Слоу-моушн: Сатира

“Slow motion” деген, бір сөзбен – кинода, компьютерлік ойындардағы уақытты баяулату эффектісі. Шалт қимылдап, шаптан теуіп келіп, енді шабадақ еткізіп бастан сұлатар кезде бәрі баяулап кетеді ғой, мм… дәл өзі, дәл осы әсер:-) Қысқасы, біздің саяси сатира да осы күйде. Күлкі күні өтті де кетті. «Ауруханаға жатып қалдым, пәлен жерде, пәлен палатада, аяғым асылып, қолым басылып жатырмын» деп бірін-бірі алдаған жастардың да желі шықты. Желігі басылды. Осындай жеңіл әзілдің буында “ саяси сатирамызда салмақ дейтіндей не салмақ бар?» деп селкілдеп күлсеңіз де, өзіңіз біліңіз. Айналамызға қарайықшы алдымен.
Байқап та, біліп те жүрсіздер, Ресей телеарналарының төріне саясат жайлы әзіл озды. Қылжақ қылса да, Виктор Ющенко, Михаил Саакашвили, Хиллари Клинтонды нысанаға алып, «намыстарына» тиіп қалады дерсіз. Болмаса, саяси сатира Путин мен Медведевтің маңайындағы абстрактілі шенеуніктің кейпіне еніп, күлдіреді. Бірақ, осының өзі жас та жұлымыр көрерменді телебезер алдына тұсаулап қоюдың тамаша тәсілі болғанын мойындау керек. Иә, Ресей де бұл еркіндікке оңай жете салған жоқ. 90-шы жылдардың басындағы саяси сатирасы кеңестік стильдің сабағын үзіп алмай, дүкендегі кезек, жығылған мастың мәселесін көтеріп, қанша жыл итшілеп келді. Біздегі «Тамашаның» бірді-екілі туындылары сияқты жекелеген кемшіліктің басын шалып, жай ғана гэг пен каламбур қалпындағы әзілге құмар болды. Ал, бүгінгі еркіндікке көрші елдің билігі көрерменнің халін ойлап барған жоқ. Дұрысы, көрермен осы халге жетелеп апарды.
Себебі, Ресейдегі орталық телеарналардың рейтінгісі түсіп, жаңалықты жастар жағы көрмейтін болды. Осындай ұрымтал тұста ұрысқа саяси сатираны шығармаса, жағдай оңалмайтынын билік те, басқасы да бүйірімен сезді. Көрермен үшін қызықсыз жаңалықтарды қалай да көрсету, сол арқылы саясатты насихаттауды да доғармай, көрерменді де жоғалтпау керек еді… Содан да, осыдан 4 жыл бұрын Бірінші арнаның директоры Константин Эрнст сатиралық реформаны бастап кеп жіберді. Эфирге «Прожекторперисхилтон», «Мультличности», «Большая разница» және «Южное Бутово» секілді күлекеш бағдарламалар шықты. «Прожекторперисхилтонда» Мәскеу мэрі Сергей Собяниннен бастап, коалициялық британ үкіметі, Лукашенко, Ющенко, Обама тақырыптарына дейін түк қалдырмай, түртпектеп шолады. Әрі десе, бұл бағдарламаға Кремльдің сүзгісінен өтіп, шодыр тұсы сүргіленген, жүргізіліп отырған саясатына сай әзіл-сықақты жіберіп отырады. Немесе НТВ арнасындағы «Куклы» бағдарламасын алыңыз. Әйтеуір, жаңалықтар шығарылымынан осы тақылеттес бағдарламалардың әлдеқайда әлеуетті саяси күш болып отырғанын бәрі мойындаған секілді… Бастысы, көршілер саяси сатирасындағы басты қағидат – Путиннің я Медведевтің жеке басын емес, оның айналасындағыларын келеке қылуды үйреніп алды. Жұртқа керегі де сол.
