Жолдауды талдау

Сәл ұзақтау, бірақ аяғына дейін оқып шықсаңыз өкінбейсіз (Жарнамасымақ қо))).Тақырыпқа қарап не то түсініп қалмаңыз, мақтау талдау емес, өзімше бір жасаған  эксклюзив талдауым. Жолдауды оқымаса да мақтай беретін талдаулардан өзім да шаршағам.
Жыл сайын Президент халыққа жолдау арнайды. Сосын ал кеп, журналистер жаппай насихаттайды, шенеуніктерден құралған үгіт-насихат тобы жан-жаққа шығып, түсіндіру жұмыстарын бастайды. Осылайша 1-2 ай жолдау, қолдау, сосын келесі жолдауға дейін үнсіздік. Талай жыл болды, бір сценарий бойынша. Биыл да солай болды. Журналистер «отклик» жинап болып қалды. Енді үгітшілер елде жүр. Соның бірі құрамында осы дүйсенбіден бастап 19 адам бар, ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова бастаған басқа лауазымды тұлғалары қостаған топ алдағы дүйсенбіден бастап Алматының жеті ауданында жолдауды насихаттауға арналған кездесулер өткізеді.
Айтпақшы осы насихаттауда біркелкі сценариймен жүзеге асады. Жолдау жолдана сап жан-жаққа лауазымдысы бар, зиялысы бар бір сөзбен айтқанда тұлғаларға зуандайсың, әллеу аға, тате не айтасыз деп, көбісі ат тонын ала қашады. Тыңдамадым, ауырып жаттым дегендей. Шыны керек көбі тыңдамайды. Сосын екі-үш күннен соң тапсырма түскеннен кейін барып өздері зулата бастайды. Бір жаманы бәрі жаттанды. Бір келкі, керемет, мықты, күшті дегендей. Кейбір мықты ағаларымыз жолдауда айтылмаған мәселені Елбасы күшті айтты деп жазып жібергенде жылағың кеп отырып қаласың. Ойбуу ол айтылмады ғой десең, аа айтылмады ма, жылда айтып жүрген соң, айтқан шығар дейтіндері бар. Сосын ең қызығы үгіт-насихат топтарының халықпен кездесуі. Былтырғы жолдауда сондай бір топ студенттермен кездесіп, үгітшілер (депутат ағамыз бастап келген) бір сағат сөйлеп, түсіндіріп, ал сұрақ бар ма десе бүкіл зал үнсіз. 300 студенттен қыңқ еткен біреу шықсашы. Ректор қысылып, қызарып, алдында кездесу өткізгенбіз, жолдау туралы бәрі біледі деп ақтала бастады.Сосын ректордың «бағына» бір студент тұрды-ау, сондағы сұрағы «жолдау деген не?» болды. Зал қырылып қалған күлкіден. Ректордың шашы ағарып кетті білем. Жан даусы шықты. Студентті бір күзетші кеп «удалить» етип жиберди залдың артына. Үгітшілер аң-таң отыр, Елбасы не айтты, журналистер не жазды, біз бір сағат не айттық деп. Бір уақытта ректор шаршап кетті шамасы, бағана айтып ек қой сұрақ дайындаңдар, деп айғай салды. Мұғалімдер абыр-сабыр, шұбырып шауып жүр. Сонымен бітті кездесу. Елдің көңілінде жаңағы студент қана сақталып қалған шығар. Сол студенттің сұрағы жақында есіме түсіп, шынында да жолдау деген не, неге арналады деп бас қатырмаймын ба. (Әй, мен сияқтылар 90 пайыз. Тыңдайды, насихаттайды. Бірақ не үшін керектігіне мән бермейді) Сөйтсем Елбасының халыққа жыл сайынғы жолдауы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары болып табылады екен. ҚР Ата заңына сәйкес Президент жыл сайын елдегі, Республиканың ішкі және сыртқы жағдайы туралы Қазақстан халқына жолдау арнауы тиіс. Бұнымен қатар Елбасы жолдауы алдағы жылға және орта мерізімді уақытқа мемлекеттің даму бағыттарын анықтап береді екен. Биылғымен 14 жолдау жолданыпты халыққа. Жолдауларында мына сөздерді ең жиі қолданыпты: мемлекет-505 рет, біз-504 рет, даму 477-рет, экономика-315 рет, әлеуметтік-203, қоғам-196, өндіріс-125, демократия-120, өсім-112, қауіпсіздік-110, бизнес/кәсіпкерлік 