"Ұрланған жыр..."

Қажымұқан Абзалов
Қажымұқан Абзалов, айтыскер ақын


Сіздерге «Аламан» ұшырған тағы бір талантты таныстырғым келіп отыр. Қажымұқан Абзалов ОҚО, Бәйдібек ауданы, Шаянның тумасы. «Аламанның» табалдырығын он тоғыз жасында аттады. Айтысқа таланттыларды іздеп жүргенімде Қажымұқанды білетін бір адамдардан естіп хабарға шақыртқан болатынмын. Айтса айтқандай-ақ мінезі жайдары, ашық-жарқын жігіт екен. Жас та болса өзіндік айтар ойы, өзіне ғана тән ақындық болмысы бар жас айтыскерді көпшілік танып үлгермесе де, айтыстың айналасында жүрген біздер мұндай өренді танып, білгенімізге расымен де қатты қуандық. Кейін сөз өнерінің сахнасында талай сындардан өтіп, өз тыңдармдарының ықыласына бөленді.
Қажеке, сол уақыттан бері талай уақыт зымырап кетіпті. Өмірде жиі кездеспесек те ғаламтордың ауласында өзіңізбен хабар алысып тұрғанымызға да шүкіршілік дейік…
— Иә, Ереке. Қызық кездер еді ғой… Талай таланттармен сахналас болдық. Олармен бас қосқан сәттер… Әрі бүлкіл Қазақстан сенің өнеріңді бағалап, сенің айтысыңды көріп тұрғанын сезіну, мүлдем басқаша әсер беретін…
— Ақындық жай ғана өнер ме, әлде оның артар жүгі бар ма?
— Жүк болғанда қандай… Біріншіден, сен ақынсың ба? Демек жырлауың керексің. Әйтпесеаурасың кәдімгідей… Екіншіден берілген нәрседен сұраласың. Өнерді ылғи іске пайдалану керек.
— Жырлау керек дейсіз. Қайда? Кез келген ортада ма, әлде?…
— Жоқ әрине. Өнер шығуға лайықты ортада ғана шығады. Тыңдалмайтын, бағаланбайтын жерде шабыт болмайды.
— Арқалаған ақыныдық міндетіңізді атқара алып жүрсіз бе?
— Дәл қазір жоқ әрине. Алайда айтысқа еленіп шақырылып жатсаң ол бір бақыт қой кәдімгідей…
— Орта демекші, кезінде бабаларымыз арнайы сахнасыз да дүйім жұртты өзіне қаратып жүрді ғой…
— Ол заманына лайық тірлік қой…
— Өз басым ақындық дегенді сахнада көрсетілетін өнер деген қазіргі ұғыммен оның мағынасын тарылтқым келмейді. Өзім ақын болмаған соң, бәлкім түсінбейтін де болармын?!… Амалдар ниетке қарай деген ғой. Өзіңіз ойлаңызшы. Алла әр адамға бір-біріне ұқсамайтын талант берген. Кереметтей бір төрт шумақпен тыңдаушыңызды терең ойға батырып, жақсылыққа жетелеп, оның адамдық игілігіне жарайтын дүниесіне себепкер болсаңыз… Мұндай мүмкіндік ақынның ғана қолынан келеді емес пе? Бұған не дейсіз?
— Әрине айтыскердіктің қадірін білген адамға БАҚ-тан кейінгі орында ғой… Халықты тыңдата алады… Бірақ бұл ақын аузының дуалы болуына байланысты. Мысалы мен айтқанда тыңдамаған адам, тура сол шумақты Бекарыс айтса нанатын, сенетін сияқты. Сондықтан дуалы ауыздарға үлкен иман керек…
— Ақындықтың ләззатын көріп жүрсіз бе?
— Өкінішке орай ол ләззаты көруге менің дайындығым жеткіліксіз болып жатыр…
— Ақындық жолдың қай белесіндесіз?
— Биіктей қойған жоқпын…
— Ақын үшін танымал болудың маңызы қаншалықты?
— Қаншалықты танымал болсаң, сөзің соншалықты өтімді ғой.
— Демек танымал болу үшін сізге де көп тер төгуге тура келеді.
— Иә, алайда қазір біздікі күнкөрістің қамы, Ереке.
— Оқырмандарға өлең ұсынсаңыз?
— Суырып салма ақындары жазбамен көп айналыса бермейміз. Сондықтан бізде қат-қат боп жатқан өлеңдер жоқ. Мына «Ұрланған жыр» деген өлеңімді оқырмандардың әртүрлі қабылдайтынын білемін. Десек те сіз сұраған соң, өзімнің санамда жатталып қалған осы шумақтарды осында қалдырғым келеді. Ұсынбай-ақ қойсам да болар ма еді?!… Алайда, бұл оқиғаны баяндайтын өлеңнің мен үшін орны бөлек. Әрі осы өлеңім арқылы кісіден кешірім сұрау дейтін өзімнің азаматтық борышымды өтегім келеді…
— Түсінікті. Рахмет, Қажеке! Алла өнеріңізге шабыт берсін! Сізді халық сүйетін азаматтар қатарынан көрейік!

