Наркотиксіз қала

Осыдан бірер жыл бұрын «Город без наркотиков» қорының басшысы Егор Бычковқа қарсы қозғалған іс Ресей қоғамында біршама жаңғырық тудырған болатын. Тағылған айыптың жай-жапсарына үңілмес бұрын, қор мен оның басшысы жайлы аз кем мағлұмат берсек. Жалпы құдайы көршіміз Ресейде аталған қоғамдық қордың жұмысын Евгений Ройзман деген азамат 1999 жылы Екатеринбург қаласында бастайды.

Бұл қордың 1999-2003 жылдар арасындағы жұмысы нәтижесінде Екатеринбург қаласындағы нашақорлардың саны 12 есеге азаяды.

Қордың нәтижелі жұмысы 2004 жылы Дума қабырғасында талқыланып, бүкіл елде осы қордың методикасын пайдалану мәселесі көтеріледі. 2006 жылы Егор Бычков есімді азамат Нижний Тагил қаласында аталған әдістемемен қоғамдық қор филиалын тіркеп, өз жұмысын бастайды. Қоғамдық қордың емдеу ерекшелігі төмендегідей еді:
Алдымен нашақордың туыстарымен алдын ала жазбаша келісім жасалады. Ол бойынша емдеу ақысынан бөлек, 2000 рубльді туыстары төлеген жағдайда, қор қызметкерлері нашақорды үйінен ұрлап әкетеді. Православ шіркеуіне тиесілі бөлмеде ашылған қордың айықтыру орталығына әкеліп, төсекке таңып, сол жерде емдеу курсын бастайды. Емделушіге ішіп-жеу атаулыдан қара су мен қара нан ғана бұйырады екен. Бірер күн ашығып, төсекке таңулы жатқан адамға, сол шіркеудің поптары келіп дін үйрете бастайды. Осылайша, бұрын нашаға тәуелді болғандар қалайша Библиямен дос болғанын да байқамай қалады. Әбден емделді-ау деген уақытта адамды өз еркіне босатады. Негізінен емдеу курсы орташа 3 ай көлемінде жүргізіледі. Осылайша Бычков 3 жылда 200-ге жуық нашақорды адам қатарына қосады. Емдеу курсына қабылдағаны үшін Бычков нашақордың туыстарынан айына 5000-29000 рубль аралығында ақша алып отырған. Деректер бойынша, 300 мыңнан астам тұрғыны бар Нижний Тагил қаласының әрбір 7-8-і тұрғыны нашақор екен. Әрине, нашаға сұранысы көп қалада ұсыныс та көп болған. Өз әрекетінің әсерімен ірі-ірі наркобарондардың жолына тұсау болған Бычков милициямен бірігіп, 200-ден аса тұтқындау операцияларын ұйымдастырады. Қалада наша сатушылар күн санап азая бастайды. Мұндай статистиканы түсінде де көрмеген милиция өкілдері Бычковты жұмысқа да шақырады. Бычков бұдан бас тартады.

Алайда, көптеген коғамдық ұйымдардың және жергілікті халықтың қолдауына қарамастан, 2009 жылы Бычковқа қарсы іс қозғалады. Айыптаушы жақ Бычковқа «адам ұрлады, еркінен тыс бас бостандығынан айыруды, адамды ашықтырып, ұрып-соқты» деген айып таққан. Жергілікті прокуратура осы әрекеттері үшін Бычковты 12 жыл бас бостандығынан айыруды талап етеді.

Айыптаушылар 7 нашақордың арызы бойынша іс қозғап, сот процесін бастап жібереді.

Бір қызығы, сотқа «арыз берген» нашақорлардың ешқайсысы сот процесіне өз еркімен келмеген екен. Оларды ұрып-соғып, сот отырысына мәжбүрлеп әкелгені белгілі болды. Сот отырысына қатысқан нашақорлардың алтауы емдеу орталығына өз еркімен келгенін, ешқандай соққы көрмегенін айтып, бастапқы арыздарынан бас тартады. Тек айыптаушы жақтың соққысынан көк ала қойдай болған жалғыз адам ғана алғашқы пікірінде қалады. Ұзаққа созылған іс 2010 жылдың 12-қазанында аяқталып, жемқор сот пен ірі наркабарондардың ықпалымен Бычковты 3,5 жыл бас бостандығынан айырумен бітеді. Сот процесінің үстінде оған кісен салынып, темір торға қамалады. Осы кезде бүкіл Ресей жұртшылығы Бычков ісін талқылай бастайды. Бір кездесуде «Чайф» тобының әншісі Владимир Шахрин ел президенті Медведевке «Бычков ісінің» жай-жапсарын айтып, араша сұрайды. Медведев сол арада Ресей Бас прокуратурасына істің барысын бақылауға алуды тапсырады. Бычковтың адвокаттары іс бойынша сотқа аппеляциялық шағым түсіреді. Аппеляция 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын өзгертіп, оның орнына 2,5 жыл шартты жаза тағайындап, Егор Бычковты бостандыққа шығарады. 2011 жылы көктемде адвокаттар Бычковтан «сотталған» атағын мүлде алып тастау шешіміне қол жеткізеді.

