Бөдене
Бөдене – тауықтәрізділер отряды, қырғауыл тұқымдастарына жататын құс. Қазақстанда шөл дала мен биіктігі үш мың метрден жоғары таулардан басқа жерлердің бәрінде ұялайды, бірқатары республикамыздың қиыр оңтүстігінде қыстап та қалады. Дене тұрқы 20 см-дей, салмағы 80 – 150 г шамасында. Ақшыл жолақты кішкене сұр құс. Мекиенінің тамағы ақ, жемсауы мен көкірегі теңбіл болады. Бөдене – жыл құсы, соның ішінде түнде қоныс аударатын жалғыз бір түрі. Бөдене ұялайтын жеріне көктемде ұшып келеді де, қыстау үшін Оңтүстік Азия мен Африкаға ұшып кетеді. Далада, шабындықта, егістікте жерді шұңқырлап, құрғақ шөп төсейді де, жетіден жиырмаға дейін шұбар жұмыртқа салады, оны мекиені он бестен он жеті күнге дейін басады. Бөдене өсімдік тұқымымен және өркенімен кейде жәндіктермен қоректенеді. Әуесқой аңшылық мақсатта көп ауланады, сондай-ақ үйде де ұсталады. алынған жері
БҚО-дағы Бөрлі ауданы Пугачев ауылының тұрғыны Қайырғали Нығметов бөдене өсірумен айналысып келеді.
Оның мұндай сирек кәсіпке ден қоюы да ерекше. Екі жыл бұрын көлік апатына түскен ол қатты науқастанып қалады. Дәрігерлер «оның жамбасы сынып, талақ пен бір жақ бүйрегі жарылып, жүйке талшықтары қысылып қалған» десті. Ауруына шипа іздеп, біраз жерге барады. Алайда ота жасап талақты алдырып, бүйректі тіккенмен, ем қонбады. Содан аяғын басудан мүлдем қалды. Ақырында жора-жолдастарының айтуымен Саратов қаласына барып, бөдененің жұмыртқасымен емделуді жөн санады. Сөйтіп, екінші топтағы мүгедек деп танылған ол Саратовтың санаторий-профилакторийінде жатып, бөдененің жұмыртқасын жеп емделеді. Онда осы құстың жұмыртқасынан арнайы емдік екпе егеді. Көп ұзамай өз-өзіне келіп, аяғын басуға жарайды. Ол содан мемлекеттен мүгедектік төлем алудан бас тартып, бөдене өсіруге кіріскен.
Алғашында Саратовтан бөденені тірілей сатып әкеп өсірмекші болады. Бірақ оған Ресейдің заңдылығы рұқсат бермейді. Өткен жылғы ақпан айында Саратовтан 500 долларға автоматты инкубатор мен құстың 700 жұмыртқасын сатып әкеледі. Міне, содан бері 12 мәрте балапан шығарыпты. 660 жұмыртқалық автоматты инкубатор балапанды 80 пайызға шығарады. Шыққан балапандардың тең жарымы мекиен болады. Ал әтешін 45 күн ұстап, етке сояды. Соның өзін Ақсай қаласындағы мейрамханалардан өкілдер келіп, аттай қалап алып кетеді. «Шетелдіктер «диеталық тағам, холестеринсіз ет» деп тапсырыс береді екен. «Бөдене әтешінің салмағы 150 грамм. Ұрғашы балапан 50 күннен кейін жетіліп, жұмыртқалай бастайды. Қолымдағы бөдененің 80 пайызы күнбе-күн жұмыртқа береді. Бір жаманы, бұл құс ерте қартаяды, жыл жарымнан кейін тумайды. Бір жұмыртқаның салмағы 10-15 грамм», — дейді бөдене өсіруші.
