Инөнү стадионынан

Өткен дүйсенбі Түркиядағы көруді мақсат еткен мекендердің бірі Бешікташтың «Фиапы Инөну» стадионында матч тамашалау нәсіп болды. Бұл жылғы финалда Стамбұлдық Беледиеспор командасынан 6-5 есебімен басым түсіп, Түркия кубогын иемденген олардың Супер Лигадағы табысы пәлендей көңіл көншітерлік емес-ті. Ортаңғы, алтыншы яки жетінші орынды місе тұтып жүргендіктен аталмыш матчтың да салмағы да пәлендей ауыр емес-тұғын. Қарсылас та мен сүйсіне қоятындай команда емес, Ескішехірспор. Тек, бұл сезонның Бешікташтың өз алаңындағы соң матчы болған соң стадионын да бір көрейін деген ой ғана болды. Бір қызығы Галатасарайдың жаңа стадионындағы алғашқы көрген ойыным да осы Ескішехірспордікіне дөп келген-ді. Ол жерде Галатасарай қарсыласын 4-2-мен тізерлеткен. Сондықтан аталмыш команданың шалымы маған аз да болса таныс келді. Қос команда да басқы орындарға таласып жатпаған соң әр екісіне де жоғалта қоятын ештеңе жоқ, ойын мейлінше жайбарақат өтті. Шыны керек, матчты көруден жанкүйерлер шоуын тамашалау әлдеқайда қызық-ты. Түркиядағы ең қызуқанды жанкүйер осы Бешікташтың және «Қаратеңіз дауылы» — Трабзонспордың фанаттары десек қателеспеген болар едік.
Галатасарайдың ескі және жаңа стадиондарына қарағанда мұнда ретсіздік дереу көзге ұрады. «Арыстандардың» ескі мекені Али Сами Йен секілді бұл да қаланың орталығында орналасқан. Сондықтан матч күнгі жанкүйерлердің қозғалысы қалада көлік тығының орын алуына тікелей себепші. Стадионның айналасы да, де іші ыза-қиқу, у-шу. Енді, матч күнгі стадионға тән нәрсе ғой бұл дерсіз, онан бөлек іші де, сырты да қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Бұл жылдың көктемінде бұзылып, орнына жаңа стадион салуға шешім шығарылады деген сыбыс шыққан еді. Алайда неге екенін қайдам, бұзылмай сол күйінде қалды. Бірақ стадионның жөндеуді қажет ететіндігі анық көрінеді. Орындықтарының шегесі босап, сындырмай-ақ алынуға дайын тұр. Осы ретте бір қызық жайт есіме түседі, Галатасарайдың қазір орнына сауда орталығы бой көтергелі жатқан ескі стадионындағы соңғы матчтан қайтарда, ақыры бұзылады ғой, естелік болсын деп бір орындықты көтере кетпек болғанбыз, алайда орындықтардың мықтылығы сонша, қанша тепкілесек те сынбай қойған, мұны көрген стадион қауіпсіздік қызметінің өкілдері бізге, балталайтын кісісіңдер ғой, — деп қалжыңдаған еді. Бешікташ стадионы бұзылатын болса, фанаттары естелікке орындықтарып жұлып әкетуде пәлендей қинала қоймайтын сияқты. Қысқасы, стадиондағы ретсіздік, көшіп кеткен елдің жұртында қалғандай әсер қалдырады екен. Бұл ойын басындағы көрініс, біткеннен кейінгіні өзіңіз елестете беріңіз.
Бірді айтып, бірге кеттім. Ең мақтауға тұрарлығы Бешікташтағы жанкүйерлік аурасы екенін жоғарыда тілге тиек еткен едім, тоқтаған жерімнен жалғастырайын. Маңызы онша үлкен матч болмаса да жанкүйерлер стадионды толтырды, сыртта да билет таба алмай сан соғып жүргендер аз емес-тін. Матч басталғаннан бірнеше Бешікташ маршын кезекпе-кезек орындап шыққан олар арасында Фенербахчеге тиісіп кетуді де ұмытқан жоқ. Алғашқы қырық бес минутта тек Фенербахче әдірісіне мұқату жолдаған оларды мақтай беріп ем, Бешікташтық досым: Тоқтай тұр, қазір алпысыншы минуттан кейін Галатасарайды да құр қалдырмаймыз,-деп әзіл-шыны аралас ескертіп өтті. Айтқандай-ақ кезегі келгенде «Галатасарайййй...» деп бастай берген еді, доп қақпаларының алдына ойқастап жақындай берді. Жандары мұрындарының ұшына келген олар сілтідей тына қалды. Қауіптің беті қайтарылғанымен, алдында не айтып жатқандарын өздері де ұмытып, басқа маршты бастап кетті. Бұдан соң жатқан жыланның құйрығын баспайық деді ме, бұл «тақырыпқа» қайта айналып соқпады. Матч барысында байқағаным, аталмыш командада нәзік жынысты жанкүйерлердің үлесі ерлерге қарағанда көбірек пе деп қалдым. Қолдарына әлі жасқа да толмаған балаларын көтеріп, матчқа келгендердің саны айтарлықтай еді. Мұнысымен олар «әйелдердің жанкүйерлігі тұрмысқа шыққанға дейін немесе әйелдер жанкүйер бола алмайды» деген пікірдің күл-талқанын шығарғандай еді. Жанкүйерлердің даусынан құлақ тұнады, істеген әрекеттері де цирк әртістері секілді еріксіз күлкі шақырғандай еді. Бүткіл тоқсан минут бойы ойынды емес, жанкүйерлерді тамашаладым десең ешкім сенбес, бірақ Бешікташ матчында бұл әбден мүмкін жайт еді. Әрине ойын біткенде таблодағы есеп 3-1ді, алаң иелері пайдасына шешілді. Алайда, қай голды кім соқты, қаншасыншы минутта десеңіз, кібіртіктейтінім анық.
Ойын біткен соң тып-тыныш кете қалатын біз бе, футболшылар шығатын есікті жағаладық. Менің шетелдік екенімді көрген олар көп сұратпай ішке өткізіп жіберді. Автобусқа мініп кеткелі жатқан Симао, Альмейда, Аурельио, Сивок, Бобо, Рүштү Речбер сынды жұлдыздарға досым формасына автограф қойғызып, мен суретке түсіп үлгердім. Гути Мен Quaresma болса, ешкімнің өтінішіне қайырылмай жеке автокөліктерімен ол жерден тезірек кетіп қалуға асықты.
Бөлісу:

3 пікір

TERISKEI
ақыры бұзылады ғой, естелік болсын деп бір орындықты көтере кетпек болғанбыз — ық-ық, қойсаңдаршы, Ғалеке, тым болмаса шетелде жүрсің ғо :))))
мен суретке түсіп үлгердім — қайда енді, көре алмай жатқаным…
satvaldo
mabedimizsin десең я :)))