Нахл сүресінің 36-аяты
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, әрбір үмметке: “Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер және тағуттан аулақ болыңдар”, — дейтін елші жібердік» (Нахл сүресі, 36-аят).
Жекелеген сөздер:
Үммет
Құранда үммет сөзі төрт мағынада келеді:
1) Ел, қауым, адамдардың тобы. Мысал: «Расында, әрбір үмметке (яғни, әр елге): “Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер және тағуттан аулақ болыңдар”, — дейтін елші жібердік» (Нахл сүресі, 36-аят);
2) Имам, үлгі. Мысал: «Расында, Ибраһим үммет (яғни, үлгі) болған» (Нахл сүресі, 120-аят);
3) Дін. Мысал: «Шын мәнінде, біз ата-бабаларымызды бір үмметте (яғни, дінде) таптық» (Зухруф сүресі, 23-аят);
4) Уақыт, заман, мерзім. Мысалы: «Ол біраз үммет (яғни, мерзім) өткен соң еске алды» (Юсуф сүресі, 45-аят).
Құлшылық
Шейхул-ислам Ибн Тәймия (оған Аллаһтың мейірімі жаусын) былай деген: “Құлшылық дегеніміз – бұл Аллаһ жақсы көріп, разы болатын барлық жасырын немесе жария сөздер мен істерді қамтыған есім” (Қараңыз «`Убудия», «Мәжму`ул-фәтәуә» 10/149).
Тағут
«Тағут» сөзі «шектен шығу, шекарадан асу» деген мағына береді. Сондықтан, жағасынан тасып жатқан өзен туралы арабтар: «тоғо (шекарадан асты) әл-ма у (су)», — дейді.
Ибн әл-Қайим (оған Аллаһтың мейірімі жаусын) былай деді: “Тағут – бұл адамның шектен шығуына себеп болатын ма`буд (оған басқалар құлшылық етілетін нысан), мәтбу` (оның артынан басқалар ілесетін нәрсе) немесе муто` (оған басқалар бағынатын біреу)”.
Ал біз талқылап жатқан аятқа келсек, бұл жерде «тағут» деп Аллаһтан өзге құлшылық етілетін барлық нәрсе меңзелуде.
Елші
Елші (“расул”, көпше түрі “русул”) — оған уахи арқылы шариғат берiлген, әрі соны жеткiзуге бұйырылған адам.
«Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер және тағуттан аулақ болыңдар» деген сөздер «Мен жындар мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» сөздеріне ұқсас. Яғни, қалай Аллаһ жаратылыстарды Өзіне құлшылық ету үшін жаратса, солай елшілерді де құлшылықпен жіберді. Елшілерді адамдарға егіншілік пен шарушылықты, өндіріс пен кәсіптерді үйрету үшін немесе қалай ішіп, қалай жеу керегін үйрету үшін жібермеді, сондай-ақ Раббының бар екенін, Оның ғана Жаратушы, Басқарушы, Билеуші екенін мойындатқызу мақсатымен жібермеді. Жоқ! Оларды Аллаһ өздері танып, өздері мойындайтын Раббыларына құлшылық етуді әмір ету үшін жіберді. «Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер» — бұл бұйрық, «тағуттан аулақ болыңдар» — бұл тыйым салу мағынасында келген бұйрық.
Елшілер жіберілуінің даналығы:
1) Дәлел жеткізу (иқамату әл-хужжа). Аллаһ Тағала былай деді: «Елшілерді қуандырушы, қорқытушы етiп жiбердiк. Елшiлерден кейiн адамдардың Аллаһқа қарсы сылтауы болмауы үшiн. Аллаһ Тағала – аса Үстем, әрi хикмет Иесi» (Ниса сүресі, 165-аят).
2) Мейірім (әр-рахма). Аллаһ Тағала: «Біз сені тек әлемдер үшін мейірім ретінде ғана жібердік», — деп айтты (Әнбия сүресі, 107-аят).
3) Аллаһтың құзырында адам қандай міндеттерді орындау керегін жан-жақты кейіпте тек елшілердің жолы арқылы ғана біле алады.
Елшілер: «Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер және тағуттан аулақ болыңдар» деді. Бұл аятта «ижтәнибу» сөзі қолданылған. Оның мағынасы «тастаңдар, қалдырыңдар» деген сөздерден күштірек. Өйткені, «ижтинәб» сөзі араб тілінде: «Бір нәрсенің өзін де, оған апаратын барлық құралдар мен жолдарды да қалдыруды» білдіреді.
Аллаһ Тағала: «Аллаһқа ғана құлышылық етіңдер» деп, немесе «тағуттан аулақ болыңдар» деп шектеліп қалмады. Өйткені, таухид (жалғыздау, бірлеу) екі тіректен құралады:
1) Исбәт (бекіту, растау);
2) Нәфий (теріске шығару).
Жәй ғана теріске шығару бір нәрсенің жоқ екенін білдірсе, бекітумен ғана шектелу серіктестікке, ортақтастыққа кедергі болмайды. Бұған мысал:
“Зәйд тұрып тұр” — бұл сөйлемде Зәйдтың тұрып тұрғаны расталып жатыр, бірақ оның тұрып тұруында жалғыз екені айтылмайды.
“Ешкім тұрған жоқ” – бұл жоққа шығару ғана.
“Зәйд тұрып тұр. Одан басқа ешкім тұрған жоқ” – бұл Зәйдтың тұрып тұруындағы жалғыздығын білдіреді. Себебі, осы сөйлемде исбәт та (бекіту), нәфий де (теріске шығару) қамтылған. Аятта бүкіл елшілер мен пайғамбарлардың таухидке шақырғаны және елдеріне «Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер және тағуттан аулақ болыңдар» деген сөздермен жіберілгені баяндалған.
1 пікір