Асық ойыны және құмарпаздық


Үш табан



Әбіләкім бастаған постты жалғастырып менде асық ойыны ережелері мен асық ойыны туралы жазуға кірісітім. сонымен, Үш табан — 2 немесе 4 бала (төрттен көп болмағаны жөн) әрқайсысы 1 (2) мүжік асықтан тізіп ойнайтын ойын. Ойын күндіз, далада тақыр жерде ойналады.
Ату кезегі сақаларды иіру арқылы анықталғасын, бірінші сақасы алшы тұрған бала тізілген асықтардың бір жақ бетіне шығып, қашықтау (тізілген асықтан есептегенде 2,5 -3 метрден жақын болмауы керек) жерге сақасын иіреді. Сақасы алшы немесе тауқа тұрса, тізілген асықтарды атады. Атқанда асыққа тигізіп қана қоймай, оны табанмен санағанда (адым емес) 3 табан қашықтықтан асыра кетіруі тиіс. Сонда ғана ол кетірген асығын алады және ойынды жалғастырып, сақасы тоқтаған жерден тағы атады. Егер тигізе алмай қалса, сақасы тоқтаған жерінде тұрады. Кезекті екінші бала алады. Ол біріншіге қарама-қарсы жаққа барып, сақасын иіреді, (сақасы тұрса, асықты атады) немесе түптен, яғни өкшесін асық тізілген сызықтан қойып тұрып, бірінші баланың сақасын көздеп атуына болады.

Егер ол біріншінің сақасына тигізіп, 3 табан өлшемнен асыра кетірсе, бірінші бала ойыннан шығады да, ортаға тізілген асықтардың біреуі екінші балаға тиесілі болады. Ол да ойынды сақасы тоқтаған жерден жалғастырып, тізілген асықтарды атады. Тиген асығын тиісті қашықтыққа ұшырса, алады. Үшінші бала да қаласа, екіншінің сақасын атады. Қаламаса, екіншінің сақасына қарама-қарсы, тізілген асықтардың екінші жағына 2-3 метр немесе одан да көп қашықтықта сақасын иіреді. Алшы не тауқа тұрса, тізілген асықты атады. Сақасы тұрмаса, түскен жерінде тұрады. Енді алдыңғы екеудің бірінің сақасын ату құқығына түптегі бала ие болады. Бірақ оның таңдау құқы бар. Қаласа, түптен үш табан салып, санайды да сол жерден әлгі сақаны атады. Қаламаса, түпке сақасын иіреді. Егер алшы/тауқа тұрса, түптегі асықтарды шертуге құқық алады. Бұл іс жүзінде ұтысты білдіреді. Өйткені, асық ойынында шерту ең оңай тәсіл саналады. Егер сақасы тауқа не алшы тұрмаса, ойыннан шығып қалмаған балалар кезек ретімен асықты атады. Бұл кезде де жоғарыда айтылған тәртіп ереже-сақталады. Тек бірінші атқан бала асыққа тигізе алмай қалса, сақасы барған жақта тұрған екінші бала қаласа, әлгінің сақасын «күйдіреді», қаламаса ортадағы асықты атады. Ал түптегі бала екі жақтағы сақаның жақын түскенін өзіне сенсе, атуына болады, бірақ бұл жолы үш табан салмай, түптен тұрып атады. Ойын осылай тізілген асық біткенше жалғаса береді. Мұндайда бірінші не екінші бала мерген болса, ойын кейде 2-3 минутқа ғана жалғасады.

Хан талапай


Ойынға 5-10 бала (ересек кісілер де) қатыса береді. Бұл ойынды үй ішінде тықыр жүнді кілем, киіз, тықыр алаша үстінде отырып ойнаған ыңғайлы болады. Көбіне кешке немесе түнде ойналады.



