Фотоаппарат таңдау

Фотоаппарат – пайдалы, қажет, керек зат.
Таңдаудағы мақсат
Сізге не үшін фотоаппарат қажет? Алдымен осы сұраққа өз-өзімізден жауап тапсақ, фотоаппарат алуда септігін тигізетіні сөзсіз. Фотоаппарат таңдауфототехниканың қандай мақсатқа жұмсалатынына негізделеді.
90% тіпті одан көп жағдайда фотоаппарат «тұрмыстық» қажеттілікке сатып алынады деп айта аламын. Бұл дегеніміз не? Бұл дегеніміз мұндай аппаратпен әсіресе үйде, жұмыста, болуы мүмкін мейрам мен мерекелік шараларда суретке түсуде қолданылады деген сөз. Мұндайда «қарапайым» фотоаппарат жарай береді. Ал егер әуесқойлық деңгейді қойып, білек сыбанып кірісемін немесе жиі саяхаттайтын болсаңыз сізге күрделірек аппарат қажет болуы әбден мүмкін.
Фотоаппараттарды екіге бөліп қарастырайық: біріншісі – «қарапайым», екіншісі –«үлкен» аппараттар. Кәдуілгі тұрмыстағы фотоаппарат пішіні де, көлемі де шағын болып келеді, ыңғайлы болғанымен, мүмкіндіктері де шектеулі. «Үлкен» аппараттар классикалық компоновкада, өлшемі де үлкен, салмағы да баршылық, соған сәйкес атқаратын функциясы да кең көлемді.
Блог - daniyar: Фотоаппарат таңдау

Бірақ бәрін кезек-кезегімен айтайын.
Әрине, шешуші рөлді көбінеки жағдайларда сатып алуға бөлінген бюджет ойнайды – қарапайым тілмен айтсақ қолда бар қаражат. Таңдау кезінде қолбайлау болатын осы. Бюджет аз болған сайын, таңдау да оңай, яғни сізге қажет бағаға сай модельдерінің ауқымы да тарыла түседі.
Ары қарай сізге фотоаппарат не үшін қажеттігі жайлы өрбітсек. Егер жоғарыда айтқандай тұрмыстық қажеттілікке арналса, сізге қарапайым фотоаппарат жетіп жатыр, сіз мұнымен біршама соммадағы ақша үнемдейсіз, және фотоаппараттарды тасығанға да жеңіл. Әрине жоғары сапаға ие болмаса да, көптеген жағдайларда оның функциясы мен сапасы түсірілімге жарап тұр. Айтпақшы, сандық фотоаппарат таңдағанда жарнамаларды жағалап, мегапиксел санына алданып қалмауларыңызға кеңес беремін. Ол бәленбай болуы мүмкін! Мегапиксел саны — бұл аспап матрицасының мүмкін қабілеттілігін, яғни камера элементінің (үлдірге (пленкаға) балама) сезімталдығымен айқындалады. Ендеше фотоаппаратта шешуші деталь объектив. Ал «қарапайым» фотоаппарат объективінен керемет мүмкіндік күту — ақымақтық. Басқаша айтсақ, сондай кішкентай диаметрлі үш линзалы объективтен жоғары сапалы сурет шықпайды. Және матрицаның өзі, мегапиксел саны бірдей бола тұрса да «өзінің үлкен бауырластарынан» параметрлері анағұрлым төмен.
Ал сапасын қайдан аңғаруға болады? Егер сіз фотосуретті 10*15 форматында басып шығаратын болсаңыз, онда ешқандай айырмашылық байқамайсыз. Бірақ 15*22 немесе одан үлкен форматтарда, айырмашылық айқын бола бастайды. Бұл айырмашылық: фотосурет тұнықтығының төмендеуі және түрлі-түсті нүктелер түрінде артефакттардың пайда болуы т.с.с.
Екі фотоаппарат алсаңыз тіпті жақсы – үлкен және қолға ыңғайлы қарапайым фотоаппарат.

