Махаббат элегиясы

Махаббат!… Осы бір жалғыз ауыз сөзде қаншама ұлы сезім, ұлы толғаныс, ұлы сүйіспеншілік жатыр десеңші шіркін! Адам өмірін нұрландырып, алпыс екі тамырына қан жүгіртетін, жүректің нәзік қылын шертіп, сезімнің тоқсан тарау жырын қозғайтын ғажайып мөлдір әлемнің қасиетіне баға жете ме?
Қыз бен жігіт арасындағы нәзік сезім қандай? Көктемде қауызын жаңа ашқан гүлдей, бүршік атқан балауса шыбықтай, аппақ таңның керімсал жұпар самалындай бір керемет дүние!
Сол жылы қыс Алматыға кешеуілдетіп келді. Түні бойы қар жауып, таңертең тұрып, терезеден қарасам айналаның бәрі көрпесін қымтанып, ағаштар ақ бөкебайын жамылып алыпты. Күннің суығында сабаққа барғым келмей төсекте керіліп-созылып біраз жаттым. Кеше түннің бір уағына шейін ойнап, үй тапсырмасын да орындауды ұмытып кетіппін. Мектепке барсам, қатарынан бірнеше екі алатынымды анық білемін. Сабаққа бармаудың бір-ақ жолы бар. Ол- ауру. Бірақ денім сау, еш жерім ауырып тұрған жоқ. Бір кезде түпкі бөлмеден «Қанә, тез тұрыңдар, сабаққа кешігесіңдер» деген әкемнің қатқыл дауысы естілді. Дәл осы сәтті пайдаланып, ішімді қолыммен ұстап, ауырған адамдай бүк түсіп жатып алдым. Бөлмеге әкем кіріп келді де менің бұл жатысымды көріп: – Не болды саған? – деп сұрады.
– Ішім, ішім қатты ауырып тұр.
Баланың басқа қулығына аса мән бермейтін кез келген ата-ананың ауру десе зәре-құты қалмайтын әдеті. Менің әкем мен шешем де ет пен сүйектен жаратылған адам баласы. Шаруаның бәрін ұмытып, не ішіп, не жегенімді сұрап асты-үстіме түсіп бәйек бола қалды. Бәйек қағулары көңіліме жағып, одан сайын ауырған адамның кейпіне бар жан-тәніммен беріліп ене түсемін. Шынымен де ауырып қалғаныма басқалар түгіл енді өзім илана бастағандаймын.
Қойшы, сонымен не керек, амалын тауып сабақтан қалып қойдым. Бір сағаттан соң дәрігер келді. Ол мені тыңдап көрді де, емханаға барып қаралу керегін айтып, қағаз жазып беріп, кетіп қалды. Әкем де жұмысына кетті.
Үйде жалғыз қалдым. Телевизорды қосып кино көрдім. Кино біткен соң ішім пыса бастады. Балконға шықсам, көрші үйде тұратын Марат аулада ойнап жүр екен. Мені көріп қуанып кетті. Мен де оны ұзақ күткізбей, ауру екенімді ұмытып, тез-тез киініп, ойнақтап, далаға атып шықтым.
Рахатқа батып, екеуміз ұзақ ойнадық. Бір кезде ойыннан да жалыға бастадық. Енді не істеуге болады? Түс уақыты болып қалды. Кенеттен Марат бір бұзақылық ойлап тапты. Екеуміз ауладағы электр қалқанының тасасында тұрып, мектептен қайтып келе жатқан қыздарға қар лақтырып, мергендігімізді тексермек болдық.
