріп мамадан сұраса, киер киімі жоқ екен, кисін деп апарып бердім деп қарап отыр дейді. Бір балам маған тартпай, әкелеріне тартып кеткен жмотсыңдар деп отырар анамсыз да өтіп жатыр күндерім…

сіңілісімен

Анам талай қиындықты көрген жан. Жасырып не керегі бар, екінші ағам нашақор болды. Әкем қайтқанда он жетіде болған ағам, жаман балдарға ілесе кетті. Анаға балаңның бұзылғанын көргеннен өткен қиыншылық жоқ қой, қиналды. Нашамен соғысты, ағамның нашақор достарымен соғысты, біздерге кесірі тимесін деп ағаммен соғысты. Ақыры жеңді, жеңді де немере-шөбере сүйді. Шөберемнің қолынан май жедім деп мәз болып отырар анамсыз өтіп жатыр күндерім…

Қиындықты көп көрген шешемізді барынша еркелетуге тырыстық, барам деген жеріне апарып, кием дегенін кигізіп, көремін дегенін көрсетіп. Молшылықта болған подругаларына қызығады екен ғой шешеміз, қашан менің оған қолым жетер деп. Анамның қатты қуанған кезі есімде. Үй жақтағы болсын, туысқан болсын, әрбір кемпушкада қазақы алтын сырға бар болатын. Мамаға сол қазақы сырғаны таққанда анам толқыған еді, көптің бірі болдым деп. Одан кейінгі талай алып берген сырғаларды менсінбеген, қазақы сырғама ешқайсысы жетпейді деп.

Мама көпшілік ортаны жақсы көретін. Қайдан келдің деген сұраққа вокзалдағы кісілерді түгендіп келдім дер еді. Бірде кешкілік паркте жүрдік отбасымызбен қыдырып, мамадан дискотекаға кіресің бе деп сұрадым. Кірсек кірейік, жастардың биі қандай екенін білу керек дегесін, шұбырып кірдік бәріміз. Маманы отырғызып, өзіміз билеп кеттік. Бір уақытта қасына барып отырсам, қасында отырған балдармен достасып алыпты. Бір-бірінен сіріңке сұрап отырған балдарды мама естіп қалып, қалтасындағы сіріңкесін берген. Содан балдар әңгіме-дүкенді бастап кетіпті. Алжыған ересектен, ақылды жас артық дер анамсыз өтіп жатыр күндерім…

Бұл суреттерде марқұм болған ағаларым да бар, үлкен жеңгем де бар. Ендігі бар тілегіміз, өсіп келе жатқан кішкентайлар. Әкеміздің ошағының сөнбеуі, ұрпақтар өз жалғасымен жалғаса беруі. Марқұмдардың жаны жәннатта болуын сұрау. Көрер күніміз таусылмағанша жақсы адам болу.

Дегенмен… анасыз қиын екен…
Бөлісу:

