Ерлан Оспан, IT маманы: Жаңалықты телеарнадан емес, микроблогтан ертерек білеміз

  • KazNET

— Ерлан, сарапшылар жыл ба­сында «2011 жылы қазақ интер­нетінің дүмпуі болады» деп болжап еді. Сіздің ойыңызша, қазақ ин­тернетінің өрістеу динамикасы көңіл көншітіп жатыр ма? Қазірше бұл сала көбіне тек өзіңіз сияқты энтузиастардың арқасында тілін қазақшаға бұрап жатқан жоқ па?
— «Сарапшылар» неменеге сүйе­ніп «дүмпу» болжағаны мен үшін жеті қат жердің астындағы құпия. Серпілістің қандай алғы­шарттарын көріп, «дүмпу» туралы қорытындыға келді екен? Ал қазақ интернетінің өрістеу қарқынына келетін болсақ, мұнда әділдіктің шыңы орнаған деп білемін: біз қандаймыз — интернетіміз де сондай.
Қазақтілді интернетті дамытуға құзырлылар да, құлықтылар да кей­де арты шаманизмге ұласатын әрекеттер жасайтын сияқты. Ақшамен көмкерілген дауылпазды сабалаған топ отты айналып жүгі­ріп жүр. Барлығы аласұрып, бір тылсым формула іздеуде. Сол фор­мула табылса бітті деп ой­лайды. «Әне, — дейді функционер­лер, — Орыстың ана сайты жаңа­лықтардың топтамасын жасап-ақ көп қолданушыға ие боп отыр. Біз де солай жасаймыз!». Жасалады, бірақ неге екені — лап қойған еш­кім көрінбейді. Ал табыстың кілті шын мәнінде ұлттық санасы биік мамандар дайындауда жатқан жоқ па? Әрине, бұл 15-20 жылдық селекционерлік жұмыс. Ал біз­дерде ешкім олай ұзақ күткісі кел­мейді, бір байқағаным — барлығы өз өмірінің не креслосының ке­зеңінде жемісін көріп, шен-шек­пенін жамылып кеткісі келеді. «Жүз жылдан соң бұл шыбық емен болар, саясын жолаушы паналап, рақметін айтар» деп, алыстан ой­лайтындар жоқтың қасы.
Ал енді энтузиастарға келер бол­сақ, олар да мардымды ештеңе жасай алмайды. Энтузиазм — бә­рібір ұлтжандылық пен отан­сүй­гіштіктен емес, алдымен, кәсіп­сүйгіштік пен әуесқойлықтан тұратын сезім. Мысалы, «ұлтым» деп жүрегі соққанымен, сайт жа­сақтаушы маман тарихи, әдеби сайтты тек өз эрудициясы аясында ғана жасауы мүмкін. Тақырыпты бәрібір өз ығына жығып кетеді. Әпербақандықтан емес, менмен­діктен емес. Ол тақырып маман­дарымен біте қайнаспаса, бәрі құрдымға кетеді. Ендеше, энту­зиазм керек, әрине, бірақ озық үлгідегі студиялық жұмыстардың болғаны дұрыс.
— Қазақ газеттерінің сайттық нұсқаларына қандай баға берер едіңіз? Неге орысша газеттердің сайттарында пікірталастар өршіп жатады, ал қазақша газет сайт­та­ры бұлай мақтана алмайды? Кінә оқырманда ма, әлде бір-бірінен аумайтын сайт жасаушылар мен бір тақырыптан аспайтын редакция­ларда ма?
— Сіз білесіз бе, «керемет» деуге талғамсыз көріну қаупі бар да, ал «нашар» деуге — «өзің не үлес қосып едің?» деген сөзге қалу мүм­кіндігі бар. Жоғарыда айтқа­нымдай, бір ұстанымға берікпін: біз қандаймыз, интернетіміз де сондай.
