Мұстафа Шоқайдың өзін болмаса да, тарихи тұлғасын тірілтуге болады

Мәжілісте 13 сәуір күні Шалатай Мырзахметов бастаған 20 депутаттың тәуелсіздіктің 20 жылдығында депутаттық сауал беріп Қазақстан тәуелсіздігінің символ тұлғасы Мұстафа Шоқайға тиісті орнын беруге шақырғанын тебіреніс толқумен қарсы алдым.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің 20 жылдығын жоғары деңгейде аталып өтілуіне үлкен мән беріп отырғандығы мәлім. Өйткені Қазақстан тәуелсіздікке және 20 жылдыққа оңай келген жоқ. Осы үрдісте болған қиыншылықтары әрдайым еске алып біліп отырмасақ, тәуелсіздіктің, бүгінгі қол жеткен жетістіктердің қадір қасиетін біле алмай қалуымыз мүмкін. Ал тәуелсіздіктің құс сияқты, бір күні қолымыздан ұшып кетпесіне кім кепіл? Қазақтың мақалында айтылған ғой, «ер жігіт бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі» деп. Біз тәуелсіздік құсының елімізге қонып отырғанын, ол ұшқаннан кейін емес, қазірден жіті білуіміз керек. Сол үшін 20 жылдықты жан-жақты және әділ өткізуіміз қажет.
Бір тарихшы ретінде осы атап өтулерде тарихи оқиғалар мен тұлғаларға басты орын беріледі деп сенемін. Қазақстан тәуелсіздік тарихи басты екі кезеңге бөліп қарауға болады: Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін және тәуелсіздіктен кейін.
Мұның біріншісі бізге тәуелсіздіктің оңай келмегенін көрсетеді. Ресей патшалығы мен Кеңес Одағы кезінде қазақ халқының тәуелсіздік арманына жету үшін жанқиярлықпан жасаған ерліктерін ортаға салады. Кеңесары Қасымұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай, Желтоқсан құрбандары, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды қазақ арыстарының өмір жолдары, күрестері жан жақты ортаға салып халқымызға, жастарға, тіпті бүкіл әлемге таныстыратын іс шаралар өткізілгені дұрыс. Өйткені бұл әлемдегі қазақтар және өзге Орта Азия халықтары Кеңес Одағы өздігінен шаңырағы опырылып құлағаннан кейін тәуелсіздікке оп-оңай қол жеткізді, олар тәуелсіздік деген қасиетті ұғымды білетін өркениетті халықтар емес деген пікірлерге тойтарыс болар еді. Осындай жаңсақ пікір болғаны үшін оларды айыптауға да болмайды. Өйткені, халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күрестерін алдымен өзіміз әлемге жария етіп танытпасақ, өзгелерге қазақ халқының тарихын дұрыс білмегені үшін қалай сын айта аламыз? Міне осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Түрік Академиясын” құру идеясы өте маңызды. Бұл академия өздеріңізге белгілі түрік халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеп әлемге таныстыруды мақсат етеді.
Енді қазақтың тәуелсіздікке дейінгі кезеңде халқының жарқын келешегі үшін күрес жүргізген тарихи тұлғалары жіпке тізіп айта берсек көп. Бірақ әрбір кезеңнін симмволдық маңызды тұлғасы болады. Осы кезеңнін де символ тұлғасы Мұстафа Шоқай болса керек. Сондықтан басқа тәуелсіздік қайраткерлерінің арасында 20 жылдықта Мұстафа Шоқай ерекше орын беріп Қазақстанда және әлем елдерінде таныстыратын іс-шаралардың өткені дұрыс.
Сонымен қатар Қазақстанның 20 жылдық іс-шараларына бүкіл әлемнін зер салып мұқыят қарап отырғандарын еске сақтау керек. Бұл шаралардың әділ өтуі сондықтан маңызды болып отыр. Бұл шаралар Қазақстан халқының тәуелсіздік ұғымы турасындағы түсінігінің қандай екендігі туралы сыр шертеді.
Әсіресе Қазақстанда тәуелсіздік тарихының символ тұлғасы Мұстафа Шоқайға әлі де лайықты бағасының берілмей келе жатқандығы әлемде, оның ішінде Түркияда көп адамды таң қалдыруда.