Дүкенге бару
Жақсы, сіз фотоаппараттың сізге қажет түрін анықтап алдық делік, ары қарай дүкен жағалай беруге болады. Мұнда қандай дүкенге барған дұрыс деген ой туады? Фототехниканы кез-келген жерде сатыла беретіні баршамызға аян – ұялы телефон дүңгіршектерінде, электроника супермаркеттерінде (басқа да орындарда) және мамандандырылған дүкендерінде сату сөрелерінен көруге болады. Әлбетте көптеген осы сияқты нүктелерді аралап түрлерін мен бағаларын салыстырып шыққан дұрыс шығар. Дегенмен соңғы – мамандандырылған дүкенге тоқтаған дұрыс шығар. Өйткені, бәрімізге белгілі, баға барлық мәселелерді шешпейді, егер сізге керек дәп сол тауарды арзанға тапсаңыз, қуануға асықпаңыз. Мұнда әртүрлі нұсқа болуы мүмкін. Бұл дүкен үлкен сауда айналымын жасайды немесе арзан бағамен тұтынушыларды «арбамақшы». Немесе бұл фирма – бір күндік, не тауар пайдалануға жарамсыз, ескі болуы мүмкін. Әйтпесе тауар заңсыз түрде әкелінген және т.с.с. құйтырқы әрекеттерден тууы мүмкін. Ал мүмкін тауарға кепілдігінің шарты ақылға қонымсыз. Егер фирма ертеңінде жабылып қалса ше!?
Мұндай күрделі техниканың кепілдігін арзан бағаны қуып, елемей-ақ қоюға әсте болмайды. Ал бұзыла қалған жағдайда өз қалтаңнан (қуырдақтың көкесін көресің) қомақты сомма шығаруға тура келеді.
Демек, тек жақсы дүкендерге барған жөн. Мамандандырылған дүкендердің тағы бір артықшылығы – онда таңдау үлкен және менеджерлердің кәсіби кеңес беруі (супермаркеттегі «әмбебап» сатушыларға қарағанда). Фирма бірыңғай тауармен айналысқандықтан, бағалары да, негізінен көңілге қонымды болып келеді.

(жалғасы бар)
Бөлісу:

11 пікір

omarbirat
Қосымша объектив жалғап алып түсіретін кәсіби фотоаппараттарға қызығамын. Бірақ фотографиядан білімім таяздау, сосын ондай темір-терсектердің бағасы қымбат болғасын, неғыламын деп өз-өзімді шектеуге туралы келеді :)
Жай фотоаппарат, негізі, тек күндізгі жарықпен түсіруге арналған ғой деймін. Үйдегі аппаратпен тек автоматты режимде немесе портрет режимінде түсірілген суреттер ғана нәрмәлні болып шығады. Онда да күндіз түсірсең.
daniyar
Объектив және өзге де бөлшектері жайлы алдағы уақытта жариялаймын
omarbirat
Былтыр хайуанаттар паркіне барғанда, аквариум мен террариумдағы балық, кесіртке, жыландарды түсірейін дегем. Түсірген кезде, фотоаппараттың жарқылы әйнекке шағылысып, әй бір қаным қайнағаны бар еді. Жарқылын өшіріп тастасаң да сурет онша болмай шығады. Нербім ойнап кетті сол кезде :)

Ондайларды түсіру үшін қандай фотоаппарат алған немесе не істеген дұрыс?
meirzhan
Керекті мағлұматтар беріпсің.
TERISKEI
жарайсың, Данияр, осындай КЕРЕК ИНФОлармен жиі-жиі бөлісіп тұрсаң…
edige
Ақ-қара суретті үйде шығаратын, кезінде абырой болған «Зенит» пен «Фед»терім үйде жиналып тұр. Ол да кезінде арман болды ғой…
asaubota
мындай Никон жақсы шығар?

daniyar
жақсы екен ә)
asaubota
бет анықтауыштары мықты екен
daniyar
басында байқамаппын)) қайдан байқайсың)
patick
Лібә, бір рет менің фотоаппаратым артқы фонда тұрған фотолардағы адамдардың бетін анықтағаны бар.