Ал енді, «қазақтілді БАҚ ре­сурс­тарының танымалдығы неге мардымсыз?» деген сұраққа кел­сек. Неге ғана мен қазақтілді сайтқа барады екем: Ел ішіндегі жаңалықтарды (!) ресейлік сайт­тар­дан бірінші естігенім үшін бе? Болған оқиғаны жалпақ тілмен бір жазып, оған кәсіби маманның пі­кірін тағы қосып шығарып жібе­ретін шетелдік сайттар үшін мен қазақтілді ресурстарды мақтауым керек пе?! Олай болмайды ғой: бұл барып тұрған әділетсіздік бо­лар еді.
Шынымды айтсам, қазақтілді сайттар тек қазақтілді болғанын бұлдап, міндетсініп жүрген сияқ­ты. Көп жағдайда сайттар — өз газеттеріне арзан пародия ғана. Ал веб-сайт бөлімдері — IT ше­бер­ханалармен будандастырылған құбыжық құрылымдар. Спич­рай­терлік деген мамандық атымен жоқ, бәріміз өзімізді қалай пси­хологпыз деп есептейтін болсақ, дәл солай жазғышпыз деп ой­лаймыз. Ал сайт контингенті мүл­де басқа, жаңалықты әлде басқа ақпар жазғанда, оқырманның осы тақырып бойынша жанама түрде қандай ақпары барын да ескеру керек. Стилистика және бар: «Елім деп еңіреген ерен ер елуге тол­ды» деген сияқты үндестік заңы­на бағынатын атау Интернетке кәдімгідей жат. Интернетте ол мақала «Бәленбай — елуде!» бо­лады. Тіпті леп белгісінсіз, себебі сізді тамсандырған, толғандырған әрі сыйлайтын адамыңыздың — маған құны көк тиын емес пе? Иә, ащы шындық осы, интернет — ци­низмге толы орта. Интернет-фор­маттың бетпердесіз келбеті тап осындай. Оның үстіне, интернетте әр адам өз түйсігімен жете алатын мәселелік мақалалар тағы қызық емес. Мысалы, «Осының өзі қа­рыштап дамуымыздың айғағы емес пе?» деген құрылымдағы тұ­жырымдар. Мен — оқырман, сен факті бер, ал не ненің айғағы еке­нін өзім үшін өзім шешемін ғой.
Сосын интернет-оқырманға ешқандай шәк келтіруге болмайды. Жалпы, IT-индустриядағы жа­зылмаған заң бойынша, оқырман әлде қолданушы — ол пір!
— Бүгінде тиісті министрліктер ұялы телефондардан бастап, iPad-тардың да қазақша сөйлеуін талап етіп отыр. Сіз «техника тілін қа­зақшалаудың әу бастан техникалық мәселе болмағанын» айтып ке­лесіз. Мәселенің шешімі қайда жа­тыр?
— Техника тілін қазақшалау емес, жалпы қайбір тілде көрсету ешқашан мәселе болмағанын айта берудің өзі ұят. Білесіз бе, кез кел­ген колледждің программалау курсында символдарды таңбалау туралы лекция бар. Оны оқыған соң, тіпті өзің қияли әліпби жүйесін жасап шығарып, сонымен де жаза беруге болады. Әрі бұл мүм­кіндік сол 90-шы жылдардың басынан-ақ бар. Тіпті оның ал­дында да болған. Мысалы, жаңа­лықтардан қылаң беріп қалатын Солтүстік Корей ядролық бағдар­ламасы туралы сюжеттерде басқару кешендері кәрісше сайрап тұрға­нын байқаған боларсыз? Бы­лайынша, изоляциядағы ел, бірақ еш қиындықсыз кәрісше таңба­ларды енгізді ғой, орыстың 70 жыл­дардан қалған көне кешен­деріне? Ендеше, қазақ қарпі деген мәселе, орысша айтқанда, «сау­сақтан сорылып алынған мәселе». Қазақ қарпі мәселесі әуелде бі­реулердің енжарлығын ақтау бол­ды, кейін табыс әкелетін де тұс­тары болды. Бұл мәселе жабылды деуге болмайды, себебі — бұл мәселе бұрыннан жоқ еді.
