ҚАЗАҚТАР АЙТАТЫН ӘҢГІМЕ НЕМЕСЕ БРАЗИЛИЯДАҒЫ АРЫСТАН БАБ
Билет алдым пойызға. «Дүк-дүк, дүк-дүк». Плацкартқа жайғасқам. Кейде осындай сартқа бергісіз сараңдығым бар. Мәдәлі тегіндегі домалақ көз бетіме басып жүрсе де міз бақпаймын. Бірақ қазір мазам кетіп отыр. Тып-тыныш купемен-ақ барсам нетті? Ары кетсе 2000 теңге айырмашылық.
Асты-үстім қазақтар. Орындарға байланысты айтып отырмын. Қаңғыр-күңгір әңгіме. Тыныштықта ұйықтап барам деп ойлағам Алматыға. Болмады.
Әңгіменің буы бұрқыраған қақпағын мына бір қатпыш-негр, тырыли арық қара қатын діннің қазанынан төңкеріп тастап отыр. Қызық. Көп әйел алушылықты өзінің «көрген білген» институтының, « өсеки- ғылым» кафедрасының көп жылғы «терген-түйгеніне» сүйеніп, тамырын тарамыстап, талшығын бір-бірлеп айырып, майын ағызған күйі, сұңқылдап сүзіп отыр.
— Айтып отырмын ғой бағанадан. Намаз оқу дегенің, әшейін еріккенің ермегі ғой! Не ол? Одан қалса, төрт әйел! Масқара! Оны қалай бағады? Ел-жұрт бір әйелге шамасы келмей жүр. Примом и переносном смисле…
Осы айтысына, өз айызы армансыз қанып, өтірік ұялғанын аузын жапқанмен білдірген болып, сары тістерінің арасынан сығырайтып, сықылықтап алды. Сосын соңғы сөзінің әбестеу шыққанын қозғалақтап кеткен еркек біткеннің сұрқынан таныды да, сап тиылып, жым болды. Бұдан арғы өсектің өрмегін, тап қазір 2-жердегі 2-нің нәтижесін 5 деп жіберуден тайынбайтын, түрінен үмітсіз дым білместіктің исі аңқып тұрған, бағанадан алақанына түкіріп, кезек қақпыштап отырған тағы бір қоңқақ мұрын төмен етекті іліп ала жөнелді:
-Соны айтам! Көп бала болады деп ақталады. Оны қайтеді? Қазір жастардың бәрі қылмысқа кетіп жатыр. Бір бала жетіп жатпай ма білгенге. Бір бала и все! Мен байыма басында бірақ айтқам. «Байды бастан»
«Дук-дук, дук-дук».
Шынымен мазам кетіп отыр. Қап!
Әне бір кетік шал көзілдірігін сүртті. Демек сойқан әңгіменің жалғасы бар екенін сездіргені.
-Содан… арабтар бүкіл елді жаулап, ақыры Қазығұрттың қасына келген ғой…
Ее- десіп емініп кетті отырған жұрт. Әңгімені қалай әспеттеуге әбден машыққан мына көзілдірікті кетік, осы сәтті пайдаланып көзілдірігін тағы сүртті. Ел емініп барад одан сайын.
-Содан…Содан арабтар келеді ғой.
Осы кезде бір әйел шалдың желке тұсынан шаңқ етті:
-Наски!
Көзілдірікті кетік шал дір етіп, жұрт тіксініп қалды.
Анау ісінің маманы екен, әкетіп барады:
-Наски. Наски. Мужской наски аламыз… наски, есть желаиушие? Наски!
Отырған жұрт әдемі әңгіменің кайфын бұзған мына бір саудагерге ала көзбен ата қарасты. Наски-саудагер өңмеңдей келіп, ана кетік шалды аттай-маттай аяқ сермеді. Шал мыж-тыж болып, бүкшиіп қалды. Отырғандардың ортасын жарып өте шықты саудагер. Беті бүлк етпеді:
-Наски, наски! Каму наски!
Ол кеткен соң ел ашынды:
-Мына қатын қайтед-әй?
-Қап, кимелеп несі бар? Көкесін көрсетер ме еді көзіне.
-Е, көрсетсең жаңа қайда қалдың? Кеткен соң батырсынып.
-Нәски сататын жерді тапқан екен бұ да!
Әдемі әңгімені тыңдамаққа жиылған жұрт, осы сәт өздерінің жолаушы екенін, пойызда келе жатқандарын, ал бұлар жүйткіп келе жатқан отарбада нәски сатудың тым әбес екенін айтып қауқылдасып кетті. Бірауықтан соң кезек, өтірік жөткірініп өзін еске салмағанда мүлдем ұмыт қала жаздаған әңгімешіл кетік шалға қайтып келді. Жұрт аузын бақты. Тізгіннен табан астында айырылып қалу қаупін сезінген бұл қарт, осы жолы көзілдірігін сүртпестен жалғастырды.
-Сөйтсе Қазығұрттың басында аппақ киінген бір шал тұрады. Екі қолын жайып, былай… екі жаққа. Аппақ шал.