Қайырғали Нығметовтің үлкен ұлы Қанаттың атына тіркелген «Құрмалаев» шаруа қожалығы бөдененің жұмыртқасын балаларға, мектепке дейінгі мекемелерге тамақ ретінде беруге болатыны жөнінде ҚР Мемлекеттік санэпидқадағалау комитетінің төрағасы К.Оспановтың қолы қойылған рұқсат қағаз алған. Бөдене құс тұмауымен, салмонеллезбен ауырмайды. Бірақ соған қарамастан облыс орталығындағы мемлекеттік санитарлық зертханадан жұмыртқаның сапасы үнемі тексерістен өткізіледі. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бұл шаруашылыққа құс өсіруге, оның өнімдерін сатуға лицензия берген.
-Құсты ауасы жылы әрі 75 пайызға дейін дымқыл жерде бағу керек. Жылылық плюс 18 градустан төмен түсіп кетсе, оның жұмыртқалауы қиындайды. Мекиендеріне әдейі 12 түрлі қоспадан тұратын құрама жем беріледі, ал әтеші не берсең, соны қорек қылады, — дейді бөденеші. — Құрама жемді Самара қаласынан алдыратынбыз, қазір ол қымбаттап кетті. Енді Ақсайдың зауытынан алдырамыз ба деп отырмыз.
Білмеген істің ой-шұңқыры көп. Нығметовтерден бұрын Қазақстанда бөдене жұмыртқасының стандарттары да жасалмапты. Қайырғали осы шаруаны өзі тындырыпты. Оралдағы техникалық кітапханаға барып, көп ізденген. Ғаламтордан, ғылыми кітаптарды көп оқыған. Білімін жетілдірген. Енді, міне, бөдене жайындағы білімі өзгелерге дәріс оқуға жарайтындай деңгейде.
Бүгінде басқа бөрлілік тұрғындар да бөдененің пайдалы құс екенін сезініп, өсіруге ұмтылуда.
-Бөдененің жұмыртқасы бүлдіршіннің жұдырығындай болғанымен, дәрумендерге бай, жұғымды. Онда амин қышқылы, микроэлементтер жеткілікті. Дәрумендік құрамы жағынан тауық жұмыртқасына қарағанда үш есе құнарлы. Оны қытай медицинасында пайдаланады. Адам жүрегі мен ағзасындағы темірді, радионуклидтерді шығарады. Иммунитетті күшейтеді. Әсіресе, әскери полигон сынақтарынан зардап шеккен Жаңақала, Бөкей ордасы, Тайпақ өңірі секілді аймақтардың тұрғындарына аса пайдалы. Құсты барлық жерде өсіруге болады. Инкубациялық жұмыртқамен немесе балапанмен құс өсірем деген кісіге көмектесуге бейілмін, — дейді ол ағынан жарылып.
Ақсай қаласының №3, 4, 5 балалабақша балдырғандары бөдене жұмыртқасын ішуде. Балабақшаларда жұмыртқаны бес минутқа ғана қайнатады, одан әріге оның дәрумендері жойылып кетеді. Жұмыртқаның дәмі жұмсақ, кейбір елдерде жаңа туған сәбилерге де ішкізеді. Жапониядағы 1945 жылғы Нагасаки, Хиросима трагедияларынан кейін бұл мемлекет бөдененің жұмыртқасын балаларға ішкізуді міндеттеген 12 заң қабылдапты. Негізі оны емге шикілей ішеді. Жұмыртқа бөлме температурасында 30 күн бойы, тоңазытқышта 60 күнге дейін бұзылмай сақталады. Диатезге, асқазан, ішек ауруларына мың да бір ем.
Қазір Нығметовтер әулеті тұрғын үйге жалғай салған құжырада екі мың бөдене асырап отыр. Адамның жұдырығындай шұбар ала құстардың алдына жемі мен суы қойылған. Мұндағы 700 шақты мекиен орта есеппен күніге 500 жұмыртқа беруде.
Бөденеші келешекте жер алып, ферма салып, шаруашылығын ұлғайтуды және аудан көлемінде құс шаруашылығын дамытуға қолқабыс етуді көздеп отыр.алынған жері