БАРЫС» БІРДЕ ҰТЫП, БІРДЕ ҰТЫЛЫП ЖҮР


Бұл күндері Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жүрген Астананың «Барысы» кейбір бәсекелерде қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып, қазақстандық жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөлесе, енді бірде жеңіліс тауып, көпшілікті қынжылтуда. Соңғы екі турда өткен қос кездесу жоғарыдағы сөзімізге айқын дәлел бола алады. Енді солардың нәтижесіне зер салайық.

Алғашқы матчты «Барыс» Балтық жағалауында өткізді. Риганың «Динамо» клубына қарсы кездесуде жерлестеріміз айдын иелерінің қақпасына жауапсыз бес шайба салды – 5:0. Осы орайда Иржи Новотны, Виталий Новопашин, Лукаш Кашпар, Роман Старченко және Дастин Доус мергендік танытқанын айта кеткен абзал. Бір ғажабы, латвиялықтар біздің қақпамызға 44 соққы жасаған екен. Оның бірде-біреуі торға түскен жоқ. Ал астаналықтардың 26 соққысының бесеуі діттеген жеріне дәл жетті. Бұл жайт «Барыстың» қақпашылары мен қорғаныс шебінің аса сауатты ойнағанын аңғартады.
Одан кейін Нева жағалауына сапар шектік. Санкт-Петербургте жергілікті СКА-ға қарсы ойнадық. Бұл бәсеке өте шиеленісті өтті. Бәсекенің бастапқы минуттарында қонақтар екі шайба соғып, алға шыққан еді. Бұл ретте канадалық Кевин Даллмэн мен чехиялық Лукаш Кашпардың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Осы шабуылдың екеуін де Иржи Новотны мен Брэндон Боченски ұйымдастырды. Бірінші кезең бел ортадан асқан тұста СКА хоккейшілері есеп айырмашылығын қысқартты. «Жан алысып, жан беріскен» айқас үзілістен кейін де жалғасты. Әуелде «Барыстың» сапындағы Чехияның легионері Камил Крепс нысананы дәл көздесе, көп кешікпей айдын иелері қатарынан екі шайба салды. Есеп – 3:3. Одан кейін екі жақтың ойыншылары қанша талпынса да, бір-бірінің осал тұстарын таба алмады. Үшінші және қосымша кезеңде есеп өзгерген жоқ. Ереже бойынша ондай жағдайда жеңімпаз команда буллит соғу барысында анықталады. «Спорттық лотереяда» Санкт-Петербург хоккейшілерінің бағы жанды – 4:3.
Жалпы, ҚХЛ жарысы басталғалы бері «Барыс» 12 ойын өткізді. Негізгі уақытта олар бес рет жеңіске жетіп, бес рет ұтылды. Екі рет буллит соғу барысында есе жіберді. Қарсыластар қақпасын 32 мәрте дәл көздеп, өздері 34 гол жіберіп алды. Нәтижесінде 17 ұпайды иеленген жерлестеріміз Ханты-Мансының «Югра» клубымен 17-18-орындарды бөлісуде. Өзінің келесі бәсекесін «Барыс» бүгін Астанада жоғарыда аталған командаға қарсы өткізеді.
Ал КХЛ-дың көшін қазіргі кезде Хабаровскінің «Амуры» бастап тұр. Қиыр Шығыс хоккейшілерінің еншісінде – 32 ұпай. Челябинскінің «Тракторы» мен Санкт-Петербургтің СКА клубының топ басындағы командадан бір ұпайлары кем. Сондай-ақ алғашқы он үздіктің қатарына Мәскеудің «Динамо» (29 ұпай), Қазанның «Ақ Барс» (27), Минскінің «Динамо» (26), Омбының «Авангард» (25), Уфаның «Салават Юлаев» (23), Мытыщидің «Атлант» (22) және Новосибирскінің «Сибирь» (22) клубтары командалары еніп отыр.

«Айқын»
Бөлісу:

3 пікір

satibaldi
Фондағы суреті анадай команда ешқашан жеңіске жетпейді.
Zilola
інім айналайын, cut дегенді пайдалансаң нұр үстіне сәуле болар еді
araika
Айқыннан шыққан материал болса, сілтеме жасаса да болар еді ғой