Автокөліктің бағасы күн сайын көтеріліп жатыр

Қазақстанның автонарығында қарбалас кезең басталған сыңайлы.
Өйткені, 1 шілдеден бастап Қазақстанға автокөліктерді әкелудің жеңілдік мерзімі аяқталады. Дәл сол күннен бастап жеке тұлғалардың шет елдік автокөліктерді кедендік рәсімдеуі кезінде кедендік алымдар мен салық Кеден одағы аясындағы ортақ тариф бойынша алынады.

Сондай-ақ 1 шілдеден бастап республика аумағына «Еуро-3» стандарты енгізіледі. Бұған сәйкес, аталған талапқа сай емес көліктер Қазақстанға енгізілмейтін болады. «Еуро-3» талабы бойынша елімізге АҚШ пен Еуропаның 2001, Жапонияның 2005, Канаданың 2004, Үндістанның 2010, Қытайдың 2008, Оңтүстік Кореяның 2003, Ресей мен Белоруссияның 2008, Украина мен Өзбекстанның 2010 жылдан бері қарай шығарылған көліктері кіргізілетін болады.

Қазақстан құзырлы органдар бұл талаптарды 2011 жылдың басынан -ақ енгізуді жоспарланған болатын. Алайда арнайы дайындықтың болмауы мен халықтың ұсынысы бойынша жарты жылға, яғни 1 шілдеге дейін шегіндірілді. Жарты жылдық жеңілдікті пайдаланған халық шет елден жаппай көлік тасуды бастады. ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтың мәліметінше, биылғы жылдың 1 тоқсанында жеке тұлғалар шет елден 43 мың көлік әкелген. Бұл былтырғы жылғы 1 тоқсанға қарағанда 5 есеге артық. Ресми мәліметтер бойынша, былтырғы жылдың 1 тоқсанында жеке тұлғалар шеттен 7 600 автокөлік сатып алған. Сұранысқа сәйкес темір тұлпарлардың бағасы да шарықтап барады. Алматының көлік базарында баға күн сайын құбылуда. Ең ірі мегаполистегі соңғы айда баға 1500-2000 доллар аралығында өскен. Мәселен, 2 ай бұрын двигатель көлемі 2,4 литрлік, 2002 жылы шыққан, Америкада құрастырылған, Қазақстанда 1-2 жыл жүрген «Toyota Camry 30» көлігін 12 000-13 000 долларға сатып алуға болатын. Қазіргі кезде бұл көліктің бағасы 15 000 доллардан ары шарықтаған. Бұл баға шілдеден кейін тағы да өсе түспек. Сарапшылардың пікірінше, шілдеден бастап, қазір шамамен 10 мың АҚШ доллары тұратын тұлпар 14 мыңға дейін шарықтайды.

Қазақстан брокерлер қауымдастығының төрағасы Геннадий Шестаковтың айтуынша, халықтың бұлай алаңдауына «1 шілдеден соң көлік бағасы тым қатты қымбаттайды, сосын билік тарапынан бұндай жеңілдік ешқашан болмайды» деген ақпараттың тарауы себеп. «Бұны пайдаланған алып-сатарлар бағаның шарықтауына үлес қосып жатыр. Жалпы көлік бағасы 30 пайызға дейін көтеріледі деген жалған. Өйткені төлем, баж салығы мен көлікке қосылған құн салығын есептесек, 60 пайыздан 100 пайызға дейін артуы мүмкін»,- дейді Г.Шестаков. Оның айтуынша бұл уақытша құбылыс. «Баға осы жылдың аяғына дейін, мүмкін қыркүйек айында-ақ өз орнына келеді»,- дейді ол.

Қазірше автонарықта қарбалас қызу сауда жүріп жатыр. Халық жеңілдікті пайдаланып сатып алып қалғысы, алып-сатарлар сұранысты пайдаланып, сатып қалғысы келеді. Автобазардың көрігін қазақстандықтармен қатар Ресейліктер де қыздырып тұр. Олар да 1 шілдеге дейінгі арзан бағаны пайдаланып қалғанды жөн көреді. Өйткені Қазақстандағы қазіргі баға Ресейдегі көлік бағасынан 2-3 есе арзан. Соған орай Алматыдан Ресейге қарай аптасына 30-50 көлікке дейін аттанып жатқан көрінеді.