Американ телеарналарында саяси юмордың сайрандап жүргенін айтпаса да болар. Комедиялық шоулар жаңалық бағдарламаларының принципінде жұмыс істегенімен, одан батылырақ, ашығырақ жеткізеді… Мысалы, Стивен Кольбердің я Джон Стюарттың шоуында либералдарды гомосексуализмге, гомосексуалистерді құдайсыздығы үшін, ал құдайсыздарды мемлекеттік сатқындығы үшін айыптай береді. Американдықтар да жаңалықты журналистердің аузынан емес, The Daily Show сияқты сатиралық шоулардан тыңдауға бет алып барады. Мұндағы сатира ошақ басының тақырыбынан шығып, америкалық арман, теңдік, патриотизм, еркін нарық секілді түйткілді тұстардан түйрей бастады. Тегі болмаса, Уолл-стрит биржаларындағы у-шудан бастап, Обаманың Бо есімді күшігіне дейін әжуалайды. Осыдан келіп, комедиялық «жаңалықтардың» тырнақшасы түсіп, журналистер орнына әзілкештер зерттеу жасай бастады. Бұның қаншалық оң я теріс үрдіс екенін бағамдау қиынырақ енді.
Ал Қазақстандағы саяси сатира ТВ-ға кірер тесік таппай отырса, кім кінәлі? Мысал ретінде келтірген АҚШ пен Ресейдің тәжірибесі бізге жете қойған жоқ. Себебі…
Біріншіден, еліміздегі ойын-сауық отаулары мен телеарналар бұл үрдістің құдыретін жете түсінбей отыр. Әзіл-сықақ отаулары бұл тақырып халыққа «өтпейді-ау» деп біледі. «Өтетінін» білгенімен, өңменіннен өткізетіндей өткір әзіл жазатын сатириктер санаулы екеніне сын айтады. Ал телеарналардың ішкі саясаты біз айтпасақ та, біліп отырсыз. Мемлекеттік арналарда «позитивті жаңалық» принципі алға шығып тұрса, коммерциялық арналар тұрмыстық шатақтың туырлығын көтеруден қажыр емес.
Екіншіден, бізде сатиралық бағдарламалар ашылғанымен, оның кейіпкері болатындай тұлғалар көп емес. Қолдағы саусақтар да көптік етер. Неге десеңіз, біздегі саясаттың соры – елмен етене араласып, баспасөзден қорқып, бет-жүзін жасырмайтын «публичный» саясаткерлердің аздығында… Қалың көпшілік депутаттар тұрмақ, министрлердің түрін де жыға тани бермейді. Дегенмен, жұрт жыға танымайтын тұлғаларды «НТВ» арнасындағы «Куклы» бағдарламасына шығарғанда, тамаша нәтиже болғаны естеріңізде шығар. Мысалы, көпшілік Ресейдің кезіндегі бас прокуроры Владимир Устинов немесе ІІМ министрі Виктор Ериннің бет-әлпеті қандай екенін осы бағдарламадан көріп білді.
Үшіншіден, отандық арналардың, мұндағы жаңалықтар топтамасының көрермен алдындағы рейтингісі түсіп кетті. Көтерілмесе де, біраз жылдан бері баз баяғы қалпында тұр деседі білгіштер. Бұған ешкім таң-тамаша болмас.
Сондықтан, телеарна басшылары мен ақпараттық саясатқа мүдделі атқамінерлердің әзілмен саясат жеткізуді ертерек түсіне, игі болар еді… “Хабардың” өзі осыдан он жыл бұрынғы “ Жетпіс жеті күніне” жетер дүние жасай алмай отыр. Шығармашылық шектеу!


Мақала сілтемесі: http://orkenegro.wordpress.com/2011/04/07/%d1%81%d0%bb%d0%be%d1%83-%d0%bc%d0%be%d1%83%d1%88%d0%bd-%d1%81%d0%b0%d1%82%d0%b8%d1%80%d0%b0/
Бөлісу:

2 пікір

AKY
«Жетпіс жеті күн» әжептәуір бағдарлама-етін.
asaubota
бізде просто біреуді әзілге айналдыруға болмайды да просто…