Раббың кім?

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!


Егер сенен: «Раббың кім?», — деп сұрайтын болса [1], сен оған былай деп жауап бер:
«Менің Раббым – мені және бүкіл әлемдерді Өз нығметтерімен тәрбиелеген Аллаһ [2]. Ол құлшылық ететін тәңірім болып табылады [3]. Одан басқа құлшылығымды арнайтын тәңірім жоқ» [4].
Бұған дәлел ретінде [5] Аллаһтың келесі сөзін келтір:
«Әлемдердің Раббысы – Аллаһ барлық мақтауларға лайық» [6] (Фатиха сүресі, 1-аят). Аллаһтан өзге барлық нәрсе әлем, әрі мен де сол әлемнің бірімін [7].


__________________

[1] «Раббың кім?» – бұл сұрақ саған бұл дүниеде де, Ақыретте де қойылады, сондықтан міндетті түрде сен оның жауабын үйреніп алуға тиіссің. Беретін жауабың дұрыс, әрі дәлелге негізделген болу қажет.

[2] Раббы дегеніміз Ол – Өзінің бүкіл жаратылыстарын нығметтерімен тәрбиелейтін, ризығымен қоректендіретін, ескерілмейтін зат болғаннан кейін, аналарының құрсақтарында жаңа жаратылысқа айналдырып бар ететін, аналарының құрсақтарында болса да, оларға ризығын жеткізетін Аллаһ. Сондықтан, құрсақтағы нәресте дамып, өсіп, үлкейіп жатады, себебі оған Аллаһтың ризығы жетіп тұрады.
Сосын оған жан үрленеді, бала қимылдап, Аллаһтың қалауымен, тіріле бастайды – бұл Аллаһтың ананың құрсағында беретін тәрбиесі. Ал нәресте туылған соң, Аллаһ Тағала оны денсаулық, есендік сияқты басқа да нығметтермен тәрбилеуді жалғастырады. Анасына молынан сүт береді. Уақыт өте келе, бала омыраудан алынып, кәдімгі тамақ жейтін дәрежеге де жетеді. Содан соң, ақырын-ақырын өсіп құлақ, көз сияқты сезім мүшелері дамиды. Осылай адам үлкейіп ер жетеді және қырық жасында күш-қуаттың ең шыңында болады.
Сонымен, анасының құрсағында жаратқан күннен бастап, өлгенге дейін адамды тамақтандыратын кім? Тамағын жегізіп, суын ішкізіп, содан кейін осы қорегін денесіндегі әр ағзасына апарып, үлестіретін кім? Әлгі тағамы мен сусынына тойдырып, сосын қажетсіз заттарды сыртқа шығарғызатын кім? Осының барлығын жасап, адам баласын тәрбиелейтін кім? Бұл – оны жаратып, тәрбиелеген Раббысы! Міне Сол, мені және бүкіл әлемдерді нығметтерімен ризықтандырған.
Жер бетіндегі барлық нәрсені: адам мен жануар әлемдерін, флора мен фаунаны, ең алып жаратылыстан бастап, ең кішісімен аяқтап, барлығын Аллаһ нығметтері мен несібесімен ризықтандырады.
Аллаһ Тағала былай деді: «Егер Ол Өз несібесін бермей қойса, онда кім несібесін береді?» (Мүлк сүресі, 21-аят).
Тағы да Аллаһ: «Аллаһ ризығын бермеген жер бетінде бірде-бір жәндік жоқ. Аллаһ олардың болатын жерлерін де, сақталатын орындарын да біледі», — деді (Һуд сүресі, 6-аят).
Тағы да Ол былай айтты: «Өз ризықтарымен қамданбайтын қаншама жәндік бар! Алллаһ оларды да, сендерді де ризықтандырады. Ол – Естуші, Білуші» (`Анкәбут сүресі, 60-аят).
Бұның барлығын жасайтын – біздің Мейірімді Раббымыз ғой! «Бұл – Аллаһ, сендердің Раббыларың. Сондықтан, Оған құлшылық етіңдер! Неліктен еске алмайсыңдар?» (Юнус сүресі, 3-аят).
Бізді жаратқан да, ризықтандырған да, нығметтерімен тәрбиелеген де – Аллаһ. Ал түрлі пұттар, әулиелер мен әруақтар бұны жасай алмайды. Сондықтан, оларға емес, бірақ Аллаһқа құлшылықтарымызды арнауымыз қажет. Ал оларға келсек, олар сен сияқты жаратылыс қана.
Ұлы да, Құдыретті Аллаһтың Өз құлдарына берген нығметтері көп болғандығы соншалықты, оларды тіпті санап шығу да мүмкін емес. Аллаһ Тағала былай деді: «Егер Аллаһтың нығметтерін есептейтін болсаңдар, санына жетпейсіңдер. Ал адам негізінде, залым әрі шүкірсіз» (Ибраһим сүресі, 43-аят).