P.S.
Осы өлеңді оқыған соң сіздерге ұсынудың жөні бар ма деген маған ой келді… Бәріміз пендеміз. Бәлкім біздің қате-кемшіліктеріміз Қажекеңнің бұл жағдайынан асып түсетін шығар… Олар тек бұлай қағаз бетіне түсе бермейді… Ақынның мақсаты жырлау болса, онда оқырман ретінде Қажекеңе «рұқсат» бердім. Сіздердің сындарыңызға ұшырайтын да шығар. Бәлкім сын айтуға тұрарлық та болар… Бірақ мен «жаманнан да жақсыны көре біл» дейтін сөзге арқа сүйей отырып, осы өлеңнен өзіме керек сабағымды алуға тырыстым. Сіздерде солай қабылдарсыздар деп үміттенемін, қадірлі оқырмандар! Негізінде Алла бәрін білуші! Қателігімізді Алла кешкей!…
“ҰРЛАНҒАН ЖЫР”
Шіркін өмір, ақын жанға беріп келген көп үлгің
Сендегі мән себепкері, мендегі пәк көңілдің.
Жастық шақта маздап тұрған, бастан өтер небір күн…
Сол қызығы, шыжығы да мына жалған өмірдің…


Күндердің бір күні еді, мына қилы жалғанның,
Басымнан бір қызық өтті, шіркін неткен арман күн…
Студентпіз… Бір досымның туған күнін тойладық.
Сол керемет отырыста мен асаба болғанмын.


Мен сөйлеуге міндеттімін, асабамын себебі.
Қажымұқан бір отырыста...
Қажымұқан бір отырыста…


Ақындығым тым шамалы, көп еді оның керегі…
Сонда да көп жыр оқыдым, жұртқа жағып өлеңім,
Өлеңіммен тізіп көкке, тост кезегін беремін.


Кенет, осы отырыстың қызып тұрған кезінде.
Бір жас ару көзін алмай тұрды менің көзімнен.
Сол сұлуға ынтық болдым, жүзінен нұр сезілген…
Тек «арам ой» басым тұрды, мендегі пәс сезімнен…


Деп ойладым, өмір мәні осындайдан тұрмай ма?!
Жас сұлуды алып қаштым, тыс жақтағы бір жайға.
Ертегімді жайып салдым, жігіттік ақ көңілмен…
Әдеттегі жағдайлардай қыз көнбеді ыңғайға.


Ай жүзінен шуақ алған дала түні қараңғы.
Жас сұлуды жұбатуға небір ойлар оралды…
Қарағым-ау, сенен асқан жан көрмеппін ғаламнан!
Жарты әлемнен таба алмаспын сендегідей жанарды…


Неше түрлі сөздер айттым, қыздың алып тынымын.
Енді ешбір жараспады сыртта бұлай тұруым.
…Қыз деген-мұз, суықтықпен байқататын қылығын.
Сол бір мұзды ерітуге жетпеді еш жылуым.


…Қыз да қиқар, маған қарап: «Мына күллі әлемде,
Менен асқан әсем сұлу жан болмаса егер де,
Сенсін десең шартым осы, сенің күшің өлеңде.
Ендеше сол өлеңіңмен сезіміңді дәлелде!»


Маған оңай шарт қойдың ғой, жырды тыңда ендігі,
Иә, әрине, менің саған ақындығым белгілі.
Дедім дағы бір керемет жыр арнадым аруға
Ойға түскен қара өлең, міне былай өрбіді…


«Бұл қалада сенен артық жан бар деуге сенбеймін.
Сен солайсың, «Ләйлім» менің, сенбе мейлің, сен мейлің.
Бұл қалада сенен артық бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін…»


Міне сонда қыздың қиқар мінезі де басылды,
Құшағынан жылу төгіп, мойыныма асылды…
Осы күні қыз сыйлаған шын рақатқа малынып,
Жас жүрегім өткен кеткен бар мұңымды жасырды.


Бірақ шумақ ән жеткізді асқарына арманның,
Нұрлы көзге шуақ болып одан әрі жандандым.
Ой пірім-ай, анда-санда жыр жазатын дәл менен.
Бұндай әсем көркем жырдың шыққанына таңдандым.


Бұл бір өлең маған үлкен қуат берді қалқам-ай,
Қайдан шыққан жыр екен деп ойға шомдым арқалай.
Қайдан десем әкеміздің жас кезінде жаттатқан,
Мұқағали бабамыздың өлеңі екен, ой пәлі-ай.


Осы жағдай есіме кеш түскендігін қарашы,
Әттең, әттең, ұятымның жазылмайды-ау жарасы!
Дәл сол түні әлгі аруға Мақатаев жинағын,
Үлкен сый ғып беріп едім, ұнайды деп шамасы.


Кешір мені Ұлы баба, сол ұрланған жыр үшін,
Енді ұрласам мына менің ақын атым құрысын.
О, музаның майталманы Мұқағали өр баба,
Саған мәңгі мың рахмет, сол сол ләзатты түн үшін!


作者,asspankz@gmail.com

Мақала сілтемесі: http://ertai.dosym.kz/?p=2738
Бөлісу:

1 пікір

KILYZAMAN
Бұл бір өлең маған үлкен қуат берді қалқам-ай,
Қайдан шыққан жыр екен деп ойға шомдым арқалай.
Қайдан десем әкеміздің жас кезінде жаттатқан,
Мұқағали бабамыздың өлеңі екен, ой пәлі-ай.