Қартайдым, қайғы ойладым

“Қараптан-қарап қуасың-ей?” Осы сұрақты Өркен өзіне қоймады дейсіз бе? Қойды, әрине. Бірақ, 25-тегі жігітті 40-тың қызығы еліктіріп қоймапты енді. Жазып құтылайын депті… Жазсын. Қазекем өзі жас ерекшеліктері психологиясын жастанып оқымаса да, адам жасына сай амалдарын атап-атап кеткен. Бірден жүзге дейінгі кезеңді жіктеп, жырына қосып, ұлағат
қылып, ұрпағына қалдырып отырған. Бірақ… бәрінен бұрын қырық жасқа көңілді ерекше бөлгені (ұйқас қуып естіліп тұрады десең, иә)) көрініп тұрады. Қырық жасқа «Қамал бұзар», «Қылшылдаған» деген теңеулерді құлағынан теліп жатқанда, «Қымыздан артық ас жоқ, қырықтан артық жас жоқ», «Жақсы қырқында толады, жаман қырқында солады», «Отызында оқ атпаған, қырқында қылыш шаппас», «Жақсы адам қырқына дейін ақыл жинайды, ақылсыз қырық жасында тоздырады» деген мақалдардың көптігіне таң қаласыз.
Он бесті қой жас, жиырма бесті жылқы жасы деген қазақ қырық жасқа патша жасы деп атау берген. Содан ба, Шығыс халықтарында қырыққа жасы жетпеген адамды күш-қайраты толысқанымен, ақыл-парасаты әлі де бітіспеген деп хан көтермеген. Қырыққа толғанда барып патша жасындағы адам деп атау осыдан қалған деседі. Бұған осы жасында, немесе қырықтан асып барып ел басқарған азаматтардың арамызда көп болғаны мысал болады. Бірақ қазақтың соңғы ханы Кенесары қырық жасында, жылқы жылы бақилық болғанын Мәшһүр Жүсіп жазып кеткенімен, оның 45 жасында қаза болғанын тарихтан білеміз. Мына Батыс ше, ондағы өркениеті өрге басқан мемлекеттерде ше (шо за стиль?), ел басшысына қырықтан асқан адамды ғана сайлайтын салт қалыптасқан. Бүгін де ҚР Конституциясында президент болуға пейілді азаматтың қырық жасты еңсергені басты талаптың бірі болып тұр… Ал енді жырауларымыз «Бір жас бар, қырық деген қылыш екен, Мойныңды бір жұмысқа бұрыс екен», немесе «Қырық жаста өмір мәнді сезілер, Елу жаста ұрпақтан ұмыт көрінер» деп жырлапты. Жақайым Жетес шешен «қырық жас та – бір дәуір, ақ алмастай жарқылдадым, аққан дариядай сарқылмадым, тау қыранындай шаңқылдадым, алдымнан шешусіз дау өтпеді, сөз кезегі келгенде маған адам жетпеді» деген сөз қалдырыпты. Осылай тізбелей берсек, тізбелей берсек көп қой, очм.
Мәселен дейікші, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығында (атамызды сопылар жекешелендіріп алмаса, аса тиісе қоймас енді) қырық жастың орны ерекше болғанын өлеңдерінен оқып білгенбіз. Қырықтың өз ғұмырындағы сапалық белес болғанын Шәкәрім бір емес, үш рет қайталап өткен екен. “Қырықтан соңғы сөзімді, сынап таны өзімді”, “Жас қырыққа кірген соң, бір ой түсті жаңадан”, “Қырықтан аса бергенде, ақылым қылды шерменде”. Яки, қырық жас – ақынның сапалық тұрғыда жаңа сатыға көтеріліп, байырғы мәселелерге басқа қырынан қарауға мүмкіндік сыйлаған мезет. Шәкәрімнің ойларын шиыршық атқыза, өзіне де, өзгеге де сын көзбен қаратқызған қырық жасқа Абай атамыз да аса мән бере кеткен. Айталық, «Адам қырық жасына дейiн бiлiм жинап, қырық жасында камил толады, ақыл-ойы, жiгер-қайраты жетiледi. Ендi үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тiлiне жетiк болдық» дегенді Абай Шәкәрімге айтқан-ды. Осы әңгіме үстінде Абай білімін жетілдіру үшін Шәкәрімге  Ыстамбұл, Александрия, я Мәдинаға баруға кеңес берген деседі. Тіптен, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген ойлы сөзді айтқанда, Абай небәрі қырықтың үстінде (негізі 41 жаста) болған еді…
Бұл жастың қадірлі болуының  бір себебі, адамзат тарихындағы соңғы пайғамбар Хазыреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық осы жаста келгенін білерсіздер. Алла Тағала Адам (ғ.с.) пайғамбардың мыңжылдық ғұмырынан қырық жылын қырқып алып, Дәуіттің (ғ.с.) өміріне қосып береді. Қырық жастың құпиясын парсы, грек жұрты да білген. Ежелгі гректерде қырыққа толған адамды «акмэге келді» деп, ардақтайтын болған. Қазақы ұғымға салсақ, бұл ақыл-санасы толып, кемел деңгейге келген жан, тегі болмаса адам өмірінің ең тамаша кезеңі деген түсінік болып шығады. Ал ХІ ғасырдың тәрбие-тәлімдік маңызы жағынан тұғыры биік «Қабуснамасында» қырық жасты төбемен салыстырады. Яғни, «адамның өмір жолы төбе іспеттес, қырыққа дейін сол төбеге көтеріледі, қырықтан кейін төбеден жайлап төмен түседі» дейді. Қарапайым, иә? Тағы бір ескі кітаптың бірінде адамның қуаты 34 жасқа дейiн күннен-күнге арта түсетіні, 34 жастан кейiн төбеңде тұрған күн сияқты, қуатың көбеймейдi де, азаймайды да, бiрақ жүрiсiн бәсеңдететіні деп жазылған.
Өзі қырықтан кейінгі «кризисі» бір бөлек те, бұл жастың төңірегіндегі ырым-жоралар да жетерлік болып шықты. Мәселен, орыс халқында 33 пен 40 жасқа толған туған күндерін атап өтпеуге тырысады. 33-ті Иса пайғамбардың (ғ.с.) қайтыс болған жасы деп түсіндіруге тырысса, қырыққа келгенде нанымды дәлел таппай қиналады. Алайда, неге екенін, «қырыққа келдім» деп алты қырдың астынан ағайын шақырып, той жасауға қорқады. Біреулер мұның адам қайтыс болғаннан кейінгі «қырқын берумен» байланысы бар деп себеп іздейді. Қалай дегенмен, қырық жастың моральдық һәм физиологиялық тұрғыдан сыналатын, осы кезге дейін жүріп өткен соқпағына қарап, тұжырым жасайтын кез екенін ешкім теріске шығармайды.
Тек бұдан кейін қырықтан кейін өмірдің бар қызығы түгесіліп, адами тірліктің бәрі бітеді деген ой тумаса керек. «Мәскеу көз жасына сенбейді» деген кинодағы Катя Тихомированың сөзі естеріңізде шығар. Ол «Қырықтан кейін өмір қайта басталады» деуші еді ғой… Жалпы, адамға қай жасында болмасын, өзін танытуға, игі амалдар істеуге мүмкіндіктер беріліп қойылған. Қазір кітаптың иісі мұрнына бармайтын клерктің өзі Пауло Коэльоның аты-жөнін жатқа соғады. Кітаптары барлық тілдерге аударылып, 11 млн. данамен таралып кеткен авторды қырықтан асқанша көршілерінен басқа ешкім танымаған. 1987 жылы әзер дегенде бір баспадан кітабын шығарғаны сол екен, барлығы оның әр кітабын құлай оқып, қолдан қолға тигізбей алып кетті. Өткен ғасырдың сән өнеріне табан ізін қалдырған Кристиан Диор алғашқы сән үйін 42 жасында ашты, француз актері Жан Реноның атағы 46 жасында, «Леон киллер» фильміне түскеннен кейін шықты… Стендаль «Қызыл мен қара» деген алғашқы романын қырық үш жасында жазып бітті, әйгілі драматург Генрих Ибсен де, суретші Тициан да қырықтан кейін құлпырған болатын. Тәк што, қырық жастан қанша құпия жасағымыз келсе де, ерлік те, ессіздік те тағдыр мен өзіміздің таңдау жігерімізде тұр екен.
Жастықты шығарып салып, желікті тыятын, ақыл тоқтатып, арынды басатын қырық жаста адам ағзасына, оның ішкі дүниесіне жұлдыздардың әсері күшті болады-мыс. Осы жаста ер адамдарда ішкі трансформация болып, соның есесінен адамдар өмір сызығын жалғастырады немесе толық өзгереді. Бұл енді эзотерик ілімшілер айтатын нұсқа. Ал психологтар бұл аралықты шығармашылық жетістіктердің шыңы деп бағалайды. Әрі адам өмірінде сегіз дағдарыс кезеңі бар десек, 40 соның жетіншісіне сәйкес келеді. Бұдан ары психологтар да басы артық ештеңе айта қоймайды.
Шындап келгенде, жыл санап, жас қарауға тіреліп қалған ештеңе жоқ. Бұл материалмен аз да болсын уақытты қадірлеуді, білім алатын һәм сол білімді жаятын уақытты жоспарлай білуге үндегіміз келіп еді.