Көзілдірікті кетіктің қолдары тым ұзын екен. Сермеліп кетіп бір сормаңдайдың көзіне сарт етті. Анау қысқа ғана «ыңқ» етіп, одан арғы «ыңқылын» жігіт басына намыс көріп, үнсіз отырып қалды. Шал бар шамасын салып айтып жатыр:
-Содан қолбасшы араб қасындағыға, «барып сұрашы, кім екен тұрған…» дейді ғой.
Бағанадан «сабременныймын» деп мақтанып отырған, менің қасымдағы сабремен-кемпір, ырбиған ерке немересінің аузын қолымен басты да, киіп-жарды:
-Е, дұрыс! Білу, сұрау керек. Бас жоқ, көз жоқ шаба бергенше барып жөн сұрасын. Мына қатын құсамай, кимелеп нәски сатып…
Халық әне бір шапқыш арабтың шешімі мен мына шүйкедей ғана сабремен-кемпірдің мысалына ырза болысып қозғалақтап кетті.
-Содан барып сұраса… –кетік шал рөліне қайта кірді. Көзілдірік шешіле бастады.
-Так, так…
-Кім екен, ә тұрған…?
-Кім болушы еді… Қожа Ахмед Иассауи шығар.
-Тыныш отыршы-ей, өзі айтсын.
-Жақсы, жақсы. Бүйірімнен түртпеш.
Шал көзілдірігін сүртіп бітті. Жұрт жым-жырт.
-Сөйтсе… Арыстан Баб екен!
Жұрт дүр етті.
-Ой, әулием-ай! Әулием-ай!
-Міне осылардың арқасы ғой қазақтың аман тұрғаны!
-Әрине, әйтпесе арабтар шауып жермен жексен қылғалы тұрған жоқ па?
-Ой әулием ай! Әулием-ай! Қазығұрттың басына шығып алған ғой!
-Қалай шықты екен а?
-Қалай шығушы еді? Өрмелеее…
-Тыныш отыршы-ей, өзі айтады…
-Жақсы жақсы. Ұрмаш…
Мен іргеге аунап түсіп көзімді іліндіріп алмаққа ұйғардым. Бірақ құлағым түрулі.
Көзілдірікті кетік шал:
-Арыстан Баб осылай қазақ даласын арабтардың шапқыншылығынан сақтап қалған. Мыңғырған арабты бір өзі тоқтатқан.
-Енді тоқтамай, кәкір-шүкір емес, адуынды Арыстан Бабтың өзі тұрса.
-Оның үстіне кеме қалған тауда.
Шал жөткірініп алды. Ел тыншыды.
Шал айтты:
-Мына Бразилә деген елде Исустың ескерткішін салған ғой тауға… қолын жайып тұр, былай… екі жаққа.
Анау бұғып үлгергендей болып еді, бірақ шал осы жолын қолдарын төменіректен жіберіп, «нысанаға» дөп тигізді. Ана сорлы осы жолы жаман «ыңқ» етті. Алайда тағы намысқа тырысып дымын шығармай отыр.
-Еее.
-Сөйтсе..?
-Бразиләдағыны айтып отырғансыз…
Шал:
-Солар мына біздің Арыстан Бабты естіген соң, соған ұқсатып, елден бұрын жасап үлгерген ғой.
-Ойииии.
Жұрт шайқалақтап кетті. Мына жаңалық елді кәдімгідей есеңгіретіп тастады.
-Қап, әттеген-ай!
-Міне, біздің қазақтікі осы ғой! Елге жем боп жүргені.
-Әкесінің аузын бәрінің! Сол Қазығұрттың басына екі қолын жайған Арыстан Бабтың ескерткішін салсақ қайда қарап отырмыз?
Бұл екі қолын сермеп жібергенде, сол баяғы байғұстың осы жолы қас қылғандай, екінші көзіне сарт етті. Шыдамы жетпеді білем, баж етті:
-Әй, бәле болдыңдар ғой, түге! Анда барсам, анда, мында барсам, мында ұрып. Байқасаңдаршы!
Мына жақтан қатпыш-негр тырыли қатын бас көтерді. Баяғы өз темасын киліктіріп жіберді ұрымтал сәтті пайдаланып:
-Енжармыз ғой. Қолымыздан келетіні әйел алу… ито шамасы келмей! 4 әйел, масқара! Еще шамасы да келмей, в примом и переносном…
Бағанадан бері ауыздарынан сыраның исі мүңкіп, желкелері күдірейіп, бір-бірін түртпектеп отырған екеудің кішілеуі:
-Әкесінің аузы-дей беріп еді, үйреген қол тағы да бүйірден «ыңқ» еткізді.
-Болды, боқтай берме, ұят болады.
-Жақсы, жақсы...-анау жеңіне тыққан қылдырық мойыннан қылқ еткізіп ап жымпиып қалды. Біреу қайғы жеп отыр:
-Бұл қазақ қайтіп жетіседі? Таудың басындағы Арыстан Бабына жасаған бір ескерткіші жоқ…
Менің қасымдағы кемпір немересін итеріп тастап ой тастады:
-Жоқ, бұл мәселені ана депутаттардың алдында көтерейік. Бразілә деді ме? Содан әкеп беріп, осында қойсын.
