2007 жылы жоғалған «Нұр Банк» топ-менеджерлерінің денесі табылды

2007 жылдың ең шулы оқиғаларының бірі. Рахат Әлиев, Алматылық СОБР қызметкерлері, олардың сотты, шулы істері, Нұр банктің топ-менеджерлері, олардың бірінің әйелі Армангүл Қапашева… Бұлар сол атышулы оқиғаның басты кейіпкерлері. Барлықтарымыздың есімізде шығар. Сол оқиғада жоғалып кеткен «Нұр банктің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты әлі күнге дейін іздеу жалғасып келген еді. Сан қилы жорамал айтылған-ды. Қаржы полициясынан бой тасалап жүр, өлтірілген т.б версиялар қаптап кеткен. Осы іске нүкте қойылатын сияқты.Бүгін Бас прокуратура екі банкирдің өлі денесін тапқандығы туралы ақпар таратты.

Осыдан төрт жылдан астам уақыт бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен «Нұрбанк» АҚ-ның бұрынғы топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айдар Хасеновтың мәйіттері Алматы қаласының тау бөктеріндегі «Қазтелерадионың» қоймалар базасы аумағынан табылды.

Бұл туралы бүгін Астанада болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.

Оның айтуынша, топ-менеджерлердің мәйіттері 3-3,5 метр тереңдікте темір бөшкелерге жерленген. «Мәйіттер полиэтилен пакеттермен оралған, мойындары жіппен және темір сыммен байланған. Мәйіттерді алдын ала тексеру нәтижелері бойынша оларды Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың денелері деп жорамал жасауға толық негіз бар, — деді ресми өкіл. ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі сондай-ақ мәйіттерде 4 жылдан астам уақыт бұрын ұрланған банкирлердің киімдері болғанын мәлімдеді.

Ресми өкілдің айтуынша, мәйіттер бұрынғы қылмыс құрбандарының жерленген орындарында жатқаны болуы мүмкін, деген болжам болған. Іздеу жұмыстары мәйіттер табылған жерде және одан 100-150 метр қашықтықта жүргізілген. 2007 жылдың 9 ақпанында қылмыскерлер Темірәлиев пен Хасеновті соңғы рет белгісіз жаққа алып кеткен уақытта дәл осы жерде болғандары туралы тиісті деректер бар. Мәйіттердің бірінен глейдер этикеткасы сақталған ішкиімдер табылды. Хасеновтің жұбайы болса күйеуінде осындай ішкиімнің бар екендігін айтқан болатын, деді Ж. Өмірәлиев.

Оның айтуынша, мәйттерді қарау барысында олардың тіс протездері де тексеріліп, Ж. Темірәлиевтікімен ұқсас екендігі анықталды. «Қазақстан Германияның тәуелсіз сарапшыларымен бірге бірлесе отырып, қазіргі таңда қажетті барлық сараптауларды тағайындады. Жуырда мәйіттерге геномдық және биологиялық, физика-техникалық сараптамалар жүргізіледі», — деді ресми өкіл.

Бұдан бұрынырақта хабарлағанымыздай, 2007 жылғы 11 қазан күні Алматы қалалық ІІД Қазақстан Республикасы Ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы Жолдас Темірәлиев пен Айбар Қасеновтың ұрлануы фактісі және бірқатар басқа да ауыр, өте ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істі аяқтайтынын хабарлаған болатын. Аталмыш қылмыстық іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабының 1- бөліміне сәйкес алдын ала тергеу органдары Қазақстан Республикасының азаматтары — Әлиев Рахат Мұхтарұлына, Кошляк Вадим Михайловичқа, Мұсаев Әлнұр Әлжапарұлына, Сапожников Виктор Анатольевичке, Имашев Төлеген Сержанұлына қатысты оларды айыпкер ретінде тарту жөнінде өкім шығарды. Аталған азаматтардың елден тысқары жүргеніне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 208-бабының 3-бөліміне сәйкес оларға сот Алматы қаласында 2007 жылы қазанның 13-інде таңертеңгі сағат 10-ға белгіленгені хабарланған болатын.