Бірінші кезек маған тиді. Басында әдемі құндыз бөркі бар бір қыз майысып біздің үйдің жанынан өтіп барады. Нысанамды көздеп, құлаштап тұрып, қолымдағы қардан жасалған оғымды оған қарай бар пәрменіммен атып қалдым. Дәл осындай мерген болармын ба? Оғым қыздың тура бөркіне тиіп, ұшырып түсірді.
Марат екеуміз қарқ-қарқ күліп, мәз-мәйрам болып жатырмыз. Ал, қыз болса жалт бұрылып, өкпелеген кейіппен, қабағы түйіліп, маған бұртиып қарады. Не істерін білмей көзі жыпылықтап біраз аңтарылып тұрды да, сосын жерде жатқан бас киімін алып, қарын қағып болған соң «Балбес» деді де, басқа ештеңе айтпай жөнімен кете барды.
Төбемнен жай түскендей мен бір орнымда сілейіп тұрып қалдым. Өмірде мұндай да сұлу қыздар болады екен-ау! Қасы жіңішке айға ұқсайды. Жанары жас ботаның көзіндей сүйкімді, әрі мойылдай қап-қара. Жыпылық-жыпылық еткен ұзын кірпіктері әдемі жүзін одан сайын шырайландырып тұр. Қабағының түйілгені, бұртиғаны да өзіне әйбат жарасады. Мен бір көргеннен-ақ оған ғашық болып қалғанымды ұқтым. Ойынды әрі жалғастырғым келмей, үйге қайттым.
Бөлмемде жалғыз жатырмын. Тамақ ішуге де, телевизор көруге де, далаға шығып ойнауға да зауқым соқпайды. Ішіме түсіп кеткен оттың шоғы, жалынға айналып, енді тұла-бойымды өртеп барады. Бұрын-соңды мұндай сезім еркімді билеп көрген емес.
Бірте-бірте еркімді билеп алғаны да аз болғандай ол сезім енді менің ой-санама үстемдік ете бастады. Жатсам да, тұрсам да оның бұртиып қараған келбеті көз алдымнан кетпей қойды. Айнаның алдына келіп ұсқыныма қарасам, шынында да мына түрім адамнан гөрі, «балбеске» көбірек ұқсайтын сияқты. Мендей «балбестің» ондай ай десе аузы, күн десе көзі бар аруға керегі қанша?
х х х
Сұрастырып жүріп, мен оның үйімізге жақын орналасқан орыс мектебінде оқитынын анықтадым. Ұзын бұрымы бар, көздері ылғи да күлімдеп тұратын періштедей сұлу қыздың аты – Махаббат екен. Әсіресе, жымиған кезде оның беті бал-бұл жайнап, ерекше құлпырып кететін.
Ғашықтық дерті өміріме өзгеріс енгізіп, аз уақыттың ішінде есейтіп жіберді. Бұрынғыдай емес, енді ересек жігіттердей киім киісіме ерекше мән беретін болдым. Әдемі шаш қойып, оны дұрыстап тарап, үсті-басыма әкемнің иіссуын сеуіп, ең жақсы киімдерімді киіп, Махаббатқа қырындай бастадым. Әзірше жүзін бір көргім келіп аңсап, өтірік біреуді күткендей болып оны тосып, жолында тұрғаннан басқа әрекетке бара қойғаным шамалы.
Бірақ Махаббат түк көрмегендей маңғазданып аяғын нық-нық басып қасымнан өте шығады. О, тоба! Ең болмағанда мен жаққа көзінің қиығын да салмайды. Оның осы бір мінезі менің діңкемді құртып, шаршап, тіпті, жүдеп кеттім. Үйде жүрсем де, түзде жүрсем де тек Махаббатты ойлап, ішкен асым бойыма сіңбейді.
