Ескерту

Қияметтің күнін ойлап, ес кетіп,
Алла барын қояйын деп ескертіп,
Сиясына батырып ап жүректің,
Қаламменен ақ қағазға жыр ектім.

Аспан жерді алты күнде жаратқан,
Хабардар бол Жаратушы әл-Хақтан,
Біліп алғын жәннат, тозақ ол да рас,
Өткінші өмір қызығына болма мас.

Сені Алла бір тамшыдан түзеді,
Күйіп суып, денең бәрін сезеді,
Өтіп кетер қайран өмір зуылдап,
Ағайының артта қалар шуылдап.

Тауып ашып табыт деген есікті,
Талай жандар бұл жалғаннан көшіпті.
Ақылыңның аясын сен тар қылма,
Ақыретте өмір жоқ деп сарқылма.

Ізгі амалың болса рухың бақ табар,
Сол рухың жауап үшін сақталар.
Жүрегіңде табылмаса иманың,
Пайда бермес мал мен мүлік жиғаның.

Екі көзін топырақ кеп көмбесе,
Дүниеге тоймайды адам, ендеше.
Жаман істер кілті болар тозақтың,
Есеп беру өлімнен де азап тым.

Алланы ойла, жақсы амал қыл, ерінбе,
Сол амалың дос болады көріңде.
Жаратқанды ойлар болсаң тағатпен,
Қуантады ақыретте жәннатпен.

Балаңа да қалдыр ілім мұрасын,
Сені ескеріп бағыштайды дұғасын.
Ғибадат қыл жаман істен сақтанып,
Алла алдында атың шығар мақталып.

Авторы: Дарын Мубаров
Бөлісу:

5 пікір

konvict
@Ojdan меніңше өлең жақсы жазылған
izbasar
Аллах тағалаынң мейірімі шексіз. Аллах Керекшілерге тауфих берсін.
Azretbergenova1991
КЕШІРЕГӨР АЛЛАhЫМ,
СЕНЕН БАСҚА КІМ МЕНІ КЕШІРЕР?!
Azretbergenova1991
Дарын Мубаров АҒА ӨЛЕҢ КЕРЕМЕТ,ӘМИН!