Ал енді теледидардағы қазақша мәзір, әлде кір жуғыштағы қазақша түйме туралы айтсақ, еш қиындық жоқ: өндірушіге талап қой да, қазақша баламаларын тапсыр.
— Ғаламторда өзіңіз жазған жақсы фельетондар бар. Блогшылар сізді жақсы фельетонист деп ба­ғалайды. Соңғы кездері бұл жанрда қалам тербемей кеттіңіз, бұған не себеп? Жалпы, қазақ фельетонының бүгінгі хал-ахуалы қалай?
— Жай, қызығушылығым бә­сеңсіген сияқты. Әрі, тілмен орақ ора беріппін, ал «мысқылдап жүр­ген нәрселерім өз бойымда жоқ па осы?» деген күдікті ой да туды. Бар сияқты. Соларды жеңсем деймін.
Қазақ фельетонының ахуалы жөнінде жарытып бірдеңе айта алмаспын, тұрақты оқырман бо­лудан қалдым. Былайынша, мынау ресейліктердегі үрдіс — шымшып отырып, билікке тигізіп алмай жазатын әккі қужақтар пайда болған сияқты. Әне, шыншыл деп соны айт деп, алданып жүрген оқырмандар және бар сияқты.
— Қазақ блогстаны кейде дәстүр­лі БАҚ-тармен де бәсекелесіп, нағыз ақпарат көзі боп жатады. Бірақ интернетте блог жүргізетін өзіңіз сияқты азаматтар қанша­лықты авторлық құқықтармен қор­ғалған? Сіздің де еңбектеріңізге «құда түскендер» болды емес пе? Өз құқыңызды қорғай алдыңыз ба?
— Қазақ блогстаны — феномен. Олар кей тұстарда самарқау БАҚ өкілдерін алмастырып жүр. Мы­салы, Ақтөбедегі оқиғаларды ресми мәлімдемелерден үш, әйт­песе, алты сағат бұрын микро­блог­тардан оқып отырған жағдай бол­ды. Немесе айтулы жиын ту­ралы ақпаратты телеарналар тол­ғағы келіп, репортаж жасап бол­ғанша, бес-алты сағат бұрын біліп отырамыз. Бұл-ұят. Себебі ресми БАҚ — қаржымен және жабдықпен арнайы жасақталған кәсіпорын. Жазу үшін жазу, эфир толтыру үшін түсіру, шынын айт­қанда, оқырман мен көрерменнің титығына әбден тиіп бітті. Айт­пақшы, қазір осындай кемшіліктер барын мойындай отырып түк істемеу сияқты жаңа кезеңді бас­тан өткізіп отырмыз.
Ал құқықтанушы болмаған соң, авторлық құқық туралы жарытып ештеңе айта алмаймын. Жай, адами тұрғыдан ұрлық — ұяты несі, күнә ғой. Бәзбіреулер интернет­те­гі материалдарды ұрлаумен-ақ жарты жыл нәпақа тапқанын ес­тідік. Бір жинақ па, әйтеуір нау­қандық кітаптарда әңгімеміз жүр­генін де көрдік. Шу шықпай тұрып, газет өкілі хабарласып, қаламақы ұсынған кездер де бол­ды. Баратын жеріңе бар деп, отыра беретіндерді де көрдік. Қалам тербеу хоббиім болғандықтан ба, аса мән беріп, білек сыбана кірісе алмай жүрмін. Бір жағынан, мен сияқты енжарлардың кесірінен болып отырған кесел екенін де ұғынамын. Жазалау жүйесі бол­мағасын жалғаса бермек қой бұл. Елмен бірге көріп жатқан жайымыз бар плагиат пен ұрлықтың нәти­желерін…
— Қоғамға танылмай жүрмін, өзіме сай жұмысқа тартылмай жүрмін деп өкінетін кездеріңіз бола ма?