Оның үстіне соңғы кездері Махаббатты үйіне шығарып салатын бозбалалар да табылып, ішімде алай-дүлей боран соққандай болып, жаным күйзелді. Не істерімді білмей, күндіз-түні неше түрлі ойдың қамсауында қалып, қиялға батамын…
Махаббатқа емексіп жүріп жыл да өте шықты. Тоғызыншы сыныпқа көшетін жылы мен оған «екеуміз дос болайық» деген мағынада хат жаздым. Бір апта емес, бір ай өтсе де Махаббаттан жауап келмеді. Менің сабақтан кейінгі шаруаларымның бірі – мектептен үйіне қайтатын кезде сол қызды торуылдау болды.
Бір күні мен ауламызда тұратын Махаббаттың жақын құрбысынан оның поэзия кітаптарын ерекше сүйіп оқитынын естіп-білдім. Мен бұл жаңалыққа жердің тартылыс заңын ашқан Ньютоннан да бетер қуанған шығармын. Ура! Эврика! Таптым! Махаббаттың жүрегін жаулап алуға болатын бір-ақ жол бар. Ол – поэзия.
Поэзияны сүйетін қыздардың ақынға ғашық болмауы мүмкін емес. Мен тез арада ақын болуым керек. Осылайша, мен Махаббатты сүйетінімді өлең арқылы білдіріп, хат жазуды ұйғардым. Махаббат қазақшаны аса жақсы білмейтін шығар, сондықтан міндетті түрде өлең-хатты оған орысша жазуым керек. Және дүниеде ешбір ақын шығара алмаған теңдессіз өлең жазуға тиіспін. Айтуға жеңіл болғанымен, шын мәнісінде бұл оңай шаруа емес еді.
Орысшаны бір адамдай жетік білсем де, қанша тырыссам да өзге бір елдің тілінде өлең жазу машақат жұмыс болып шықты. Дүниеде өлең жазудан өткен машақат жұмыс жоқ па деп қалдым. Көңіліңде сайраған ойларыңның бәрі қағаз бетіне түскенде, мән-мағынасы жоқ былжыраған бір тақпаққа айналады.
Махаббат секілді өлеңнің қадір-қасиетін білетін қыз менің ондай өлеңіме күліп, тіпті мазақ қылса ше? Мұндайды көрмек түгілі, ойыма алудың өзі маған ауыр. Шіркін-ай, махаббат туралы шабыттанып жыр жазған Пушкин қандай бақытты еді. «Я вас любил» секілді өлеңді қыздардың падишасына оқысаң да талып түсетін шығар. Әлде Пушкин, Лермонтов немесе Есениннің өлеңдерінің бірін өзім жазғандай етіп жолдап жіберейін бе? Ұлы ақындардың жазған өлеңі маған бір қызмет жасаса – оның несі айып? Жоқ, олай істеуге де болмайды. Біліп қойса, ұрлығымның үстінен түсіп, масқарам шығады.
Сол жылдары менің кітапханамда қаланың сыртындағы базардан, еврей кемпірінен сатып алған, мәшинкамен басылып, кітапша сияқты етіп шығарылған, совет үкіметіне қарсы болғаны үшін сотталып, лагерьде қаза тапқан орыс ақыны Осип Мандельштамның өлеңдер жинағы бар еді.
Мандельштамның махаббат туралы жазған бір өлеңі маған қатты ұнайтын. Оның үстіне ол ақынның өлеңдері түгілі, өзін де, өнер адамдары ғана болмаса, қарапайым халық білмейді. Ешбір оқулықта оның есімі аталмайды. Ақынның өлеңін әдемілеп көшіріп, ең жақын құрбысы арқылы Махаббатқа беріп жібердім.

