Жапырақ

Сағымдарға бөккенде атырабым,
Сағынышты жаныма шақырамын.
Мен ол қыздан үзгенде күдерімді,
Ағаш та үзіп жатты жапырағын.

Айрылып торғын төсті бақ гүлінен,
Қарағайлар тозаңын қақты кілең.
Ұшырғанда жүректен мұңның әнін,
Жапырағын тал ұшырып жатты білем.

Санамызға самарқау сәт келгесін,
Қаңтарлардың күтеміз ақ кемесін.
Өн бойымды тоңдырды күздің желі,
Жапырақтың солдырды пәк денесін.

Мезгілдің меңзеуімен жыл ығысып,
Күз жеңгеймен барамыз ұғынысып.
О, жапырақ сен үштың мәжбүрліктен,
Менің де ұзады алыс күнім ұшып.

Амал жоқ, жасар едім саған көмек,
Жаным – дала жапырақ маған керек.
Қорқамын мен тағдырдың табанына,
Сен секілді тапталып қалам ба деп.

Жә, жарар қанатыңды өмір шыңдар,
Аспанның жанарынан төгілсін зар.
Мүрдеңді ақ ұлпа қар көме жатар,
Кемсеңдеме қыс дейтін көмушің бар.

Егіліп, жыладың ба қырға құлап?
Тауларға кемсеңіңді тыңдатып ап.
Жабырқап әр жыл сайын отырамын,
Ағаштан жамыраса мың жапырақ.

Ағзам менің – жайқалған атырабым,
Ағзамды ойлап әр күні аһ ұрамын.
Өзімді ағаш па деп ойлап қоям,
Түз желіне ұрлатқан жапырағын.

Әуелден нәп-нәзік боп түзілгенсің,
Демеймін беймезгілде күзің келсін.
Әй, қиын ағаш құрлы бола алмаймыз,
Жүрек дейтін жапырақ үзілгесін.

Олжас Қасым
Бөлісу:

14 пікір

Abilakim
Өлең керемет! Бірақ мынандай ұсынысым бар
/Ұшырғанда жүректен мұңның әнін/
Ұшырғанда жүректен мұңлы әнін,
Жапырағын тал ұшырып жатты білем. -дегенде буын өзгермей қалып, тілге жатық естіледі, ойда сол қалпы қалады.
/Ағзам менің – жайқалған атырабым,
Ағзамды ойлап әр күні аһ ұрамын./
Осындағы екінші жолдағы ағза сөзін ТӘНІМ сөзімен ауыстырсаң қалай болар еді? Бір шумақта екі сөздің қайталануы дәл осы өлеңге керек емес секілді. Бірақ басынан бастап қайталанып отыратын өлеңдер болатынын білеміз.
Lyaila
Ұнады! Теңеулеріңіз де жақсы!
manfan
Қорқамын мен тағдырдың табанына
сен секілді тапталып қалам ба деп?!
Серік Сейтманның «Бәтіңкесіне» ұқсап кетеді екен. былай керемет менің топтасымның өлеңі
Kasymolzhas
Менің топтасым кім екен? С.Сейітманның бәтеңкесіндегі ой бөлек қой. Ол «мен тозайын қазақтың аяғында» дейді. Секеңдікі халық үшін бас тігу болса, менікі лирикалық күдік деп аталады достар.
VKM
онша түсінбедім)
Aizhantabyn
Жә, жарар қанатыңды өмір шыңдар,
Аспанның жанарынан төгілсін зар.
Мүрдеңді ақ ұлпа қар көме жатар,
Кемсеңдеме қыс дейтін көмушің бар.

Егіліп, жыладың ба қырға құлап?
Тауларға кемсеңіңді тыңдатып ап.
Жабырқап әр жыл сайын отырамын,
Ағаштан жамыраса мың жапырақ.

Өте ұнады!!! Керемет. Тек мына жердегі қайталама кішкеееене ғана «не то» сияқты! Сүйікті өлеңдерімнің бірі болды алайда)))
alisha
Тауларға кемсеңіңді тыңдатып ап
өксігіңді деп қолдануға болатын сияқты
Kasymolzhas
Бұл өлеңім параллелизм әдісімен жазылған. Әдейі қайталау. Әйтпесе сөз таба алмай отырған мен жоқ.
Aizhantabyn
ренжімеңіз, тап мен көрсеткен жерде параллелизм көріп тұрған жоқпын.

ал мынандай жолдар параллелизмге мысал бола алады:
Ұшырғанда жүректен мұңның әнін,
Жапырағын тал ұшырып жатты білем

және бір мысал жазайын:

Менің жаным — ыстық лепті жалындай
Менің жаным жүре алмайды сағынбай (экспромт)

әрине, егер сіз синтаксический параллелизм жайлы айтып отырсаңыз)))

Ал сіздікі тавтологияға жақын. Әрине, мұны плеоназм деп ақтауға болады, бірақ қажет емес қайталану болған соң, тіпті де не көркемдік, не болмаса өзге мақсаты жоқ болған соң мен үшін артықтау сияқты.

Өтінем, ренжімеңіз.
Zilola
мына тұсы
Мен ол қыздан үзгенде күдерімді,
Ағаш та үзіп жатты жапырағын.
маған арналғандай екен
Altygradus
иәәә бәріміз біреуден, бірдемеден күдер үзіп жатамыз ғой