Мақала сілтемесі: http://orkenegro.wordpress.com/2011/05/03/%d2%9b%d0%b0%d1%80%d1%82%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d1%8b%d0%bc-%d2%9b%d0%b0%d0%b9%d2%93%d1%8b-%d0%be%d0%b9%d0%bb%d0%b0%d0%b4%d1%8b%d0%bc/
Бөлісу:

3 пікір

nurjanbay
40 тың үшеуінде (120 күн) жатырдағы нәрсетенің жүрегі соғады
40 аптада (9 ай 9 күн) нәресте дүниеге келеді
40 күн — босанған әйел күтінетін уақыт. бұл аралықта күйеуімен жақындаспайды
40 күннен кейін баланың шілдеханасын жасайды
40 тың үшеуінде (120 күн) қан толық жаңарады
шілде — парсы тілінен аударғанда 40 дегенді білдіреді
шілхана — сопының 40 күн бойы оқшауланып құдайға құлшылық қылатын орны (бөлмесі)
40 жылда қазан жаңа, 50 жылда ел жаңа
40 жасқа келгенше ақыл кірмеген ер қасірет, 40 жасқа келгенше бетінің әрі кетпеген әйел қасиет

40 аяқ — жәндік
40 қабат — капуста
40 градус — жынды судың градусы
деп кете береді
direct
Қартайдым, қайғы ойладым
мына мақаланы оқымай, көп әріпті көріп — дистибитілні солай шығар деп отырмын)