Прага: Карл көпірі, Кафка және көңіл

Слайдшоуды қарау
Прага суық қарсы алды. Адамдары да суық болды бұл жолы. Дүкенде, метрода, қонақ үйде. Бір дөрекілікті, сұстылықты сездім. Менсінбеушілік бар сияқты. Себебін Еуропалық одақ елдеріндегі ұлтшылдықтың қанат жайып келе жатқанымен түсіндіреді. Еуропа сығандарды жер көреді. Тобырмен көшіп, өмірдің мәнін сауық-сайранға құрған халықты жек көретіндер жер бетінде жетерлік. Мұның барлығы жай туристке көрер көзге көрінбейтін жайттар болуы мүмкін. Бірақ алғашқы көрген Прага мен қазіргісінің айырмасы үлкен сияқты. Әлде мен өзгердім бе. Соңғысы дұрыс сияқты.

Маған ештеңе болған жоқ. Көңілімді де ешкім қалдырмады. Бірақ адамдардың қарым-қатынасы бөлектеу. Бәлкім, Прагадағы күн райының құбылып тұруы (күндіз күннің күлімдеп өзгертіп, кешке қарай қайыра суық желдің соғуы) әсер етті ме… Әйтеуір басқаша болды.
Кетер күні Карлдың көпіріне қайыра соқтым. Алғаш келгенде Франц Кафка мұражайына кірмей кетіп едім. Осы жолы ақшамды қиып, мұражайға кірдім. Көңілім астан-кестен болды. Менен бір ғасыр бұрын дүние келген бозбаланың суретін көріп, тұрып қалдым. Күллі өмірін бір өзі баяндап тұрғандай болды. Мұражай іші ала көлеңке. Әрбір залдан әртүрлі дауыстар естіледі. Францтың балалық шағында ыңырсыған дауыстар, қарғаның қарқылы, сұсты Прага, суық жел гулейді. Әкесіне жазған хаттары, тырнақалды мақалалары. “Әкешім…” деп басталған сөйлемдері… Әке мен бала арасындағы шиеленіскен қарым-қатынас. Жүрегім шымырлады. Қараңғы мұражайда бір өзіммін. Қасымда Франц Кафка. Алғашқы ғылыми мақалалары. Иттің етінен жек көрген бюрократия залы. Қаптаған темір шкафтардың ортасындамын. Қара зілді телефонның дамылсыз шырылы, сықырлаған темір шкафтар, айғай-шу… Ашық тұрған тартпадан Кафканың кітаптары қылтияда. Жүрек сырын ақтарып тұр. Ашық. Батыл емес, бірақ ызамен жазылған ойларын санама станоктың тарсылы шегелеп тастады. Аппақ қабырғада Кафка суреті шимайланып шығып жатыр. Еденге отыра қалып, жазған әрбір жолына үңілемін. Бөгде бір кеңістікке түсіп кеттім. Сол уақыттағы Прага, бюрократия, дін мен болмыс арасында қарама-қайшылықтар, өмірінің соңына дейінгі уақытта қасынан табылған сүйіктілері, қан құсып ауруының меңдегені, әкесіне деген назы, “ мен жүрегімнің түбінде қытайлықпын” деп сүйіктісіне ақтарған сыры… Соңғы залдамын. Шығармаларының кейіпкерлері. Аралдағы адамды азаптаған құралдар. Көзіме жас тығылды. Кафканың өмірін жек көрдім. Сол үшін құрметтеуім керек деп шештім.
Иманын шарқ ұрып іздеген Кафка жалғыз жұбанышы да, махаббаты да – әдебиет болғанын айтып шығарып салды. Прагаға барсам, енді мені кім күтіп алатынын білетін болдым.

Мақала сілтемесі: http://urimtal.wordpress.com/2011/05/03/%d0%bf%d1%80%d0%b0%d0%b3%d0%b0-%d0%ba%d0%b0%d1%80%d0%bb-%d0%ba%d3%a9%d0%bf%d1%96%d1%80%d1%96-%d0%ba%d0%b0%d1%84%d0%ba%d0%b0-%d0%b6%d3%99%d0%bd%d0%b5-%d0%ba%d3%a9%d2%a3%d1%96%d0%bb/
Бөлісу:

2 пікір

VKM
Әсерлі жазыпсыз)
Aizhantabyn
Прага, Прага, Прага… Қаншама рет армандалған қала. Ескі үйлерін, көшелерін көргім ақ келеді. Ал Кафка енді мүлдем бір төбе.

Рахмет, аға! Өте әдемі баяндап бердіңіз)