Себеп және нәтиже
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
«Себептер мен нәтижелер» деген ережені түсініп алсаңыз, онда көптеген сұрақтардың жауабын біліп жүресіз, иншаа-Ллаһ.
Адамның «Бұл тұмардың өзі мені көз тиюден, ауру-сырқаттан сақтайды немесе қорғайды»-деп тұмар тағуы, сақина тағуы, көзмоншақ ілуі үлкен ширк болып есептеледі. Ал егер адам «Бұл нәрсе арқылы Аллаһ мені сақтайды» — деп тағатын болса, онда кіші ширк болады. Себебі ол адам Аллаһ тағала шариғатта да күнделікті, өмірде де себеп етіп жаратпаған нәрсені себеп деп санайды. Бір нәрсені тек екі жағдайда ғана себеп деп білуге болады:
— Егер сол нәрсенің себеп екеніне Құран және сүннетте анық дәлелдер келген болса. Мысалы: Шариғатта қан шығару (яғни бұл халық арасында «сүлік салу» деп аталады) немесе ара балын аурудан емделу үшін себеп етіп қолдануға болатындығына нұсқаулар келген. Сол себепті бұл шариғат бойынша себеп екендігі анық.
— Егер өмірлік тәжірибиелер арқылы бір нәрсенің себеп екендігі әрі өзінен кейін айқын із қалдыратыны анықталса сол нәрсені себеп дей аламыз. Мысалы: Оттың жылытатыны, судың салқындататыны, дәрігер тағайындаған дәрінің емге шипа болатыны сияқты кейбір заттар өзінен кейін айқын із қалдыратын себептер болып табылады.
Ал егер адам белгісіз бір нәрсені себеп деп тауып, ол өзінен кейін айқын із қалдырмаса, бұл жағдайда оның істегені ширк болып есептеледі. Себебі ол адам Аллаһ тағала себеп етпеген нәрсені себеп етіп алған.
Яғни себеп екі түрлі болады:
1) Болмыстық себеп.
2) Шариғи себеп.
Болмыстық себеп дегеніміз – Аллаһ жаратқан табиғаттағы физикалық заңдылықтар арқылы нәтижеге қол жеткізу. Болмыстық себепті мұсылмандар да, мұсылман еместер де қолдана береді. Мысалы, су – шөлді қандыруға, тамақ – қарынды тойдыруға, киім – ыстық-суықтан сақтауға, машина – бір жерден басқа жерге жетуге, үйлену – балалы болуға, дәріні қабылдау- емделуге себеп болады және т.б. Бұлардың барлығы болмыста, тұрмыста дәлелденген, барлық адам өзі жасап көрген мәселелер, яғни себеп пен нәтиженің арасында байланыс болуы қажет.
Шариғи себеп дегеніміз – бір нәтижеге жету үшін Аллаһтың Кітабы мен Пайғамбардың Сүннетіне негізделген заңдылықтар. Бұл себепті тек мұсылмандар ғана қолдана алады. Мысалы, кәлима шаһадатты (лә иләһә иллә Аллаһ, Мухаммадар расулуллаһ) мағынасын түсініп, шын жүректен айту – Жәннәтқа кіруге және мәңгілік азап болған Тозақтан құтылуға себеп болады; жамандықтан кейін жақсылық жасау – жамандықтарды өшіреді; намаз оқу – күнәлардың кешірілуіне себеп болады; азан айтылғаннан кейінгі дұға – Пайғамбарымыздың шапағатына қол жеткізеді; туысқандық қатынасты сақтау – өмірді ұзартып, ризықты арттырады. Пайғамбарымыз былай деп айтқанындай: «Кім ризық-несібесінің артып, өмір жасының ұзарғанын қаласа, туыстық қатынасты ұстансын». (Бухари, Муслим).