Асықтың көп болғаны жақсы. Көп асықтың ішінде біреуін қызыл түске бояйды. Сол асық «хан» болады. Ойынды бастайтын бала санамақ арқылы айқындалады. Барлығы бірдей 5 немесе 10 асықтан ортаға шығарады (тігеді). Ойынды бастаушы асықтың бәрін қос уысына жинап алып, отырған ойыншылардың алдына шашып жібереді. Ойыншылар «ханның» қалай түскенін бақылап отырады. Егер «хан» бүк, шік, не тауқа түссе, ойын бастаушы бала «ханның» түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусағы­мен итере ыр­шы­тып бір-біріне дәл тигізуі қажет. Тигізген асықтар­ды ол өзіне алады. Яғни бүкті бүкпен, шікті шікпен, тауқаны тауқамен, алшыны тек алшымен атады. «Ханды» жатысы «хандыкіндей» ең соңғы асықпен ғана атып алады. Сондықтан асықтарды атқан кезде есепке, дәлдікке, мергендікке жүгінуге тура келеді. Ойын бастаушы баланың қолы басқа асықтарға тисе, сондай-ақ атқан асығы басқа асыққа барып тисе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал «хан» алшы түссе, балалар жарыса «хан талапай» деп дауыс­тап, «ханды» өз қолына түсіруге тырысады. «Хан» кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жеткен бо­лып есептеледі. Онда ойынды сол бала қайта бастайды. Ал хан алшы тұрмаған жағдайда, ойын өз ережесімен жалғасады. Ойын соңында бір-бірімен ататын асықтар қалмаса, сол кезегі келіп тұрған ойыншы асықтарды қос уыстап алып жаңадан иіреді. Солай ойын жалғасады. Жеңіліске ұшырап, барлық асығынан айырылып қалған ойыншының басынан «тоқетер», «тазтырна» сияқты жаза түрлерін алуға болады. Осылайша ойыншылардың барлығы асығы түгесіліп жеңімпаз анықталғанша ойынды жалғастыра береді.
Шіркін осы хан талапай ойынын біздің ата-апаларымыз қартайса да бізбен ойнаушы еді… Яғни бұл ойын жас таңдамайды екен. Бір жолы қыстыгүні түннің бір уағына дейін (сағат 2-3) хан талапай ойнағанымыз есімде. Сонда ойыншылар Апам (жасы сол кезде 70-71), апамның інісі (жасы 55-60 шамасында), мен, қарындасым, көрші үйдің менен 2 жас кіші баласы, мамам, папам… Ойын сондай қызық болды… Мәңгіге балалығымнан бір сәт болып есімде қалды. Ойын арасында апа мен Мұсылманқұл атам (апамның інісі) ертеде өткен кеткен талай қызықты әңгімелерін айтты.
Сол көп әңгіменің ішінде біреуі қазір жақсы есімде қалды. Ауылда бір кісі болған екен (аты қазір есімде жоқ). Сол осы асықпен ойналатын ойынның бір түрі "құмар" ойынын ойнап, ең соңында үйіндегі қатынына дейін ұтқызып жібере жаздағанын әңгіме қылып бергенді. Ол жігіт құмарға барлық атасының түйесін, қойын ұтқызыпты. Ең соңында үйіндегі жас келіншегінн тігіпті. Соңында одан да ұтылыпты. Әккі құмаршылар пәлен күні барып, қатыныңа болған жайды айтпа, оны өзіміз алып қашып кетеміз, уәде уәде, ойынның шартын жақсы білесің, сен мыңқ етіп үніңді шығармайсың дейді. Жігіт үйіне мысы құрып сөлпиіп келеді. Сонда да әйеліне жаны ашып "үйге кісі келіп, сырттан шақырса, шықпа теріс қараған күйі жауап беріп отыра бер" дейді. Әйелі неге деп сұраса айттым болды солай жаса деп үйінен шығып, мал іздеп қаңғырып кетеді. Бірнеше күннен соң үй сыртынан бір кісілер дауыстап шақырады дейді. Әйелі күйеуінің айтқаны есіне түсіп был етпей бұл кім-ә кіріңіз үйге деп отыра береді. Құмаршының бастығы үйге кіріп келгенде теріс қарап отырған әйелді көріп «түһ сайтан айтып қойған екен ғой» жарайды бұл бұйырмады деп атына қонып кері қайтып кетеді. Сөйтіп жеңгеміз құмарға сатылып кетуден аман қалған екен.

Енді жігіттер, осы асықпен ойналатын азартный "құмар" ойынының ережесімен таныс болыңыз:

Құмар


ҚҰМАР. Ойынға 2-4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қай­ралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға ұтыс жүлде тағайындап алады да, кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлде­нің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді.
құмар

Керекинфошы қауым жиналып бір, қазақтың ескі құмар ойынын ойнауға қалай қарайсыздар ))
Бөлісу:

5 пікір

edige
Бір танысым сол кіріп кеткен еді осы ойынға, көзін уқалап ашып ойынға кетеді осындай, зорға қойдырып алдық.
VKM
ойнамаппын… бірақ қыздар емес,ұлдар ғана ойнайды ғой деймін
kaztarih
үш табанды ұлдар ғана ойнайды, хан талапайды жасы мен жынысына қарамай барлығы ойнай береді. ал құмар ойыны дегеніміз қазақтың ең ескі азарттық ойыны. құмарпаз сөзі де осыдан шыққан. бүкіл мал мүлкінен айрылып тақырға отырып қалатын бай балалары көп болған бұрында да…
Abilakim
егер бас қосып, хан талапай ойнайтын күн болса қыздарға ойнауға кеңес бермеймін. Асыққа таласып еңкейген кезімізде көзіміз еріксіз кеуде жақтарыңа түсіп кету қауіпі бар…
edige
«Сен ұттың» дейсің еріксіз