Мұқағали Мақатаев мүшәйрасы.

@boztorgai аға сұрағасын жазып отырмын. Мүшәйрада тек финалға шыққан ақындардың өлеңдері ғана оқылды. Жалпы саны 150 ақын қатысқан, оның ішінде 15 ақын ғана финалға өткен екен. Барлық ақындардың өлеңдері мен ақындардың тізімін таппадым, тек финалда орын алғандары туралы ғана ақпарат бар екен:
Ғылыми конференциядан соң «Кең дүние төсіңді аш мен келе­мін!..» атты жазба ақындар мүшайрасының қорытынды бөлігі өтті. 150 ақын қатысқан жыр додасында бас жүлде – жеңіл ав­токөлік ақын Жүрсін Ерманға бұйырды. Бірінші жүлде (1млн. теңге) – Қапшағайдан келген Мақпал Мұсаға бұйырды. Екінші жүлде (750 мың теңгеден) – Иранғайып (Иранбек Оразбаев) пен қытайдан келген ақын Білісбек Әбдіразаққа тиді. Үш үшінші жүлдені (500 мың теңгеден) –Сәкен Иманасов, Әділға­зы Қайырбек, Ырысбек Дәбей жеңіп алды. Бес ынталандыру сыйлығын (200 мың теңгеден) –Жәркен Бөдеш, Қуандық Шолақ, Серік Ақсұңқарұлы, Батық Мәжит, Кәдірбек Құныпияұлы иемденді. Еркін Ібітанов атындағы екі арнаулы сыйлық (150 мың теңгеден) –Болат Үсенбаев пен Жарас Сәрсекке бұйырды. Ақпарат мына жерден алынды.

Сол мүшайрада өзіме ұнаған ақындардың өлеңдерінен:
Өтірік күлетін, өтірік жылайтын,
Жәдігөй жандарға жайың жоқ ұнайтын…
Өлеңге айналған өмірдің өзегі,
Парақтар бетінен халімді сұрайсың.

Кітаптар ашылып…
Алдымда мың сауал,
Тып-тыныш бөлмемді ауыр мұң тұмшалар.
Өлең боп сөйлеген өзімнің ауылым,
Уа, шіркін!
Қыпша бел, қыналы қырқалар…

Жоғалтқан жоғымды һәм асыл мүлкімді,
Жылқысы жусаған Аталы жұртымды.
Мәңгілік сағыныш кейпінде сөйлеткен,
О, Мұқа!
Мен сені сағынам бір түрлі…

Аспанды жаңғыртқан дауысым құмығып,
Ащы Күн аптабы бидайдай қуырып.
Көшеңді үн-түнсіз кеземін кезеріп,
Алматы. Көкбазар. Машина шуылы…

2

Көше бойлап өтіп жатыр адамдар,
Аз жүрсеңіз…
Аядай бір алаң бар.
Сол алаңда патша да емес, құл да емес,
Ақын отыр!
Қараңдар!
Ақын отыр белгісіндей киенің,
Салқын қарап,
Сәл таянып иегін.
Салқын кезең мұздатқандай жүрегін,
Салқын кезең сыздатқандай сүйегін.
Ол тас мүсін…
Жыламайды, күлмейді,
Кештеу келген марапатты білмейді.
Маң-маң басып Майгүл қызын жетелеп,
Мақатаев көшесімен жүрмейді.

Жанымды жеп сұрғылт күннің реңі,
Шұбырған ел…
Байғұс қанден үреді.
Кеше сені келеке еткен көп ақын,
Салқын бақта серуенде жүреді.

Өлмес ақын аспандаған атағы,
Бұл қалада Күн тұманға батады.
Шойын жолды тасырлатып баяғы,
Трамвайлар кетіп бара жатады.

Не жазылып, сызылмаған бұл маңдай,
Тас мүсінде табы қалған сыр бардай.
Қайран ақын Майгүл қызын сағынып,
Темір жолға әлі қарап тұрғандай…
Ырысбек Дәбей

Жүрсін Ерманның «Бақ пен сор» өлеңі ұнаған, бірақ интернеттен сөзін таппадым. Сіздерде болса салып қоясыздар ма?..
Бөлісу:

4 пікір

Zhan
«Финалник» 15 ақынның 15-і де құр алақан қалмапты ғой. Сосын жүлдесі де жаман емес екен.
Aikona
Иа, жүлде қоры үлкен. Дегенмен, жастар алғанда жақсы болушы еді
boztorgai
аға сұрағасын жазып
айконтай, бек рақмет