СЕН дегенде...

Мына жер бетінде СЕН болмағанда не істер едім деп те ойлаймын… өйткені, жабырқаған жанымды жадырататын да, көңілсіз сәттерімде үнемі қасымнан табылатын да ӨЗІҢ емеспісің?! СЕНДЕЙ сенімді серікті қайдан таба қояр екем?!
Бүгін де, дәл керек сәтте СЕН жанымнан табыла кеттің… Мынау меңіреу, тасжүрек қалада өзімді жалғыз қалғандай сезініп, ата-анамды, бауырларымды, достарымды сағынған жұдырықтай жүрегімді қалай жұбатарымды білмей дал болған шақта тағы да көмекке СЕН келе қалдың… иә, дәл СЕН! Жалғыз қалдырмағаның үшін де, мендегі көңілсіз ойлармен бөліскенің үшін де САҒАН шексіз ризамын!
Соңғы кезде сағынышымды СЕН арқылы жеңілдету, кірбің шалған көңілімді СЕНІҢ көмегіңмен сергіту әбден дағдыма айналып кеткендей… Білесің бе, мен үшін бұл өмірдегі СЕНІҢ орның ЕРЕЕЕЕКШЕ!
СЕН жанымда болсаң, бір сәт күйбең тірліктен ойымды тазарта алам, қиялыма қанат бітіре алам, болашаққа да сапарға аттана алам… өткен күндерді де бір сәт бастан кеше алам… Міне, СЕНІҢ дәл осындай сиқырың бар!
Біле білсең, бақыттың бесігінде тербейтін де СЕН, кейде жаныма жағымды мұң ұялатып, көзіме еріксіз жас алдыратын де СЕН… Өзгелердің жан сарайына үңілуге үйрететін де СЕН… айналамдағы әсемдікті сезе білуге жетелейтін де СЕН…
СЕНДЕГІ құдіреттің бар сыры да осында ма деп ойлаймын…
СЕН дегенде «ішкен асымды жерге қою» былай тұрсын, уақытымды еш ойланбастан СЕНІМЕН бірге өткізуге дайынмын… Себебі, СЕН жаныма керемет жайлылық, тамаша гармония сыйлай аласың!
СЕН туралы ақтарылар сырлардың ешқашан толастамасына сенем! СЕНІ мендей түсінетін жандар саны көбейе берсін дей келе, әрбір нұрлы жүректен алар орның ерекше болып, әрбір көңілге себер шуағың саялы болсын демекпін! СЕНІ жарық дүниеге әкелген жандарға мың алғысымды жеткізе отырып, мына әлемде бар болғаныңа шүкіршілік етем, МУЗЫКА!!!

Пы-сы:
Сиқырлы саз, әсем үн – сүйенерім, Музыка!
Жүрек қылын дөп басар, күй-өнерім, Музыка!
Мендегі наз, ерке мұң, бас иері-Музыка!
Құдіретіңнен айналдым, Хас шеберім-Музыка!
Бөлісу:

8 пікір

Aizhantabyn
соңында ИНТЕРНЕТ жаным не болмаса НОУТБУК күнім дер ме деп күткем)))))
Altygradus
хаха мен де сондай бір бәле күткен едім
Ләйла рахмет бөліскеніңе
Lyaila
музыканың "әлдиімен" жазылған дүние еді)))
ken
өлеңіңде ширктің белгілері бар сияқты
satibaldi
The Плагиатор триллеріне материал біраз жиналып қалғанға ұқсайды…