-Ой, ол Исус қой. Оны бере ме бізге?
-Ал не бопты Исус болса. Түрін алыстан кім танып жатыр оның! Ап келейік!
Қоңқақ мұрын, үмітсіз дымбілмес басын алып қашты:
-Қой, ойбай, мұныңды менен басқа ешкім естімесін! Анау брәзіліден қалай әкелмексің. Ол тұрмақ, біздің бай, ана малды ауылдағы соқаны жеткізе алмай жүргенде…
Тағы біреу тер төгіп білгенін айтып жатыр:
-Бәрібір түрі ұқсамайтын шығар. Исусың орыс емес пе? Қалай болар екен а?
Кемпір ырбиып ерекелеп отырған немересін тартып жіберіп, жайратып салды да, білек түріп өз ойын қорғамаққа бел шешті:
-Е, несі бар? Онсыз да қаладағы қаптаған ескерткіштерге ана көксоққандар бір-бірінің түрін беріп, ұқсатып жасайды дейді ғой! Тіпті, «мен сенің түріңді анаған сыйладым, мынаған сыйладым» дейтін көрінеді.
Осы кезде сырттан бақылап, сырасын сыпайылатып сыңғытып отырған бүйірден түрткіш дәу сөзге араласты:
-Арыстан Баб саған көксоққан емес, байқап сөйле апа!
-Әй, сен маған ақыл үйретпей-ақ қойшы.
-Апа, тағы қайталап айтам, болмайды олай! Бразилиядан оны әкелудің өзі қанша ақша екенін біліп алсаңызшы әуелі!
-Білмеймін, білгім де келмейді! Желге шашылған ақшаны одан да осындайда жұмсамай ма екен?
Бүйірден түрткіш дәу шындап айқаспаққа бел шешкен секілді. Ажырайып көзі, адырайып тамыры жуық ақпанда бой берер сыңай білінбеді мордасынан.
-Апа соңғы рет айтам! Арыстан Бабты көксоққан демеңіз!
Ел үрпиісіп қалды. Кемпір де намысқа тырысты:
-Әй, се немене араққа тойып адырайып отырсың? Кім оны көксоққан деді? Жайыңа отыр әрі, былжырамай!
Бір сойқанның басталарын сезді ме, бағанағы әңгімешіл көзілдірікті кетік жайлап тұрып, сытылмаққа баққан. Бірақ бүйір-дәу иығынан басып отырғызып тастады да, «көксоққанды» айтқан сабремен-кемпірге оқты көзімен ата қарады:
-Апа, ішсем сенің ақшаңа ішкен жоқпын! Нервіме тиме олай!-бүйір дәу қолындағы сырасын жерге атып ұрды! Тарс етіп сынған шөлмектің даусы отырған жұрттың шуын сап тиды.
Ел «не боларды» бағып жым боп қалды. Осы кезде:
-Наски, наски! Кому наски!
О, сорлы наски-саудагер. Онсызда ашынып тұрған бүйір-дәуге бұл, іздегенге сұраған болды. Сермелген жұдырық сарт етіп саудагер байғұстың көзіне тиді. Анау шошқаша шыңғырған күйі шалқасынан кетті. Көзілдірікті кетік үстіне құлаған наски- саудагерге бүкшиген күйі мыжылып қалды. Сабремен -кемпір немересіне қарауға шамасы келмей ытқи қашты. Қоңқақ мұрын үмітсіз дымбілмес қорқып кетіп, қатпыш-негр тырыли арық қара қатын астыңғы орнына еңбектей жөнелді. Ел ғаж-ғұж болып, «астапыралланы» бастан кешті. Мен жатқан орнымда қалдым. Бүйір дәу онысымен қоймай, өз-өзінен шала бүлініп, біз жатқан пласкарттың астан кестеңін шығарды.
-Айттым бітті! Ол көксоққан емес! Көксоққан емес!
Шыңғырған қатын-қалаш, жылаған бала, жүгірген жолсеріктер.
Қазақтардың жиыла қап айтатын әңгімелері осындай боп барады. Басы қисынсыз, ортасы өтірік, соңы қыртым, айқай-шу…Осындай да әңгіме бола ма? Өз өтіріктеріне өздері сеніп. Күлкің келеді
«Дук-дук, дук-дук…»
www.zhazular.wordpress.com
— Ой шешес 69 жылы қыс жаман болды, сол кезде қыстауда едік. шөп таппай, жолдарды таңкімен ашып, верталетпен тамақ әкеліп тастаған еді… — деп періп отырған бір жігіт
Кейін білдік. 82 жылғы шүйкебас екен, еңгезердей бәлле…
Енді жазба туралы.
Аңыз ғой. Әйтеуір сөзбен меншіктеп алуға керімбіз((( Бұл қазақ кімге есесін жібермеген десеңізші…