Атом мен атам


Иә, Көкжал Серіктің кейінгі бір жазбасына көзім түсіп кетіп, оқып, тоқып, толғанып отырған түрім. Толғану деген толғақтату дегенге ұқсай ма… Жарайды енді, мәу демей милыққаннан гөрі, әу деген жөн. Сөздің ауаны сол атом мен атам турасында болмақ. Атам дегенде қазақты айтам да… Күллі адамзаттың самурай еліндегі сұмдықтарға жағасын ұстап қана қоймай, оны жұлып
алардай жағдайда отырғаны бар. Анау «Фукусимасындағы» аз ғана отыны балқып, суы қайнап, жапондардың басы ісіп, балтыры сыздап жатыр. Қазекем қаннен қаперсіз. Қалғаны ине үстінде отырғандай үрей құшқан.
Қысқасы, Ақтауда салынатын АЭС-тің қауіпсіздік қағидаттарын қайта сараптап жатыр екен бізде. Жоспардан жаңылмаса, стансаның алғашқы блогы 2016 жылы іске қосылады. Атом қуатына қарсы болу жел диірменге жыны келген Дон Кихоттың қылығындай көрінер. Қанша дегенмен, көмір, мұнайдың түбі көрінген тұста атомның дәурені жүретіні анық сияқты. Бірақ, айтпаса ауызжара болатын түйткілдер түйіндеп тұрғаны мынау…
1) Ақтаудағы стансасының жобасына бастан-аяқ қазақстандық-ресейлік мекеме жауапты. Берер қаржыны біреуден қызғанып тұрған жоқпыз. Бірақ, неге ресейлік? Алысқа бармай-ақ, алысқа кеткен «Қазсаттың» жағдайын айтайық. Басыбайлы ресейліктер тілмен жалағандай етіп құрастырған. Қаңғып кетті. Келесі жерсеріктің “ орыс” тәнін француздың, басқаның бөлшегімен жарақтап, «ағасының» ағаттығын қайталамайтындай етіп тәрбиелеп жатса керек. Тек АЭС «Қазсат» емес… Қу медиен шексізге қаңғып кету бір басқа да, Құдай сақтасын, қазақты қырып… бір басқа. Сонда атом саласында азу тіс өсірген американдық, француздық я жапондық серіктестер табылмай қалды ма екен? Қалай дегенде де, атом стансасын жобалауды бір ғана елдің мамандарына сеніп тапсыруды сұмдық идея дей алмаймыз.
Білуімізше, бұрын Қазақстанда қазып алынған уран кені Франция мен Ұлыбританияда байытылып, Жапонияға жол тартады екен. Енді қазақ ураны жапон АЭС-теріне көршіміз Ресей арқылы жететін болыпты. Биылғы жылдың күзінде алғаш рет осы трафикпен 15 тонна уранды тасымалдау жоспарланып отыр. Көріп отырғандарыңыздай, тағы да… Ресей!
2) Енді әңгімені «Қазатомпромға» қарай ептесек. Аталмыш мекемені басқаруда атын жайған Мұхтар Жәкішевтің істі болуын да ресейлік іргелі топтардан көретіндер көп. Ауылдағы Тырқымбай ғана емес, аузы сасық емес сарапшылар да бұл Ресей пайдасына шешілген ойын болғанын айтудай-ақ айтты. Ал жаһантор «Жәкішев ісінде» В. Школьниктің және оның күйеу баласының сұлбалары қараңдайды дегенді жиі хабарлайды. Қисын қусақ, былай: талай қызметтің креслосын тоздырған Владимир Школьник қазір «Қазатомпромның» қожайыны. Бұл лауазымға Жәкішев абақтыға жабылған соң ғана, лайықты деп танылды.
