Айқас. Екінші бөлім: Сиқыршы



Жалғасы. Басы мұнда.

Кто ищет зла, к тому оно и приходит.
Притчи Соломоновы (Прит., 11, 27)


— Тоқтат!

Екі орынтағы екі алып кесірткенің бейнесінде жасалған тақты ауыр денесімен боздатып барып Әмірші орнынан көтерілді.

Қыста суық, жазда ыстық өткізбейтін жорық шатырының іші толы адам. Бас қолбасшы мен оның артында тұрған отыз орынбасары бір тізерлей кеткен күйінде тына қалған. Сықырлатып қару асынған әскери кеңесшілер, үлде мен бүлдеге оранған төрелер үнсіз, иектерін көтеріп, алдарына тік қарауға батылдары жетер емес. Күтушілер мен Әміршнің жеке күзеті де қандарын іштерін тартып сұп-сұр болып алған.

Тек патшаның сол жағынан орын алған, қызыл ағаштан қиып жасаған тақта отырған сұңғақ денелі бойжеткен ғана айналасына немқұрайды көз тастайды.

Әмірші шықшыты бүлк-бүлк етіп, жағымсыз, жіңішке даусымен ысқырына сөз бастады:

— Қуатымның тасып, айбарымның асып тұрған шағында, көңілімнің түсіп, күйімнің болмауына тікелей себепші болғаның үшін, саған өлім сыйлаймын… Болары болып, бояуы сіңгелі тұрған іс туралы аузыңнан жақсы сөз шықпағаны үшін, саған өлім сыйлаймын… Дүйім елді шатырыма жиып, кеңес құрып жатқанда келіп, қисынсыз долбарыңды тықпалағаның үшін, саған өлім сыйлаймын…
Алып кетіңдер!

— Әміршім, мендік ниет таза, пейілім ақ…

— Бола берсін! Жасаған айыбыңа алар жазаң — әділ. Үкім сол. Аузына ие болмағанның қандай күйге тап боларын жақсы білесің.

«Баламысың деген...» Бойжеткен мырс етті.

Өйтетіндей де жөні бар, түр-тұлғасы адамнан гөрі кісікиікке келетін алып денелі патшаның жасы он үшке енді толған болатын. Әйтсе де қыңыр мінезді, қырсық пенде еді. Тек әпкесінің ғана сөзіне тоқтайтын. Міне, бұл жолы да солай болды.

Бойжеткен сәл жымиды да сөз бастады.

— Әміршім! Ашуыңды бас, сабырға кел, бір жолғы болмашы қателігін кешір бағыныштыңның. Жаман адамды өлтіру оңай, ал қателікпен жанынан айрылған жақсы адамды қайта тірілту мүмкін емес. Біздің бабаларға бұлардың он атасы қызмет еткен, ең болмаса соны ескеріп, сөзін соңына дейін тыңда. Әпкем десең, жанашырлығымды ұмытпасаң, айтқан ақылым көкейіңе жағар.

Патша ашудан қалшылдай артына бұрылды. Қан иісін сезген аңның көзіндей жанары өзінен алты жас үлкен бауырына өшпенділікпен қарады. Әйтсе де, жақ ашқан жоқ.

Ханша інісінің бұл қылығына пысқырған да жоқ, қолбасыға қарап «Жалғастыра бер» деді.

— Ә-ә-әміршім!

Бас жауынгер сөзін кекештене бастады.

— Өзіңнің Бұйрығыңа сәйкес жорық алдында менің оң жүздігім Сарсапақ тауына аттанған болатын. Бұйрығың орындалды, Сен көруге ниет танытқан сиқыршы, Жақабай Ширак Есалаңды жеткіздік. Алайда, Өзіңнен пәрмен болмаған соң, жорық шатырыңа алып келуге жүрегіміз дауаламады. Әзірге ол астанада, Аярлар кеңесінің уақытша шешімімен терісі жеті қат жер астына көміліп, қалған денесі жеті қат жер үстіне көтерілді, ал жаны екі ортада тұтқындаулы. Тек Кеңес дүрлігіп отыр, айтқаны айдай келетін сиқыршы кеше күн батарда тағы бір болжамын жеткізіпті.

Бас қолбасы бір тізерлеген күйі қолындағы орама қағазды екі қолымен Әміршіге ұсынды. Патшаның артында тұрған шоқша сақал, жанына пышақ жанығандай арық, қатпа қара шал құлдыраңдап келді де, хаттың орауын жазып жіберіп, дауыстап оқи бастады:

"Әмірлердің Әмірі, Аспанымыздың Тіреуі, Тағдырымыздың Иесі!
Өзіңе бас қолбасшы жеткізгендей, Жақабай Ширак Есалаң, Өзіңнің пейіліңмен, біздің қолда.
Күзеттің беріктігіне қарамастан, бүгін таңертең сиқыршы Аярлар Кеңесінің кіші құлының түсіне кіріп, аян берген. Не себепті Есалаңның Өзіңнің осы пендеңді таңдағанын анықтап жатырмыз.

Оның айтуына қарағанда, Сиқыршы қу басты тұяғына ілген қарға бейнесінде келіп болжамын айтыпты. Болжамға сәйкес Дәруішөлгенмен соғыс болмай қоймасы анық, алайда кімнің жеңері әлі белгісіз. Сенің күш-қуатыңның жауыңнан екі есе артық екеніне қарамастан, Есалаң дәруішөлгендіктердің бас қолбасшысы Мастұр батыр жеңісті өз жағына алып кетуі мүмкін дейді.

Себебі, дұшпан әскерінің қатарында тек адамдар ғана емес, қасқыр-адамдар да бар. Бір кездері Өзің тұқымын құртып, тоз-тозын шығарған қасқыр-адамдар қазір Антуан Шәріп ханды жағалап жүр. Әзірге ежелгі көршің олардың кім екенін білмейді, алайда араларында ерекше күш иелері барлығы анық болған соң-ақ, олар шабуылды алғашқы болып бастайды. Онда Сенің жеңілесің. Жеңілмеудің тағы бір шарты, қан сен жақтан бірінші болып төгілмеуі керек. Сондықтан, тез арада қарсы беттің бір адамын қолға түсіріп, құрбандыққа шал. Содан соң, көп созбай шабуылыңды баста.

Әміршім, Сиқыршының айтқаны осы. Бұған дейін алты жүз жылдың ішінде аузынан шыққан сөзі қалт кетпеген Жақабай бұл жолы да қателесіп отыр деу қиын. Соңғы шешім, Соңғы пәрмен Өзіңнен!

Билігіңе бас иіп, құлдық ұрамын!
Аярлар Кеңесінің жоғарғы Абызы".

Шатырға енді кірген, есік аузында тұрған барлаушылар тобының қолбасы бозарып кетті. Қасиетті кітаптың ережесін тап сол сәтте толықтай ұмытқан ол, тізерлей жығылды да, тұтығып:

— Әміршім, қан төгілді. Хабарлауға енді келіп едім. Сүт пісірім уақыт бұрын Жоғарғы сайдан біздің екі барлаушының өлі денесі табылды. Жебе қарсы беттікі, — деді.

Оң қолымен кесірткенің басын сықырлата қысқан Патша түкірігі шашырып "Өлім" деді…
Жалғасы бар.
Бөлісу:

5 пікір

Daniar-Alan
Көшпенділерді оқымайм да көрмим да нақтың
Daniar-Alan
Жалғасы қажет! талап етем!!!
Marco
Осының соңын жазатын қисығым түзеліп кеткеннен сау ма?
daugozhek
Тамаша ық ық ық )))