Осы орайда Башкұрдстанның Зәки Уәлиді туралы іс-шаралары алға тартылуда. Өздеріңізге белгілі Зәкі Уәлиди мен Мұстафа Шоқай өз елдерінің Кеңес Одағынан тәуелсіздік алу жолындағы күресінде үзенгілес болған. Екеуі де Алаш Орда көсемі Äлихан Бөкейханның үстаздығында саясатқа тәрбиеленген. Екеуі де Еуропа елдерінде Кеңес Одағын қарсы идеялық күрес жүргізген. Екеуі де 1890 жылы туылған.
Башкұрдстан Кеңес Одағы ыдырағаннан бастап осы бір туар арысы Уәлидидің тарихи тұлғасына жоғары мән берген. Оның әлемдегі шашырап жатқан мұралары жинақталып Ұфа қаласында ашылған музейіне орналастырылған. Сондықтан депутаттардың Астанада Мұстафа Шоқай атында музей ашылуы талабы өте орынды. Сөйтіп оның әлемде жеке адамдардың қолдарында шашырап жатқан мұраларын жинақтуға мүмкіншілік болар еді. Тіпті сол музейді “Мұстафа Шоқай Қазақстан тәуелсіздік музейі” деп ат қойып Мұстафа Шоқаймен бірге Қазақстан тәуелсіздігіне қызмет еткен бүкіл арыстарымыз туралы деректер, мұралар және мәліметтерді сонда жинастыруға болар еді. Бұл жас ұрпақтың және шетелдіктердің қазақ халқының қасиетті тәуелсіздік үшін күрес тарихын нақты көріп білуіне қызмет етер еді.
Башкұрдтардың Зәкі Уәлідиді құрметтегендері соншалық, өткен жылы оның туғанына 120 жыл толуына байланысты Башкұрдстанда, Түркияда және басқа әлем елдерінде бір қатар іс-шаралар өткізілген. Осы іс-шаралардың бір қатарын Анқарадағы Түрксой ұйымдастырды. Бірақ Қазақстан басқарып отырған Түрксой ұйымының Мұстафа Шоқайдың 120 жылдығы туралы 2010 жылы ешбір іс-шара өткізбегені түрік зиялыларының назарындан тыс қалмады. Башкұрдстан Ресей құрамында автономиялы мемлекет ретінде өзінін белгілі тарихи тұлғасына музей ашып әлем елдерінде іс-шаралар көріп отырғанда, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің өзінің тарихи тұлғасына бейжай қалуы түрік елінде бір қатар адамдарды таң қалдыруда.
Ал тәуелсіздік тарихымыздың екінші кезеңі де, біріншісіндей аса маңызды. Бірінші кезеңде аталып өткен ұлы тарихи тұлғалар қол жеткізе алмаған тәуелсіздік арманына осы кезеңде қол жеткізілді. Міне мұның өзі 16 желтосан 1991 күні Қазақстанның тәуелсіздік декларациясының маңыздылығын аша түсетіні анық.
Сол кездегі Қазақстанның тәуелсіздігі турасындағы әлемдік реакцияларға қарағанымызда Қазақстанның болашағы үшін аса пессимістік пікірлердің айтылғанын көреміз. Мәселен Колгейт университетінің профессоры, Сыртқы саясат зерттеулер институтының қызметкері және «Қазақтар» атты монографиялық еңбектің авторы Марта Брил Олкот былай дейді: «… Орталық Азия халықтарына тән қасиеттің бірі, олардың Кеңес Одағының ыдырауынан бұрын тәуелсіздік үшін ашықтан-ашық ұмтылыс пен талпыныс жасағанын көрмейсіз. Аталмыш аймақ халықтарының бостандық үшін күрес жүргізбеулері, олардың тәуелсіздікті қаламағандықтарынан емес. Дей тұрғанменен де, олар тәуелсіз ел болу мүмкіндіктерінің бар екеніне сенген жоқ».