156, мен-104, қазақстандықтар-97, жауапкершілік-86, билік-78, бәсекелестік -76, реформа-67, модернизация-63, болашақ -61, ауылшаруашылығы/аграрлы өнкеркәсіп — 61, индустриализация-55. Мән беріп қарасам жолдау жәәәәй жазыла салмайды екен. Лупамен сөздің астарына үңілсеңіз алдағы жылдағы саяси ахуалға бажайлап қарай аласыз. Мысалы: жолдауларда «мемлекет», «біз» сөздерін экономиканың құлдырауы, дағдарыстық жағдайлар немесе экономикалық өсім кезінде көбірек қолданылған. Яғни экономиканың айтарлықтай өсімін мемлекет өз есебіне жазады, алайда қиындықтар кезінде біріккен сөздерді көбірек қолданады. Мысалы «мен» есімдігін мемлекет басшысы 1998 жылғы жолдауында көбірек қолданған. Бұны 1999 жылғы Қазақстан Республикасы президентінің мерізімнен бұрын сайлауына байланыстыруға болады. Елбасы бұл жолдауды мерізімнен бұрын өтетін сайлауға 4 ай қалғанда 1998 жылдың қыркүйек айында оқыды. Бұған байланысты «мен тапсырдым», «мен тапсырма бердім» сөз тіркестері өте жиі айтылған. Сол кезде қолына шырақ ұстап, жолдауға мән берген адам сайлау өтерін сезер еді.
Ал 1999 жылы мемлекет 1998 жылы өткенген дағдарыс салдарын сезіну кезінде мемлекет басшысы «мен» есімдігін бірде-бір рет қолданбаған. Демек дағдарыс бар деген сөз. Керісінше президенттік сайлау кезіндегі жолдауларда «мен» деген сөзді ұлғайтып отырған, 1998 жылы (27 рет), 2005 жылы (14 рет), 2011 жылы (6 рет). Сондай-ақ президентік сайлау алды Жолдауларда, қоғамды толғандыратын мәселелер көбірек айтылған. Мысалы: 1998 жылы «біз» есімдігі (63 рет), «мен» «27 рет), «мемлекет» сөзі (31 рет), «экономика» (21 рет), «қоғам» (17) «болашақ» (16) рет айтылған. Яғни Елбасы қоғамды біріктіруші «біз» сөзіне басымдылық берген. Ұқсаңыз біз бірігіп менің бастауыммен болашаққа барайық, қоғамды мынандай мәселе бар, оны шешу менің қолымда дегендей мағананы байқайсыз. 2005 жылы Президент жолдауында «мемлекет» сөзін (70 рет), «біз» (64 рет), «даму» (40 рет), «экономика» (27 рет), «демократия» (27 рет), «әлеуметтік» және «қоғам» (24 реттен), «билік» (18 рет), «реформалар»(14 рет) қолданған. Байқасаңыз үміт беретін сөздер көп.Өйткені бұл да сайлау алдында айтылған. Осылай кете береді.
Айтпағым Жолдауды дұрыстап тыңдаңыз. Елбасының әр сөзіне, қай сөзінің қанша рет айтылғанына мән беріңіз. Сонда алдағы жылы қандай жағдай боларын болжай аласыз. Айтпақшы биылғы жолдау ең қысқа жолдаулардың бірі болды. Сондай-ақ 1999,2005 жылдардағы жолдаулардағыдай келелі мәселе аз айтылды. Бұл мерізімнен бұрын сайлауды өткізу-өткізбей мәселесінің шешімін таппай тұруына байланысты. Ал бұл мәселе шешілген соң, Президент жолдауда айтпаған нәрсені «Нұр Отан» ХДП сайлауында көтерді.Айтпақшы жолдауларды жұлмалап отырып ұққаным, саяси реформалар экономикаға байланысты жасалады екен. Ал саяси мәлімдемелер қоғамдағы ахуалды сақтап отыру үшін. Айтпақшы жолдауды қараймын деп жоғарыға көтеріліп кетіп, сайлау неге ерте өткізіліп жатыр деген сауалға жауап тапқандай болдым, өзімше. Бұған себеп- 2012 жылдың басы Қазақстан экономикасы үшін ауыр болуы мүмкін. Ал сайлау биыл өтсе Президент экономикалық «тыныштық» кезінде сайлаушылар дауысының басым бөлігіне ие болады. Бары осы. Айтпақшы жолдауларды қарап ұққан біраз нәрсе бар. Ол бұнда сыймады. Тағы бірде жазармын.

