Бәйтерегім менің! немесе жағымпаз жыр

Қатпарлы бұлттар баспаған көгін,
Тамырда тулап таспаған кегім.
Арқа төсінде әйбат қалам бар –
Армандай асқақ Астанам менің!

Қараөткел тұсында іргең қаланған,
Тарихтан терең ғибрат алам-мән.
170 жылдан соң Астана болған,
Айналдым айдай, арман қаламнан.

Майрыла қалса әйтеуір бір белім,
Маңғаз дүниені қайтер ең елім.
Эйфельден асқақ, Биг-Беннен биік,
Бейбітшілік тұрағы –
Бәйтерегім Менің!

Бала арманмен тек алға ұмтылған,
Жыр тиегін ағытсам, көмей құлқыннан.
Ерке Есілде еркелей жүзем бір,
Бағдарлы болашақта батыл бұлқынған.

Төксе егер әлем бізге заһарын,
Төңкеріп қалай Туды жатамын?
Ереуіл атқа ер салмай мініп,
Қорғаймын елдің нұрлы шаһарын!

Жалын да атқан жастары өрім,
Жымысқы ойлылар баспаған төрін.
Гүл дидарыңмен көркейе берші,
Армандай асқақ Астанам менің!

Майрыла қалса әйтеуір бір белім,
Маңғаз дүниені қайтер ең елім.
Эйфельден асқақ, Биг-Беннен биік,
Бейбітшілік тұрағы –
Бәйтерегім Менің!
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Бөлісу:

8 пікір

e_zhalgas
Астанадан пәтер дәметкенде жазғансың ғой, мойында :)

Пы.Сы. Қай мүшәйраға жаздың?
Tabigat
Астанадан пәтер дәметкенде бұдан зорын жазар едім.
e_zhalgas
170 жылдан соң Астана болған,
Айналдым айдай, арман қаламнан.
Эйфельден асқақ, Биг-Беннен биік,
Бейбітшілік тұрағы –
Бәйтерегім Менің!
мына пафостан артық та жазуға болады ма?
Tabigat
Жазуға да, қазуға да болады қазақ! Астана ұнамаса шет елге кетіп қалмаймысың?
satibaldi
Эйфельден асқақ, Биг-Беннен биік

Шіркіннің пафосын-ай! «Джомолунгмаға төбеңде тұрып түкіргем» демегеніңе шүкір нақ.
Tabigat
Не, астана далбас қала болса төбесінен түкіре бер
satibaldi
Төксе егер әлем бізге заһарын,
Төңкеріп қалай Туды жатамын?
Ереуіл атқа ер салмай мініп,
Қорғаймын елдің нұрлы шаһарын!

Металлоконструкция болттары езіліп жылаватыр…
asaubota
Астанадағы сарай ақындарының Бәйтерек атты жуындысы бар, ой туындысы