Көңілді көтерген София & Бота

Мамыр айының басы тосын оқиғаларға көп болғандықтан біраз есеңгіреп қалғаным бар. Көптен бері армандап жүрген Сара Найманның концертіне баруға да мүмкіндік болмады. Бара алмағаныма ішім ашыды. Көңілім аш болып жүргеніне екі аптадан асып кеткен еді. Кешегі өткен сенбіде сол аштықты жеңетін керемет концертке бардым. Концерт өзіміздің Қазақконцерт ғимаратының залында өтті. Екі сағаттың көлемінде өткен концертте өзіміздің Отандасымыз София мен Бота Закирдің өнеріне қол шапалақтаумен отырдым. Шапалақты өздері сұрап алған жоқ, өнерлеріне сүйсінген өзім еріксіз шапалақтадым.
София музыкалық білімді Пекинде (вокал) алған, 1990-1993 жылдар аралығында Алматыдағы Құрманғазы консерваториясында білімін жалғастырған. Ал Софияның қызы Бота Германиядағы өтетін жас өнерпаздардың байқауының екі дүркін жеңімпазы атанған екен. Бұл концерт жайлы естігеніме 2-3 айдың жүзі болған. Билет қолыма тигенде қуанышымда шек болмады.
Анасы сопрано, қызы пианист. София атақты опералардан ариялар орындады, ал Бота керемет сонаталармен бәріміздің таңдайымызды қақтырды.
Ариялар мен қоса Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», Сейтуллаевтың «Сағыныш», «Гауһартас», «1 пиала» әндерін орындағанда, жиналған қауым отырған орнынан тұрып кете жаздады. Құшақ-құшақ гүл шоқтары, тоқтамаған қол шапалақтаудан толқыған Софияның көзіне жас келді. 16 жылдан соң елге қайта келген София, сөзінде шексіз бақытты екенін айтты.
Айпақшы концерттің әсерлі өтуіне концертмейстер Гүлбадам Бакиева да өз үлесін қосты.
Тап осы концертті теледидардан көрсетсе қарамас па едім, қарасам да дым әсер алмас едім. Бірақ тірідей көрген концерт, жанды дауыс, көппен көрген ұлы той демекші, көптің арасында отырып бір рахаттанып өнерге сусындап алдым. Қақ желкемде отырған бір жігіт, барша дауысымен «БРАВО»-лап қоймайды, өнер сүйер қауым жабыла менің арт жағымдағы жігітке жалтақтайды. Ол жігіт болса, қояр емес. Концерттің басталғанына 30 минуттан асып кетсе де, алдыңғы қатарға 5-6 қыз келіп жайғасты. Не жырқыл екенін білмедім, біліп келді ме, жоқ әншейін өтіп бара жатып соға салайын деді ме, ыржың-ыржың етіп, ақыры шыдамады-ау тыпыр-тыпыр етіп, шығып кетті. Арт жақта сахнаға көзі жетпеген болар, тап алдыма орын ауыстырған жігіт, пираттық түсірілімін бастап кетті. Біресе оң жағынан, біресе сол жағынан сығалап сахнаға қарап отырдым.
Осындай әсерлі концерттен соң, қаламыздың орталығындағы ескі алаңда жастардың хип-хоп стиліндегі концерті өтіп жатқан жерге бардық. Бұл жерде көп аялдамастан құрбым екеуіміз ескі алаңның жанындағы саябақты араладық. Демалыс жақсы өтті.
Бөлісу:

1 пікір

direct
Демалыс жақсы өтті
осы жері күшті жазылыпты, жұмыстан тіреліп жүрмін, содан ұнады:)