Мақала сілтемесі: http://azanbekov.wordpress.com/2011/02/26/%d0%b6%d0%be%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d1%83%d0%b4%d1%8b-%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d1%83/
Бөлісу:

18 пікір

asaubota
мынадай зерттеу жасауға темірдей жүйке керек қой, Ербол :) біздің жұмыста жыл сайын бірнеше кітап шығады, былтыр Елбасыға қатысты бір кітап шығардық. кітапты алдымен сканерлеп, сосын мәтінін түзетеміз. сол кезде еріксіз оқисың мәтінді. сол кезде бір нәрсе көп қайталанады екен көп жерде: біздің бейбіт, тыныш елде тұрып жатқанымыз қайта-қайта айтылады. яғни бізде жағдай жаман, жүйе жаман деп айта бермей басқа елдермен салыстырып шүкір етіңдер деген мессадж айтқандай болады :)
Erbol
Сосын байқағаным елдегі экономикалық жағдай тұрақты, ел көңілі тоқ болса, жәй мәселелер ғана айтылады.Ал экономикалық сәл тұрақсыздық болса бірден саяси реформалар туралы айтыла бастайды.Өкінішке орай сол реформалардың барлығы уақытша «мінездемеге» ие. Жәй елдің көңілін аулау үшін.
ПыСы. Осы талдаусымақтың алдында өзім осы уақытқа дейін жолдау туралы алған пікірлерді қарап, тыңдап шықтым.Компьютерімде жолдауға қатысты 19 дауысты пікір сақталып қалыпты.Тыңдап көрсем бәрі атүсті айтылған, жәй сөз.«Жолдау ең маңызды құжат. Бұған қарап еліміздің болашағы айқындалады.Биыл Елбасы мынандай пікір айтты, өте дұрыс қолдаймын»,- дегендей.Нақты дәлел, айғақ, терең талдау жоқ.Сосын ой сендерді қой деп, өзім қуып кетіппін, жолдауларды шұқылап.
alisha
Ербол дегенді мен Ербол89 деп қабылдап отырмын бағанадан бері… аватарға жаңа ғана көзім түсті))))Иә, жолдау, әкімдердің есебі, партия съезі, парламент палаталарының біріккен отырыстары дегендер жорналшыларға «отклик» қудыратын нәрселер расында да...Әйтеуір мақтау керек, мадақтау керек…
Erbol
Дәл, осы жерде мақтап отырғам жоқ.Сосын журналистер өз еркімен мақтайық демейді.Мемлекеттік БАҚ-та істейтін болған соң, сол жерден нан жеп жүрген соң жазады.Айтпақшы, әкімдердің есебі, парламент палаталарының біріккен отырыстары дегеннен «отклик» қуып кеткен журналист көргем жоқ.Сосын журналистің мақсаты-"Әйтеуір мақтау керек, мадақтау керек…" емес.
alisha
жоға, мені дұрыс түсінбедіңіз, әлгі «отклик» беріп тұрған адамды айтам да, сіздің «талдамайды» деген уәжіңізді құптағандағы сыңайым еді… мен көргенімді айтып отырмын, облыстық БАҚ-нда солай…
alisha
тіпті, қала әкімінің есепті жиынынан соң қатарынан 3 күн жаңалықтар блогында отклик беріледі…
Erbol
ааа, иа, қазіргі БАҚ-ның көбі тұсаулы аттай ғой. Бәрінің иесі бар.Соның саясатына, соның бағыт-бағдарына қарай жұмыс істейді. Әсіресе қазақ тілді БАҚ.Орыс тілді БАҚ батыл, өткір деп жатады.Оларда сәл де болса жарнама арқылы жан бағуға, еркіндеу болуға мүмкіндік бар.Қазақ тілді БАҚ-та ол жоқ. Амалсыз жем бергеннің бұлбұлы.Ал аймақтық БАҚ туралы… Оларды айтсам айқайлап тұрып жылағым келеді.
