Әулиелердің әулиесі. Неге?
Аман қалудың жалғыз амалы — тереңдік
"Санктум" фильмін 3D кинотеатрдан көрдім. Джеймс Кэмеронға ду қол шапалақ! Қазір киномандар екіге бөлінді. Біреулер бұл фильмді минуспен бағалады. Біреулер шедеврлер қатарына жатқызды. Төмен бағалаушыларды да түсінуге болады. «Аватарға» бойлары "үйреніп" қалған шығар :)
Ресми суреттемесі былай баяндалады:
Дайверлер тобы аса сұлу да, адам аяғи тимеген Жердегі ең үлкен үңгірлер жүйесіне қауіпті сапарға аттанады. Кенеттен соққан тропикалық дауылдың кесірінен олар терең үңгірге түсуге мәжбүр болады. Зерттеушілер үшін тірі қалудың жалғыз жолы — сарқырап жатқан судан, жер астының тосын қақпандары мен үрейден құтылып, теңізге шығаратын белгісіз екінші жолды табу.
«Су — тілсіз жау» дейді халық. Шынымен де суда жүзе білмесең фильмдегі жағдайда аман қалу мүмкін емес. Жоғарыға шығаратын жалғыз тесік үлкен таспен бітеліп қалады. Сарылдап аққан жаңбыр суы үңгірді 1-2 сағат ішінда толықтай басып тастайды. Судың астымен басқа жол іздеуден басқа амалың қалмайды.
Бұл жерде құтылу үшін бірнеше ережені де қатал ұстануың керек. Ал, ең бастысы паника көтерме. Ол сенің басты жауың.
Киноны көріп отырып, өзіңды солардың орнына қойып көресің. Сен не істер едің? Паника көтеріп, жұртты үрейлендірер ме едің? Әлде тұзақтан шығудың амалын қарастырар ма едің? Тіпті болжау қиын. Фильмдегі оқиғалар желісі сондай шынайы, сондықтан да кейіпкерлердің жағдайын бар жән-тәніңмен түсінгендей боласың.
Режиссерлік шеберлікке еш наразылығым жоқ. Актерлер де өз рөлдерімен тәнті етті. Музыкасы! Музыкасы керемет, денеңде ток жүгіріп өткендей әсер аласың.
«Санктум» испан тілінен аударғанда — "әулиелердің әулиесі" деген мағына береді екен. Фильм неге «Санктум» деп аталады? Сценаристер мен режиссерлердің бұл астарлы тақырыбының мәнін ұға алмадым.
3D, Джеймс Кэмерон, жақсы жарнама — бәрі-бәрі киноға барып, өз көзіммен көріп, жақсы баға беруіме ықпал етті. Ендеше, кинотеатрдан көруге кеңес берем.
Айтпақшы, кинода бірнеше рет қайталанған мына өлең жолдары да ұнады:
В стране Ксанад благословенной
Дворец построил Кубла Хан,
Где Альф бежит, поток священный,
Сквозь мглу пещер гигантских, пенный,
Впадает в сонный океан.
Оқиғалар желісінің қалай өрбитінін, немен аяқталатынын айтып, спойлерлетпей-ақ қояйын. Бәрін өз көзіңмен көруің қажет. Себебі, қанша көпірсем де алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Оны көру қажет. Су астындағы үңгір табиғатының өзі неге тұрады. Менің берер бағам, 10 балдық жүйемен 9.
3 пікір