ҮЕҰ: «алаяқ» индекстер

Бүгін Үкіметтік Емес Ұйымдардың келесі бір секциясында мамандар сандық көрсеткіштерге шүйлікті.

Лирикалық шегініс: жазған құлдарыңызға да материалдық болмаса (тонна, килә, шақырым), гуманитарлық сандық көрсеткіштер айдың ар жағындағы түсінік болып жүр еді. Мысалы, «Адамның Даму Индексі» дегенді қалай түсінуге болады? Хех: «Бауыржанның даму деңгейі 0,7» деген шынымен бір-түрлі ғой: не жарымес екенін, не данышпан екенін бірден ұға алмас едіңіз.

Әлқисса, халайық: мұңаймаңдар! Тіпті Өмір Сүру Сапаңыз нөл бүтін мыңнан бір десе де! Себебі, мына ұйымдар өздерінің сандық көрсеткіштеріне өздері күдік білдіріп жатыр! Әрине, жай ғана сандық көрсеткіштерге емес, бірнеше көрсеткіштердің қорытынды-синтезі болып табылатын агрегаттық көрсеткіштерге. Оның үстіне кейбір ұйымдар өз жұмыстарын жақсы жағынан көрсету үшін, өздері индикатор жасап алатын көрінеді. Ресейлік маман Ирина Ефремова-Гарт оған қызықты мысал келтірді. Айталық, біреулер «Аэропорттағы қызмет көрсету сапасы индексін» енгізіпті. Ол былай екен: бірінші мінген жолаушының жүгін қабылдаған уақыт пен бірінші түскен жолаушының жүгін қолына алған арасындағы уақыт. Керемет: бұл уақыт неғұрлым қысқа болса, соғұрлым жақсы. Дегенмен жаңа көрсеткіш жолында әккі аэропорт менеджерлері айлаға көшіпті. Олар жүк тасушыларға, қонған ұшақтағы бірінші шыққан жолаушының жүгін бірінші әкеліп беруді бұйырып қойыпты. Ендеше, көрсеткіш жоғары, ал сапа баяғы боп қала берген екен! Жекелеген салдар болса жақсы ғой, бірақ кейде тіпті адам нанғысыз көрсеткіштер болады екен. Мысалы, бір ұйымның көрсеткіші бойынша, Түркіменстандағы Адам Дамуының Индексі… Орта Азия, Азиясы несі – Ұлыбритания мен АҚШ-тан жоғары болып шыққан. Бұл енді аздап намысқа тиетін жәйт, ендеше теледидар-қазит-радио айтатын түрлі индекстерге сонша мән беріп, жүйке жұқартпаңыздар, хы-хы-хы-хых.

Осы жерде менен де бір бұйымтай болды. Экономикалық «жан басына шаққанда 10 тонна астық өндірілді» деген көрсеткіштердің объективтілігі қаншалықты? Біреу қоқыс жәшігінен нәпақа айырып, ал біреу – таңғы асқа қара уылдырық жейді дегенім ғой. Дифференция жасау дұрыс емес шығар, социлогия ілімі өзін сарқып біткен жоқ па осы деймін де баяғы. Бұған жауап беруге онша құлық танытпады: спикер менің тақырыптан лағып бара жатқанымды ыммен білдірді (сұсты екен, дегенмен).

Әңгіме көрсеткіштерден – қажеттілік туралы саяси-пәлсапалық сарынға ұласты. Айгүл Соловьева ханумды қазақшаласам, шамамен: «Ауылдық жерге Опера-Балет театрын салмақ болғандар да баршылық, тек ақша берсең болды» дегенге саяды. Мұндай көріністер әсіресе Батыс Еуропа – Батыс Қытай транспорттық дәлізінің жолында жатқан елді-мекендерге тән екен. Айталық, әккі мердігерлер бюджеттен бірдеңе қылып жырып, жүз үйден тұратын елсіз ауылға клуб, мәдениет үйлерін салып береді екен. Екен дегенде, солар жаңалық ашып отырған, әйтпесе Сіздердің оны былай да білетіндеріңізге күмәнім болған жоқ. ҮЕҰ неге осындай жәйттерді қадағаламайды деп кейиді Соловьева ханум.

Очм, шенеуніктер со баяғы «менің компетнциямдағы сұрақ емеспен» лақтырып кетті біразымызды. Бір маужырап тұрғанымда, Үкіметтік Емес Ұйымдардың алғаннан гөрі – берері көп екені фактілермен дәлелденіп жатыр екен. Мысалы, АҚШ-тың әйгілі «911» қызметі – дәл осындай ҮЕҰ жұмысы екен! АҚШ енді ертегілер елі ғой, жеке өзім отандық ҮЕҰ негізін қалаған бірде-бір институтты есіме түсіре алмадым (оны енді мамандар әлі жас мемлекет екендігімізбен түсіндіріп жатыр).

Әйтеуір көңілімде жүрген гуманитарлық коэффициенттер мен индекстерге деген күдігім расталып, тіпті көңілденіп екі кесе кофе ішіп тастадым. Шынымен, Ромаға тиіспеңдер: бәлкім IQ көрсеткіші 10 пайызға да жетпес, бірақ кейде тез шешім қабылдап, тұмсығыңнан періп жібергенде, эволюция баспалдағының жоғарысында тұрған IQ жоғары азаматтарды есінен тандырып жібереді…

Арнайы Керекинфо үшін тегін фуршет-тұрыпішеттер мен сансыз кофе-брейктерден ұялмай тек қазы мен жаясын теріп жеп қайтқан Ерлан Оспан.
Бөлісу:

5 пікір

patick
хавчиктен басқа берері болмады дейсің
qisyq
Жақсы сондай жиындар, кофе ішіп, маңызды түрмен сөйлесіп қайтасың.
asaubota
ыххаха кофе-брейктерде шынымен адамның түрі қызық болады, ә? бір жағынан салиқалы сөйлеуге тырысқан адам, бір жағынан тәтті бірдемені жұрттан бұрын алып, тістеп үлгеру.
sammita
кеше ТВ-дан көрсетіп жатты, салбыратып түсті қағаздар іліп қойған. Халық көп. Ерлан Қарин сөйлеп жатты. Шетелдіктер бар тағы.
Сіз қайдан жүрсіз
balzaminka
аналарға арналған, зорлық көрген әйелдерге арналған ҮЕҰ-дар жақсы жұмыс істеп жүр деген үмітте едім