alisha
жылағаннан жағдай өзгерер болса, қосыла егілер ем((((
Nurgisa
Гүлі болып егілемісің,
Жыры болып төгілемісің?
patick
Еңіреп тұрған Ербол мен С… Алиша елестеп кетті көзіме.
asaubota
біздің халықты топас деп ойлайды ма әлде шынымен топас па? сіздер «отклик» дейтін нәрсені ТВден көрген кезде шынымен ойланып қаламын осы сұрақпен. Қарағандыдағы шахтерлер мәдениет үйінде жолдауды талқылап жатқан шахтерларды көрсетті, сосын кәсіпкерлер жолдауды қолдауда деп бір фермерді, дүкендегі сатушы орыс әйелді көрсетті. сонда деймін да олар шынымен жолдауды қарап, пікір айтып жатыр ма екен деп. мысалы мен қарамаймын, ағайын-тумаларым үшін де жауап бере аламын қарамайтындарына. сонда кімдер шын көңілмен қарап, пікір айтады екен?
жалпы, показуха қашан бітеді екен, жалықтым, уже күлкілі де емес шынымен.
Erbol
Ареке бір нәрсені бастап бердің. Блогшыларға кішкентай сауалнама: Жолдауды шын көңілімен қарап, не айтылып жатқанын түсінесіздер ма?
alisha
өңкей орыстың ортасындағы мен үшін мемлекеттік тіл төңірегіндегі әңгімелері ұнай бастап еді, әңгіме ауаны көп тілділікке қарай көшкенде қасымдағылар қопия бастады /трансляцияны ұжым боп тамашалап отырған сәттегі әсерім ғой/… 2020 жылы қазақ тілін меңгергендердің 95 пайызды құрайтынына сенгім келгенімен… жақсы, қойшы, көрерміз. Былайынша, біздің кәсіпорынның шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі — 100 пайыз!!! Бірақ бұл екі аудармашының ғана есебінен мүмкін боп отыр. 2020 — да осындай негізде есептейтін болсақ, 95-тен де асып түсетін шығар…
bazuka
жоқ деп айтайын десем не оқып, не тындап көрмеппін)) бәрібір де жоқ деп айтам бірақ)))
Abilakim
Қуып апарып отырғызып қояды ғой барлығын. Әйтпесе ешкіимге қызық емес жолдау дегенің. Елбасының өкілеттігін ұзартуға қолдау көрсеткен Қарағанды студенттерін көрсетті жергілікті арнадан. Бір жақсы танитын студент жігіт бар. Түрлі іс-шараларда төбе көрсетіп жүреді. сол камераның алдынан төрт рет өткен шығар 4-5 минуттық жаңалықтарға арналған түсірілімде. Осындайлар ертең «Жас Отан» жастар қанатынан бірақ шығады.Бұндайлар өз еркімен барады.
gunner
Халықты топас деп ойламайды, бірақ телевизордан позитив жаңалықтар шыққаны дұрыс. Ойы қалыптасқан жоғары білімді, анализ жасауға қабілетті адамдар телевизорда айтылып жатқанның барлығы шын емес екенін түсінеді.Сондай-ақ телевизорда не айтылса тура солай түсінетін адамдар да бар. Мысалы,өткен ғасырда Австрияда суицид саны күрт көбейіп кеткенде бүкіл БАҚ шулап, елде екінің бірі суицид туралы айтатын жағдайға жетеді, барлығы шара қолданбай жатқан билікті сынап қатты ашуланған. Сонда билік суицид туралы жаңалықтарды мүлдем шығармай қояды. Нәтижесінде суицид саны күрт азаяды. Демек, позитив жаңалықтың пайдасы да бар, бірақ енді Хабар сияқты асыра сілтеп мақтаған дұрыс емес, меніңше.
alisha
Хабарды қарайтын адам қалды ма екен қазір?