Айқас. Бірінші бөлім: барлаушы
Шум оружия заглушает голос законов.
Мишель де Монтень
"Қайран, Дәруішөлген… Қайран, ел… Тоз-тозыңның шыққанын көремін деп екі дүниеде ойладым ба!?". Жаудың бағытын барлауға шыққан Мастұр батыр талай рет қалқан мен қылыштың жүзін көріп мұқалған сүңгісін толғап-толғап жіберді де, екінші қолына ауыстырды. Күн қағып, тотыққан жүзі әлдебір ауыр ойдың астында қалғандай — тым қайғылы, тым салмақты. Шалқар даланың шебер желі батырдың жүзіне әдейілеп оюлап әжім салғандай. Айбары мен адалдығы қатар көрінер қысық көздер ерекше күштің иесінікі екенін дәлелдеп тұр.
Бұл кезде айқас тілеген алақан, қан сұраған жүрек іште тынып жатқан бір дауылды оятқан-ды. Ойлап тұрса, соңғы рет осыдан алты жыл бұрын қару-жарағын асынып, майдан көріпті. Атаңа нәлет, ақалтеке мінген түркімендер төменгі ауылды шауып кеткенде, бұлар бір көтерілген болатын.
Мастұр батыр шырт түкірді.
Қарсы бетте қалың жау. Әдеттегідей сойыл-шоқпарын асынып, барымтаға келген жоқ, тұлымдысын күң қылуға, айдарлысын құл қылуға келді. Тыңғылықты, тиянақты дайындықпен келді. Дәл осы сәтте он мыңға жуық басқыншы Кеңкелес тауының етегінде қос құрып, қаруын сайлап дайын отыр. Ә дегеннен-ақ атқа бұт арттыртпай басып қалмақшы. Дәруішөлгеннің негізгі күші шекараның осы тұсына шоғырланғандықтан екінің бірі болмақ: я Антуан Шәріпханның елі аман қалады, я жат жерге, бөтен елге малай болып, айдалып кете барады.
Аңызақ жел әкелген қиыршық майда тас батырдың аузында қышыр-қышыр шайналды. Тұла-бойын ыза кернеп барады. «Шешесс...»
Өткен жылы Иконың атасының асынан қайтқанда Ұлы Мәртебелі Хан Иеге шет жағасын жеткізген болатын. Осылай да осылай, бұлар көрші болып жарытпай отыр, күнде қақтығыс, екі күннің бірінде кісі өлімі деп. Қаптағай денелі, түксиген қара қасты Хан сонда бұған етжеңді денесімен толық бұрылып ала көзімен бір атқан-ды. Әрине, өйтетіндей жөні бар, себебі патшаның кіші қатыны сол елдің қызы болып келеді. Жас иіске мастанған әмірші батырдың сөзін құлағына да қыстырмады. Енді, міне, алпыс түйеге алтын-күмісін арттырып екінші астанаға көшіп жатыр.
Ал әлдекімнің жауапсыздығының жазасын Мастұр батыр мен тас-түйін дайын отырған бес мыңдық қол тартпақшы.
«Жалған дүние-ай...»
Алып денеден ауыр күрсініс естілді.
Қарсы беттегі бір шоқ қараған қыбырлағандай болды. Құладүз даланың еркесі — бөкеннің жауырынына сүңгі салып үйренген қол найза сабын сығымдай түсті, қиядағыны қалт жібермес кәнігі көз қателеспеді.
Қыр басына алақ-жұлақ етіп жан-жағына алара көз тастаған екі барлаушы шықты. Солар. Солардікі. Оны үстеріндегі сұрғылт келген сауыт пен қанға малғандай қып-қызыл айдарлары айтып тұр. Барыңды берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын деген ниет әр қимыл, әр қадамдарынан байқалады.
Бұл екі арада Мастұр батыр дүңкиіп жатқан шомбал қара тастың тасасына тығылып үлгерген-ді. Әу баста араласпаймын деген ой болғанымен, дұшпанға деген өшпенділік, атам заманнан келе жатқан аңшылық белгілері өз дегендеріне жетіп тынды.
Ала қайыңнан иіп жасаған садақты ірі саусақтар сығымдауда. Қауырсын жебе адырнаны керіп жатыр. Я ажал сыйлайтын, я аман қалдыратын қолдар тамырлары білеуленіп, қата қалған. Адырайған екі көз қарсы бетті ішіп-жеп барады.
Әне-міне дегенше болған жоқ, қос салт атты келіп-ақ қалды. Беткеймен баяулатып түскен олар, сайдың табанымен жоғары қарата өрлей жүрді. Қауіптің жоғына тым сенімді, отырыстары тым маңғаз. Бірақ, бір-біріне тіс жарып, бір ауыз сөз айтқан жоқ. Екеуі екі бетті қатар шолып келеді.
Зың еткен әлсіз дыбыс алдымен сәл алда келе жатқан қара мұртты, ойнақы көз, қыр мұрынды жауынгердің ғұмырын жалмады. Оң жақ бұғанадан жоғары қадалған жебеден құрбандық қорқырап барып, шалқалай құлады. Атқақтаған қаннан қорқып, үріккен атын ауыздықтаймын деп жүргенде, екінші оқ екінші барлаушының жанын алып кете барды. Бас-аяғы беске дейін санағанша болған жоқ адамзат екі өкілінен айрылып қала берді. Көздері алайып, аяқтары мүрдеге шалынысқан жылқылар сайдың саз табанын томп-томп тепкілеуде.
Мастұр батыр көп күткен жоқ, кері бұрылып, екі құлаштық қадамымен әудем жерде тұсалған кер атына әп сәтте жетті. Келесі сәтте кең жауырынды алып арқаның иесі Кертөбелдің жалын құшып, батысқа қарата борбайлатып бара жатты…
Сең бұзылды. Бұған дейін болмашы үміттің сәулесі жылтылдап тұр еді, мына оқиғадан кейін бір қырғынның болмай қоймасы анық.
Батырдың тісі ақсиып көрінді. Күлгені. Қан иісін сезсе жанының кіретін әдеті. «Шешесс» деді…
Жалғасы бар.
фьшт фьшт фас айтақ айтақ!
Осы сөйлемнен бастап жазу керек еді.