Қазақстанға АЭС қажет пе?

1. Мамандардың айтуынша, адамзат атомды қолдануды үйренгенмен, оны залалсыздандырудың жолын әлі үйренген жоқ. АЭС салған елдер оның пайдасын көріп жатқанмен енді одан құтылудың амалын таппай отыр. АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі – орташа есеппен алғанда 25-35 жыл. Өз жұмысын аяқтаған АЭС-ті жай ғана қауіпсіз ұстап тұру үшін миллиардатаған қаржы керек. Мысалы, совет кезінде қару-жараққа арналған плутоний (оружейның плутоний – дұрыс аудардым ба білмеймін) шығарған Маңғыстау атом электр станциясы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған жоқ. Сонда да оны қауіпсіз ұстап тұру үшін миллиард теңге қажет екен. Жекеменшіктердің қолында тұрған бұл станцияны “залалсыздандыруға”қаржы жұмсалып жатыр ма, жоқ па, қазір кім білсін. Авария болған Чернобыльдың өзі жыл сайын миллиондаған қаржы талап ететін көрінеді.
2. Атомның аты – атом. Ол ешбір қателікті кешірмейді. Оның үстіне Қазақстанда бұл салада мамандар жоқ. Қандай жүйеде өмір сүріп жатқанымыз бәріне аян.
3. Бізде АЭС-ке шынайы қажеттілік бар ма? Өнеркәсіп дүрілдеп дамып, абыр-сабыр болатындай жағдай болып жатқан жоқ қой. СЭС салу үшін су жетіспейді дейді. ЖЭС-тің ғұмыры бітті дейді. Олай болса, балама энергия көздерін – жел, күн сәулесін қолдану жағын неге ойластырмасқа? Тым қымбат дейді. Ертеңгі күні АЭС-тен құтыла алмай, ақшаны нағыз сол жейтін болады. Қазақстанда онсыз да қаншама адам экологиялық апаттардың құрбаны болып, азап шегіп жатыр. Кішкене ойланатын кез жетті ғой. Кешке шейін атақ қуып далақтай бермей.
Сосын бұл әлдебір мақсатты көздейтін лоббистердің де жобасы болуы мүмкін дейтін де әңгіме бар. Бізде мұндай нәрсеге таңқалуға болмайды. Бүкіл Еуропа елдері Жапониядағы жағдайдан кейін бас тартып жатыр. Олардың бүге-шегесіне дейін жоспарлап, “міне, саламыз” деп отырған жобаларынан бас тартуы бізді де ойлантуы қажет.
Әрине, мен атом саласының маманы емеспін. Бірақ мамандардың сөзінен түсінгенім осы. Егер қателессем, қуанатын едім.
Бірақ жарқын болашақта атом саласын игерсек артық болмайды.