Былшық (Сайлаудан кейінгі сөз)

“ Ақсақ тоқты түстен кейін маңырайды“. Болмаса, көзден шыққан былшық болады ғой, біреу “әй, анауыңды сүртсейші” дегенше, сүрме болып тұратын. М-мм, дәл сондай былшық ойдан бүгін арылайыншы деп едім… Сайлау өтті. У-шу, айқай-сүреңсіз. Нұрекең осымен бесінші мәрте басшылық тізгінін ұстап қалды. Труимфатор демей немене енді (осы сөзді жұлып алып, жағымпаздықтың нұр-сәулелі
көрінісі десеңіз де, өзіңіз біліңіз). Кәнсе де кәнсоп, алдын ала таратқан мәліметке сүйенсек, сайлаушылар дауысының 95,5 пайызын алып тұр ғой. Тіптен, толқығаннан Елбасы көзіне жас алып та жіберді-ей (оның темір емес, біз сияқты пенде екенін осындайда білесің). Алдыңғы сайлауда, яки 2005 жылы ол 91,15 пайыз дауыс алған еді. Әрине, биылғысы көп, бірақ, Елбасы бұл жолы жеке рекордтарының бірін бағындыра алмады. Алғаш Алаш баласы ақ киізге көтерген 1991 жылдың желтоқсанында ол сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын алған болатын…
Жарайды, басқа үміткерлерді былай қойшы. Ғани Қасымов жұрт алдында Тәңір атты немересінің “ презентациясын” жасаған соң, ол кісінің онсыз да аз абыройы (мен үшін) түсіп кетті. “ Ниже плинтуса”. Есі бар еркек немересіне Алла тағала немесе баласына Будда (астапыралла) деп азан шақырып, ат қоймайтын шығар. Ал сенатор дымнан сескенбепті, сыбауға сөз жоқ. Сонысымен қоймай, өзіне 200 мың адамның дауыс бергеніне қуанады… Табиғатынан табиғатты сүйетін Мэльс мырза бұл жолы да таза жеңілгенін мойындады. Мойындау да білгенге ерлік. Бірақ… бірақсыз бола ма, ол сайлау бюллетенін урнаға салмай жатып, шартты түрде қарсыласы Н.Назарбаевқа “ птичка” қойғанын көрсетті. Қайтсін, қуанып тұр. Бұнысы енді ерлікке татымайды (Имхо).
Ал, жалпы сайлауға келсек, бұл бұрын-соңды болмаған сұрқай кейіпте өткен сияқты. Ақпараттық соғыс деген атымен жоқ. Жұрттың делебесін қоздыратын жария дебаттар да көрініс таппады. Осындай жағдайда  Н.Назарбаевтан басқа үш үміткер де билік үшін емес, иланған сенімі я жасалған келісімі үшін жарысқа түскендіктен, жарытқан бәйге болмады. Екінші орын үшін егес жүрмеді, ең қысқасы, сайлауда қызығы интрига десек… бұл жолы оның иісі де шыққан жоқ. Себебі, халықтың басым бөлігі қазіргі президенттің қайтадан сайланатынын білді (не деген түйсік десейші)))
Дүдәмал болғандарын референдум өткіземіз деп жинаған 5 млн қолдың мысымен басып, психологиялық тұрғыда пысықтап үлгерді. «Енді осының бәрін біле тұра, неге сайлауға барамын?» деген ой туды көбісінде. Мен де сол ой туды. Сол себептен де сайлауға бармадым деп айта аламын. Мұны азаматтық борышты орындамау дейсіз бе, әлде абсентеизм дейсіз бе, өзіңіз біліңіз.
Себебі, Назарбаевтың жеңіп шығатынына ешбір күмән болмады. Әрине, менің әлі Астанада тіркеуге тұрмағаным, кіндігіммен Таразға байланып тұрғаным да бар ғой себептің бірі ретінде. Қалай дегенмен, Нұрекең қайта сайланды. Құдай қуат берсе, қолдан келгенін аямаймын дейді. Иншалла!

Мақала сілтемесі: http://orkenegro.wordpress.com/2011/04/07/%d1%81%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd-%d1%81%d0%be%d2%a3-%d0%b1%d1%8b%d0%bb%d1%88%d1%8b%d2%9b-%d0%be%d0%b9/
Бөлісу:

5 пікір

ken
mynalar uje bastap ketipti goi
seken
Назарбаев пен қазіргі саяси жүйені сынау БОЯНН болған тақырып!
ken
Ал оны жане онын саясатын асыра мактау одан да бурын боянып койган.
JebeNoyan
Нұрекең Ата Заңды сыйламайтын секілді, санау әлі аяқталған жоқ, ал сол күні өзін президент жариялап жіберді, неге сонша асығыстық? кімнен қорқады?
asaubota
бұл жолы үміткерлердің сайлауалды пиарынан гөрі сайлаудың пиары көп болды. сайлауға қатысыңдар, өз болашақтарың үшін анау-мынау деген сөздер… яғни ешкімнің күмәні болмады кім жеңетініне, сондықтан басты міндет сайлауға қатысушы санын көбейту болды ау деймін.