Жақсысыңға сұрану

— Мен… Мен қандай адаммын, мен?!
Сені бақыттан басыңды айналдырардай,
Еліктіріп өзіме байландырардай
(Жә, не көрінді сонша осындай байлам құрардай?)
Адаммын ба?

— Қайдам…
Бақыттан бас айналмас болар,
Өзінсүйерге ешкім байланбас болар…
(Өзінсүйерде қайдан бас болар?!)
Жауабым: жоқ! Мен үшін – жоқ.

— Қалай? Қалай жоқ? Тұқыртпай қоя тұр…
Өзіңсіздіктен сарылатыным ше?
Мына кең дүниеде тарылатыным ше?
(Аха, тағы сол тарлығыңнан жарылатының ше?)
Жақсымын ба? Айтсаңшы!
— Қыспаққа алдың ғой сонша…
Адамды жақсы деу керек болса:
Кіршіксіз пәктігімен,
Аққа жақтығымен,
Күмәндарға жаттығымен,
Дандайсып кетуден сақтығымен
Дараланатын шығар?…

— Біраз жерге апарып тастадың ғой…
Мен… мен ешкімнің адал асын баспадым ғой,
Әдептен аспадым ғой,
Тұнығымды лайлап, ластадың ғой…
… Мені жақсысың деші…

— Кешір… Көзбояушылықтың құлы емен…
Жалпы… мен көз бояғанды ұната бермеймін,
Көндіктіріп алғысы келушілерге ермеймін… дегендей…

— Мені жақсысың деші…

— Жоқ.

— Қатыгез, озбыр екенсің…
Бөлісу:

1 пікір

daurentai
Иә, өкінішке орай жағымпаздық, мақтау сөз есту белең алды ғой бүгін. Мақтау деген жаман пәле. Адамның күшін азайтып, өз өзіне тамсандырумен болады. Сондықтанда өз басым біреу мақтаса жақтыра бермеймін.