— Жоқ, әрине, мен әнші емес­пін ғой, саясатшы да емеспін. Та­нитындар таниды ғой. Өзіме сай жұмыс та бар. Ал егер қоғамдық маңызды бағдарламалар жөнінде айтып отырсаңыз, олар мен үшін қызық емес, не кейбірі менің қолымнан келмейтін жұмыстар. Шынын айтсам, жұмыс істеп есеп беруге емес, есеп беру үшін жұмыс істейтін бағдарламалар мен жос­парларды жақтырмаймын. Жыл аяғында бір кісідей презентация жасап, міне, басты мақсатымызға жеттік деп, өзіңнен өзің қорынып, тілшілерді шақырып есеп бере салатын қауқар бәрімізде бар. Соны өнер деп пайдалана берген дұрыс па екен, гәп сонда.
— Сіздің ойыңызша, қазақша ойлап, жұмыс істейтін IT маман­дарының шоғыры қалыптасты ма? Қазақтан Билл Гейтс немесе Марк Цукерберг қашан шығады?
— Иә, болмысы қазақ жаңа толқын бар, кәдімгідей қуантады. Әсіресе, студенттер арасындағы IT мамандардың қазақша, қазаққа болсыншы деген талабы үміт ұяла­тады. Еш ақысыз-ақ, кешенді жо­баларды, не әуесқойлық бағ­дарламалар мен ресурстар жасап жүргендер қаншама. Тек әлі де әмбебаптық жетегінде жүргені қиын. Қайтеді енді, кәсіби ди­зайнерді өз қаражатына жалда­майды ғой. Меніңше, бол­мысы қазақ мамандар қалыптасып бітті. Енді олар тақырып, әлде сала бойынша мамандармен коопе­рациялық жұмыстарды үйренсе екен. Яғни дизайнды — дизайнер, қисынын — математик, тілін -тіл маманы жасасын деген сөз ғой бұл.
Ал енді қазақи Билл Гейтс, әлде Марк Цукерберг қашан шығады деген сұрақтың жауабы күрделі. Алдымен мынаны ескерейік: атал­мыш кісілер елден ерек туылған ештеңесі жоқ. Олар қазіргі шың­дарына данышпандықтан емес, еңбек пен жүйедегі ахуал арқылы жетті. Марк Цукербергтікі, мы­салы, жалаң идея ғана. Қызық айтайын: Facebook идеясында және желісінде асып бара жатқан ештеңе жоқ. Маңыздысы — на­рық­қа бірінші болып ату және ға­ламат жойқын жарнама! АҚШ-та ол жүйе тиянақты қалыптасқан. Тіпті тек идеяңыз болса болғаны. Ендеше Биллдер мен Марктер арамызда жүр. Олардың талабын жүзеге асыратын жүйе бар ма — әңгіме сонда. Мысалы, Facebook желісі — мыңдаған серверлерсіз, күшті техникалық қолдаусыз тұл. АҚШ-та жобаға бастапқы ке­зеңнен-ақ тәуекелге барып, өте күшті қаржылық-қондырғылық жабдық беріп тастайды. Ал біздің елде ондай инвесторларды елес­тету қиын.
— Қандай жобамен айналысқыңыз келеді?
— Көңіл-күйіме байланысты бірде тоқырауға ұшырап, бірде жанданып жүрген бір-екі жобам бар. Интеллектуалдық ойындарға қатысты. Олар бұйырса, жарық көрсе куә боласыздар.
Ал айналысқың келетін жоба­ңыз десеңіз — Программалау үйірмесін ашсам деймін. Програм­малау болғанда, «тапқазірлік», «тезболдық» мәселелерді шешу жөнінен емес, классикалық про­граммалау жөнінен. Жеткіншектер тіршілік күйбеңіне қажет мәсе­лелерді шешкенімен қоса, ғалам­дық мәселелерден де хабардар болса екен. «Программалаудың қазақ мектебі» деген сөз қа­лып­тасса. Ғасыр есептерінің оң­тайлы шешімдері қазақ жерінен көрініс тапса деген ниет қой. Ой түкпірінде жатқан арман іспетті бірдеңе бұл, қолым аузыма жеткен күні кірі­семін деп жүрмін.

