“True Grit” /”Железная хватка”/ – ағайынды Коэндардың темір тәсілі



«Кино – это жизнь, из которой вырезано всё скучное».
АЛЬФРЕД ХИЧКОК


Ағайынды Коэндардың шығармашылығы маған қатты ұнайды. “Старикам тут не место” мен “После прочтения сжечь” фильмдерін қараған соң, көңіліме жақын, көргенімнен жақсы әсер алатын туындыларды осы голливудтық “екібасты режиссердың” портфолиосынан табатыныма көзім жетіп қалды. Қарап отырған киноңның не комедия, не драма, не триллер екенін білдіртпей, дал қылдырып қоятын ағайынды екеу, сөз жоқ, осы саланың “жағын айырған” мамандар.

Енді, міне, Коэндер ресми түрде режиссер, ал Стивен Спилберг атқарушы продюссер болып мәлімделген “True grit” /”Железная схватка”, “Темір тәсіл”/ өткен жылдың аяғында жалпақ жұртқа жария болды. Қылмыс оқиғаларын түсіріп, оған пәлсапалық-комедиялық рең беріп қоюға құмар ағайынды режиссерлер осы фильмның арқасында бұрын-соңды көрмеген табысқа иелік ете қалыпты. Он “Оскарға” бір-ақ үміткер болып отырған “True grit” біраз бәйгенің басын қайырып әкелетін секілді. Оған негіз де жоқ емес…

Фильмның қысқаша мазмұны: Мэтти Росс /Хейли Стейнфилд/ атты он төрт жасар қыз әкесін өлтірген Том Чейни /Джош Бролин/дейтін біреуді іздеп, тауып, кек қайтару мақсатында үйінен кетеді. Сұмырай Том бұл уақытта үндістер ие болып тұрған аумаққа қашады, жолай Нед “Жолы болғыш” Пеппер /Барри Пеппер/атты баукеспе бастаған “бандылардың” тобына қосылады. Амалы таусылған жас қыз, жауын қолға түсіремін деген ниетпен ”Сотқар Рубен” атанған Рубен Когберн /Джефф Бриджес/ дейтін біркөзді федерал маршалын жалдайды. Бұлардың қатарына сенаторды өлтіргені үшін Томды тауып, ақша аламын деген үмітпен сонау Техастан келген Лабеф /Мэтт Дэймон/ атты рейнджер қосылады. Ыстықты да, суықты да бірге бастан кешіріп, кіндіктері байланған үшеу дегендеріне жетеді. Бірақ фильм Сіз ойлағандай аяқталмайды…

Вестерн стилінде түсірілген фильм алып бара жатқан сюжеттік желісі болмаса да, ағайынды Коэндардың тәсілінде, яғни күтпеген сәттерімен көз қуантады. Негізгі жүкті көтерген бас-аяғы бес актер мыңдаған адамды массовкаға айдап апарып қатыстырған біраз фильмнен артық туындыны сомдапты. Соларға жекелеп тоқтала кетсек.

Джефф Бриджес. Кәрі қасқыр бұл жолы да бойына кемшіліктің соққысын дарыта қоймаған секілді. Вискиге жақын, адамшылығы да жоқ емес, тәртіпке қатал, қырсық-қыңыр, тентек шалдың рөлін Джефф жынды алып шыққан. Лабеф екеуінің арасында болған ащы әжуалар мен тілдік-сөйлемдік қақтығыстар езуіңізді екі жаққа жайып, күрек тісіңізді жарқыратып қояды екен.

Мэтт Дэймон. Техастықтың рөлін ойнаған Мэтт мен үшін бұл фильмде жаңа қырынан ашылды. Әлде грим мен костюм әсер етті ме, әлде актердің миссиясы сәтті өтті ме, әйтеуір, “бүлдіргіш Борнның” ойыны бұрынғыдан басқаша көрінді. Өзі осы фильмге байланысты берген бір сұхбатында “жас өскен сайын, есің кіріп, көп дүниеге өзгеше қарай бастайды екенсің” депті. No comments.

Джош Бролин. Ағайынды Коэндардың актерлік пулының бір мүшесі. “Старикам тут не местодағы” ойыны тым-тым кәсіби болды, содан бері осы актерді өзім қатты сыйлаймын. “True grit”-те көзге онша көп түспейді, алайда фильм жартысынан ауғанда, экранға шыға келгенде туысыңды кезіктіргендей болып қаласың /”Старикам тут не местоны” көргендерге қатысты бұл сөйлем/.

Хейли Стейнфилд. 1996 жылы туылған, әкесі – еврей, шешесі – филиппиндік осы қыз өткен жылдың жаңалығы болған секілді, МО (менің ойымша). Фильмографиясына қарасаң, бар-жоғы сегіз туындыға түскен Хейли, болашақта Голливудтың брилианттарының бірі болады-ау осы. Он төрт жасында осындай өнер көрсеткен, кастингте он бес мыңдай қыздың арасынан таңдалып алынған, тік мінезді, әділ, дегенінен жетпей қоймайтын адамды дәл келтірген жас актрисаys “Леон” жобасына он үш жасында қатысқан Натали Портманмен де салыстыруға да болатын сияқты.