Шілде алдындағы қарбалас әбігерге де толы. Жеңілдік мерізімін пайдаланып, шет елден көлік алып қалғысы келгендердің көптігінен Қытай, Иран, Түрікменстанның кедендері лық толған. Қазақстанға ағылған автокөлікті өткізіп үлгермей жатыр-мыс. Түрлі ақпаратқа сүйенсек, қазіргі кезде Иран мен Түрікменстан кедендерінде 5 мыңға жуық көлік кептеліп тұр. Бұрын АҚШ-тан екі айда жетсе, қазір көліктер 4 айдан бері жол жүруде. Ақшасын «аттандырып» жіберіп, көлігін күткен Қазақстандықтар бұған алаңдап, өткен аптада кедендік жеңілдік мерізімін ұзартуды сұрады. Алайда Кеден комитеті жеңілдік мерзімінің ұзартылмайтыны жайлы хабарлады. Жеңілдікпен рәсімдеп үлгермейтіндер енді 1 шілдеден бастап қымбат бағаға рәсімдеуге тура келеді. Мәселен: 2010 жылғы АҚШ-тан келетін, двигателі 4000 куб.м «Toyota 4Runner» автокөлігінің құны 35000 долар тұрады. Алматыға жеткізу құны 2000 доллар шамасында. Жаңа тариф бойынша жаңа көлікке кеден баж салығы 30 пайыз көлемінде болады. Бірақ 1см3 двигатель үшін 2,8 доллардан кем емес. Егер жеткізу құны 200 доллар болса, онда кедендік алым (35000+2000)*30%=11 100 АҚШ долларын, двигатель көлемін қоссақ 4000*2,8*1,44=16 128 АҚШ доларын құрайды. Акциз бағасы 1 см3 үшін 100 теңге, яғни 4000*100=400 000 теңге немесе 2740 АҚШ доллары болады. Кедендік алым 60 еуро. Қосымша құн салығын қоссақ (35000+16128+2740+81+2000)*12%=6 714 АҚШ доллары болады. Барлығын қосқанда бұл көлікті кедендік рәсімдеу 25 663 АҚШ долларын құрайды. Ал қазіргі жеңілдікпен бұл сомма 5 мың доллар айналасында болады. Ара салмақ 20 мың долларды құрап отыр. Бұл ретте нарықта жанталас пен бағаның бас айналдырарлық күйге жетуі түсінікті жайт.

Сарапшылар бұл өзгерістердің жаңа көліктер нарығына әсер етпейтіндігін айтады. Олардың пікірінше Еуро-3 пен Кедендік одақтың бірыңғай тарифінің енгізілуі Қазақстанды ескі-құсқыдан арылтып, жаңа көліктің көбеюіне жетелейді. Өйткені 1 шілдеден соң, жыл аяғына дейін баға реттеле бастаған тұста жаңа көлік пен ескі көліктің құны теңеседі. «Астана Моторс» ҚМК бас директорының орынбасары Антон Афониннің айтуынша, шығарфылғанына 7-8 жыл болған «Гольф» көлігін 20 мың долларға алғанша су жаңа Корея немесе Франция көлігінің тізгінін қолына ұстаған жөн көретін қазақстандықтар көбейеді. Алайда қазақстандықтардың дені 3-8 мың доллар аралығында көлік мінетінін ескерсек, Ресей мен Өзбекстаннан шығатын көліктен басқа су жаңа көліктің көбейеріне сенім аз.

Қалай десек те шілде таяу. Ал оның ескі көлік нарығы мен қазақстандықтардың өміріне біраз өзгеріс әкелері сөзсіз. Әзірге еншімізге шарықтаған бағаны бақылау ғана қалып отыр.
Бөлісу:

8 пікір

AKY
Рахмет, керекинфо.
19852407
10 мың долларга қандай мәшине мінуге болады а?
konvict
Ресейдің нашарларын сатудың амалы
saken
Қырғыздардың саудасын жүргізейін деп отырғандаймыз. Алматыда қырғыз нөмірлерімен жүрген мәшинәлардың саны күннен-күнге көбеюде.
omarbirat
Амал который. Қазақстандықтарға енді шет елден машина сатып алып, кедендік рәсімдеуден өткізгеннен гөрі, сенімхат арқылы қырғыз нөмірі бар машинамен жүру әлдеқайда тиімдірек болып тұр. Екі жаққа да салықтар төлейді, бірақ кедендік рәсімдеуге кететін қыруар ақшасы қалтасында қалады.