Балалық шағымның аспаны. Тұсау кесер.
Бүгін Астанадағы «Қазақстан» кино-концерт залында «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген дарынды режиссер Рүстем Әбдірашевтың «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильмінің тұсаукесері болды.
Туындының алғашқы көрермендерінің қатарында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген фильмге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармалары негіз болады. Ұлы Отан соғысының алдында әсем Алатаудың баурайын мекен қылған Әбіштің отбасы бір перзентке зар болып, әулиелердің басына түнеп жүріп, жаратқанға жалбарынып сұрап алған перзентінің ныспын Сұлтан деп қояды. Туындыда осы Сұлтанның балалық шағы суреттелген. Асқақ Алатудың бауырында өткен балғын балалық күндерінің бірінде алғаш ұшақты көрген ол жартастың басына шығып, биіктіктің не екенін ұғынады. Осыдан бастап бала жүректе көк жүзіндей биіктікке, асқар таудай асқақтыққа ұмтылыс орнайды. Бұл ұмтылыс сәби Сұлтанның бейнесін сомдаған Елжас Әлпиевтің өміріне де үлкен өзгеріс әкелгені сөзсіз.
Елжас Әлпиев, жас актер:
-Атқа міндім, самолеттың артынан жүгірдім, самолет көрдім. Нұрсұлтан ата сияқты ақылды болғым келеді.
Сәби Сұлтанның көрген түсі — ақ боз атқа мініп, ақбас алатаудың асқар шыңдарына деңгейлесіп, ақша бұлттарды кешіп жүргені қазақтың бүгінгі бейнесі, бағындырған биік шыңдары екені даусыз. Қазақтың соғыс кезіндегі аш-жалаңаш өмірге қарамастан жер аударылып келген сан түрлі ұлт өкілдерін бірге туғанындай бауырына басқан дархан пейілі, олармен бір тілім нанды бөлісіп жескен тату тіршілігі бала Сұлтанның кейінгі ұзақ та, шытырман өмірінде басты қағидасына айналғаны рас. Фильмде қазақ өнерінің тарландары ойнайды. Сұлтанның мейірбан әжесінің бейнесін Бибігүл Төлегенова, әкесінің бейнесін Нұржұман Ықтымбаев сынды өнер тарландары сомдайды.
Бибігүл Төлегенова, КСРО халық әртісі:
-Кітаптарды оқыдым, ауылдардағы адамдардан сұрадым. Сөйтіп жүріп ол кісінің қандай болғанын білдім. Сұлтаннан басқаның барлығына қатал болған екен ол кісі. Соның енді барлығын көрсеткім келді.
Нұржұман Ықтымбаев, ҚР халық әртісі:
-Қазақ хандары, сұлтандары туралы ешқандай кино болған жоқ. Болса да сол тарих бойынша жазып, түсірген. Ал енді бұл біздің Қазақстан халқының тұңғыш президенті туралы кино түсіру, ол үлкен абырой болды қазақ киносында.
Фильм режиссері Рүстем Әбдірашев туынды көркем фильм болғанымен оған түгелдей дерлік мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы естеліктері өзек болғанын айтады. Кез келген бейнені сомдаудың өзіндік қиындықтары бар. Ал, күллі елін бүгінгідей ұшпаққа шығарған тұлғаның балалық шағын суреттеу, тарихты кері айналдырып, 50-70 жылға бұрынғы ел өміріне оралу тіптен бөлек.
Рүстем Әбдірашев, фильмнің режиссері:
-Фильмнің ішінде болып жатқан оқиғалардың көбі Нұрсұлтан Әбішұлының кітаптарынан алынған. Тарихи негізделген, бәрі шындық. Ойдан шығарылған нәрселер емес.
Фильм осы сәуір айының 14-інен бастап еліміздің кинотеатрларында кеңінен көрсетіле бастайды.
Дерек көзі: www.khabar.kz/kaz/culture/Kazak_kinosi_tagi_bir_tamasha_tuindimen_tolikti.html
ПыСы: Сондай маңызды фильм, бірақ трейлерін шығаруға бастары жетпепті.
rahmet kop-kop!
Жалпы, ұнады. Бибігүл Төлегенова апамыз өз рөлін тамаша орындап шыққан. Алдын-ала рецензиясын оқымаған болсам, тіптен танымай да қалар ма едім))
Бала Сұлтан да сүйкімді. Жігіт Сұлтан уаще)))
Расымен солай болғаны ма? Бәйгеден де озып келген, көкпар да соныкі))) Тағысын-тағы))