Барри Пеппер. Атақ-шатағы бар фильмдерде сол даңққа қол жеткізу жолында бас кейіпкерлермен қатар тер төгетін, бірақ тасада қалатын актерлар болады. Былайша айтқанда, “қара жұмысшылар”. Шығарманың сәнін келтіріп тұрса да, мұндай мамандар көрерменнің есінде көп қала бермейді. Барри Пеппер солардың бірі сияқты, МО. “Враг государства”, “Спасти рядового Райана”, “Зеленая миля”, “Мы были солдатами” секілді он адамның жеті-сегізі қараған туындылары көрмесеңіз де, естіген шығарсыз. Біздің Барри, міне, осы фильмдердің бәрінде түскен. Бірде снайпер, бірде түрме қараушысы, бірде журналист болып. Бірақ, түрін шырамытқанмен, кім екенін енді біліп отырмын. (Ұялып, қолына “Кешір, Барри” деген плакат алып, көшеде демонстрация жасап жүрген смайлик).

Киносыншылар ағайынды Коэндердің басқалардан басты ерекшеліктерінің бірі – ұсақ-түйекке жіті мән беріп, түсіру алаңын, актерлардың киімін, бет-әлпетін барынша шындыққа жақын қылып көрсетуі дейді. Шынында да, бағана айтып кеткен “Старикам тут не местода” әр тиген оқтың ізі, ұшқандағы дыбысы, адамдардың түр-кейпі өте-өте шынайы шыққан. ”True grit”-те дәл солай. Мәселен, Сіз қарудың атылғанда кері серпетінін (отдача) білесіз, алайда осы бір көпшілік кино көріп отырып елей бермейтін фактіні қанша фильмнен кезіктірдіңіз? Ал Коэндер бұған мән береді: өзеннің бойында Мэтти Томды көріп қалып, қаруымен атқанда, өзі шалқасынан суға құлайды. Басқа киноларда сүйкімді де сүйікті кейіпкер әп-әдемі болып айғайласа, Коэнның кейіпкері Нед түкірігі шашырап (қалыпты, ашуланып, адам өзін ұстай алмаған кезде көрініс табатын физиологиялық құбылыс) айғайлайды. “Старикам тут не местода” да дробовиктің оғы тиген жерін үңірейтіп тесіп өтіп, құрбандығын он метрге лақтырмайды, бытыра оқпен шашырата тигізіп, майда-майда түйіршіктерімен талқандап тастайды.

“Екібасты режиссердің” (кинобизнес осылай атайды ағайындыларды) тағы бір өзгешелігі – оқиғаны күтпеген тұсқа бұрып жіберуі. “Ой, болды ғой, қазір анау мынаны нетеді ғой” деп отырғанда, болмай, нетпей қалып, ұялып қаласың. Алайда “True grit”-те бұл қасиет онша байқалмайды, сірә, режиссерлер мен сценаристер (Коэндер ресми түрде режиссер болғанымен, кезек-кезек я продюссер, я сценарист болып жүре береді) көрерменнің көзін ауыртып, басын қатырмайық деген секілді. Бірақ жалпы оқиғасы қызық, актерлардың шеберлік деңгейі жоғары болғандықтан біраз жұрттың көңілінен шығатын сияқты. Шығып та жатыр.

Рас, кейбіреулерге бұл туынды ұнамауы мүмкін. “Өй, қатардағы американың атыспақ киноларының бірі ғой” деген пікір бар. Алайда, әркімнің өз шындығы сөйлейді, өз басым, “True grit”-ті қатулы қабақпен, түйіліп отырып көретін фильм деп ойламаймын. Тіпті, оны отбасылық кино десе де болады. Терең мағына, тұңғиық ой іздеудің қажеті жоқ. Адамгершілік негіздеріне құралған, әзілдері тартымды, жеңіл, таптаурын емес, сюжеті түсінікті, қарапайым, алайда қызықты фильм жасқа да, жасамысқа да жарап қалар. Мұның бәрі ағайынды Коэндердің “темір тәсілінің” арқасында.

Фильм Чарльз Портистің (1968) аттас романы бойынша түсірілген. Бұл шығарманың желісінде 1969 жылы, атақты Джон Уэйн түсіп, Оскар” алған осы атаудағы фильм тағы бар.

Сурет.
Бөлісу:

3 пікір

janarbek
көргім келіп кетті
akpatscha
Барри Пеппер мен Джош Бролин туралы пікірлерің ұнады. Бірақ Барри Пеппер бір-екі фильмде басты-рөл ойнап, алып шыға алмағанын көргенмін. Соған қарағанда, осындай шағын, бірақ есте қалатын рөлдерде жүре бергені дұрыс шығар. Кім бәледі, мүмкін мен ққателесетін шығармын.
Коэндардың фильмографиясынан «Старикам тут не местоны» ғана көргенмін, әзірге. Мына фльмді де көру керек міндетті түрде.