Әңгімелескен
Кәмшат ТАСБОЛАТ

Айқын
Бөлісу:

38 пікір

urimtal
«Ендеше Биллдер мен Марктер арамызда жүр. Олардың талабын жүзеге асыратын жүйе бар ма — әңгіме сонда»

Редакциядағылар мұндай ойдың қалайша жарияланып кеткеніне өздері де таңқалып отырған шығар  Тамаша сұхбат!

Ерекеңнің қанатты ойлары:

1. біз қандаймыз — интернетіміз де сондай
2. Энтузиазм — бә­рібір ұлтжандылық пен отан­сүй­гіштіктен емес, алдымен, кәсіп­сүйгіштік пен әуесқойлықтан тұратын сезім
3. IT-индустриядағы жа­зылмаған заң бойынша, оқырман әлде қолданушы — ол пір!
4. қазақ қарпі деген мәселе, орысша айтқанда, «сау­сақтан сорылып алынған мәселе»
5. Қазақ блогстаны — феномен

Есте қалған тіркес: программалаудың қазақша мектебі
timurrr
1. біз қандаймыз — интернетіміз де сондай
2. Энтузиазм — бә­рібір ұлтжандылық пен отан­сүй­гіштіктен емес, алдымен, кәсіп­сүйгіштік пен әуесқойлықтан тұратын сезім
3. IT-индустриядағы жа­зылмаған заң бойынша, оқырман әлде қолданушы — ол пір!
4. қазақ қарпі деген мәселе, орысша айтқанда, «сау­сақтан сорылып алынған мәселе»
5. Қазақ блогстаны — феномен

Сонда мынаның барлығы есте қалмаған тіркестер ме, құрдас?
asaubota
Редакциядағылар мұндай ойдың қалайша жарияланып кеткеніне өздері де таңқалып отырған шығар

главред оқымаған ау деймін
sigma
Тек ол емес, біраз аға-апаларымыз оқымай колын қонжитып, төбесінен әңгір-таяқ ойнағанда, орындаушыны тасқа сигізеді ғой.
Ерекең айтқан жүйе де осы болар
Zhanara2012
Оқымайды ғой. Журналист дайын күйінде тастайды да, қайшылықтар кетіп қалады.
mampasi
***
Пікір түзетілген: 30 тамыз 2011, 11:47
Gastarbaiter
Өткен жұма күні газеттен оқығанмын.
Қателеспесем, жазу үшін жазатындар, тек эфир толтыру үшін сюжет жасайтындар да сөз болды.
Katibaldi
Мұнда @satibaldi-ның пікір жазбағанына ойланып тұрмын да. Күдік, күдік жегідей жеген күдік.
Katibaldi
Сұхбатты оқып, ғасыр жұмбағының шешімін табуға жақындап қалған сыңайлымын.
Пікір түзетілген: 30 тамыз 2011, 23:15
Katibaldi
Ойларың керемет Ереке
konvict
Ойлары шынайы екен. Бұл кісінің блогы бар ма? Мен көрмеппін.
asaubota
бұл кісінің сайты болды бастапқыда, форевер кизет деген хостта. ол кезде сендер жоқсыңдар, қайдаааа ол кезде даже штучный темекі сатылушы еді.
sigma
штучный темекі, қаракемпір — жақсы кездер еді
meirzhan
Вопдпресстегі «Жиналыстар» туралы блогтың иесі.
konvict
Сілтемесін берші
meirzhan
konvict
Күдік… Жегідей жеген күдік…
meirzhan
«Мен» деген бөлімді оқы. Күдігіңнің күл паршасы шықсын.
konvict
Қайта әр мақаласын оқыған сайын күдігім ұлғайып бара ма қалай? Очм, маңызды емес…
Onlasyn
Сатыбалды Математиканы қақпайды емес пе?
konvict
Причем тут Сатыбалды?
meirzhan
осындағы техносиндром да бар
serjan
Сөз саптасын-ай мына кісінің!
KILYZAMAN
Ал айналысқың келетін жоба­ңыз десеңіз — Программалау үйірмесін ашсам деймін
— қашан енді?
Marco
трансқа кіріп кетті бе… соған ұқсас бірдеңе болып отырмын
Aya
ойға алған жобаларыңыздың іске асуына ниеттеспін Жақсы әңгіме екен.
Daniar-Alan
САТЫПАЛДЫ ӘЛІ ПІКІР БІЛДІРМЕГЕН…