"Сендер жазыңдар, мен көшірейін"

ҚазНеттегі қазақша сайттардың арасында (басқасында шаруам жоқ) шығармашылыққа қарағанда ұрлыққа жол беретіндері көбейіп жатыр. Олардың негізін бір-бірінен реферет ұрлайтын сайттар құрайды. Ондай сайттары мектеп жасындағы балақайлар орыстың жарнамасын (ресейлік жарнамалар) орнату арқылы ақша табу үшін жасайды. Жеке (бірыңғай, қайталанбас) контент деген НӨЛ. Бұлардан басқа тағы…

Жаңалық агрегаторлары бар. Белгілі бір сайттарда жарияланатын мақалаларды автоматты түрде көшіреді. Солай ету арқылы оқырмандарды жинап, жарнама орнатып, ақша табуға мүмкіндіктері бар. «Агрегаторлар көшіреді, сондықтан Гуглда бірінші шықпайды» деген түсінік қате. Үнемі олай бола бермейді. Мысалы, ҚазАқпараттың материалдарын іздесеңіз, бірінші кезекте сол сайттан көшірген агрегаттардан табасыз.

Көшіргіш сайттар да бар. Олар агрегаторлар секілді барлығын бірдей көшірмейді, оқырманғарға қызықты болады деген мақалаларды көшіреді. Соған қарамастан олардың бір күнде жариялайтын мақалаларын ешқандайқазақтілді сайт бір күнде жариялай алмайды. Себебі көшіргіш бір сайт күніне ондаған, тіпті жүздеген мақалаларды көшіріп алу арқылы жариялайды. Соған қарамастан толыққанды сайт деп санайды өздері. Біреулері жұмысқа қабылдаймыз деп жазып қойыпты  

Бұлардың соңғы екеуі сілтеме қояды. Бірақ сіздің өз сайтыңызда жазған мақалаңыз басқа сайттарда толығымен көшірілсе, онда оқырман сол сайттан оқып болып, сілтемеде көрсетілген сіздің сайтыңызға бара қояр ма екен? Егер ол сілтеме сайтыңызға жарнама болмаса, контентіңізді ұрлатқан болып қаласыз. Ал егер Гугл секілді іздеу жүйелерінде сізден көшіріп алғандар алғашқы бетте көрініп, өз сайтыңыз көрінбесе, онда да бір өкініш.

Өзім істеп жүрген екі сайттағы материалдарды тұрақты түрде көшіріп тұратын бір сайтты кездестірдім. Негізі, көшіруге қарсы емеспін, егер бір сайт бір тақырыптық сайт болып, сол тақырыптағы мақалаларды бірнеше сайттардан шарттарын орындай отырып көшірсе. Ал егер бір сайттан бірнеше тақырыптағы мақалаларды көшірсе, оған қарсымын. Мейлі, сілтемесін қоя берсін. Бірақ сілтеме қоюды мәдениетті ұрлыққа айналдырмау керек қой.

Әлгі сайтқа оралайын. Ол — be1.kz сайты. Ішінен жеке контентті кездестіре алмадым. Тек басқа сайттардан алынған мақалалар. Сілтемелері қойылған. Сілтемесін қоямыз деп, қазақ тіліндегі сайттардың басым бөлігінің контентін көшіріп алуға бола ма екен?
Мұндай жағдай islamdini.ru сайты ашылған кезде де шулы болып еді. Ол сайттың админі ҚазНеттегі Ислам дініне қатысы бар мақалаларды жинап алды. Сілтемесін қоймады. қоған түрі мынадай еді: Ақпарат көзі (әріптестер деген бетке сілтеме). Ол ақпараттың қай көзден алынғаны білгісіз. Әріптестер бетіндегі тізімде ондаған сайт бар. Оның дәл қайсысының мақаласы екенін ит біле ме?!

«Алла разылығы үшін істеп жатырмыз ғой барлығын»
Осылай айтып, өзінің діни сайтын дінге қарсы әрекеттер (рұқсасыз көшіру, сілтеме қоймайкөшіру) арқылы контентпен толтыратын адамды да кездестірдім. Ей, онда ондай наглый адамдар «Алла разылығы үшін істеп жатырмыз ғой барлығын» деп, біреудің қойнындағы қатынын тартып алып, "Қазақтың санын көбейтуге атсалысып жатырмыз" деп, міз бақпай тұрар, сірә

"Көшірсе көшіре берсін, не болды шу шығарып?" дейтін адамдар кедеседі. Ондай адамдар өздері контент жасамайды, егер жасайтындары болса, еңбектері көп ұрланбаған, ондай ұралықтан зардап шекпеген болып келеді. Әрине, біреудің еңбегі ұрланып жатса, басын ауыртып не қылады. Контент ұрлығы былай тұрсын, көршісінің үйін тонап жатса, үндемей, көрмеген адамдай кейіп танытатын мүшелері бар мына қоғамда контент ұрлығына назар аударатындардың саны шамалы екендігі белгілі.