Сондай-ақ, шариғатта пайда табуға рұқсат етілген нәрселер – сауда, жалдау, коммерция т.б. Онымен де пайдаға қол жеткізуге болатын, бірақ Аллаһ тыйым салған пайда табудың түрлері де бар. Олар: рибә (өсімқорлық), ихтиқар (әдейілеп халық мұқтаж болған ең қажет тауарларды қымбаттату үшін жасыру), алдау, қорқытып тартып алу, таразыдан жеу, ұрлық, құмар ойындар, жезөкшелік, мас қылатын ішімдіктерді, мүсіндерді т.с.с. Аллаһ харам еткен нәрселерді сату және Аллаһ тыйым салған нәрселерді кәсіп ету сияқты. Аллаһ тыйым салған нәрселерде береке болмайды, керісінше тек жамандыққа алып келеді. Біз бұларды қайдан білдік? Аллаһтың Кітабы мен Пайғамбардың Сүннетінен. Бұл себептерге нақты дәлелдер бар, сол дәлелдерге сүйеніп себеп жасаймыз.
Ал енді, имансыздарды былай қойғанда, тіпті өздерін мұсылманбыз деп жүрген кісілердің ішінде, не шариғатта сенімді дәлелі жоқ, не болмыста дәлелі жоқ және ақылға симайтын нәрселерді өздеріне себеп жасап жүретіндері бар. Мысалы, базарларда қолдарына папугай немесе басқа бір жануарлар мен құстарды алып, бірнеше қағаздарға бақытты не бақытсыз болатынын немесе қанша бала болатынын жазып, өтірік-айла жасап, ақша табу мақсатымен біреулер отырады. Жанынан өтіп бара жатқан жас қыз-жігіттерге болашақтарыңды білгілерің келсе, мына құсқа осы қағаздың біреуін алдыртыңдар дейді. Кейбір білімсіз надандар соған ақша төлеп, тағдырларын, басында бір шоқым миы бар құстан үміт етеді. Жәй қызық үшін істеді деп айтсақ та, бұл ысырап, ал ысырапты Аллаһ Құранда харам еткен.
Тағы бір мысал келтірейік, кім сәрсенбі күні сапарға шықса немесе үйленсе сәтсіздікке ұшырайды дегенге сенетін надандар да бар. Немесе Аллаһ қана құдіретті болған нәрселерді, өлген әруақтардан сұрайтындар бар. Олар өлілерді сұрап жатқан нәрселеріне құдіретті деп ойлайды, бұған не дәлел бар? Тіпті көріпкел, тәуіп сияқты өтірікшілерге барып, болашағын, не жоғалған затын, не ауруларының диагнозын сұрап жататындар бар. Ол өтірікшілер ғайыпты білмейді, ғайыпты тек бір Аллаһ қана біледі. Құранда Аллаһ былай деген: «Көместі (ғайыпты) білуші тек Аллаһ ғана, оның сырын ешкімге ашпайды. Бірақ ұнатқан Пайғамбарына білдіреді. Өйткені, Аллаһ елшісінің алды-артына күзетші қояды» (әл-Жин сүресі, 26-27-аят).
Енді біреу: «Мен пәленшенің пәлен деген тәуіпке барып, жазылғанын өз көзіммен көрдім, немесе естідім», – деп айтуы мүмкін. Мысалы, бір кісінің жүрегі ауырады, қан қысымы жоғары, бұрын екі рет операция болған, үш баласы бар, аяғы қақсайды, бүйрегі шаншиды делік. Бұл кісі бір тәуіпке барады, бірақ ештеңе айтпайды. Ол тәуіп бұның қан тамырын ұстап отырады да: «давлениеңіз бар екен, жүрегіңіз ауырады екен, бұрын операция болыпсыз, бүйрегіңіз шаншитын сияқты», – деп дәл тауып айтады. Оның өзі оған ештеңе айтпаса да, тәуіп бұларды қайдан білді?