[3] «Ол құлшылық ететін тәңірім» деген сөздерден, біз «Раббым – Аллаһ! Ол мені ризықтандырды», — деп мойындау ғана, “таухид әр-рубубияны” растау ғана жеткіліксіз болып табылатынын түсінеміз. Оған қоса, адам Аллаһқа құлышылық ету керек. Құлшылық еткенде де ықыласты болуға тиіс. Көпқұдайшылар Аллаһты Жаратушы, Ризықтандырушы, Өлтіруші, Тірілтуші екенін растаған еді, алайда құлшылыққа келгенде, Аллаһпен бірге басқа біреуге ғибадаттарын арнайтын. Осы мушрик (көпқұдайшыл) пен муаххидтің (бірқұдайшыл) арасындағы айырмашылық. Муаххид: «Раббым — Аллаһ. Мен Оған ғана құлшылық етемін», — десе, мушрик: «Раббым – Аллаһ!» — деп айтады да, сонымен бірге Аллаһтан басқа тал мен тасқа, әулиелер мен ізгілерге, қабірлер мен кесенелерге құлшылық етеді. Бірақ оның рубубияны (яғни Аллаһтың істеріндегі жалғыздығын) мойындауы, оған ешқандай пайда әкелмейді және Ислам дініне кіргізбейді.

[4] Яғни, мен Аллаһтан басқа ешкімге құлшылық етпеймін. Оны ғана ұлықтап, оны ғана сүйіп, бұйырғанын барлығын орындаймын әрі тыйым салған барлық нәрсесінен аулақ жүремін. Аллаһтан өзге ешкімге құлшылық етпеймін. Елшілердің ең абзалы болсын, періштенің ең ардақтысы болсын, ешкім құлшылығыма лайықты емес.
Аллаһ Тағала былай деді: «Сенен бұрын қандай елші жіберсек те, оған: “Менен басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ, Маған құлшылық етіңдер”, — деп уахи ететін едік» (Әнбия сүресі, 25-аят).
Тағы да Ол былай айтты: «Оларға тек Аллаһқа дінді шын ықыласпен ханиф түрінде орындау арқылы құлшылық ету, намаз оқу және зекет беру ғана бұйырылған еді. Міне, осы – тұп-тура дін!» (Бәйина сүресі, 5-аят).

[5] Яғни, болмыстағы барлық нәрсені Аллаһ жаратып, тәрбиелегеніне келесі аят дәлел болады.

[6] «Әлемдердің Раббысы – Аллаһ барлық мақтауларға лайық». Бұл – Құран кітабындағы (мусхаф) ең алғашқы аят. Оның алдында тек «Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!» деген аят қана бар.
Өзіне мақтаулар айтып, Аллаһ жаратылысты бастады: «Аспандар мен жерді жаратқан және қараңғылықтар мен нұрды жасаған Аллаһ барлық мақтауларға лайық» (Ән`ам сүресі, 1-аят).
Өзінің мақтауға лайық екенін баяндап, Ол жаратылысты аяқтады: «Олардың арасында ақиқат бойынша үкім етіледі де, “Әлемдердің Раббысы – Аллаһ барлық мақтауларға лайық”, — деп айтылады» (Зумәр сүресі, 75-аят).
Жәннаттағылардың ең ақырғы сөздері – Аллаһқа мақтау сөздері болады: «Олардың ең соңғы шақыруы: “Әлемдердің Раббысы – Аллаһ барлық мақтауларға лайық” сөздері болады» (Юнус сүресі, 10-аят).

«Әл-хамду лилЛәһи Роббил-`аләмин»:
«әл-хамду» – бұл махаббат пен ұлықтау арқылы мақтау. “Әл” деген артикль сөздің мағынасына жалпы сипат беру үшін қолданылған. Сондықтан, «әл-хамду» сөзі жалғыз ғана мақтауды емес, бірақ айтылып өткен, айтылып жатқан және келешекте айтылатын мақтаулар мен мадақтаудың барлық түрлерін қамтиды.
«лилЛәһи» («ли + Аллаһ») – бұл жерде Жаратушымыздың есімі «Аллаһқа», “ли” сөзі жалғанды. Ал оның мағынасы, жалғанатын сөздеріне байланысты өзгере береді. Егер ол затқа жалғанатын болса, ол “иелік ету” мағынасында келеді. Мысалы: Әд-дәру лифулән (пәленшенің үйі). Ал егер ол мағынаға жалғанатын болса, онда “лайықты болуды” білдіреді. Мысалы: Әл-фахру лифулән (мақтау пәленшенікі, яғни мақтауға пәленше лайық).

[7] Әлемдер көп: адамзат әлемі, жын әлемі, құс әлемі, су әлемі, өсімдіктер әлемі және т.б. Қысқаша айтқанда, Аллаһтан басқа барлық нәрсе әлем деп аталады. “`Аләм” сөзі араб тілінен “белгі” деп аударылады. Шынымен-ақ, бүкіл жаратылыс, өз Жаратушысының бар және бір екеніне дәлел, белгі болып табылады.
Бөлісу:

2 пікір

tolebi
МашаАллаһ! Жақсы мәлімет. Ғалымдар айтады: «Аллаһқа шақырудағы дағуаттың кіліті — Аллаһты таныту!»