Ал батыс елдеріндегі саяси сарапшылардың бір қатары 90- жылдардың басында жазған мақалаларында тәуелсіз Қазақстанның ұзаққа бармай этникалық қақтығыстар салдарынан бүлініп Ресей қол астына қайта кіретініне сенгенін жасырмады. Олар Орталық Азия елдері ішінде Қазақстанның этникалық қақтығыстар салдарынан бөлшектену ықтималына баса назар аударды. Қазақстанның этникалық қақтығыстар және көршілес Орталық Азия елдерімен болған келіспеушіліктер салдарынан бөлшектену қаупі болғанын көрсеткен В.Поп, қазірдің өзінде оған жақын Тәжікстанда азамат соғысы жүріп жатқанын назарға алып, аталмыш аймақта исламдық фундаментализмнің күшейіп келе жатқанын және Қазақстанның Ресеймен келіспеушілікке ұрынуының да әбден ықтимал екенін атаған еді. Ол мақаласын төмендегідей жалғастырады: «… бүгінгі таңда орыс-қазақ байланыстары, жұмсартып айтқанда, бұлыңғыр. Қазақтар ендігәрі орыстарды ұлы халық ретінде емес, бағы тайған халық ретінде көріп отыр. Қазақтар, бұрыңғы отарлаушы ел болған Ресейге астықты экспорттық өнім ретінде сатып отыр. Ұлғайып келе жатқан этникалық теке-тірестер тікелей қақтығыстарға себеп болады. Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдерінен, ұлт құраушы қазақтар халықтың 42 пайызын құраса, орыстар оларға жақын қырық пайызды құрайды.”
Оның үстіне бетбе бет келіп отырған экономомикалық қиыншылақтар да Қазақстанның жарқын болашағына күмен келтіріп отырды. 1994 ж. 14 ақпанында «Вашингтон Пост» газетінде шыққан мақаласында Фрэд Хият, Қазақстанның көк мұз суық астанасында тұрақтылықтың кейбір нәзік жақтарының бар екенін көру қиын емес дейді. Қазақстан экономикасы дағдарыста екенін айтқан ол: «… жанармай табылмайды, шахтерлер мен фермерлердің жалақылары төленбейді, зауыттар жұмыстарын күрт азайтқан, тұрғын үйлердің көбісіне жылу мен ыстық су берілмейді. Сондықтан да, айтарлықтай артта қалған Қазақстан Ресейге тәуелді болып отыр» — дейді.
Мұндай пікірлерді айта берсек таусылмайды. Бірақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаттарының арқасында Қазақстан бүгінгі дамыған 50 елдің қатарына шығып отыр. Бұл, осыдан 20 жыл бұрын болжам ретінде айтылса адам сенгісіз жағдай болар еді. Сондықтан Қазақстанның 20 жыл ішінде қол жеткізген озық жетістіктерін бағалай білуіміз керек.
Жалпы айтқанда, Қазақстан мемлекетті қалыптастыру мен халықаралық қатынастарда осыдан жиырма жыл бұрын ең оптимистік саяси сарапшының өзі болжай алмаған ірі жұмыстарды атқарды. Бұл ірі табыстардың артында Н.Назарбаевтың таланты мен саяси тәжірибесінің жатқандығы ақиқат. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік тарихының екінші кезеңінің символдық тұлғасының Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені сөзсіз.
Президент ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде Нарғыз Иманғазы деген астаналық бүлдіршін ақын қыздың мына сөздерін келтірген еді:
Тәуелсіздік, атың қандай киелі! / Сені қорғау – әр қазақтың парызы, / Әр қазақтың сен деп соғар жүрегі! / Тәуелсіздік – қандай ғажап бұл ұғым!
Сол ақын қыздың айтқанындай тәуелсіздік киелі ұғым. Оны қорғау бүкіл қазақтың парызы. Сондықтан қазақ халқының санасына осы киелі ұғым мен міндетті сіңіру үшін тәуелсіздікке еңбек еткен арыстарымызды бағалай білуіміз керек.
Осы орайда Мәжілісте бастама көтерген Шалатай Мырзахметов бастаған 20 депутатқа алғысымды айтамын. Сондай-ақ Басминистір Кәрім Мәсимов олардың бұл бастамасына оңды жауап береді деген сенімдемін.
Сөз соңында 27 желтоқсан 1941 күні дүние салған Мұстафа Шоқай енді тірілмейді. Бірақ Кеңес Одағы кезінде қазақ халқын құл қылып бодандықта ұстауға бағытталған мақсаттармен Мұстафа Шоқайдың халық санасынан өшірілуге, өлтірілуге тырысылған тарихи тұлғасын тірілтуге болады. Қазақстанның айтулы мерекесі, тәуелсіздіктің 20 жылдығында, Мұстафа Шоқайдың денесінін дүниеден қайтқанына 70 жыл толып отырғанда, рухының туған халқымен қайта қауышуына жағдай жасалса нұр үстіне нұр болмақ.

Әбдіуақап Қара
Ыстамбұл Мимар Синан универсиетінің профессоры, Шоқайтанушы ғалым.
Бөлісу:

2 пікір

Onlasyn
Әбдіуақап Қара, атаңнан айналайын…
KILYZAMAN
Фильм өте қатты ұнады…