Я наравне с другими
Хочу тебе служить,
От ревности сухими
Губами ворожить.
Не утоляет слово
Мне пересохших уст,
И без тебя мне снова
Дремучий воздух пуст.

Я больше не ревную,
Но я тебя хочу,
И сам себя несу я,
Как жертву палачу.
Тебя не назову я
Ни радость, ни любовь.
На дикую, чужую
Мне подменили кровь.

Еще одно мгновенье,
И я скажу тебе,
Не радость, а мученье
Я нахожу в тебе.
И, словно преступленье,
Меня к тебе влечет
Искусанный в смятеньи
Вишневый нежный рот.

Вернись ко мне скорее,
Мне страшно без тебя,
Я никогда сильнее
Не чувствовал тебя,
И все, чего хочу я,
Я вижу наяву.
Я больше не ревную,
Но я тебя зову.
Келесі күні ол ең жақын құрбысы арқылы маған хат беріп жіберіпті. Өз хатында мені ерекше адамдардың бірі санайтынын айтып, дос болуға келісім беріпті.
х х х
Хатыма берген Махаббаттың жауабын алған соң, бақыттан басым айналды. Ұзақ күттірмей оны киноға шақырдым. Ол келісті. Сабақтан кейін екеуміз киноға бардық. Кинода отырғанда бір әдемі сезім тұла бойымды ерітіп, Махаббатқа қарап елегізи беремін. Ақырын ғана қолынан ұстап, сүйріктей әдемі саусақтарын қысып қойдым. Ол маған көзінің астымен күлімдеп бір қарады да, киноны көріп отыра берді.
Кинодан шыққаннан кейін балмұздақ сатып әпердім. Екеуміз «Арман» кинотеатрының артындағы саябақтағы орындықтардың біріне отырып, әңгіме соғуға кірістік. Маған ол жазған өлеңімді қатты ұнатып қалғанын айтып берді. Тағы не жазып жүргенімді сұрады. Осы сәтте мені бір сайтан азғырып, мақтаншақтығым ұстап:
– Менің жазған повесім де бар, – деп өтірікті соғып жібермеймін бе…
– Маған оқуға берші, – деп ол жабыса кетті.
Әбден сасып қалған мен не айтарымды білмей абдырап:
– Көрсетпей-ақ қояйыншы, ұяламын, – дедім.
– Оқуға берші, әйтпесе, ренжимін, – деп ол онан сайын қиылды. Жағдайым ауырлай бастады. Маңдайымнан ащы терім бұрқ ете қалды.
– Жарайды, көрсетейін, бірақ сен де менің бір өтінішімді орындайсың!
– Ол қандай өтініш?
– Сен де мені жақсы көретініңді айтасың. Сосын бетіңнен бір сүйгізесің.
– Мен сенімен енді….
Махаббат маған ренжіп, кетуге ыңғайланды. Ісім насырға шаба бастады. Оны білегінен ұстай алдым да:
– Өкпелемеші, жай, әзілдегенім ғой. Дүйсенбі күні мектебіңе әкеліп беремін. Келістік пе? – дедім мен бәрін жуып-шаюға тырысып.
– Келістік.
Әрине, маған өзім жақсы танитын, көп адамға беймәлім жазушылардың шығармаларының бірін көшіріп апаруға болатын еді. Бірақ мен бұл жолы өтірік айтуға ұялдым. Және Махаббатты шын сүйетінімді дәлелдеу үшін повесть жазуға бел будым. Осылайша, екі күн бойы ұйықтамай «Когда улетают ласточки» деген орысша повесть жазып шықтым.
Бұл хикаяда соғыста жүріп қаза табатын қазақ солдатының елімен, жерімен қоштасатын сәті оның артында қалған баласының көзімен бейнеленеді. Жазған повесімді тор көз дәптерге маржандай қылып көшіріп, Махаббатқа апарып бердім. Ол оқып болған соң шығармамды тез қайтарды. Үйге келгеннен кейін дәптердің ішінен хат тауып алдым.
– Мен де сені жақсы көремін, – деп жазылған болатын ол хатта…
Қалғаны мында

© Амангелді Кеңшілікұлы, Нұр Астана газеті
Бөлісу:

8 пікір

konvict
Елдің бәрі қайғылы өлеңдер, посттар жазғанына байланысты өзім оқыған мынау әңгімені жарияладым. Қызық болатын шығар
Beytanis
Айып етпесең, қысқаша мазмұнын айтып берші. Оқуға ерінудемін.
konvict
Айтып бергенмен қызық болмайды
Beytanis
Кейінгі кездері көлемді мәтіндерді оқуға ерініп жүрмін. Көктем әсер етті деген бе, әлде жалқаулық па, әлде оқудан шығып қалдым ба, белгісіз.
VKM
unady...zhalgasyn da koiwy
konvict
Қалғаны мында дегенді бассаң шыға келеді. Болмаса қосамын қазір