Ал 2008 жылғы қаңтарда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевті «Нұрбанк» акционерлік қоғамының топ-менеджерлерін ұрлағаны үшін кінәлі деп танып, сырттай 20 жылға қатаң режимдегі түрмеге кескен болатын.

Сот үкімін судья Нұрділдә Сейітов 2008 жылдың 15 қаңтарында жария етті. Үкімде Р.Әлиевтің, Нұрбанк клиенттері — бірқатар заңды және жеке тұлғалардың дүние-мүлік және қаржылық жағдайы туралы сенімді ақпараттар негізінде, банк басқармасы төрағасы орынбасарының кеңесшісі Вадим Кошлякпен және «Алматур» акционерлік қоғамының директоры Құрман Әкімқұловпен ымыраласып, бөтеннің мүлкіне ие болу үшін «Нұрбанктің» бұрынғы топ-менеджерлері Әбілмәжін Ғылымовты, Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтарды ұрлағандығы айтылады.

Ал 2008 жылғы 18 қаңтарда Астанада өткен брифингте Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына қатысушылар бөлімінің прокуроры Владимир Кириленко «Нұрбанк» акционерлік қоғамының топ менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіттерін іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеген болатын.

В. Кириленко сол кезде соттың мәліметтері бойынша аталмыш азаматтарды 2007 жылдың 9 ақпаннан кейін ешкім де көрмегенін айтқан болатын. «Біздің пайымдауымызша, олардың тірі болуы екіталай. Бұл мәселе бойынша қазір іздестіру шаралары жалғасуда. Құзырлы органдар мәйіттердің қай жерде болуын шамалап біледі. Оған байланысты іздеуге жататын арнайы аймақ та белгіленіп қойды. Оның көлемі 90 гектарға жуық аймақты қамтиды. Онда қазір атқарылуы тиіс шаралар өте көп», — деген болатын сол кезде В. Кириленко. Түпнұсқа. www.inform.kz/kaz/article/2380568
Бөлісу:

14 пікір

Erbol
Бүгінгі күн жаңалыққа толы боп тұр
sammita
Ербол бүгін жаңалыққа тойдырды, маладес.
Жалпы белсенділігіңді айтам, әйтпесе мынау өте өкінішті ақпар…
208 жылдың дегенді түзеп жіберші.
Erbol
208 жылдың дегенді түзеп жіберші.
Түзейтін жері жоқ сияқты.
alisha
208 жылдың 15 қаңтарында  
дегенді айтады
qisyq
Біраз, хай-вай болып еді… Денелері табылған екен ғой. Жесір әйелдер не болып жатыр десеңші.
alisha
Иә, қасқалар десеңші, біраз шыр-пыр болып еді…
Gulistan
Марқұм болғандардың бірінші кезекте отбасына, ағайын-тумаларына қиын болды.Балаларына обал. Не деген айуандық!
Армангүл Қапашева соншама уақыт ізденіп, сұранып, арыз жазып, қуынғанда жолдасының аман-сау келмесін білмесе де, дәл солай 3 метр тереңдікте 4 жыл бойы жатқанын елестетіп те көрмеген болар.
Serzha
қылмыскерлер шашын неге қырып тастады екен?
Bekjan
Нағыз «варварлардың» заманы ғой… Жаңалықты оқып отырып денем түршікті… Бұл әлемде сот болмағанымен, Әділет соты бәрібір тиісті жазаны береді…

Өкініштісі әрине, жетім қалған балақандарға, жесір қалған әйелдерге обал болды…
sabalak
марқұм Жолдас Тимралиетің әкесі Атырауда бір колледждың ректоры. Мәйіттерінің табылғаны жақсы болды. Ұлын арулап жерлейтін болды ғой.