Контентінің үнемі ұрланатындығына мән бермейтіндердің жазған еңбектері үшін ақысын алып қойған болып табылады, немесе коммерциялық мақсатта жұмыс істейді. Мысалы, журналистер газетке берген мақаласы үшін қаламақысын алады. Ал ол мақаланы біреу Интернетте көшіріп баса ма баспай ма, маңызды емес. Бастысы, жазған автор алатын ақысын алып қойды. Тағы бір мысал: сіз газет шығарып сату арқылы ақша тауып отырсаңыз, ол газеттегі материалдарды Интернет сайттар көшірсе де сіздің ұпайыңыз түгел болады. Еңбегіңіздің ұрланғаны тапқан табысыңыздың жанында елемеуге тұрарлық деңгейде болады.
Интернет сайттардың ішінде контентінің ұрланғанына «жыламайтындар» бар. Олар да түрлі себептерге байланысты «жылана бермейді».

Жылану керек пе?
Менің мұндай «зарлы» жазуыма таңданатындар болатынына сенімдімін. «Контенттің ұрлануын да сөз қылып» дейтіндер кездеседі қайда болса да. Егер әркім контентінің 80-100% мөлшерінде түрлі жолдармен ұрланғанына мән бермесе, көптеген сайттардың 80-100%-ы көшірме контенттен тұратын болса, бір сайт екінші бір сайтты қайталағандай болса, онда шығармашылық жұмыспен айналысып, бірыңғай контент жасаушыларға жасалған қиянат болмай ма? Қайта-қайта көшіріп жариялай бергеннен ҚазНет дамымайды. Бірақ «дайын асқа тік қасық» дегендей арамтамақтар оңай жолмен пайда тапқысы келеді. Өтірік, міз бақпай: "Қазақ Интернетін дамыту үшін!" деп ұрандатып қояды. Атасының басы дамытып жатыр. Егер жеке басының пайдасын ойламаса, уақытын кетіріп сайт жасаушы ма еді?

«Барлығы халық үшін емес пе?!»
«Барлығы халық үшін емес пе?!», не қыласың дау туғызып" дегендерді түсінбеймін. Солай айтатын адамдардың өздері халық үшін не нәрсені жайдан жай жасап жүр екен? «Халық үшін!» дейтіндердің барлығына жуығы атақ пен даң қуғандар, өтірік мақтауға ие болу үшін, басқалардың көзіне түсу үшін айтатындар деп білемін. «Халық үшін!» дейтіндей әлі коммунистік қоғам құрамыз деп жүрген жоқпыз.
Болат Атабаев мынадай мағынадығы сөзді айтқан екен: «Халық үшін, елім үшін! дейтіндер (жария түрде айтатындар) өтірік айтады. Қайсыбірің халық үшін деп іс тындырып жүрсіңдер?» деп. Халық үшін істейтін адам «Халық үшін!» деп ұрлық жасамайтын шығар

Қортындыласам, тақырыптық сайтқа керекті материалдарды әр түрлі сайттардан 4-5 рет көшіруге қарсы емеспін. Ал бір сайттан көзге көрінген нәрселерді көшіре беруге үзілді-кесілді қарсымын. Ия, маған және біздің сайттарға материал қосатындарға ақша төленбейді (Ана мен бала сайтын айтпағанда), демеушіміз жоқ. Өз еңбегімізді өзіміз қорғаймыз. Еңбегіміздің ақысы сайттың оқырмандары болмақ. Олар көп болса, көп ақы алғандай сезінеміз. Ал жарты жолдан қосылып, материалдарымызды ұрлап, сайтымыздың оқырмандарын өздеріне алып кетсе, көңіліміздің түсетіні анық.
Сайт ашып, басқалардың еңбегін ұрлау арқылы Қазақ Интернетін дамыту рухани мүгедектер мен шығармашылықтан жұрдай, жалған намысшылардың әрекеті деп санаймын.

P.S: Бұлай жазуыма be1 сайтының бір сайттың 40%-ға жуық контентін (424 мақала) көшіріп алуы себеп болды.
Бөлісу:

4 пікір

nurjanbay
сайтқа мақаланы водный знактары бар jpeg түрінде салу керек.
немесе қарапайым әдіспен выделитькопировать көшірілмейтін сайттар бар ғой. солар сияқты қылып қою керек.
немесе кіттай кезімізде… мен мектеп-интернатта жатып оқыдым. сонда төсектерімізді қырын шығарып жинап қоямыз. сосын балалар «менін төсегіме кім отырады сонын шешесі*******...» деп боқтап, қарғап-сілеп кетеді. сосын «боқталған» краваттарға отырмаймыз. сен де сайтыңның бұрышына «менің сайтымнан кім көшіреді сол ****...» деп жазып қой
KILYZAMAN
Сілтемесі көрсетілген копипасттарға ренжудің орны жоқ деп ойлаймын. Қазнеттің қолданушыларына азда болса септігі тиетіні анық…
Тек плагиатқа құмарлар ғой бүтін жерден жік шығарып, оның екі құлағын тікірейтіп қоятын!
Gastarbaiter
be1 сайты маған ұнайды. Менен де талай мақала ұрлаған. Бірақ бәрін бір жерге жиыстыра білгеніне қол соғып қоюға болады. Маған сілтеме салып тұратыны ұнайды.
ПС. Гугл-Яндекс Іздеуіштерде оригинал көшірме конттентті оригинал контенттен кейін көрсететіні бар. Соған сенеміз енді.