Ал Школьниктің күйеу баласы Вадим Живов ресейлік уран алпауытының қожайыны. Вадим Львовұлы басқаратын «АРМЗ» («Атомредметзолото» ААҚ) холдингі “ После Школьника” кезеңінен бастап батыл қимылдай бастады. Айталық, канадалық Uranium Опе компаниясының акциялары құлдырап кетті. Қазақстан нарығында біраз жылдан бері бизнес жасап келе жатқан компанияға не болғанын кім білген? Қызық болғанда, осы компанияның 19 пайыз акциясын басқа емес, Живовтың «АРМЗ-ысы» сатып алды. Қазір «АРМЗ» канадалық компанияның 51 пайыз акциясына дейін сатып алғанын http://www.atomic-energy.ru/ сайтында мақтанышпен жазылған. Бұны шетелге қашқан «Қазатомпромның» қазына кілтін қолында ұстаған Ғалым Назаров та растайды. Енді “ АРМЗ” Қазақстанда 800 мың тоннадай уран бар екенін барлап қана қоймай, оны жерден қазып алуға жанын салып жатқан көрінеді. Бұл холдингтің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорны екенін білесіздер.
Түйіндесек. Школьниктің күйеубаласы арқылы көршіміз шамалап, біздің атом саясатымызға араласа бастаған сыңайлы. Жәкішев кезінде жапондар басты серіктестеріміз болса, Школьниктің келісімен ресейліктер алдыңғы орынға шықты. Бұның кесірі кімге тиеді? Әрине, бұған дейін қалыптасқан әріптестік байланыстарға сызат түседі, сол кездегі уран өндіру мен байытудың барлық құрылымын дамыту туралы бастамалар бел ортасынан қирайды. Живовтың http://www.atomic-energy.ru/ сайтына берген сұхбатында «Казахстан — это Саудовская Аравия уранового мира, там присутствуют все ведущие игроки, идет жесточайшая конкурентная борьба за ресурсы» деген сөзін айтсайшы… Бізде уран үшін қырқысты бәсеке болып жатқанда, Живовтың жолы неге жеңіл бола қалды екен? Жарайды, келсін, игерсін. Тек сол сұхбатындағы «Наш главный приоритет — развитие российских проектов, на которое мы потратим существенно больше, чем на покупку активов за границей» деген сөздері де жүрекке тиген шаншудай кетпей қойды. Біздің Школьниктің аузынан осындай сөзді бағып жүргенімізге қанша жыл. Живов орысын ойлайды, ал Школьник қазақты ойлай ма екен?
Ендеше, Қазақстан деген елдің, қазақ деген қауымның мүддесі «ресейленудің» тасасында қалған жоқ па деген қауіп қой бізде? Жауап беремін дегенге жол ашық!
Пыс. Жасылдар партиясының жетекшісі Серікжан Мәмбеталиннен сұрау салғам. Осы мәселеге орай. Ол кісі бүй деді: “ Бізде сондай әдет бар, Ресейде Кириенко болса, бізде Школьник болады (оны талдамайық қояйын, өздерің түбін түсінерсіңдер). Джакишев сол ресейлік лобби (мүддесін көздеу) үшін түрмеге түсті. Енді ресейлік атомпром бізге әмірін жүргізгісі келеді. Олар өздері уранды өндегіcі келмейді, өйткені уранды өндеу құнарлы жерді, жер асты суын радиоактивті элементтермен улайды. Сол үшін олар бізде өндіріп, соңында шыққан өнімді өздері жасап, өздері қолданғысы келеді. Солай”.
Пыс-Пыс. Тағы бір білгіш айтып еді. Орыстар радиациялық сәулеленудің деңгейін микрорентгенмен, ал басқалары микрозивертпен өлшейді деп. Енді осылардың қайсысы “ отсталый” дегенді айтқысы келген… Интернеттен түрткілеп жіберсем, 1микрозиверт – 100 микрорентген екен. Ары қарай тереңдеуге басым жетпеді енді, кешіріңіздер


Мақала сілтемесі: http://orkenegro.wordpress.com/2011/04/05/%d0%b0%d1%82%d0%be%d0%bc-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%bc/
Бөлісу:

3 пікір

KILYZAMAN
Ммм, Школьниктің отырмаған төбесі қалмады өзі… Ендігі жерде КазАтомПромда не қатыратыны түсініксіз. Әншейнін бір анау жердегі
«Наш главный приоритет — развитие российских проектов
лердің тілектес әмбе мұңдасы сияқты :-(
Janasil
Кейде ойлаймын! Осы нағыз қазақтың жауы биліктегілер секілді!!!