34 пікір

satibaldi
Мамаңызға ұқсаған екенсіз.
KILYZAMAN
Бұл суреттерде марқұм болған ағаларым да бар,
— анаңызға тым қыйын болған екен…
Dinara
Жандары жәннатта болсын анаңыздың, жақындарыңыздың…
urimtal
Өзіңдей алтын қызды тәрбиелеп өсірген анаңа Аллаһ разы болсын! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай! Бірдің емес көптің анасы екені алғашқы суретінен-ақ көрініп тұр. Жазбаңа көп рахмет! Біздің қолымыздан өзің айтпақшы енді дұға қайыру ғана келді…
Erkekyz
Көзге жас келді. Жайы жәннәттан болсын анаңыздың да, ағаңыздың да.
Анаңызға ұқсаған екенсіз.
Nurgisa
Жасаган фильминиз дайын болган кезде болиссениз екен. Кудай каласа ананыз умит арткан бииктерге жетиниздер.
AKA
Анаңызыдың жүрегі кең, айналасына шуақ шашқан жайдары жан екені көрініп тұр, жылы жүзінен… Жатқан жері жұмақтың төрі болғай!
Esmeralda
Толқытатын пост екен. Алдағы өміріңізде тек жақсылық болсын.
Jacqabaies_Chirac
Жаны жаннатта болсын батыр анаңыздың…
Aramza
Алды пейіш арты кеніш болсын
omarbirat
Жаны жәннатта болсын.
araika
Сегіз баланы дүниеге әкелу, оларды бағып-қағу, тәрбие беру тағысын тағыларды БІР ғана адамның жасауы- үлкен ерлік!
Aizhantabyn
Жатқан жері жайлы болсын. Жаны жанатта болсын!
Ананың орны бөлек, әрине… өте керемет пост…
dark_nazgul
Текті анадан туып, тәрбиесін көргенің байқалып тұр.
Алла саған да өз анаңдай үбірлі шүбірлі, ортасына сыйлы қара кемпушка болып қартаюды жазсын!
bazuka
Иманды болсын! анаңызға ұқсапсыз. мойымаңыз бір үйден біт тентек кездеседі, ағаңызды нашақорлықтан құтқарып алған анаңыз батыр АНА!
madlen
Мамасынан аумайды өзі! :)
Сен сияқты алтын қызы бар ананың арманы жоқ шығар. Армансыз кетті деп ойлаймын. Енді үмітін ақтап, үлкен табыстарға жет!
Zhan
Анаң бақытты, сендей қызды туған. Жаны жаннатта болсын.
Aikona
Анаңыз бақытты ғой, сіздей қыз тәрбилегеніне. Алла жатқан жерін жайлы қылсын!
Gastarbaiter
Анан армансыз екен. Аулетын тойга жиылсын ендгде.
KILYZAMAN
Мынандай жазбаға, орынды пікірдің нақ өзі…
VKM
Бальзаминка, анаң иманды болсын.Барлық туыстарың аман-сау болсын. Өзің де бақытты бол.
Керемет әсерлі жазыпсың, жыладым
Aldeken
Толқытты. Алла алдынан жарылқасын анаңызды!
nurbergen_makym
Анаңыздың қартайғанын көргеніңіздің өзі бір бақыт қой…
alisha
Иман байлығын берсін анаңызға!!!
balzhan
Анаң батыр болған екен Гүлшат. Аллам саған анаңның тағдырын емес, төзімі мен күшін берсін. Артының қайырын берсін.
TOTY
Тебірентерлік жазба екен, Гүлшат. Қазақ «бір аунап түскен шығар» деп жатады ғой. Көрмеген қызығын артындағы сендерге берсін. Иә, біздің шолжаң жүргеніміз, сол аналарымыздың арқасы ғой.
rauka
Ал, менің анамның дүниеден өткеніне желтоқсанда екі жыл болады… Анашымның соңғы сәтте көргендегі жаншошырлық бейнесі әлі көзалдымда. Ауырып жатып қайтыс болды ғой...Әліге дейін анам үшін не істей алдым деп өзімді өзім іштей жазғырамын. Мына жазбадан құдды менің анам туралы айтылып жатқандай әсер алғанымды қарашы… Мен де үйдегі сегізіншімін, бірақ кенжесі емеспін. Өлер алдында әбден мені уайымдап кеткен еді анашым, өйткені, менен басқасының бәрі де үйлі жайлы болып кетті. Бірақ, уақыт деген бәріне үйретеді, анам жоқ, бірақ мен түк болмағандай өмір сүріп жатырмын. Анашым туралы жазуға қолым бармайды, білмеймін неге екенін, ал осы жолы мына жазба себеп болып отыр… Жаны жаннатта болсын, аналарымыздың!Әмин!
AL-ASTER
Жаратушымыз қызғаншақ( Ең керекті деген адамыңды алып кетеді.
Бұл өмірде ешкім ешкімін жоғалтпайды, себебі — ешкім ешкімге тиесілі емес

Пауло Коэльо
balzaminka
Баршаңызға рахмет!!!

Аналарыңыз, туғандарыңыз аман болсын!

Аруақтардың жандары жәннатта, топырақтары торқа болсын!
sammita
бұндай пост біздей үл-қыздарға тәубеге келуге, ата-анамыздың қадірін түсініп, ардақтауға себеп болады. Осы естелік жазбаңмен көп жанның сауабына ие болдың Бальзаминка!