Пайғамбарымыздың әйелі Сафия бинт Хуяйдан жеткен хадисте ол кісі былай деді: «Пайғамбарымыз иътикәфта (оразаның соңғы он күндігін мешіттен шықпай құлшылықпен өткізетін күндер) болғанда, мен оны көруге бардым. Біраз уақыт әңгімелесіп отырдық. Кейін кету үшін көтерілдім, ал Пайғамбар мені шығарып салу үшін тұрды. Біз есіктің алдына келгенде, ансарлардан екі адам өтіп бара жатып, бізді көрді де, жылдам жүре бастады. Сонда Пайғамбарымыз: «Асықпаңдар! Бұл менің әйелім Сафия ибнт Хуяй», — деді. Сол кезде олар: «Субханаллаһ, уа, расулуллаһ!» – деді. Пайғамбарымыз:«Расында шайтан адам баласының қан тамырында жүреді. Мен шайтан сендердің жүректеріңе бір жамандық салуынан қорықтым», — деді. (Бухари, Муслим). Ал басқа хадисте Пайғамбар: «Расында әрбір адам баласы туылғанда, оған бір шайтан жабысады, ол оның қан тамырында жүреді», – деді. «Сізде де солай ма уа, расулуллаһ?» – деп сұраған да, «Ия, бірақ Аллаһ рахым жасап, мендегіні мұсылман қылды», — деді.
Бұл хадистен түсінетініміз, біз туылғалы біздің қан тамырымызда жүрген шайтан біздің қай жеріміз ауыратынын, басымыздан қандай уақиғалар болып жатқанын білетін шайтан, тәуіп біздің қан тамырымызды ұстаған кезде, ондағы үлкен жын-шайтанмен байланысқа түседі. Ал ол тәуіптің көзіне сәлделі, ақ сақалды қария, немесе кимешек киген кемпір болып: «Мен пәленше әулиенің әруағымын», – деп көрінеді. Ол шайтандардың мақсаты, бізге Аллаһқа ортақ (серік) қосқызу, яғни ширк жасатқызу. Сондықтан, шайтандардың ондай айлаларынан сақтанып, Аллаһтың кешірмейтін күнәсінан аулақ болу – бізге міндет.
Тағы біреулер, егер бір кісі бір әңгіме айтқан кезде, қасындағы кісі түшкірсе, әлгінің сөзі рас екен деп, түшкіруді шындықтың себебі етеді. Сонда біреу: «Төрт аяқ, бес қолым бар», – деген кезде, жанындағы кісі түшкірсе, рас болады ма? Ал біреулер, оң құлағы шыңылдаса: «Таныстарым мені мақтап жатыр», – дейді, ал сол құлағы шыңылдаса боқтап жатыр ма сонда? Бұл екі мысалға ойдан шығарылған (тоқыма) хадистер бар. Имам әш-Шәукәни «Әл-Фәуәид әл- Мәжмуа фи әл-Ахадис әл-Мәудуә» деген кітабында, осы хадистердің өтірік екендігін дәлелдеп жазып кеткен. Пайғамбарымыз: «Кім мен айтпаған сөзді айтты десе, өзіне Тозақтан орын дайындай берсін», — деген. (Бухари 109, Муслим, Ибн Мәжәһ)
Тіпті біреулер: «Кешке немесе сенбі, жексенбі күні тырнақ алсаң, жамандыққа душар боласың», – деп, тағдырды тырнаққа тапсырады. Немесе: «Мына айда, не мынандай күні сапарға шықсаң, сәтсіздікке душар боласың», – деп сандырақтайтындар да бар.
Сондай-ақ, алақаның қышыса, ақша ұстайсың деп сенетін ақымақтар да жеткілікті. Онда миллионерлердің барлығының алақандары қаси-қаси қотыр болған шығар?
Бірінші саудадан түскен ақшаны, өтімді болсын деп, тауарларына үйкеп-сүйкейтін жарты бас саудагерлер де көптеп табылады. Алайда, олардың тауарларының өтуі, немесе саудасының берекелі болуы ақша үйкелеуге байланысты емес, Аллаһтың өлшеп берген ризығына байланысты. Және адал сауда жасау, Аллаһтан береке тілеу сияқты себептер жасау – дұрыс болып табылады.
Қорыта айтқанда, бір нәтижеге қол жеткізу үшін, оның себебін жасау бізге міндет. Бірақ сол себеп, не Құран мен Сүннетке негізделу керек немесе болмыста нәтижесі анық белгілі болған физикалық заңдылықтарға негізделу керек.
3 пікір