Былтыр Бычковқа үкім шығысымен өз жұмысын заңды түрде тоқтатқан қоғамдық қор көпшіліктің сұранысы бойынша емдеу орталығының есіктерін биыл қайта ашқан көрінеді. Бірақ Бычковтың өзі «енді тек емдеу ісі болмаса, наша сатушыларды тұтқындау ісіне араласпаймын, біздің елде заң әлі әлсіз» деп кесіп айтыпты. Қазіргі күні Егор туған қаласында Демидовтар әулетінің атына шіркеу салу ісімен айналысып жатыр. Бычков түрмеден босай салысымен журналистердің «қазір енді не істейсіз?» деген сауалына «шіркеуге барып Құдайға сыйынам» деп қысқа жауап беріпті. Осыдан-ақ Бычковтың діншіл адам екенін сездік. Жүрегінде Құдайы бар Бычков сауапты істерге ұмтылуын тоқтатпайтыны белгілі болды.

Бычков ісінің бір ерекшелігі – оның ісі заңға томпақ болғанымен, гуманистік тұрғыдан Ресей жұртшылығы оны кінәлі деп есептемеді. Журналистер бұл туралы Ресей президенті Д.А.Медведевке тікелей эфирде сауал қойған болатын. Медведев «мен оны кінәлі деп есептемеймін, әрине нашақорларды күшпен ұстап емдеу дұрыс емес, бірақ оларды басқа жолмен емдей алмайсың ғой» – деп өз пікірін ашық білдіреді. Көптеген БАҚ құралдары, қоғамдық ұйымдар, белді блогерлер Бычковтың ақталуын дұрыс деп санап, соның ішінде Ресейдің басты арнасы саналатын «Бірінші арна» да Бычковты жақтап телебағдарламалар ұйымдастырады. Тіпті, Санкт-Петербург, Мәскеу, Екатеринбург, Челябинск, Нижний Тагил қалаларында мыңдаған адам алаңға шығып, бейбіт түрде Бычковты босатуды талап еткен. Осылайша Ресей халқы Бычковты қолдау арқылы орыс генофондына төнген қауіпке тағы бір тойтарыс берді.
Материал "Үш қиян" сайтынан алынды.
«Город без наркотиков» фондының сайты.
Фондтың наркотикке қарсы жұмыс істеймін деушілерге ұсынған кеңестері.
Бөлісу:

11 пікір

Zako
Бір крутойға жақпай қалғанға ұқсайды.
omarbirat
Бірақ Бычковтың өзі «енді тек емдеу ісі болмаса, наша сатушыларды тұтқындау ісіне араласпаймын, біздің елде заң әлі әлсіз» деп кесіп айтыпты.
Өзі мент болмаған соң, ондай іске араласып несі бар?
sammita
наркологиялық орталықта да негізі күшпен емдейді ғой.
nurjanbay
Фондтың наркотикке қарсы жұмыс істеймін деушілерге ұсынған кеңестерін алып оқыңыз. «2.Фундаментальное заблуждение.doc» документінің үшінші бетін ашсаңыз «Жаппай нашақорлық: себептері» тақырыбында былай жазған:

1. Наркотикке рұқсат етілген. Наркотикті табу оңай. (Наркотики доступны)
2. Нашақорлыққа қарсылық көрсету идеологиясы мемлекеттік деңгейде жойылған. Наша қолдану өздігінен қылмыс болып табылмайды (Қаулы №231), яғни наша қолдануға рұқсат.
3. Наркология коммерцияланған. Наркологиялық орталықтарда бір рет «емделу» 5, 7, 10 мың доллар тұрады. Нашақорлықтан мүлде емдеп шығару деген нарколог үшін алтын жұмыртқасы бар тауықты өлтірумен тең.
4. Алқаштар мен нашақорларды күштеп емдеу жүйесі (ЛТП, наркодиспансерлер) мемлекеттік мекемелерде жойылған.
5. "Қазіргі өмірдегі" наркотиктің болуы заңды екені насихатталуда. Наркотиктен мүлдем бас тарту мен оған тиым салудың орнына «зиянын азайту» концециясы енгізілуде.
Пікір түзетілген: 23 тамыз 2011, 14:58
sammita
Фондтың наркотикке қарсы жұмыс істеймін деушілерге ұсынған кеңестерін алып оқыңыз
әзірге оған мұқтаждық жоқ
nurjanbay
анекдот болған сөз бар еді «еврей ауырмас бұрын үш күн бұрын дәрігерге барады, орыс ауырған күні барады, қазақ ауырғанына үш күн болғанда ғана дәрігерге емделуге барады екен» деген.
мұқтаждық ұлың мен қызың нашақор болып кеткенде ғана (құдай сақтасын) пайда бола ма?
Ottegin
Мен бұл анекдоттың басқа нұсқасын естіп едім: «ауруханаға еврей ауырмас үшін дәрігерге барады, орыс ауруын емдеуге барады, қазақ ауруы әбден меңдеп, өлуге барады екен „
Пікір түзетілген: 24 тамыз 2011, 09:17
omarbirat
Мен де өзім естіген бір нұсқасын қоса кетейін: «Еврей дәрігерге ауырып тұрған шығармын деп барады, орыс ауырып тұрмын деп барады, қазақ ауырып өлетін болдым, біттім деп барады».

Бұл әнектің тағы кімде қандай нұсқасы бар екен, уа жама'ат?
Пікір түзетілген: 24 тамыз 2011, 09:48
KILYZAMAN
"Өлетінін өзі біліп тұрса да оны Үміт апасы алып барады...(
satibaldi
@e_zhalgas, міне саған қазақша былжырақ сөз саптаудың үлгісі!